Бахтиар Бекмұрзаев: «Ең басты мақсат – ұлттық бірлікті, Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайту»

АССАМБЛЕЯ
3745

Мемлекет тек тыныштық пен ынтымақтастықта дамиды. Осы орайда еліміздің татулығы мен бірлігін нығайту, сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарар ісі де һәм оған жүктелер жауапкершілік те көп. Әрине, еліміздің небәрі отыз жылдың ішінде-ақ әлем елдерімен терезесі тең мемлекет болуында Ассамблеяның сіңірген еңбегін айта кеткеніміз жөн. Осыған байланысты Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Бахтиар Перналыұлымен сұхбаттасып, көкейімізде жүрген сұрақтарға жауап алған едік.

Бахтиар Бекмұрзаев, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы

Тілші: Бахтиар Перналыұлы, мемлекетіміздің басты алғышарты - елдің бірлігі, қоғамдық келісім мәселесі. Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдерден бастап Елбасымыз елдің бірлігін, халықтың тұтастығын мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде қарастырды. Жүздеген ұлт пен ұлыс өкілін бір шаңырақтың астында жарастырды. Елбасының сарабдал саясатымен құрылған теңдессіз институт Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің нағыз қамқоршысына айналды. Бүгінде осы Ассамблея қызметін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін құрылған Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім мекемесін басқарып отырсыз. Сіздің өңірде осы бағыт бойынша жасалатын жұмыстар туралы бөліссеңіз.

Б. П.: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, кез келген қоғамның бақытты ғұмыр кешуі үшін алдымен ауызбірлік қажет. Бірлік бар жерде бауырластық, тыныштық, молшылық, береке болады ғой. Тағдырдың сан түрлі теперішін, кезеңін басынан өткерген, қай заманда да қиындықтан қайыспаған қазақ халқы осы аталы сөздің астарын асқан көрегенділікпен, парасаттылықпен ұғынған. Қоғамдағы келісім мен бірлік қана мемлекеттің негізгі қозғаушы күші бола алады. Тәуелсіз елімізде бірнеше ұлыстар мен ұлттардың басын ұйыстырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемде теңдесі жоқ институт екендігі белгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы халықаралық тұрғыда мойындалған. Қазақстанда бірлік пен татулық бар, неге десеңіз мықты діңгек бар. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Өзіңіз айтпақшы, осы Ассамблея қызметін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру үшін «Қоғамдық келісім» мекемесі құрылған. Өңірімізде тұрғындардың әлеуметтік маңызды жобаларға, тілдерді үйренуге, шығармашылықты, қоғамдық келісім саласындағы бастамалар мен әлеуметтік белсенділікті дамытуға қатысуы үшін жағдай жасалған. Этносаралық қатынастар саласында азаматтық қоғамның әлеуметтік бастамаларын іске асырып, Қазақстан халқының біріктіруші құндылықтары мен ортақ тарихы негізінде өзін-өзі тануының артуына ықпал етілуде. Сайып келгенде, ең басты мақсат - ұлттық бірлікті, Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайту. Мемлекетімізді құрушы қазақ ұлтының айналасына ұйысқан әр түрлі этностар Ассамблея арқылы рухани тұрғыда қайта түледі десек болады. Оның ширек ғасырлық тарихы жетістікке жетудегі күрделі еңбек жолынан өрілді. Бүгінде Қарағанды облысында 100-ден астам этностың 75 этномәдени бірлестігі бар. Олар Қарағанды қаласы, аудандар мен қалаларда жұмыс жасайды. 

Тілші: Қоғамда қызу талқыға түсіп, жиі көтерілетін мәселелердің бірі – тіл мәселесі. Қарағанды этностарының мемлекеттік тілді меңгерудегі жетістіктері қандай?

Б. П.: Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы - Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі баршаны біріктіретін татулық тіліне айналуы тиіс» деген тапсырмасы бүгінде өз нәтижесін бере бастағанын байқап отырмыз. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа Жолдауында: Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін және мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңею үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек деген еді. Осы орайда, Қарағанды Ассамблеясының өкілдері едәуір нәтижеге жеткенін айтуға болады. Облыстық Ассамблеяның іс-шараларының бүкіл кешені этностардың мемлекеттік тілді меңгеруін, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді, қазақтың ұлттық құндылықтарын танып-білуге бағытталған. Елбасының тапсырмасымен Мәміле тіл сұхбат клубын алғаш ашқан Қарағандының Достық үйі болатын. "Мәміле" сұхбат клубы қазақ тілін үйренуге ниетті өзге ұлт өкілдері арасында сұранысқа ие. Бүгінде "Мәмілеге" келушілер саны 1700 адамға жуықтаған. Клубқа келушілер қазақ тілін үйреніп ғана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүріне де қанығып, әдет-ғұрпынан хабардар болады. Бұл төтенше жағдай кезінде де тоқтаған жоқ, яғни тіл үйрену сабағы онлайн форматқа еш қиындықсыз көшті. Мен қазақша сөйлеймін жобасы, этнос өкілдерінің қазақ халқының шығармашылығын тануына бағытталған Бұқарекең жырлайды, Даланың дара данасы байқауларында этномәдени бірлестік өкілдері жылдан-жылға жоғары дәрежеде өнер көрсетін, саны артып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамыту мақсатында ұйымдастырған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумына Қарағандының жас этнос өкілдері қатысып, жоғары дәрежеде көрініп, Мемлекет басшысының марапатына да ие болды. Соңынан «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челленджі де басталып, Алматы қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында жалғасын тапты.

Осы орайда, Қарағанды облысы бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі Елизавета Седышеваның мына сөзін мысалға келтірсем деймін. «Тілді дамыту әрқайсысымыздың тікелей міндетіміз. Тіл – халқымыздың тарихының, мәдениетінің айнасы. Ал мемлекетімізге қызмет ететін азаматтар осы құндылығымызды қастерлесе – еліміз әрі қарай қарыштап дами түсетіні сөзсіз» дейді. Әлбетте, міне осындай жастар өз тағдырын қазақ ұлтымен, қазақ тілімен ғана байланыстырады. 

Тілші: Ғұламалардың ғибратты ғұмырларын өскелең ұрпаққа өнеге ету үшін, өшпес мол мұрасын мәңгі есте қалдыру үшін елімізде былтыр, биыл айтулы тұлғаларымыздың меретойлары ата өтілуде. Қарағанды Ассамблеясының үлесі қандай? 

Б. П.: Өткен жылы қазақтың біртуар перзенті Абай Құнанбайұлының мерейтойы ауқымды өтті десек болады. Ұлы ақынның творчествосын, өмірін этномәдени бірлестіктердің өкілдері кең көлемде насихаттап, байқаулар мен ғылыми шараларға белсене қатысты. Әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған онлайн байқауларда жоғары дәреже көрсетті. Республика бойынша өткен Абай күнінде ақынның философиялық ойлары туралы пікірлерін, мақалаларын «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» аталған арнайы айдарда жариялады. Шындығында, ұлы Абай шығармаларында басты тақырып - бауырмалдық, татулық, бірлік болды ғой.

Өз еліміздің тарихын тану арқылы ғана тәуелсіздігіміздің қадіріне жете аламыз. Қазақ халқының тарихына үңіліп қарасақ, еліміздің азаттық пен тәуелсіздік жолындағы баһадүр бабаларымыздың, қайраткерлеріміздің жанкешті күресін аңғарамыз. Биыл облыстық Ассамблея көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, Алаш арыстарының, мәдениет пен әдебиет саласындағы халқымыздың біртуар тұлғаларын насихаттап, ұлықтау мақсатында бірқатар шараларды өткізіп жатыр. Атап айтсақ, қазақтың тұңғыш математигі, профессор Әлімхан Ермековтың, Алаш қозғалысының жетекшісі, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейхановтың, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың, Мұқағали Мақатаевтың мерейтойлары және әрине, ең бастысы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Дөңгелек үстелдер, конференциялар, тарихшы-сарапшылармен кездесулердің мақсаты – тарих тасында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғаларымыздың есімін қайта жаңғырту. Осылайша еліміздегі этнос өкілдеріне оларды дәріптеу және таныту. Осындай маңызды, тағылымды шараларда Ғылыми-сараптама тобының, этномәдени бірлестіктердің, "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысының өкілдері орамды ойларын ортаға салып, бірауыздан бүгінгі тәуелсіздік - сол тұлғалардың мұраттарының орындалғанының дәлелі дейді.

Тілші: Бүгінде Ассамблея қамқорлығымен бірнеше этномәдени бірлестік жұмыс істейді, еңселі Достық үйі салынған, құрылымдар және бар. Осы туралы тарқатып айтсаңыз.

Ия, әңгіме басында өңірімізде 75 этномәдени бірлестік жұмыс жасайтынын айтқан едім. Олар құрылғаннан бастап, мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, мектептер, жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылының сәтті байланысы орнады. Ассамблея кеңесі, Ғылыми-сараптау тобы табысты жұмыс істеп жатыр, қала және аудан әкімдерінің жанында олардың қызметін үйлестіру жөніндегі қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. 

Этномәдени бірлестіктер қызметінің маңызды бағыттарының бірі жастармен жұмыс екенін атап кетейін. Облыста қазақстандық патриотизмді, азаматтық татулықты насихаттауға бағытталған ЭМБ жастары өкілдерінің қатысуымен акциялар, форумдар өткізу дәстүрі қалыптасты. Этномәдени бірлестіктер жанынан құрылған халықтық ансамбльдер де өңіріміздің мақтанышы. Облыстық Ассамблея, этномәдени бірлестіктер қызметін ақпараттық қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Ол мемлекет құрушы қазақ ұлты мен өзге ұлттар арасындағы татулықтың, ынтымақ мен берекенің ұйытқысы болса, Достық үйі – өңірдегі азаматтық бастамалар орталығына, кенді шаһардың қарашаңырағына айналды. 

Достық үйінде қоғамдық келісімді қалыптастыруға азаматтық қоғам институттарын тарту мақсатында әдістемелік кабинет, мұражай, конференц-зал, хореографиялық және оқу сыныптары жұмыс істейді. Сонымен қатар, Достық үйінің жанынан биыл Наурыз мейрамы қарсаңында медиа орталық ашылғанын қуанышпен жеткізгім келеді. Енді бұл орталық арқылы аймағымызда ақпарат саласында бәсекелікке түсіп, сапалы контент жасауға тың мүмкіндік туып отыр. Озық үлгідегі оңтайлы орталық түгелдей заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және көпэтносты Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерінің озық үлгілері көрсетіліп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде үлкен жобалар жоспарланып отыр. 

Тілші: Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық сананы жаңғырту, ортақ құндылықтардың, мақсаттар мен міндеттердің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған біраз ілкімді жобаларды іске асырып келеді. Бұған барлық қазақстандық этностар тартылуда. Осы жобалар өңіріңізде қаншалықты дәрежеде іске асып, жалғасын тауып жатыр?

Б. П.: Бүгінде Қарағанды облысы ҚХА мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру, қазақ ұлтының рухани құндылықтарын, жалпы еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстарға ортақ мақсат мен міндеттердің орындалуына бағытталған біршама ілкімді жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ, қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін танып-білуге бағытталған "Қазақтану" мәдени-ағартушылық орталығы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан тамыр тартқан бұл жоба – өзге ұлт өкілдеріне, Елбасы айтқан «ұлттық кодты» қайта жаңғыртуды көздейді. "Қазақтану" жобасы аясында облыстық Ассамблеясы Елтану, "Ұлы дала елі" атты экспедицияларын ұйымдастырды. Экспедиция қатысушылары Абай, Шәкәрім мұражайларын, Бұқар Жырау, Шорман Мұстафаұлы, Әлкей Марғұлан кесенелеріне барды. Өзге ұлт өкілдері бұл экспедициядан ерекше әсер алды және қазақ ұлтының бай тарихы мен мәдениеті жайлы насихаттауда. 

Мемлекет пен халық арасындағы алтын көпірге айналған Қоғамдық келісім кеңесі, отбасы мен тәрбие мектебі Аналар кеңесі, ақпарат әлемінде біртұтас мемлекетіміздің бірлігін насихаттайтұғын Журналистер клубы тәрізді құрылымдары бар. Облыстық Ассамблея бұдан бөлек, аймақтағы қайырымдылық қызмет пен медиация жұмысын үйлестіріп қана қоймай, қоғамдық-саяси жұмыстарға атсалысуда. Бірнеше рет ұйымдастырылған «Қайырымдылық керуені» шарасының көшін бастап, қаншама отбасыға, ондаған жас маманға жүрек жылуын сыйлаған Асссмблея қайырымгерлерінің ізгі істері – көпке үлгі боларлық. Бүгінгі таңда қоғамдық бірлестіктердің қадамы – нық, қызмет ауқымы – кең. Олардың оң имиджін қалыптастыру этномәдени бірлестіктер көшбасшыларының жауапты міндетіне айналды. Оларды ортақ мүдде – тәуелсіз де қуатты Қазақстанның жарқын болашағы үшін жұмылу. 

Тілші: Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Жомарт Жылкелдіұлы,

"Мәдениет порталы"

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...