Нигилизм - бүгінгі күннің мәселесі, одан біздің ертеңгі күніміздің бұлтты не ашық болатыны байланыст...
Дін мен ғылым айқасы
«Алдымен өзіңді өзің таны» дейді атақты Сократ дана. Рим саясаткері және әйгілі шешені Цицеронның «Сократ тұңғыш рет филсофияны аспаннан жерге түсірді» деп баға беретіні де осы сөзі үшін екені даусыз. Иә, адам Тәңірдің ерекше жаратылысы. Адамзат өзінің кемел ақыл-парасатымен барлық әлемді меңгерсе де, өзінің адам ретіндегі сыры мен құпияларына тереңдей алған жоқ. Демек, адамтану ғылымы ешқашан аяқталмайды деген сөз. Десе де адам өзін-өзі тануға барынша әрекеттеніп, ол талпынысынан бір сәт бас тартқан емес. Өйткені, Абайша айтқанда, адам баласы әрқашан «білсем екен демекілікпен» өмір сүріп келеді. Әрі соның жолында «не көрсе соған талпынумен» тіршілік кешуде. Бұл да адам баласына тән хикмет.
Адам өзінің өткенінен сабақ алып, болашағын жоспарлай алуымен ғана адам болып тұрған жоқ па?! Тіршілік иелері ішінде адам ғана өзінің бастауын танып, болмысын білуге құштарлық таныта алады. Сол себепті адам өзінің қашан, қалай әрі неден жаралғанын білгісі келеді. Бірақ бұл жағынан әртүрлі жорамал айтылып, пікір алуандығы туатыны заңды. Сондықтан адам баласының жаратылысы туралы толғанып, соны зерттеуге өмірін сарп еткен ғұламалардың қатары көп. Бүгінде адамның жаратылуы туралы пікірлер мен көзқарастар баршылық. Барлық жорамалдар мен зерттеулерді саралай келе нақты үш түрлі болжамның аясына топтастыруға болады.
Адамды Құдай жаратты ма?
Ең әуелгі көзқарас – жоқтан бар қылатын Құдайдың құдіреті арқасында пайда болдық әрі еш өзгерместен осы қалпымызда жаратылдық деп санайтын Жаратушылық теориясы. Ғылыми тілде креационизм деп аталады. Бұл көзқарас өте ескіден келе жатқанымен, ғылым мен білімі дамыған қазіргі заманда да өз өзектілігін жойған жоқ. Ғасырлар бойы адамның жүрегінде орнығып, сеніміне айналған бұл көзқарасты мансұқ ету қиынның қиыны. Әрине, адамды Жаратқанның қалай жасағаны турасында да бірізді пікір жоқ. Оның басты себебі адамдардың діни сенімдерінің әртүрлі болуында жатыр. Тіптен өздерінің шығу тегін жануарлармен байланыстыратын халықтар да бар. Мәселен, қытайлар айдаһарды өздерінің арғы ата-бабалары деп есептесе, Африкада өмір сүретін тайпалардың бірі түпкі тегін пілден таратады. Біздің бабаларымыз түркілерде де өзінің шығу тегін қасқырмен байланыстыратын аңыз болған. Бір айырмашылығы тікелей жануардан емес, адам мен қасқырдың некесі арқылы өмірге келген баладан тарағандарына сенген. Қазіргі біздер үшін бұл сенімдердің күлкілі болып көрінетіні рас. Бірақ бұл сол кездегі адамдар үшін талассыз ақиқат болып есептелген. Кейін келе адамдар арасында жаңа әрі жүйеленген діндердің пайда болуына байланысты өздерінің шығу тегін жануарлармен байланыстыратын тотемдік сенімдер ығысып, оның орнын біршама жүйелі әрі күрделенген жаңа сенімдер алмастырды. Енді адамдарды Құдайдың қалай жаратқаны турасында киелі кітаптарға сілтеме жасай отырып дәлелдеуге мүмкіндік туды. Дегенмен әлі де жер бетіндегі діндердің қатары аз емес. Әрбір дін адамның жаратылуын өзінше пайымдап, дінге сенушілерге өз тәсілдері арқылы түсіндіреді. Біз де олардың бәріне тоқталып жатпай, өзіміздің сенімімізге айналған ибраһимдік діндердің пайымдары бойынша талдау жасағанды жөн көрдік.
Ислам, христиан, иудей діндерінің барлығы дерлік адамзаттың топырақтан жаратылғанын бірауыздан қолдайды. Бұл турасында тәураттың «Жаратылыстың басталуы» атты бірінші тарауында: «Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», – деді.
Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты. Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!» – деді», – десе, қасиетті құранның «Мүминун» сүресінің 12-14 аяттарында: «Адамды біз топырақтың ең асылынан жараттық. Одан соң оны ұрықтың тамшысына айналдырып, өте сенімді орынға – (жатырға) орналастырдық. Одан әлгі ұрықты ұйыған қанға айналдырдық, ұйыған қанды бір жапырақ етке айналдырдық. Бір жапырақ етке сүйек бітірдік, одан соң сүйекке ет қондырдық, оған (жан кіргізіп) басқадай жаратылысқа айналдырдық», – деп адамның пайда болуын жан-жақты түсіндіріп береді.
Ал діни аңыз бойынша Құдай жер бетінде өзінен кейінгі қожасы ретінде тағы бір тіршілік иесін жаратпақшы болады. Осылайша ол тіршілік иесін жасайтын затты іздей бастайды. Өздерінен жаңа тіршілік иесі әрі жай тіршілік иесі емес, Құдайдан кейінгі әлем қожасының жасалуын көздеген алтын, күміс, лағыл секілді асыл тастар мен басқа да жақсы қасиеттерге ие үміткерлер өздерінің керемет жерлерін айтып таласқа түседі. Тек топырақ қана мендей сұрықсыз, аяққа тапталып жататын нәрсені көзге іле қоймас деп таласқа түспей, сабырлылық танытады. Топырақтың осындай кішіпейілдігіне риза болған Жаратушы Ие Адам Атаны басқадан емес, топырақтан жасапты деседі. Кейіннен Адамның жалғызсырамауы үшін оған серік ретінде ұйықтап жатқанда қабырғасынан Хауа Ананы жаратыпты. Осылайша олардан жер бетіндегі барша халықтар тараған екен дейді.
Әрине, діни көзқарас идеалистік жолмен түсіндірілетіндіктен, ғылыми-материалистік жолмен пайымдауға қиын тиетіні рас. Кейде түсініксіз тұйыққа қамалып, дәлелсіз догмаға тіреліп те жатады. Оның соңы күмән мен күдікке жетелейтіні даусыз. Бірақ дін өз ұстанымдарына күмәндануға жол бермейді. Ал аналитикалық ойлайтын, қарсы шығатын пенделерді Құдайдан безген күнәһар ретінде жазалайтыны тағы шындық. Тарихтағы Бруноның отқа жағылып, Галилейдің сотқа тартылуына да, Ұлықбектің атақты обсерваториясының шаңырағы ортасына түсіп, өзінің түбіне жеткенде осы діни догматиктердің таяз түсінігі себеп болғанын жақсы білеміз.
Дегенмен дінді ғылыммен қабыспайтын логикадан жұрдай әлем ретінде қабылдасаңыз, үлкен қателікке ұрынасыз. Дін ғұламаларының тастай логикасының алдында кейде ғылымның өзі тізе бүгіп жатады. Олар әлемді, оның ішінде адамның бір жаратушының құдіретімен жаратылғанын жоққа шығару, табиғаттың заңдылығын жоққа шығарумен бірдей екенін алға тартады. Мәселен сия өз-өзінен қағаз бетіне шашылып, одан керемет бір роман пайда болды дегенге сенбейтініңіз рас. Демек алғашқы адамды да бір күш жаратқан. Ол күш – құдіретті Құдай ғана. Ал топырақтан жаратылғанын дәлелдеуде дін ғылымның өзіне жүгінуде. Адам денесі мен топырақтың құрамы өте ұқсас. Топырақта кездесетін әрбір элементтер мен минералдар адам денесінде де бір мөлшерде кездеседі. Шындығында, бұл аналитик діндарлардың пікірі. Бірақ соқыр сенімді қару еткен догматиктер де жоқ емес. Әйткенмен бұл дәлелдер де материалистердің көңілін көншіте қойған жоқ.
Дін өзіне деген күмән тудыруымен де құнды. Өйткені күмән туған жерде ғылым пайда болады. Ең қызығы, ғылымда төңкеріс жасаған ғұламалардың көбі діни білім алғандар. Олардың қатарында Ч.Дарвин де бар. Атақты Эйнштейннің «Дінсіз ғылым соқыр, ғылымсыз дін ақсақ» дегені осыны меңзесе керек.
Шумер аңыздары не дейді?
Бүгінде адамзаттың пайда болуы туралы ғылыми дәлелденбеген пікір болса да, талай зерттеушілерді өзіне магниттей тартып, тіптен осыған шексіз иланатын әрі қолдайтын көптеген топтары бар ағым бар. Бұл адам баласы жерге басқа планетадан келді деп санайтын, яғни «сыртқы себептердің ықпалы туралы» теория. Бұл көзқарас ғылыми түрде дәлелденбеді десек те, оған көңіл аудартуға жетелейтін өзіндік фактілері бар. Соның бірі шумерден жеткен сына жазумен жазылған қыш кітап. Осы жазба туралы Қ.Жамаловтың «Әлемдік өркениет іздері: Ежелгі Шығыс» атты кітабында көрсетілген. Онда адамның жаратылуы туралы жан-жақты сөз болады.
Шумер мәтіндерінде ғаламның пайда болуы, күн жүйесінің құрылымы мен дамуы, соның ішінде планеталар тізімі мен сипаттамасы туралы да мәліметтер берілген. Соның бірі күн жүйесін бейнелейтін сурет. Онда күн бүгінгі ғылымға белгілі барлық он екі планетаның ортасына орналасқан. Дегенмен суретте, Күн жүйесінің бүгінгі түсінігінен басқа мәліметтер де кездеседі. Олардың екеуі өзіне көңіл аудартпай қоймайды. Онда шумерлер плутонды сатурнның жанына орналастырып, оны үлкен планетаның дербестікке кейін ие болған серігі ретінде сипаттаған. Плутонның айналым жолының ұзарғанын, орбитасының созылғанын, қозғалыс кезінде кейде нептунмен салыстырғанда күнге жақын келетінін де байқаған. Екінші айырмашылығы – белгісіз үлкен планетаны марс пен юпитер ортасына орналастыруы. Осы құпия планетаны шумерлер Нибиру деп атаған. Аудармасы «айқыш-ұйқыш қиылысатын» дегенді білдіреді.
Күнді айналып жүретін орбитасы қатты созылған Нибиру 3600 жылда бір рет марс пен юпитер арасына қайта оралып келеді. Аңыз бойынша, адамды жасаған және оған аса маңызды білім негіздерін беретін жұмбақ тіршілік иелері осы планетадан келеді. Шумерлердің айтуынша, адамға барлық білімді берген осы – аннунактар деп аталатын тіршілік иелері. Шумерлердің «ан-нун-на-ки» сөзі «аспаннан жерге түскен, сол елу» дегенді білдіреді. Аннунактар жерге шамамен 445 мың жыл бұрын келген. Олар Парсы шығанағы жағалауын таңдап, Тигр мен Евфрат өзендерінің атырауына түскен. Осыдан кейін аннунактар әрбір 3600 жыл сайын келіп тұрған.
Нибирудегі аннунактардың түп атасы – Аспан Иесі Ан (немесе Ану) және оның жұбайы Анту, яғни Аспан Ханшасы. Анудың бұйрығымен, оның үлкен баласы Эа (Энки) басшылығымен 50 аннунак күн жүйесін аралауға шығады.
Шумер мәтіндері Нибирудың экологиялық түйткілді мәселелерге кезіккенін де мәлімдейді. Өз планетасының жұқарып бара жатқан ауа қабатын сақтау үшін аннунактар алтын бөлшектерден ерекше қорған жасаған. Ең қызығы, бүгінде радиациядан қорғану үшін ғарыш кемелері мен ғарышкерлердің ғарышта киетін киімдеріне де осындай әдіс қолданылады. Осы себептен аннунактарға алтын керек болады. Шумер дерегінше, ол жетінші планетадан, яғни жерден табылған.
Ғарыштан келгендер Оңтүстік Шығыс Африкада шахталық тәсілмен алтын өндіруге кіріскен. Шамамен, осыдан 300 мың жыл бұрын алтын өндіретін аннунактар көтеріліс жасаған. Сонда өзге планета оқымыстылары гендік инженерия көмегі және будандастыру (клондау) арқылы «адамах» немесе «жұмысшы адамдарды» өмірге әкелген. «Адамах» – «жер» және «қан» деп аударылады. Бұлар шумерлер мен барлық адамзаттың түпатасы болған. Аңызда гендік ота сипаты, адамды жасау егжей-тегжейлі баяндалады. Ол бүгінгі ген инженерлігінің мамандарын да қатты таңырқатқан. Ғалым, генетик Уэсли Браунның барлық адамның бір ата мен бір анадан тарайтынын дәлелдеген жаңалығы да шумер аңызын айғақтай түскені анық.
Археологиялық зерттеулер ежелгі дәуірде Оңтүстік Африкада тау-кен жұмыстарының жүргізілгенін дәлелдейді. 1970 жылы археологтар Свазиленнен тереңдігі 20 метр болатын, алтын өндірілген үлкен шахта тапты. 1988 жылы физиктердің халықаралық тобы шахтаның осыдан 80 не 100 мың жыл бұрын жұмыс істегенін анықтады. Зулу тайпасының аңыздарында осы шахталарда «алғашқы адамдардың» жан мен тәннен тұратын жасанды құлдары жұмыс істегені айтылады. Жойылып кеткен Нибиру планетасының өмір сүргенін, оның жарықшақтарының 3600 жылда бір рет Жерге жақын келетінін америкалық астрономдар да дәлелдеген.
Әрі қарай аңызда Энки жердегі алғашқы басқарушы болғаны айтылады. Ол Жердегі өмірді реттеумен айналысқан. Сонымен даналық пен білімді аннунактар адамдарға сыйға береді. Осы мәліметтерді тарату және кейінгіге беру үшін абыздар таңдалып, арнайы дайындалған. Абыздарды «тазалар», немесе «нұр түскендер» деп те атаған. «Құдайдың нұры түскен» деген тіркес осыдан қалса керек. Шумерлердің салтында Құдайлармен сұхбаттаса алатын Абыз дәрежесі ұрпақтарына мұраға қалып отырған.
Аңыз Энкидің күнтізбе, математика мен жазу өнері туралы білімін өзінің кіші ұлы Нингишзидке, ал үлкені Мардукке медицина және өлгендерді тірілту білімін бергенін жеткізеді. Энкидің жерліктерге берген білімі құтқару, Нибиру планетасының Күн жүйесіне әкелуі мүмкін апаттарға қарсы тұру, құтылу мүмкіндігін де бағамдайды. Майя күнтізбесі оның Жерге кезекті жақындауын 2012 жылдың 21 желтоқсаны деп белгілесе, қазіргі заман оқымыстылары 2060-2158 жылдар аралығында күту керектігін болжайды. Нибирудың келесі қайтып оралуы жерге қатер әкеле ме, әлде қуаныш әкеле ме, ол жағы белгісіз. Дегенмен Энкидің жерліктерге берген білімі, құдайлармен тең дәрежеде сөйлесу мүмкіндігін тұспалдаған.
Тағы бір таң қаларлығы, шумерлердің Месопотамия жеріне қайдан, қалай келгені белгісіз. Сонымен қатар ғылым мен білімді, мәдениет пен өнерді кімнен, қалай үйренгені де түсініксіз. Өйткені Қосөзенде шумерлерден бұрын өмір сүрген убайдтар әлі тас ғасырына тән мәдениетпен тіршілік еткен. Яғни, шумерлердің кенеттен пайда болып, үлкен өркениет қалыптастыруының өзі құпияларға толы.
Эволюция ақиқат па, әлде адасу ма?
Идеалистер тұрғысынан діни көзқарас бойынша Жаратушының әлемді жоқтан бар жасауының еш сөкеттігі жоқ. Алайда материалистер үшін болмыстың төркінін материядан іздеу аса маңызды. Сондықтан екі ағым өкілдерінің басы бір қазанға сыйған емес. Бұл жөнінде грек ойшылы Парменидтің «Болмыс бар, болмыс емес жоқ» деп кесіп айтқаны діни түсінікке томпақ келетіні тағы бар. Ал А.Лавуазье болса бұл ұстанымды «еш нәрсе бардан жоққа айналмайды немесе жоқтан бар пайда болмайды» деп тіптен арыға кетті. Нақты материалдық дәлел болмаса, киелі кітаптардың дегеніне илана қоймайтындар үшін, әсіресе, адамның неден жаратылғанын түсіну тіптен күрделі мәселе. Олар үшін ғылыми болжамсыз, нақты тәжірибесіз діни мәтіндер арқылы теория жасауға тағы болмайды. Осылай тынымсыз ғылыми ізденістерден соң үшінші көзқарас – эволюциялық теория өмірге келді.
Бұл теория бойынша адам баласы жер бетіндегі басқа тіршілік иелері секілді ұзақ және біртіндеп дамудың арқасында, сатылап өзгере отырып қалыптасқан. Аталған көзқарас Ч.Дарвиннің ілімі негізінде қалыптасса да, одан бұрын негізі қаланып қойған ағым болатын. Бүгінгі барша ғылыми оқулықтар да осы теория негізінде жасалған. Алғаш Дарвин ғылыми ортаға аталмыш ілімін жария еткенде қарсы болғандар да, қолдағандар да көп болыпты. Әрине, шіркеу ең бірінші болып қарсы шықты. Себебі бұл ілім діни түсінік бойынша адам топырақтан жаратылды әрі түрлер өзгермейді деген қос бірдей сеніміне қарсы келген күпір ой еді.
Шіркеу қаншалықты қарсы болғанымен, ғылыми ортада қызу қолдауға ие болды. Қолдағандардың қатарында әйгілі философ Маркс та бар. «Адамды адам еткен – еңбек» деп жар салған Маркстың идеясымен жаңа теория қабыса кеткен соң қолдамай қайтсын. Ал Ф.Гальтон «Чарльз Дарвинның 1859 жылы жарық көрген «Түрлердің сұрыпталуы мен шығу тегі» кітабы – менің ғана емес, бүкіл адамзат ақыл-ойы дамуының аса зор белесі болды», – деп жоғары баға берген.
Дарвин ілімі бойынша адам баласының арғы тегі маймылдардан, маймыл болғанда да қазіргі маймылдардан мүлдем бөлек гоминид деген өзгеше тектен бастау алады. Біртіндеп дами келе 14-9 миллион жылдар арасында рамапитек деген жаңа сатыға көтеріліппіз. Десе де олардың аталары секілді қолына ілінгенін талғажау етіп күн көретін кәдімгі маймылдан соншалықты айырмашылығы болмапты. Сосын Шығыс Африкадан 5-2 миллион жыл бұрын өмір сүрген адамдардың сүйегі табылады. Ғалымдар зерттей келе оның алғаш еңбек құралдарын пайдаланған адамдар екенін біліп, оған хомо хабилис (шебер адам) деген баға беріп, автралопитек деп ат қояды. Одан кейін 1 миллион жыл бұрын питекантроп, ал 500-200 мың жыл бұрын синантроп деген жаңа сатыға көтеріліппіз. Бұл адамдардың басты ерекшелігі тік жүретіндігі. Сондықтан ғалымдар бұл адамдарды хомо эректус (тік жүретін адам) деп атаған. Енді даму белесіміз 200-35 мың жыл бұрын өмір сүрген неандерталь адамында көрініс тауыпты. Осылайша 40-35 мың жылдар арасында дамудың соңғы сатысы краманьон адамы болыппыз. Бұл дегеніңіз қазіргі хомо сапиенстің (саналы адам) тікелей аталары. Мінеки адамзат дамуының қысқаша хронологиясы осылай.
Қызығы, сырттай қарағанда адамдардың үзіліссіз көрінетін даму сатылары мінсіз емес. Тіптен бір-бірінен алшақтата түсетін тұстары көп әрі байланыстыратын жерлері аз. Ч.Дарвинның өзі бар екеніне зор сенім білдіріп кеткен аралық түрлер де әлі күнге табыла қойған жоқ. «Таптық» деп сенсация жасағандардың алаяқтық жасағаны кейіннен белгілі болды. Осы себептерден кейін Ч.Дарвинның әйгілі теориясына күдікпен қарайтындардың қатары көбейді әрі күннен күнге артып келеді. Тіптен бұл теорияны оқытудан бас тартқан елдер де бар.
Соңғы кездерде мүйізі қарағайдай ғалымдар арасында да эволюция теориясына қарсы сын пікірлер жиі айтылуда. Физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығының иегері Э.Чейн: «Тіршіліктің бастауы туралы ойлаудың соңы тығырыққа тірейтінін айтып келемін. Ең қарапайым деген тірі ағзаның өзі қарабайыр химиямен үлкен зерттеуді қажет еткенде, ғалымдар миллиард жыл бұрынғы оқиғаны анықтағысы келеді. Құдайдың құдіретінің шексіздігін ғылыммен түсіну мүмкін емес», – десе, биология ғылымдарының докторы, профессор Л.Бунур: «Эволюция – үлкендердің ертегісі. Бұл теория ғылымның дамуына ештеңеде қосқан жоқ. Ол түкке тұрмайды», – деп оны мүлдем жоққа шығарады.
Әрине, эволюция теориясының ғылым үшін маңызы зор. Өйткені, жалған болсын не ақиқат болсын, осының жолында қаншама ғалымның ақыл-зердесі мен өлшеусіз еңбегі жатыр. Қанша жерден бұл теорияның жалған екеніне көз жеткізсек те, Дарвинның бұл болжамы оның ашқан басқа ғылыми жаңалықтарына көлеңке түсіре алмайтыны анық. Дегенмен адамзат қоғамы мен ғылымда жаңа сұрақтардың туындайтыны заңды.
Адам қалай жаратылды екен?! Бұл мәңгілік сұрақ…
Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ, тарих ғылымдарының магистрі