...ҚХР-сы әскери қаржысын жылдағыдан неше есе қосып жіберді. Олар Транс-Еуразиядығы Greater Chi...
Альберт Эйнштейннің анасы: Өз перзентіңді сүю керек
АЛЬБЕРТ ЭЙНШТЕЙН – әлемге әйгілі
физика теоретигі,
физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты
Анасы – ПАУЛИНА КОХ
«Мәдениет порталы» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының жақында тұсауы кесілген «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын ұсынады. Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген. Бұған дейін Мұхаммед Әлидің анасы: «Құдай мені бұл баланың анасы болу үшін таңдады», Дмитрий Менделеевтің анасы: «Батамды бердім, Митенка...», «Джордж Вашингтон: Осы жетістігім үшін анама қарыздармын» және Юрий Алексеевич Гагариннің анасы: «Ұлым! Жылы сөзге жомарт жан едің! Саған алғысым шексіз!» деген жазбаларды ұсынған болатынбыз.
Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар туралы сыр шертілген.
Бүгін, 14 наурызда, неміс физик-теоретигі, салыстырмалылық теориясын жасаушы, Нобель сыйлығының иегері Альберт Эйнштейннің туғанына 142 жыл толады.
АНА МАХАББАТЫ – ҰЛЫ ҰСТАЗ
1879 жылдың жаймашуақ көктемінде Шваб Альпісі баурайындағы Германияның Ульм қаласы маңында дүниеге сәби келеді, ол әлемге әйгілі ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты, белгілі салыстырмалылық теориясының авторы – Альберт Эйнштейн болатын.
Эйнштейндер отбасында басты құндылық әрқашан білім болды. Төрт жасында ол қатты ауырып, үлкендер қолына төсекте жатып ойнау үшін компасты береді. Компасқа қызығушылығы ауғаны соншалық, ауырғанын ұмытқан бүлдіршіннің дене қызуы өзінен-өзі төмен түседі.
Кейін Эйнштейн: «Сол компас мен үшін ғылым әлемінің кілті іспеттес болды. Оның таңғажайып әсері менің ғылымға деген қызығушылығымды өмір бойы сақтап келді» - дейді.
ОЛ ҒЫЛЫМҒА ӨМІР БОЙЫ АДАЛДЫҚ ТАНЫТТЫ, ЕГЕР ҒЫЛЫМ ОНЫҢ ӨМІРІНІҢ МӘНІ БОЛСА, АНАСЫ ПАУЛИНА ЭЙНШТЕЙННІҢ АРҚАСЫНДА МУЗЫКА ОНЫҢ ЖАНЫ ЖАЙ ТАБАТЫН ДЕМАЛЫСЫНА АЙНАЛДЫ.
Бірде анасы рояльда ойнап отырып, жанында зейін сала тыңдап тұрған кішкентай Альбертке:
– Бар, Альберт, бақта ойнай тұр, – дейді. Бірақ әлі күнге дейін сөйлемейтін бес жасар ұлы неміс классиктерінің шығармаларын тебірене тыңдап тұрғанын байқап, үндемейді.
– Мұндай сабырлы баладан музыкант немесе сағат өңдеу шебері шығары сөзсіз! – деп үйге келген қонақтар қалжыңдайды.
– Альберт, сен өскенде кім боласың? – деп сұрасады, бірақ баланың жауабын ала алмаған соң, оны жігерлендіре, – Ештеңе етпес, Альберт, әркімге профессор болу бағы бұйырмаған, көңіліңді түсірме! – деседі.
Шамамен бес жасында анасы оны скрипка сабағына апара бастайды. Содан кейін Эйнштейн скрипкадан айырылмайтын болды. Ғалым болған кезінде де, ол музыканы тастамай, тіпті ең қиын деген есептерді музыканың сүйемелдеуімен шешетін.
Альберт Эйнштейннің жеті жасына дейін тілі шықпады. Ақиқатында, анасын алаңдатқан мәселе де сол еді.
Бірде кешкі ас кезінде, ол кенеттен: «Мына сорпа өте ыстық», – дейді. Қуанғаннан не дерін білмеген анасы, оның бұған дейін неге тіл қатпай келгенін сұрайды. Сонда Альберт оған: «Себебі осыған дейін бәрі жақсы болатын», – деп жауап береді.
Өзінің естеліктерінде Эйнштейн музыкамен айналысуына себепші болған анасының табандылығы мен батылдығын атап өтеді:
«...АНАНЫҢ МАХАББАТЫ ҰЛЫ ҰСТАЗ ЕКЕНІН СЕНІММЕН АЙТА АЛАМЫН, ОЛ ЖАУАПКЕРШІЛІК СЕЗІМІНЕН ДЕ ЖОҒАРЫ».
Паулина Эйнштейн ұлының бойына қиялдай білу мен суырып салу қасиетін сіңірді. Ұлы ғалым: «Маған жұмыс істеу қандай маңызды болса, импровизация да сондай қажеттіліктің бірі еді. Екеуі де өзгеге қол жаймауға мүмкіндік береді» – деп есіне алады. 70 жасында Эйнштейн досына: «Мен скрипканы тастап кеттім, бірақ қолымнан келе бермесе де, рояльда ойнап отырып, импровизация жасаймын», - деп жазады.
Эйнштейннің анасынан бірде ұлының кеш те болса тілі шығуының сыры неде екенін сұрағанда, ол: «ӨЗ ПЕРЗЕНТІҢДІ СҮЮ КЕРЕК», – деп жауап береді. Табиғатынан табанды әрі өктем мінезді Паулина ұлына келгенде өте жұмсақ, шыдамды болып, махаббатын аямайтын.
Жас Альберт өз қатарластарынан көптеген пәндер бойынша бір қадам алда жүретін. Альберт ылғи жақсы баға алып, ең үздік оқушылар қатарынан көрініп, анасының мақтанышы бола білді.
Паулина Эйнштейн баланың өзін-өзі дамытуына көп көңіл бөлетін, ұлының сүйікті пәндері – физика, математика, геометрия оқулықтарын өзі сатып алып беретін... Архивтердегі академиялық жазбалар Эйнштейннің вундеркинд болғанын дәлелдейді, ол 11 жасында физиканы колледж бағдарламасы деңгейінде меңгеріп, керемет скрипкашы болды, мектеп пәндерінің барлығын да үздік меңгерген еді.
…Бірде Принстон көшелерінің бойымен терең ой үстінде, серуендеп келе жатқан Эйнштейн екі жастың әңгімесін естіп қалады. Олардың жақында Парижден келгендерін, қыздың пианинода, жігіттің скрипкада ойнайтынын түсінеді. Ол музыканттарға жақындап, оларға Бахтың екі скрипкасында концерт қоюды ұсынады. Жастар келісіп, Эйнштейн олармен кешке жолығады. Өзінің скрипкасын әкеліп, түн жарымына дейін қонақтармен бірге скрипкада ойнайды. Мұндай кезде ол уақытқа мүлдем көңіл бөлмейтін.
… Бір күні Альберт Эйнштейн мен виолончелист Григорий Пятигорский бірге қайырымдылық концертінде өнер көрсетеді. Көрермендер арасында концерт жөнінде сараптама жазатын жас журналист отырды. Ол жанында отырған көрерменнің бірінен:
– Кешіріңіз, Пятигорскийді білеміз, ал бүгін ғана сахнаға шыққан мына Эйнштейн …
– Құдайым-ай, сіз ҰЛЫ ЭЙНШТЕЙНДІ білмеуші ме едіңіз?!
– Иә, әрине білемін, рақмет, – деп қысыла жауап береді журналист, кейін ол қойын дәптеріне бірдеңелерді жаза бастайды.
Келесі күні газет бетінде Пятигорскийдің Эйнштейнмен бірге өнер көрсетуі жайында сараптамалық материал шығады. «ПЯТИГОРСКИЙДІҢ ӨЗІНЕН АСЫП ТҮСКЕН ТЕҢДЕССІЗ ВИРТУОЗ-СКРИПКАШЫ, ҰЛЫ МУЗЫКАНТ» деген рецензия оқырманның, тіпті Эйнштейннің өзінің де күлкісін келтіреді. Ол мақаланы қиып алып, үнемі өзімен алып жүретін, таныстарына көрсетіп:
– СЕНДЕР МЕНІ ҒАЛЫМ ДЕП ЖҮРСІҢДЕР МЕ? ЖОҚ, МЕН ӘЙГІЛІ СКРИПКАШЫМЫН! – деп әзілдейді.
Альберт Эйнштейннің анасы оның ғылым саласындағы абыройына алаңдап, ұлының кез-келген ғылыми жетістігіне, осы салада жасаған әр қадамына қуанып отыратын.
Әйгілі «Физика жылнамалары» журналы бірден Альберттің үш ғылыми мақаласын жариялаған кезде анасының қуанышында шек болмады. Сол кездің ғалымдарының көпшілігі атап өткендей, бұл жаңа ғылыми революцияның негізін қалаған мақалалар еді.
– Альберт, олар сені мойындады ма? Сенің мақалаларың ең беделді журнал беттерінде, солай ма? – деп уайымдай сұрады Паулина өзінің үнемі ұстамды кейіпте жүретін ұлынан. – Сені құттықтауымызға болады ғой?!
– Иә, анашым,– дейді Альберт Эйнштейн сабырлы кейіппен.
– Ол мақалаларың не туралы еді? Мен оқысам, ішінен бірдеңе түсінем бе?
– Әрине, – деп күлімсірей жауап берді ол, – бірі қозғалмалы күштердің электродинамикасына арналған, екіншісі жарықтың пайда болуы мен өзгеруі туралы, ал үшіншісінде сұйықтықта тоқтатылған бөлшектердің қозғалысы туралы айтылады.
– Сенің айтқаныңнан ештеңе де ұқпадым, бірақ осы мақалаларың саған бүгінгі заманның білгір ғалымдарының ішінен ойып тұрып өз орныңды алуыңа көмектескеніне сенімдімін!
Сол кезде әдетте байсалды Эйнштейн, анасының мақтау сөздерін ести сала, оның құшағына ұмтылып, анасының өзі үшін істеген барлық жақсылығына алғысын білдірді.
Сезімге беріле, анасына ризашылығын жеткізген ұлына қарап, Паулина қанша жерден байсалды көрінгенімен, перзентінің өз жетстігіне іштей көңілі толғанын аңғарды. 26 жасар жігіттің мұнымен тоқтамасын, әлі алар асуы алда екенін сезінді.
ОНЫҢ ПЕРЗЕНТІ ӘЙГІЛІ ҒАЛЫМ БОЛАДЫ! Бұған оның көзі анық жетті. Оның ұлы, кішкентай Альберт, жеті жасқа дейін тілі шықпай, кейін қатарластарының алды болып, енді, міне, ең алқашқы үлкен жетістігіне қол жеткізіп отыр. 1799 жылдан бері (әлі күнге дейін) шығып келе жатқан, әдемдегі ең көне әрі беделді басылымның ғылыми ұжымының қолдауына ие болды. Бұл журналда мақалаңның басылуы таңдаулы «ғылыми революционерлер» қатарына кіруіңді білдіреді. Бұл дегеніміз – енді Альберт Эйнштейн академиялық үрдістің бел ортасында жүреді деген сөз. АНАСЫ ҮШІН БҰЛ ЖУРНАЛ АРНАЙЫ АЛЬБЕРТ ЭЙНШТЕЙН ҮШІН ОЙЛАП ТАБЫЛҒАНДАЙ БОЛЫП КӨРІНДІ.
1920 жылдың ақпанында ұзақ аурудан соң, Эйнштейннің анасы Паулина қайтыс болады. Содан бірнеше ай бұрын оның салыстырмалылық теориясы өзі болжағандай, күннің гравитациялық өрісіндегі жарықтың ауытқуы түрінде дәлелденіп, ғылыми ортада қолдау табады. Оның үстіне өлшенген мән ньютондық емес, Эйнштейннің тартылыс заңына сәйкес келеді. Өміріндегі ең үлкен жетістігіне қол жеткізуіне қарамастан, анасының қазасы оның жанына қатты батқанын хаттарына қарап байқауға болады. Оның ашқан сенсациялық жаңалығы бүкіл Еуропаға таралып, Эйнштейннің даңқы бұрын-соңды болмаған биіктерге жетеді...
БІРАҚ ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, ЕНДІ ОНЫҢ ЖАНЫНДА ҚУАНЫШЫН БӨЛІСІП, ЖЕТІСТІГІНЕ ШЫН МАРҚАЯТЫН ҚАМҚОРШЫ АНАСЫ ЖОҚ ЕДІ!