Иммануил Кант (1724 -1804) неміс классикалық философиясының негізін жасаушы, ол логика, теология, фи...
Әміржан Қосанов кітапты қалай оқиды?
Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат»,– деген екен. Ал қазіргі қоғамдағы кітаптың орны қандай деңгейде? «Артық білім – кітапта» екенін біле тұра, бетін сирек ашатынымыз – шындық. Себебін тірліктің, уақыттың жар бермеуіне әкеп тіреп қоямыз. Салдары – хаос. Бүгінгі «Бесеудің ойына» ел алдында жүрген саясаткердің, журналистикада жүрген алдыңғы буын өкілдерінің және ақындардың өміріндегі кітаптың орны туралы айтып беруін сұрадық. Оқыңыз. Ой түйіңіз.
БЕСЕУДІҢ ОЙЫ: КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІ
1. ОҚИТЫН КІТАПТЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙСЫЗ?
Әміржан ҚОСАНОВ: Оның жолы көп. Кейде талғамын өзің мойындайтын біреудің пікіріне сүйенесің, кейде әдеби басылымдардан не интернеттен ақпарат аласың. Кейде кітап дүкеніне барып, өзің сұрайсың. Кейде кездейсоқ тауып аласың. Қазақстанда шығатын кітаптың бәрін дерлік (әрине, маған қатысы жоқ арнайы сала бойынша басылымдар, ортаңқол мемуаристика мен біржақты насихат кітаптарынан басқа) сатып алуға тырысамын. Ол – менің ежелден қалыптасып қалған әдетім. Әзірше шетел әдебиетінің біразы орыс тілінде, Мәскеу арқылы келіп жатыр. Сол жаққа жол түсіп қалса, кітап дүкенінің сатушысынан: «Осы күні ең көп оқылып жатқан кітаптар қандай? Тек детектив не әйел романы болмасын»,– деп сұрап, алғашқы топ-тізімді біліп аламын. Сосын өзім іздеп оқитын авторлар тағы бар. Жастарды да жүйелі түрде оқуға тырысамын. Меніңше, біз оларды әлі де дұрыс насихаттай алмай келе жатырмыз. Сөйтіп, кітап таңдаймын. Бірақ кейде мен кітапты емес, кітаптар мені таңдайтын сияқты.
Бейсен ҚҰРАНБЕК: Жас ерекшелігіңе қарай талғам да өзгеріп отырады. Мектеп жасында шытырман оқиғалы, детектив, фантастика жанрындағы шығармаларға қызығатынмын. Бердібек Соқпақбаев, Жүніс Сахиев, Эдгар По, Жюль Верн, Роберет Стивенсон, Николай Носов секілді авторлар қандай да бір оқушы баланың сырласы, сүйікті жазушысы болған шығар. Бозбала кезімде спорт, нақтырақ айтқанда, шығыс жекпе-жегі жайлы кітаптарды іздеп жүріп оқыдым. Есейе келе психология, жан ілімі, өзіңді жетілдіру, астрология, саясат, экономика, тіпті эзотерикалық әдебиетке деген қызығушылық та болды. Ал қазір тақырып та, оқиға да қуалап оқымаймын, идея іздеймін. Өз әлеміңе және қоғамыңа пайдасы тиетін, өзгеріс алып келе алатын, ойландыратын, жаныңа тыныштық және үйлесім сыйлай алатын кітаптарды оқуға тырысамын. Поэзияны жақсы көремін. Абайды, Махамбетті, Мұқағалиды, Есенқұл Жақыпбековты үнемі қайталап оқып жүремін.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Кітап оқу мәселесінде өзіме көңілім толмайды. Біз тым жүйесіз оқыдық. Бала күнімізде тек кеңес және қазақ әдебиетімен шектеліппіз. Онда да дәстүрлі, әдебиет сабағының бағдарламасында бар шығармаларды ғана тауысқан секілдіміз. Осы білместік ҚазМУ-ға түскенімде алдымнан шықты. Түк білмейтінімді білдім. Содан оңды-солды оқи бастаппын. Біресе – орыс әдебиеті, біресе – француз әдебиеті, енді бірде – түрік, сосын – америка әдебиеті дегендей. Жүйе-жүйемен, дәуір-дәуірімен, бағыт-бағдарымен оқысақ, осы күнгідей шала хабардар болмас едік деп ойлаймын. Оның үстіне, қазаққа үй алу да үлкен мәселе. Кітаптарым қорап-қорап болып жалдаған пәтерлерімде, әпкемнің үйінде жатты. Әуелі достарым тауысқан кітаптарды қалмай оқуға тырысып жүрдім, сосын сүйікті авторларым, сүйікті дәуірлер пайда бола бастады. Қазір кітаптарды тек қажетіне қарай таңдаймын. Осы заманғы авторларды телефон арқылы оқуды әдетке айналдырып келемін, ал қолым жетпей жүрген кітаптарды бағасына қарамай сатып алуға тырысамын. Жақында жаңа пәтер алдық қой, кітап сөресіне тапсырыс беріп қойдым. Жинаған кітабымның бір қабырғаны толтыратынына сенімді болып, мұртымнан күліп жүрмін.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ: Оқушы кезімде классиканы теріп оқитынмын. Студенттік алғашқы жылдарда Коэльо, Мураками, Вебер сияқты сәнді заманауи авторларға қызығушылығым оянды. Бірақ тез тұтанған қызығушылық дәл солай тез сөніп қалды. Байыптап қарасам, оқу керек деген классиканың тізімінде әлі де талай кітап тұр екен. Бірде кітапты вагон-вагонымен оқитын Әмірхан Балқыбек ағадан “Қандай кітап оқиын?” деп сұрағаным бар, сонда: “Керек кітап сені өзі іздеп табады”,– деп жауап берді. Сол рас секілді. Соңғы кезде Америка мен ағылшын әдебиетіне тоқтадым: Курт Воннегут, Харпер Ли, Джордж Оруэлл... өйткені ағылшынша үйреніп жүрген адамға тіл ұстартуға ыңғайлы, тілі аса көнермеген, тым күрделі де емес. Және ой, ұстанымдары да қазіргі көңіл-күйіме сай келеді.
Санжар КЕРІМБАЙ: Жасым қырықтан асты. Бұ жастағы адамды экзистенциялық мәселе көбірек қызықтырады. Яғни «Менің өмірім дұрыс өтті ме?», «Абыройлы өлім деген не?», «Не істесем өмірім бұдан да мазмұнды болады?» деген сұрақтар мазалайды. Карл Густав Юнгтің тілімен айтқанда «профессионал өмірге» қадам бастым. «Профессионал өмір» деген терминді мынадай мағынада қолданған: адам өмірінің ең жауапты кезеңіне қадам басқан соң оны үш сұрақ құрсауға алады. «Не үшін қартайып барамын?», «Не үшін денсаулығым сыр беріп жатыр?», «Не үшін өлімге біржола бет бұрдым?» Осыларға жауап беретін немесе оларды жан-жақты талқылайтын кітапты оқуға тырысамын. Қазір көркем шығарма емес, академиялық еңбектер оқитын болдым.
2. КІТАПТЫҢ СЮЖЕТІ ӘРІ КЕЙІПКЕРЛЕРІНІҢ ӨМІРІҢІЗГЕ ӨЗГЕРІС ӘКЕЛГЕН ТҰСЫ БОЛДЫ МА?
Әміржан ҚОСАНОВ: Ондай нәрселер қиялға беріліп жүрген балалық шақта болды ғой. Мәселен, маған Марк Твеннің Гекльберри Фин атты кейіпкері ұнайтын. Том Сойерге қарағанда ол бұзықтау, әділеттікке бір табан жақын еді ғой. Немесе мектепте жүріп, біздің ауылда туған Ғани Мұратбаев туралы пьесаны оқып, оны сахналауға қатысқанмын. Ғанидың рөлін ойнағанмын. Сол пьесада ол жетім балаларға көмектесіп, оларды оқуға орналастырып жүретін... Ал есейе келе, кумирлер азайып, адам өз өмірі тек өзінікі және Өмір атты кітабының басты кейіпкері де, авторы да өзі екенін түсіне бастайды емес пе? Бір қосарым – мен кітаптардың кейіпкерлері емес, авторларына ұқсағым кеп өскен оқырманмын. Бәлкім, сол себепті өзім де жазуға кірісіп кеткен болармын...
Бейсен ҚҰРАНБЕК: «Абай жолындағы» Абай образы, Абайдың адам ретінде, тұлға ретінде қалыптасуы, рухани кемелденуі, саяси және қоғамдық көзқарастарының бекуі, қазақты тануы, ақ пен қараны ажыратуы – кез-келген қазақ баласы жүріп өтуі керек адамдық жолы, өмірлік үлгісі деп түсінемін. Абай дәуірі, Абай мектебі, оның ғақылиясы Алаш қайраткерлерін өзгертті, ал кейінгі Әуезов ашқан Абай әлемі бәрімізді өзгерткен секілді.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай ағам Шаштайұлы қазіргі оқырман талғамы туралы айта келіп, Оралхан Бөкейді оқығандарға күлетін ұрпақ пайда болғанына қынжылды. Мен де қынжылдым. Бізді Оралханның Нұржаны («Қар қызы») өсірді ғой. Осы кейіпкерді, неге екенін білмеймін, әлі күнге қатты жақсы көремін. Жан-дүниеме керемет өзгеріс енгізген шығарма деп есептеймін. Әрине, қазіргі қырыққа таяған жасымда бұлай айту да ыңғайсыз болар, дегенмен кейде өзімді Жильят (В.Гюго, «Теңіз бейнетқорлары») сезініп кетемін. Қиындыққа кезіксем, Жильяттың «Дюранда» кемесін жартастар арасынан алып шығатын сәтін көз алдымда өзімше бейнекадрларға айналдырамын. Осы Жәкеңмен (Жильятпен) де жанымда бір жақындық бар. Жалпы, мен жақсы көретін кітаптар, мен жақсы көретін кейіпкерлер көп. 5-6 жылдан бері бір жақсы әдет қалыптастырып алдым: алдымен кітапты оқимын да, сосын соның желісімен түсірілген фильмдерді кезек қараймын. Бұрын «Меломан» дүкенінен дискісін іздейтін едім, қазір ғаламтор деген рақат болды. Фильм желісін кітап оқиғасымен салыстыра отырып, біріншіден, кітапты қаншалық түсініп оқығанымды саралаймын, екіншіден, режиссердің шешіміне үңілемін, мен аңғармаған тұстарды тапқанына таңданамын, риза боламын.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ: Нақты бір кітап өмірімді түбегейлі өзгертті деп айта алмаймын. Бірақ біздің болмысымызды, демек өміріміз бен тағдырымызды оқыған кітаптарымыз қалыптастыратыны анық деп санаймын.
Санжар КЕРІМБАЙ: Кітап кейіпкері түбегейлі өзгертті дей аламаймын. Бірақ рухани бағытта ізденуге септескендері болды. Мысалы, Джек Лондонның «Мартин Идені» мен Теодор Драйзердің «Оплотындағы» Салон Бранстың тағдыры айтарлықтай ықпал етті деуге болады.
3. ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ӘДЕБИЕТІ БҮГІНГІ ОҚЫРМАННЫҢ СҰРАНЫСЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРА АЛА МА?
Әміржан ҚОСАНОВ: Бұл өзі қиын әрі тарқатып айтуды қажет ететін сұрақ. Меніңше, дәстүрлі әдебиеттің өзі не, осыны анықтап алу қажет секілді. Мәселен, осы күнге дейін мектеп хрестоматиясына енгізілген шығармалар ма? Олардың біразы кешегі Совет дәуірінде үстемдік еткен «социалистік реализм» әдісінің жемістері емес пе? Бәлкім, осы тұрғыдан алғанда, ол тізімді қайта қарап шығу да керек болар. Иә, кезінде «Жұлдыз», «Жалын» секілді әдебиет журнал-альманахтарының тиражы жүздеген мыңнан асып жататын. Қазір болса, жағдай бөлек. Әдеби кітаптардың да таралымы бір-екі мыңнан аспайды. Заман да өзгерді, оқырман да өзгерді. Бірақ, «қазақ, соның ішінде жастар, мүлдем кітап оқымайды» дегенмен мен келісе алмаймын. Оқиды! Тек қазіргі авторлар мен баспалар талантты шығармаларды нарық заманында өз оқырманына жеткізуді заман талаптарына сай жолдарын іздеуі керек. Мониторинг, маркетинг дегендей. Әрине, «чтиво» да болады. Оқырман талғамы сондай болса, ондай «әдебиетсымақтар» да танымал боп, авторларын пайдаға кенелтіп жатады. Одан қорықпау керек. Оқырманның талғамын қалыптастыру, деңгейін көтеру деген мақсаттар кез келген қоғамда бар. Біз де сол кезеңнен өтерміз.
Бейсен ҚҰРАНБЕК: Мен әдебиетші емеспін, журналиспін әрі қарапайым оқырманмын. Әдебиет миссиясын, бағытын, ол көтеруі керек жүкті әдебиетшілер айтқаны жөн. Ал оқырман, яғни тұтынушы ретінде айтарым – дәстүрлі әдебиет, ауыз әдебиеті, халық жырлары, кешегі классиктер – біздің рухани күретамырымыз. Біз өз халқымыздың арман-аңсарын, мұңы мен зарын, жеңісі мен жеңілісін, мұраттары мен ұмтылған мақсаттарын сол дәстүрлі әдебиет арқылы таныдық. Одан қанағат, тиянақ таппадым деген адам – ата сөзінен безген, ана сүтінен жерінген адам емес пе?!..
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Меніңше, қанша жаңа бағыт іздесек те, біз қазір, ең жаманы, дәстүрлі соқпақтан ажырап бара жатқандай сезінемін. Бейімбет, Сайын соқпағы көнеріп кеткендей көрінеді. Әрине, қазіргі заман кең пішіп, терең толғайтын дәуір емес. Бәрі жылдам, бәрі шалт. Бірақ Гийом Мюссоға қараймын, Ахернге үңіліп тұратыным да бар, Хосейниді де жібермеуге тырысамын, баяны аз, оқиғалары басым болса да оқылып жатыр. Дәстүрден алыстаған бірі жоқ. Біз де сәл бейімделе салсақ, бәрі орнына келетіндей көрінеді де тұрады. Иә, мистика, модерн, постмодерн де қажет шығар, бірақ бәрібір дәстүрлі әдебиеттен ажырамауымыз керек. Мүмкіндік болып тұрғанда айтып қалайын: қазір барлығы оқырман ығына жығылуға бейім. Меніңше, әдебиет миссиясы – оқырманды бейімдеу. Мықты шығармаға оқырман өзі бейімделеді. Жақсы шығарма болса, қанша бет болса да оқылады, қанша жаңалығы мен ескілігі болса да жұрт аузында жүреді. Әңгіме – кітап оқу дәстүрінің үзіліп қалғанында. Бір ауылдың ескі кітапханасындағы аса құнды кітаптарды көлікке басып алып, сырттағы қоқысқа төге салғанын да естідік. Көп шаңырақта атасы жинаған кітапты немересі отқа тамызық етіп қана пайдаланатыны қазір ешкімді таңдандырмайды. Соған қарағанда, қоғам қазір нақты екіге бөлініп бітті. Бірінші бөлігіне кітапты күштесең де оқыта алмайсың. Оның өзі, баласы, немересі және шөбересі – төрт ұрпақ тек жанбағысты күйттемек, бесінші ұрпағы тойынса ғана бірдеңе күтуге болады. Екінші бөлігі – дүние төңкеріліп кетсе де білуге құмарлықтан айырылмайтындар. Олар тіршілік қамымен жүрсе де білімін арттырады, білмейтініне үялады, өзін кемелдендіреді. Осы азғана топ бірінші топтың мыңына сай келіп, қоғамдағы балансты ұстап тұра бермек. Ұстап қана қоймай, оны алға сүйрейтіндер қатарынан болады. Заңдылық сондай.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ: Бүгінгі оқырман деген қай оқырман? Ой жүйесі, өз әлемі қалыптасқан орта жастағы, қазақы түсініктегі оқырманға қазақтың дәстүрлі әдебиетінен артық ештеңенің керегі де жоқ. Қазақтың дәстүрлі әдебиеті сұранысын қанағаттандыратын бір топтың (ауыл мектебінің мұғалімі, не қала зейнеткері болуы мүмкін) бары анық. Бірақ кітапқұмар жастар қазақтың дәстүрлі әдебиетімен шектеліп қала алмайды. Өйткені мұныңыз жай ғана, алып мұхиттың бір пұшпағы ғана. Қолжетім жерде тұрған бүкіл әлемнің ой байлығын көріп тұрып оған сүңгімеу мүмкін емес. Әлемді танығанда, оның барлық түрлі-түсті бояуын сіңіргенде тұрған ештеңе жоқ, тек өзіңді, өзегіңді жоғалтып алмасаң. Біз өзімізді талай мәрте жоғалтып алған халықпыз, сондықтан осы “өзіңді жоғалту” дегеннен өлердей қорқатын секілдіміз. Ал сол өзегіңді дәстүрлі әдебиет қалыптастырады. “Жаны қазақ” дегенді өз басым “қазақ әдебиетін оқыған адам” деп түсінемін. Дәстүрдің бәрін тамырымен қопарып, отап, жойып жіберу керек дегенге қосыла алмаймын. Бірақ бұл – бізде дәстүрлі әдебиет қана болсын деген сөз емес. Көптүрлілік керек. Және бізде форма ғана емес, идеялар ескірген, сол көбірек үрейлі. Кітап деген сөздердің жиынтығы ғана емес қой, оның қандай ойлар тудырғаны маңыздырақ. Сол тұрғыдан алғанда кейде жаңашылдық жетіспейді бізге. Заманауи шығармаларды оқысаң, көбі газет журналдың әңгімесінен әрі аса алмайды. Бүгінгі қоғамдық, жеке өмірді, қазақтың өзгеріп жатқан болмысын, қалыптасып жатқан жаңа ғұрыптарын, мінездерін терең сараптау жоқ. Тарихтың алдында өтелмеген парызымыз бар, рас, бірақ неге болашаққа да көз тастап қоймасқа? Қазақ тіліндегі антиутопиялар қайда? Жаһандық өзгерістер қазақтың көзқарасы тұрғысынан сіңірілмей жатыр. Біздің балаларымыз, келесі ұрпақ мүлде басқа әлемде өмір сүреді, солар өмір сүретін қоғамға дайындық жоқ.
Санжар КЕРІМБАЙ: Меніңше, олар бір заманда жұрттың сұранысына жауап берді деп ойлаймын. М.Әуезовтың «Абай жолы», С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің тың игеруді, өнеркәсіпті насихаттайтын шығармалары өз миссиясын орындады. 60-70 жылдары соларды оқып өскен аға-әпкелеріміз өмірден орнын тауып бір-бір маман болды. Қазіргі жастар оларды оқымайды. Іші пысып кетеді. Соңғы екі аптада әлеуметтік желіде «Абай жолын» келеке етіп жазған бірнеше жазбаны, пікірді көзім шалды. Меніңше, әдебиет кез келген адамның экзистенциялық сұранысын қанағаттандыруы керек. Солар ғана мәңгі жасайды және сұраныстан түспейді. Қазақ әдебиеті Совет Өкіметінің цензурасына тап келіп, ол теманы тарқата алмаған. Қазіргі жазушылар СССР кезінде жабық болған осы тақырыпты қозғаса, әдебиет қайта оқылады. Себебі, адам – сол адам. Оқырман «Өмірдің мәні не?», «Ерік қалауым бар ма?», «Тағдырым кімге тәуелді?», «Мәңгілік өмір бар ма?» деген сияқты сұрақтарға жауап тапқысы келеді. Сол себепті де қазіргі жазушылардан Ырысбек Дәбей жақсы оқылады. Ол қоғамда ұмытыла бастаған ҚҰТ, КИЕ, ҚЫЗДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ, АРДЫҢ ІСІ деген сияқты феномендерді шағын форматта қайта ұсынды.
4. КІТАП ОҚЫҒАНДА ҰСТАНАТЫН ЖЕКЕ ҚАҒИДАЛАРЫҢЫЗ БАР МА?
Әміржан ҚОСАНОВ: Жас кезде кітапты талғамай оқи беретінмін. Кезінде «Жоғары оқу орнына түсішулерге арналған анықтамалық» болатын. Сонда абитуриенттер оқуға міндетті әдебиет тізімі болатын. Оған қазақ әдебиетімен қатар, әлем және орыс әдебиетінің ең үздік шығармалары енгізілген болатын. Мен сол тізімді түгел қамтымасам да, біразын еңсеріп тастадым. Сол жүйелі оқу маған үлкен көмегін тигізді. Неге екеін білмеймін, сол кезде кітапты астын сызып оқитын едім. Яғни, ұнаған ойды не сөз тіркесін солай белгілеп қоятынмын. Қазір де сол әдіс есіме түсіп кетеді... Бір әдетім – жатарда кітап оқып жатамын. Оқымасам, ұйқым да келмейді. Кейде бірнеше кітапты бірге оқып кететін де әдетім бар. Ойды ой қозғайды, сондықтан кейде кітапта кездесіп қалған әдемі ойды қалай жалғастырып кеткенімді байқамай қаламын...
Бейсен ҚҰРАНБЕК: Кітапты асығыс, яғни оқу үшін ғана оқымау керек. Кітапқа дайындықпен келген жақсы. Белгілі бір шығарманы оқудың алдында оның авторының өмір жолымен, кешкен тағдыры, көрген азабымен, оның өмір сүрген кезеңімен біршама тынысып, ақпарат алған дұрыс деп ойлаймын.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Ретсіз оқимын. Үйде – бір кітап, көлігімде – біреу, жұмыс орнымда тағы бір кітап оқылып жатуы мүмкін. Осы әдетімді өзгерте алмай-ақ қойдым. Бұған қарап, күніне бір кітап тауысады екен деп қалмаңыздар. Өте баяу оқимын. Қазір тіпті сиретіп алдым. Әр жерде беті қайырылған кітаптар бітуін күтіп жатып қалады. Кезекте тұрғанда немесе балаларды байқауына, сабағына кіргізіп жіберіп күткенде, телефоннан да кітап оқуға машықтанып жүрмін. Бірақ көзді ауыртады. Айтарым, кітап оқудың жақсы дәстүрін қалыптастыру керек екен. Әйтпесе, біз сияқты жартыкеш болып қалу қаупі тым үлкен.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ: Кітаптың бетін ешқашан бүктемеймін, кітаптың бетіне ешқашан жазбаймын. Бірақ стикерлер қолданамын. Ұнаған тұстарына жапсырып кетемін: күлгін – жақсы цитата, жасыл – жақсы идея, сары – жаңа сөз деген сияқты. Еріншектігім ұстамаған кезде, ұнап қалған цитаталарды жазып аламын. Сосын жанрларды араластырып тұрамын. Көркем әдебиеттен оқулықтарға, танымдық, қолданбалы әдебиетке ауысып отыру дұрыс секілді.
Санжар КЕРІМБАЙ: Ешқандай қағида жоқ. Керек кітабымды тапсам, амалын тауып оқуға тырысамын. Бары сол.
5. БАСПАГЕРЛЕР МЕН АВТОРЛАР КІТАП НАРЫҒЫНДА МАРКЕТИНГПЕН АЙНАЛЫСА АЛЫП ЖАТЫР МА?
Әміржан ҚОСАНОВ: Әрине, әртүрлі баспагерлердің де, авторлардың да нарықтық болмысқа көзқарасы әртүрлі. Меніңше, мемлекеттік патернализм оларды бұзып жіберген. Яғни, «кітап шықты, оны таратуды мемлекет қолға алуы тиіс» деген бір көзқарас бар. Әрине, кітап таратудағы мемлекеттің рөлін жоққа шығаруға болмайды, әсіресе жас жазушылардың алғашқы кітаптарын басуда, балалар әдебиетін қолдауда мемлекет өзінің міндетін атқаруы тиіс. Бірақ нарық заманында белгілі бір шығарманы басып шығару, оны тарату, одан пайда табу секілді шаруалар бізде әлі де болса, иесіз жатыр. Алғашқы қарлығаштар бар, бірақ олар мүлдем аз.
Бейсен ҚҰРАНБЕК: Бізде кітап нарығы қалыптаспаған. Баспалар автормен емес, мемлекеттік тапсырыспен ғана жұмыс істеп жатыр. Батыста авторға қаламақыны тікелей баспа береді. Кітапты басу және тарату құқығын қомақты қаржыға сатып алады. Автор оқылымды болса ғана, артынан оқырман ерте алса ғана, ой мен сезімге әсер ете алса ғана танымал болады. Ал бізде керісінше секілді. Оқырман аудиториясы да соған бейімделген. Кім үлкен газеттерде тапсырыспен мақталады, кім телеарналар арқылы танымал болады, соны ғана оқу, соны ғана жақсы деп ойлайтын дәстүр бар.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: Біз қазір қаламгерлерге осы талапты жиі қоямыз. «Өз өнімің бе, сат» дейміз. Дұрыс-ақ. Бірақ саудаға адамның бейімі я бар, я жоқ болады. Адам бірден сату қабілетімен дүниеге келса, бәрі бай-бақуатты болып кетер еді. Сондықтан өзіме автор ретінде кітапты толқынға қосып жіберіп бақылаған ұнайды. Сата алмаймын. Мысалы, кейде жаныңды ақтаратын нәрсе жазғандай жадырайсың. Бірақ ешкімнің назары түспейді. Тіпті екінің бірі топтап-топтап атайтын тізімдерде де аты-жөнің кездеспейді. Сонда да сабырмен күтесің. Бір күні әлгі дүниең әлдеқандай тағдырмен, біреудің аузымен, үлкен оқиға арқалап алдыңа келеді. Ең бастысы, ол сенің емес, басқа біреудің тағдырына, көңіл медеуіне айналып кеткен. Осындай сәттер үшін ғана жазуға болады дер едім. Тізімге ілінудің де қажеті қалмайды. Ал баспагерлер заманға енді бейімделді. Бірақ тендер барда, оның жолындағы ұлы күрес барда, баспалар орыстарда 1860 жылдары болған, қазіргі батыс әлеміне мықтап шегесін қаққан дәстүрге жуықта жақындай алмайды. Яғни, мықты қаламгердің дүниеге келмек шығармасы үшін алдын ала келісім-шарт ұсынбайды. Дайын дүниені шығарғанның өзінде, авторға қаламақы есебінде 50 кітап беріп, ары қарай 1800-ін кітапханаларға таратумен ғана айналысып отыра береді. Кітапханаларға мемлекеттік тапсырыспен кеткен кітаптарды нарыққа шығарып та әуре болмайсың, рақат. Есебі түгел, қалтасы тоқ. Одан бөлек, «ақысын берсе, боқысын шығарып», әдебиетке жолдан киліккендердің мемуарын, әр жылдары газетке шыққан маусымдық, тоқсандық, жылдық есебін, әулеттердің адам нанғысыз ғажайып шежіресін әдемі дизайнмен жарыққа әкеле береді. Осы үдерістің қашан тоқтайтынын білмеймін. Тезірек бітсе екен...
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ: Маркетинг деген Қазақстандағы кітап нарығының басты проблемасы. Маркетинг болмаған соң басылым да, сатылым да жоқ, сондықтан әдебиет “ұлттың ұяты” ретіндегі және басқа да, бір кездегі миссияларын атқара алмай отыр. Баспалар нарыққа емес, мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істейді, оның басым бөлігі оқулық. Шығатын аз кітаптың жартысы бір Алматыда ғана сатылады, қалған жартысы екі-үш қаладағы кітап дүкеніне түседі, ал ауылда кітап саудасы деген жоқ. Алматы мен Астанадағы кітап дүкеніне кірсеңіз, тоқсан пайызы Ресейден әкелінген өнімдер. Біз нарықты орыс баспалары мен орыс тілді әдебиетке беріп қойғанбыз. Қазақ детективі, қазақ сентиментальді романы, қала прозасы әлі жоқ. Баспалар авторларды іздеу керек, тапсырыс беру керек, жарнамалау керек, оқырман сұранысын зерттеп маркетингтік зерттеулер жасау керек. Қазақ тілінде сериалдар қаралып жатса, әндер тыңдалып жатса, неге кітаптар оқылмасқа? Сұраныс жоқ дегенге сенбеймін, оқырман талабына сай шығарма жазатын жазушы қалмады дегенге де сенбеймін. Баспалар ұсыныс қалыптастыра алмай отыр, мәселе сонда ғана. Біз жиырма бес жылдан бері кеңестік жүйеден арыла алмай, бүгінгі күннің шындығына әлі бейімделе алмай жатырмыз. Көршілес Ресейде Пелевиндер мен Акуниндер, Улицкаялар аспаннан түскен жоқ, олармен жұмыс жасалды ғой. Бізде де сол жетіспейді. Тәуекелге баруға, бүкіл әлемдегідей маркетинг пен сауда, жарнамамен жұмыс істеуге дайын баспагер пайда болған күні қазақтың бұқаралық әдебиеті де дамиды.
Санжар КЕРІМБАЙ: Өткенде «Меломан» кітап дүкеніне барып, отандық кітаптар сөресін қарадым. Байқағаным орысша кітаптар маркетинг сұранысына жауап береді екен. Қарапайым ғана мысал, кітаптары өте шағын, планшеттің көлеміндей, 15x20 немесе 15x25 см. Көлікте оқуға, төс қалтаға немесе шағын сумкаға салуға қолайлы. Артық орын алмайды. Ал қазақша кітаптардың мұқабасы әліге дейін қалың әрі қатты картоннан жасалған. Пакетке салсаң мұқабаның қыры пакетті тесіп шығады. Шағын сөмкеге симайды. Қолға ұстап жүруге де қолайсыз. Салмағы ауыр. Алыс аймаққа поштамен жіберсең, шығыны көп. Меніңше, қазақша кітаптар маркетингті қарапайым ғана кітаптың сапасынан бастаған жөн. Ал кітапты насихаттау, жарнамалау ісіне келсек, біраз нәрсе айтуға болады. СССР кезінде одан кейін де жазушылар БАҚ-қа тәуелді еді. «Кітабым жайлы мақала шығарып бер» деп редакторға жалынып жүретін. Қазір әлеуметтік желі шықты. Жазушының көктен тілегені жерден табылды. Енді өзің би, өзің қожасың. Фейсбук парақшаң жеке ТВ арнаң, радио толқының, газет-журналың. Енді жазған еңбегіңді таңнан кешке дейін қалауыңша жарнама жасап жата бер. Ешкім «қой» демейді. Бірақ бұның да бір мәселесі бар. Мағынасыз дүниені жарнама жасай алмайсың. Жарнаманың күшімен бір кітабын сатқан жазушы екінші қайта ол базарға кіре алмайды. Себебі әлеуметтік желіде цензура жоқ. Оқырман нашар дүниені ашық сынайды. Сондықтан қазіргі жазушы кітабымды қалай жарнама жасаймын, қалай таратамын деп басын қатырмаса да болады. Одан да «Қазір елдің сұранысы не?», «Оқырман нені оқығысы келеді?», «Қоғамның көңіл күйі қалай?», «Мәнді, мағыналы нәрсені қалай туғызам?» деп басын қатырса жетіп жатыр. Мәнді дүние әлеуметтік желіге бір рет түссе, жарнаманы оқырман сенсіз-ақ жасап береді.
18.04.2017