Алматыдағы Кәріс театры қарағандылықтардың көзайымы болып қайтты

АССАМБЛЕЯ
1557

Мемлекеттік республикалық академиялық кәріс музыкалық комедия театры, Қарағанды қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты. 

Қарағандылықтардың назарына ұсынылған «Благословенны будьте навека!» деп аталған театрландырылған қойылым - кәрістердің Қазақ елінде сексен жыл ғұмыр кешу тарихын баяндайтын көркем дүние болды. Осы қойылымның қоюшы режиссерлері Надежда Ким мен Елена Ким жұртшылыққа бірнеше жанрдың басын қосқан драмалық, вокалдық және хореографиялық нөмірлерден тұратын күрделі көрініс ұсынды. 

Сахнадан кәріс халқының ежелгі тарихынан бастап, бүгінгі кезеңге дейінгі уақытын көрермен аса ыждағаттықпен сүйсіне тамашалады. 

Театр әртістері Корей жұртының әсемдікке бай ғажап көріністерін бейнелей келіп, олардың Қиыр Шығысқа қоныс аударып, одан ары алапат соғыс жылдарындағы жер аударылу мехнаттарын да шынайы суреттермен кестеледі.  

Сол бір азапты да ауыр жылдары бастан кешкен қиыншылықтарымен ортақтасқан қазақ халқына деген ризашылықтарын айқара ашты. 

Сонымен қатар кезектесе ауысқан нөмірлердің негізінде кәріс этносының өмір тарихы екшелене көрсетіліп, даралай талданды. Көздің жауын алған ұлттық костюмдер, теңдесі жоқ өнер көрсеткен актерлердің тартымды ойыны, вокалистердің құлақ құрышын қандыра шырқаған әндері, сондай-ақхореографиялық композициялардың біртұтастығы мен табиғилығы көрермен көңілін хош сезімге бөлей алды.

Сонымен спектакль аншлагпен өтіп, қарағандылықтар үшін аса қуанышты тарту болды. Дән риза болған көрермендер әртістерге қол шапақпен қошамет көрсетті. Әсіресе, кәріс жұртшылығының депортация кезеңін бейнелеген трагедиялық эпизодтар көрермен көңілінде ұмытылмас әсер қалдырды. Сол бір зобалаң жылдарды басынан кешірген аға буын өкілдері - бел асып кеткен қайғылы cәттерді қайта көргендей болып, көздеріне жас ірікті. 

Кезінде қуғын-сүргінге көп душар болған ұлттың бірі осы – осы Қазақстан кәрістері. Олар Ресейдің Кореямен шекаралас тұсы – Қиыр Шығыстан зорлықпен ауып келді. Кәрістердің Қиыр Шығысты мекен етуіне екі жағдай себеп болған көрінеді. Біріншісі жапон басқыншыларына қарсылық танытқан зиялылар өкілдері болса, екіншісі Ресейге берекелі тұрмыс іздеп келген шаруалар, колөнершілер мен ұсақ саудагерлер болатын-ды. Өздерінің еңбекқорлылығы арқасында олар тәп-тәуір жағдайға жетіп, қоныс тепкен еді. 

Кәрістердің өздері құрған өндірістік және ауылшаруашылық артельдері жұмыс жасады. Және кәрістердің біразы хутор қожайындарына жалданып еңбек етті. Сонымен қатар олар ауылшаруашылығы төңірегінде шектеліп қалмай, үлкен порттардың құрылысына да білек сыбана қатысты. Небір мамандықтарды еркін игеріп, мол тәжірибе жинақтап, кіріскен жұмыстарын ыждағатпен істейтін шеберлер қатарынан танылды.

Зорлық пен зобалаң жылдарына дейін кәрістердің , яғни 1936-жылдары, ұлттық мектептері мен институт бөлімі және училищелері болған еді. Осы оқу орындарында педагогикалық және ауылшаруашылық мамандары әзірленді. Сандаған кәріс жастары Лениград, Мәскеу, Владивосток пен Хабаровск қалаларындағы білім ошақтарынан дәріс алды.

Сондай-ақ кәріс тілінде шығатын газеті мен кәріс ұлттық театры жұмыс жасады. Олар осындай еттірліктері арқасында өздерінің ұлттық сана-сезімін тоздырмай, одан ары жетілдіріп, тілін де дамыта түсті.

Екінші дүниежүзілік оты басталмай тұрған тұста, Кеңес Одағы – неміс фашистері мен жапон милитаристерінен төнетін қауыпті қатты ескерді. Осындай пайымды арқау еткен Кеңес Одағы Қиыр Шығысты мекендеген кәрістер жапондарға қызмет етіп, жаулық істерге баруы мүмкін деген жалған желеумен олардан секем алды. Сонымен Қызыл Армияның желкетұсында қыдиған топтан арылуға бел буды. Әрине, оған басқа да біраз себептер бар болған тәрізді. Сонау Қиыр Шығыстағы Ішкі Істер Халық Комиссариаты да бекер жатпай, «халық жауларын» тіміскілеп, тауып отырды.  Сонымен қатар жапондардың жіберген кәріс «тыңшалары» көбейе түскені туралы жалған ақпараттар да гу-гу тарап жатты. Артынан Қытаймен екеуара бейбіт келісім орнаған соң, кәріс жұртын Қазақ ССР-не күштеп көшіру басталып кетті. Олардың мал-мүлкі, дүниесі сол жерде қала берді. Бастапқыда моральдік- материалдық шығындарын өтеу туралы берген келісімдерінен КСРО- басшылары тез арада айныды. Керісінше орталықтарға барғызбай, қарым-қатынастарына да шектеу қояды. Қайда баратын болса, арнайы рұқсатпен жүруге мәжбүрлейді.

Содан бері талай жылдың жүзі өтіп, бір формациядан екінші формацияға өткен қоғамдық төңкеріс орын алды. КСРО-ның ыдырауы арқасында Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізді. Сонымен қатар жеке басқа табынушылық та келмеске кетті. Қазақстанға еркінен тыс мәжбүрмен қоныс аударылған кәріс жұртының қазіргі ұрпағы өзінің екінші Отанын – Қазақ елі деп санады.  

Сондай-ақ көптеген ұлт пен ұлыстардың бастарын құратын Қазақстан халқы өз тарихындағы жаңа құрылым – Қазақстан халықтары Ассамблеясы аясында біртұтас халыққа айналып отыр. Олар Қазақстан Республикасында қабылданып, жүзеге асырылатын саяси шешімдерге өз ықпалдарын жасап, еліміздің жасампаз қадамдарына үлес қосып келеді. 

Осы көпұлтты еліміздің ішіндегі кәріс халқы да өзінің екінші елінің саяси-экономикалық тұрақтылығы мен демократиялық даму үрдісінің өркендеуіне ат салысып келе жатқан жұрттың бірі саналады. 

Ал Қарағанды қаласында өткен театр өнерінің тамашасына  Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Дэ Сик, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» Қамқорлық Кеңесі төрағасының орынбасары Р.У. Ким, «Қазақстан кәрістері қауымдастығының» Президенті С.Г. Огай сияқты құрметті қонақтар қатысып, олар да өз тараптарынан дән ризашылық танытты.

Осы гастрольдік сапар кезінде Қарағанды облысы кәрістерінің этномәдени бірлестігі өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өткен болса, соған орайластыра осы театрды 20 жылдық олармен достық пен ынтымақтастық байланыстары да ескерусіз қалмады.  

Мерекесі мерекеге ұласқан осындай асқақ күндер - Қазақстан атты, үлкен, тату-тәтті шаңырағымызға шығармашылық табыс пен бақ-береке және өрлеу мен өркендеу әкелсін деп тілейміз!

Заман Төлеуов

Жаңалықтар

Ыстамбұлда жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот отырысының төртінші к...

Жаңалықтар

Мамандар 23-25 қараша аралығындағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлай...