Ақселеу СЕЙДIМБЕК: Қазақ Ресейдiң ақпараттық экспансиясына шырмалып қалды

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3671

Көрнектi қайраткер, ұлтын сүйіп өткен тұлға Ақселеу Сейдiмбек ағамызбен көзі тірісінде (2009 жылы) болған соңғы сұхбатын қайта ұсынып отырмыз. Әңгiменің басты тақырыбы Қазақстандағы ақпараттық кеңiстiк және ұлт тағдырына қатысты өрбіген десе де болғандай.


Құрметтi Ақа, бұл жолғы сұхбат белгiлi бiр тақырып бойынша өрбiсе деп едiм. Осы орайда, сiз қандай тақырып төңiрегiнде ой бөлiскендi қалар едiңiз?


– Дұрыс екен. Әрине, мұндайда көптiң көңiлiн алаң еткен, жұрт­шылықты бейтарап қалдырмайтын тақырыптың тiлге тиек болғаны жөн ғой. Бұл ретте, мен Қазақ­стандағы ақпараттық кеңiстiк туралы, әсiресе бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ), оның iшiнде теледидардың ел өмiрiндегi алар орыны туралы ой бөлiскендi қалар едiм.


– Бұл қалауыңыздың себебiн айтсаңыз?


– Қазақ халқы халық болып тарих сахнасына шыққалы зорлық пен қорлықтың, соғыс пен сойқан­ның, алдау мен арбаудың, аштық пен апаттың, геноцид пен репрес­сияның ұлтты жоюға бағытталған небiр сұмдықтарын көрiп баққаны белгiлi. Соның бәрiне де қазақ халқы төтеп берiп, өзiнiң ұлттық бет-бейнесiн – тiлiн, дiлiн, дiнiн, салт-дәстүрiн, рухани мәдениетiн, моральдық-этикалық нормаларын сақтай алған халық едi. Және бұл құндылықтар өзiнiң бiртұтас монолиттi қалпымен қазақ ұлтын ұйыстыруға, ұлттық болмыстың бiрбүтiн болуына қызмет ететiн, сөйтiп әлеуметтiк қатынастардың барлық деңгейлерi мен барлық типтерiне бiрдей тегеурiндi ықпалы болатын. Түптеп келгенде, қазақ халқын тарихтың қылкөпiрiнен аман алып шыққан осы құндылықтар едi.


Сөйткен қазақ халқы қазiр соғыс, ашаршылық, репрессия сияқты сойқандарды көрмей-ақ, ақпарат­тық экспансияның құрбаны болып, ұлттық төлтумалығынан айыры­лып, ұлт ретiнде сөнiп бара жатқа­нын көз көрiп, көңiл тiксiнiп отыр. Қазiр, тура мағынасында, Қазақ­станда ақпараттық соғыс жүрiп жатыр және осылай кете берсе бұл соғыс барысында қазақ ұлтының жеңiлетiн түрi бар. Дәлiрек айт­қанда, қазақ ұлты өзiнiң ұлттық болмысын жоғалтып, төлтума құндылықтарынан жұрдай болып, ендi бiрер ұрпақ алмасқанда геосаяси тобырға айналып шыға келетiнi айқын байқалып отыр. Мұндай үрдiс ең алдымен БАҚ арқылы жүзеге асуда.


– «Ақпараттық соғыс» деген сөз орамын ойыңызды әсерлi ете түсу үшiн қолданып отырған жоқсыз ба?


– Жоқ, шырағым, бұл мен ойлап тапқан сөз емес. Бұл – қазiргi кезде халықаралық аядағы нақтылы өмiрлiк ахуалды айғақтайтын ұғым-атау. Өйткенi, дүниежүзi бойынша ақпараттық соғыстың жүрiп жатқанына бiраз болды. «Ақпарат­тық соғыс» терминi ХХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап Амери­када қолданыла бастады. Әрине, АҚШ мұндай терминдi ақпараттық соғыстан зардап шеккен ел болған соң ойлап тапқан жоқ, керiсiнше, әлемдiк өктемдiкке қол жеткiзу үшiн ақпараттық соғысқа ең алдымен көңiл бөлген ел болды.


Осы орайда, АҚШ ОББ-сының (ЦРУ) жетекшiсi, Стратегиялық операция Басқармасының бастығы болған Ален Даллестiң тұжырым­дамасын (концепциясын) келтiре кетуге болады. Онда: «…бiз қолда бардың барлығын, бүкiл алтыны­мызды, барша материалдық дәуле­тiмiз бен ресурстарымызды адам­дар­дың есалаң, ақымақ болуы үшiн сарып етемiз… Адамның миы, пенде атаулының санасы құбыл­малы. Бiз олардың санасын сансы­ратып, елеусiз ғана жалған құнды­лықтардың ұрығын себемiз, сонсоң сол жалған құндылықтарға сенуге мәжбүр етемiз… Бiз суреткерлер деп аталатындарды жан-жақты қолдап-қолпаштаймыз, олар зина­қорлықты (секс) пiр тұту, зорлық-зомбылық (садизм), сатқындық сияқты қай-қайдағы азғындықты адам санасына сықап сiңiретiн болады. Мемлекет басқару iсiн бiз былық-шылыққа ұластырамыз… Адалдық пен парасаттылық келемеж етiлiп, ешкiмге қажетi жоқ ескiлiктiң қалдығына айналады. Арсыздық пен бетбақтық, өтiрiк пен алдап-арбау, маскүнемдiк, есiрткiқұмарлық, адамдардың бiр-бiрiне хайуандық үреймен қараушы­лығы және көргенсiздiк, опасыз­дық, сондай-ақ ұлттардың бiр-бiрiне деген өшпендiлiгi – мiне, осының бәрiн бiз iлкiмдi де елеусiз түрде орнықтыратын боламыз!» – делiнген.


Бұл сияқты бағдарламалық докт­рина қазiр АҚШ-тағы сыртқы саясаттың құрамдас бөлiгiне айналған. Вашингтонда 1996 жылы ақпараттық соғыс бойынша Ү ғылыми конференция өттi. Конфе­ренциядағы баяндамалар басылған кiтаптың көлемi мың беттен астам. Ал, ондағы ой-тұжырымдардың өзегiнде ақпараттық қарудың экономикалық жағынан мейлiнше тиiмдi және экологиялық таза екенi әспеттелген. Бұхар жыраудың «Бауыздамай iшер қаныңды, өлтiр­мей алар жаныңды» дегенiндей, конференцияда ақпараттық соғыс­тың ең жаңа және ең «гуманный» соғыс екенi жан-жақты мадақтал­ған.


– Сөзiңiздi бөлейiн, сонау Америкада бастау алған ақпараттық соғыс тiкелей Қазақстанға бағытталып отыр немесе Қазақстан содан зардап шегiп отыр деудiң қаншалық­ты қисыны бар?


– Дұрыс айтасыз, АҚШ-тың ақпараттық соғыс саясаты Қазақ­станға тiкелей бағытталып отыр деп айту әзiрше ертерек. Бұл жерде, мәселе АҚШ-тың ақпараттық соғыс саясаты мен әдiстемесiн (методикасын) Ресейдiң ұрымтал пайдаланып, оны Қазақстанға қатысты жытқырлықпен қолдану­ында болып отыр. Мұны тура мағынасында да, бейнелi мағына­сында да «постимпериялық» әдiс деуге де болады.


Ресейде ақпараттық соғысқа көңiл бөлу және оны өз мүддесiне ұрымтал пайдалану әрекетi Кеңес­тер одағы ыдыраған соң-ақ iле-шала қолға алынды. Мәселен, «Мем­лекеттiк құпия туралы», «Ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы», «Халық­аралық ақпараттық алмасулар туралы» және басқа да осы тектес федералдық заңдар қабылдап үлгердi. Бұл заңдардың қай-қайсысы да БАҚ-қа мемлекеттiк қауiпсiздiктiң кепiлi ретiнде және Ресей мүддесiнiң пәрмендi құралы ретiнде қараған. Осы заңдарды қаперге ала отырып С.П.Расторгуев: «Ақпараттық соғыс дегенiмiз – жауыңа өз үстiндегi сауытын өзiнiң қалай шешiп тастауын мақсатты түрде үйрету» деп атап өтеді.


– Ресейдiң Қазақстанға қа­тысты ақпараттық соғыс саясатын жытқырлықпен қолдануына қатыс­ты қандай айғақ-дәлелiңiз бар?


– Айғақ-дәлел өте көп. Мысалы, Қа­зақстан аумағына тарайтын 4 115 газет-журнал мен 237 телера­дионың 90 пайызы орыс тiлiнде, 6 пайызы өзге шетел тiлiнде, қалған 4-ақ пайызы қазақ тiлiнде. Қазақстанда шығатын газет-журналдың жалпы саны 2 320 шамасында. Бұл басылымдардың 453-i ғана мемлекеттiк тiлде. Сол 453 басылымның тиражы Қазақ­станда шығатын жалпы газет-журналдар тиражының 4-5 пайы­зын ғана құрайды. Ал, Қазақстан азаматтарының 60 пайыздан астамы қазақтар екенi белгiлi. (Бұл осыдан екі жыл бұрынғы деректер, қазір де осы шамадан тым өзгеріп кете қойған жоқ. Редакция)


Ендi, мына дерекке қараңыз. Қазақстанға Ресей Федерация­сының 5 248 газет-журналы тарайды екен. Сол газет-журналдардың 2 728-i ғана Қазақстанның Мәде­ниет және ақпарат министрлiгiнде тiркелген. Ең сұмдығы ресейлiк басылымдардың басым көпшiлiгi Қазақстанда басылып, Қазақ­стандағы қаптаған акционерлiк қоғамдар мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер арқылы тарайды. Оданда өткен сорақы­лығы, Ресейдiң «Известия», «Труд», «Комсомольская правда», «Мос­ков­ские новости», «Новая газета», «АиФ» сияқты басылымдары қазақстандық қосымша шығарып, сол арқылы қазақстандықтардың ой-санасына орысшылдықтың ұрығын сеуiп жатқанын қайтерсiз.


Ал, телешабуылдың зиян-зар­дабын айтып тауысу мүмкiн емес. Қазiргi қаптаған кәбiлдi (кабельдi) телеарналарды былай қойғанда, «Еуразия», «Русское радио», «Еуропа плюс» (атаулары­нан-ақ пығыл-ниеттерiн байқап отырған боларсыз) сияқты қуатты телерадио арналар тiкелей де, қазақстандық арналар арқылы да елiмiздiң ақпарат кеңiстiгiне өктемдiгiн жүргiзiп, Ресейдiң империялық саясатымен жұртшы­лықтың сана­сын шырмап алған. «31-арна» акциясының 20 пайызы СТС Медияның қолына тигелi бұл арна негiзiнен Ресейдiң сойылын соғып шыға келдi. Қазiр Қазақ­станда теледидар жүйесi негiзiнен «АлмаТВ», «Секател», «Универ­сальный», «Стандарт» сияқты кәбiлдi телетоптамалар пакетi арқылы көрсетiлетiнi белгiлi. Ол пакеттердiң әрқайсысы 50-60-тан астам небiр жат пиғылдағы телеар­наны қамтиды. Осы пакеттердi кiмдердiң жасақтайтынын, қандай ұстанымдарды басшылыққа алып жасақтайтынын, яғни, Қазақстан телекөрермендерiнiң рухани-психологиялық тағдыры кiмдердiң қолында екенiн жұртшылық мүлде бiлмейдi.


– Осы цифр-мәлiметтердi қандай дерек көздерiнен алдыңыз?


– Мұның бәрi де Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары келтiрген ресми деректер. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi» дегендей, тыйым-тосқауыл болмаған соң, мұндай деректердiң күн сайын толығып, әм сорақы бола түсетiнi де аян. Бұл жерде мәселе мынада ғой, Қазақстанның Ақпарат министрлiгi Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiнде не болып жатқанын бiлмейдi, бiлген күнде ақпараттық кеңiстiктi ұлттық-мемлекеттiк мүдде тұрғысынан реттеп отыру құқығы заң жүзiнде бекемделмеген деген сөз. Мұнан кейiн Қазақстанда ақпарат­тық зорлықты бастан кешiп, шы­бын жаны шырқыраған жұртшы­лықтың халiн «Құдайға қолы жетпейтiн, үкiметке дауысы жетпейтiн бейбақтар» десе де болар.


– Сiз Қазақстандағы ақпараттық кеңiстiктiң негiзiнен цифрлық деректерiн келтiрiп отырсыз. Ендi, осы деректердiң цифрға көнбейтiн мазмұндық астары бар ғой. Менiң­ше, БАҚ-тың мазмұны дегенiмiз мәселенiң ең маңыздысы емес пе?


– Әбден дұрыс айтасыз. Бұл ретте, аудиториясының кеңдiгi жөнiнен телеарналардың алар орыны ерекше. Сол қаптаған телеарна материалдарының мазмұ­нына ден қойсаңыз, жаныңыз түршiгедi. Тәулiк бойы тек қана христиан және яхуди дiнiн насихат­тайтын («Спасс»), тек қана афро-америкалық секс клип беретiн («Тш-2», «Ру-Муз»), тек қана шектеу-тәртiбi жоқ төбелестi көрсететiн («Боец»), төсек қаты­насын ашық әйгiлейтiн («РенТВ»), небiр кiсәпiр киноларды толассыз жалғастыратын («AXN scifi», «ТV-1000», «Много-ТV»), тек қана совет заманының болмысын сағынышпен насихаттайтын («Нос­тальгия»), тек қана ақымақ, жынды адамдардың тiрлiгiн бейнелеп, бейпiл анегдот­тар айтатын («НСТ»), т.б. арналар Қазақстаннан өз көрерменiн, өз аудиториясын, өз әлеуметтiк топтарын тауып, оларды өзiнше арбауда, өзiнше мәңгүрттендiруде.


Рас, шетелдiк телеарналар iшiнде «History», «Animal planet», «Discouery», «Discouery Sc», «Europe WS», «National geographic», «Euro sport», «Mezzo», «Культура», «Рыбалка» сияқты танымдық-тәрбиелiк мәнi зор телеарналар да бар. Алайда, мұның бәрi де орыс тiлiнде. Яғни, жат тiлде болған­дықтан мұндай арналардың хабар­лары неғұрлым тартымды болған сайын, соғұрлым зиянды. Өйткенi, тартымды да өрелi хабарды жат тiлде көрген адам өзiнiң ұлттық құндылықтарын жатсынып, өз болмысынан жерiнетiн болады. Бұл – телесоциологияның әлем мой­ындаған ащы шындығы. Өкiнiштiсi, жоғарыдағы жiбi түзу арналарды қазақ тiлiнде сөйлету Қазақстан үкiметiнiң өңi түгiлi түсiне де кiрер емес. Осылайша, постсоветтiк кеңiстiкте Ресейдiң ақпараттық тұзағына шырмалған, дәлiрек айтқанда Ресейдiң ақпараттық экспансиясына шырмалып, басы қатқан бiрден-бiр ел Қазақстан ғана болып қалып отыр.


– Осы орайда, шетелдiк телеар­налардың жамандығынан жиренiп, жақсылығынан үйренуге тиiс төл теле­арналарымыз туралы не айтасыз?


– «Ташкентте бiр қызым бар, әм сорақы» дегендей, республика­мыздағы телеарналардың жетiстiгi­нен гөрi кемшiлiгi басым екенiн айтсам, әрiптестерiм ренжiмес. Оның бергi жағында, жетiстiгiмiз ешқайда қашпас, кемшiлiктi ортаға салып отырған пайдалырақ болар деп ойлаймын.


Республикамыздағы телеарналар материалының мазмұны дегенде, келесi бiр айтарым, телеарналар өздерiнiң төл материалдарын дайындауды мейлiнше сиретiп алған. Көбiнесе дайын кассеталар­ды еш талғамсыз көрсету әдетке айналған. Тiптен, өз тараптарынан мүлде материал даярламастан, тәулiк бойы тек қана дайын секс клиптер беретiн «Х-ТВ» сияқты телеарналар да бар. Яғни, халқың күл болмаса бүл болсын, неғұрлым аз шығын шығарып, көп пайда тапсам болғаны деген ұстаным (принцип). Мұндай арналардың иелерiне құзырлы орындардың: «Секс клиптердi мәдени-рухани жетiстiк деп бiлсең, өзiң ғана көрсейшi, халыққа зорлап таңуға, жас ұрпақты азғындатуға қандай хақың бар?!» деп айтуы қажет-ақ.


Республика телеарналарының iшiнде «НТК», «Эра-ТВ», «31», «КТК» сияқты телеарна­лардың хабарлары түнгi сағат 1 мен 7 арасында негiзiнен қазақша берiлуi айнымас әдетке айналды. Ондай хабарларда әлдеқашан жазылып алынған концерттердiң, айтыстардың, сұхбаттардың апта сайын, кейде күн сайын қайталап берiлуi үйреншiктi жәйт. Аталмыш телеарналар мемлекеттiк тiлдегi 50 пайыздық норманы өздерiнше осылай орындап жатыр. Бұл, тура мағынасында, мемлекеттiк талғам-талапқа пысқырып та қарамау және қазақ халқының ар-намысын аяққа таптау деген сөз.


Республика телеарналары үшiн қан мен қасiретке малшынған фильмдердi көрсету, ашық секстi шылп етпестен насихаттау, түнгi клубтар мен мейрамханалардағы музыканттарының өнерсымағын еш талғамсыз экранға шығару, әсiресе шетелдiк ұятсыз клиптерге елiктеп-солықтаған жастардың қиқалақ эстрадасымағын тамсана жарнамалау, ондаған-жүздеген сериялы шетелдiк сериалдарды тасқындату, шетелдердiң тарихы мен мәдениетiне қатысты деректi фильмдердi көрсетудi әуез көру, оның есесiне қазақтың төл мәдениетiне мүлде көңiл бөлмеу жоғарыда аталған телеарналардың үйреншiктi әдетi. Қазақта «Ауруын жасырған өледi» деген мәтел сөз бар. Тiптен, айтуға ауыз бармаса да, кейбiр сорақылықтарды көргенде үндемей қалу мүмкiн емес. «НТК», «КТК», «31» сияқты телеарналардың тiкелей эфир арқылы «Еркектiң ұлы мүшесiнiң көлемi мен күшiн қандай белгiсiнен бiлесiң?» (қазақ тiлiнде, қазақ қыздары ғана жауап бердi), «Қыз ретiндегi пәктiгiңнен неше жасыңда, қай жерде айырылдың?» (қазақ тiлiнде, қазақ қыздары ғана жауап бердi), «Оральды секс туралы ашық әңгiме» (орыс тiлiнде), «Ақсүйектер өмiрi. Ойнас.» (орыс тiлiнде), «Альфонс. Шақыру бойынша жұмыс» (еркек гей туралы, орыс тiлiнде) сияқты небiр азғындықты сөз ететiн телехабарлар сағаттар бойы жүргiзiлiп жатқанда өмiрдiң еш қызығы да, құны да қалмайды. Мұндай сұмдықтарды айтып тауыса алмайсың. Ең сұмдығы осының бәрi озық өмiр-салт пен мәдениеттiлiктiң үлгiсi ретiнде, А.Даллес айтқандай айырықша икемдiлiкпен насихат­талатынын қайтерсiз… Осы орайда, БАҚ-тарды иемденген алпауыт­тарға: «Ау, азаматтар-ау! Мақұл, сөз бостандығы, демократия дегендi желеу етiп тапқан дәулеттерiң сендердiкi-ақ болсын. Алайда, сендер ие болып отырған БАҚ-тардың өнiмiн тұтынушы халық сендердiң меншiктерiң емес қой. Тәйт!» дейтiн құзырлы орын әзiрше болмай отыр.


Айтары жоқ, Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiндегi сорақылық­ты, дәлiрек айтқанда, қылмысты тiзбелей берсем, жүрегiм ауырады. Аузы аңқиып, құлағы қалқиып отырған жас ұрпақтың бейкүнә болмысы қалай уланып жатқанын ойлағанда жанымды қоярға жер таппай қаламын. Мен журналистиканың маманымын ғой, бұл ретте менiң күйiм грек мифологиясындағы көрiпкел Кассандраның күйi сияқты – бұл бетiнде болашағымыздың қандай қасiретке тап болатынын бiлесiң, бiрақ оған ешкiмдi де нандыра алмайсың. Қасiреттiң көкесi осы екен.


– Яғни, елiмiздегi ақпарат кеңiс­тiгiнiң проблемалары мемлекеттiк өреде тегеурiндi шаралар қолдану арқылы ғана оң шешiмiн табуға тиiс дейсiз ғой?


– Бұл жерде, ақпараттық кеңiстiк деген ұғымды бiрыңғай БАҚ-қа қатысты ғана түсiнбей, кеңдеу қарастыру қажет. Әрi-берiден соң, бұл мәселе әлемдiк аяда жүрiп жатқан ақпараттық соғыстың талғам-талабынан туындап отырған проблема. Қазiр кез келген елдiң өндiрiс ошақтарында, энергетика және көлiк жүйелерiнде, қорғаныс және басқару салаларында техно­краттық және техносфералық үрдiс бел алып, олар ең алдымен ақпарат­тық қызметке арқа сүйеген. Яғни, Қазақстанда ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды дамыту, ұлттық аумақтық ақпараттық-телеком­муни­кациялық жүйе құру, сондай-ақ отандық ақпараттық техноло­гияның негiзiн қалыптастыру, сөйтiп аймақтық ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе қалыптастыру ұлттық-мемлекеттiк қауiпсiздiктiң ең өзектi проблемасы екенiне күмән болмауға тиiс. Бұл проблеманың оң шешiм табуы арнаулы ақпараттық орталық-генераторын дамыту, ғылыми-техникалық, экономикалық, құ­қық­тық және басқа ақпараттар жүйесiн қалыптастыру, электронды кiтапханаларды, мұрағаттарды, дерек қорын жасақтау, оларды компьютерлiк оптикалық дискiлiк жадымен жарақтау мәселелерiмен тiкелей ұштасып жатыр. Осы орайда, қазiргi өмiрiмiзге тасқын­дап енiп жатқан әртүрлi жүйелер мен тораптар жабдығының тек қана шетелдiк өнiмдер екенi ұлттық-мемлекеттiк қауiпсiздiгiмiзге қатыс­ты айрықша алаңдаушылық тудырады. Қысқасы, елдiң ақпа­раттық қауiпсiздiгi деген мәселе бүгiнгi таңда стратегиялық мән-маңызға ие болса, соның аясында БАҚ саясаты бiрiншi кезекте тұр. Өйткенi, БАҚ-тың обьектiсi адамдардың жан-жүрегi.


– Ақа, осы айтылған ойлары­ңызды қалай қорытындылар едiңiз?


– Мәдени-рухани болмысын көмескiлеп алған ұлт мүлде басқа мәдениеттi қайталаушы рухани құлға айналады. Қазiр жойдасыз (тотальный) мәдени-рухани эк­спансия, оған мемлекеттiк деңгейде тосқауыл-тыйым болатын шара­лардың қолға алынбауы, әсiресе теледидардың жағымсыз ықпалына деген мемлекеттiк өредегi нем­кеттiлiк қазақ халқының мәдени-рухани төлтумалығына өлшеусiз зиян келтiруде. Жас ұрпақ көз алдымызда дүбәраланып, тiптен кiсәпiрленiп барады. Қазақстан Педагогикалық ғылым­дар академиясы мектеп оқушыла­рының арасында социологиялық зерттеулер жүргiздi. Зерттеу нысанына 15 мың оқушы, 5 мың ата-ана, 5 мың мұғалiм қамтылған. Осы зерттеудiң қорытындысы бойынша оқушылардың 35 пайызы күн сайын немесе аптасына бiр рет алькогольдi iшiмдiк пайдала­натыны, 15 пайызы есiрткi қолда­натыны, олардың iшiнде 3 пайызы есiрткiнi тұрақты қолданатыны анықталған. Бұл әлемдiк аяда ұлттық мемлекет үшiн аса қауiптi жоғары көрсеткiш болып табы­лады. Яғни, Қазақстанға бағыт­талған ақпараттық соғыс және оған Қазақстан үкiметiнiң салғырт қарауы өз нәтижесiн бере бастады деген сөз.


Әрине, мұндай үрдiстiң ақыры ұлттық-мемлекеттiк қауiпсiз­дiгiмiзге зардабын тигiзетiнiн терең сезiнуiмiз қажет-ақ. Ағылшынның әйгiлi қоғамтанушы ғалымы А.Тойнбидiң сөзi еске түседi. «Егер, мемлекет дегенiмiз әлеуметтiк-мәдени феномен ретiнде өркениет­тiң басты белгiлерiнiң бiрi екенiн мойындасақ, онда өркениеттiң мәдени элементiн жанға, қанға, сөлге, бiтiм-болмысқа теңеуге болады; бұл қасиеттермен салыс­тырғанда экономикалық, боса-болмаса саяси жоспарлар өрке­ниет­тi қозғайтын күштiң және табиғат туындысының жасанды, мән-маңызы шамалы, қатардағы көрiнiсi сияқты екенiн де мойын­дауға тура келедi», – дейдi А.Тойнби. Яғни, бiз тәуелсiздiктi орнықтыру үшiн осы уақытқа дейiн экономикалық және саяси жос­парларға көбiрек мән берiп келсек, ендi елдiң мәдени-рухани тағдырына мемлекеттiк өреде айрықша мән беретiн кез келдi деп ойлай­мын. Бұл мәселенi неғұрлым ерте­рек қолға алсақ, солғұрлым осы уақытқа дейiн атқарған экономи­калық және саяси оң әрекет­терiмiздiң игiлiгiн көремiз.


– Соңғы сұрағым, БАҚ-тың ең әспеттегенде қоғамдық пiкiр ғана тудыратынын жақсы бiлесiз ғой. Сондықтан, осы көтерген пробле­маны тиiстi құзырлы орындарға неге жеткiз­бейсiз бе?


– Мен бұл проблеманы баспасөз бетiнде сан мәрте көтерiп, Респуб­лика Парламентiне, Министрлер кабинетiне, Мемлекеттiк қауiпсiз­дiк комитетiне талай рет жаздым. Хатыма мән беру былай тұрсын, жауап та болмады. Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа да жаздым. Ол хатым Президент аппаратында iстейтiн қарапайым журналистің қолында жүрді. Хатым Президент төңiрегiн­дегiлердің «Президенттi мұндай жағымсыз хабар­мен жабырқатуға болмайды!» деген «қорғаннан» өте алмады.



Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ,


«Астана ақшамы», 2009 ж.


namys.kz


author

Ақселеу Сейдімбек

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...