Аристотель және перипатетиктер

ТАНЫМ
4216

Аристотельдің өмірі 

Аристотель б.з.д. 384/383 жж. Македониямен шекаралас жатқан Стагира деген жерде дүниеге келді. Оның əкесі Никомах Филипптің əкесі, Македония патшасы Аминттың дəрігері болып қызмет атқарды. Отбасымен бірге жас Аристотель біршама уақыт Пеллада патша сарайының маңында өмір сүрді, сарай өмірімен жете таныс болды. Он сегіз жасқа келіп жетім қалған ол 366/365 жж. Платон академиясына түсу үшін Афинаға келеді, осындағы 20 жыл ішінде ол ерекше философ дəрежесіне дейін жетті. Аристотель Платон өлгенге дейін академияда қалды. Академия қабырғасындағы жылдарда Аристотель платондық ұстанымдарды жақсы игерді, бірде оларды сынға алса, кейде қорғап, жаңа бағыт беруге тырысты. Өмірінің ортасына келгенде яғни, 347 жылы біздің кейіпкеріміз академиядан кетеді. Себебі, осы жылы Платон қайтыс болады да, оның немересі Спевскипп академияның бағытын мүлдем басқаға өзгертеді, Аристотельдің пісіп-жетілген рухани əлемі мұны қалаған жоқ. Ол Афинадан кетіп, Кіші Азияға бет алады. 

Осы уақыттан бастап ол академиядағы досы Ксенократпен бірге Ассада тұрады, бұл жерде олар платонның жолын жалғастырушы Эраст жəне Корискпен бірігіп, Азиядағы Атарнео қаласының тираны Гермийдің қамқорлығымен өз мектебін ашады. Ассада ол үш жылдай тұрады, əлдебір Пифиадаға үйленеді, сосын Лесбос аралындағы Митиленаға кетеді (осы аралда дүниеге келген Теофрасттың бұған ықпалы болуы мүмкін, ол Аристотельдің жолын жалғастыруы керек болды). Аристотель өмірінің бұл кезеңінің маңызы зор болды, өйткені ол философиядан дəрістер оқыды, ал Митиленде перипатетик Теофрастпен бір шығармашылық топта жаратылыстану ғылымдары бойынша зерттеулер жүргізді. 

343/342 жылдардан бастап Стагирит өмірінің жаңа кезеңі басталады. Оны Филипп Македонский сарайына шақырады да, өзінің мұрагері Александрды тəрбиелеуді тапсырады. Александрды Грекия тарихында жаңа бетбұрыс жасауға дайындайды. Біз мұндай екі ұлы адамның, қолбасшы мен философтың арасындағы қарым-қатынас туралы көп нəрсе білмейміз. Аристотель грек қалаларын македон скипетрінің (асатаяқ) астына біріктіру идеясын ұсынғаны белгілі, алайда ол варварлардың эллиндіктерге айналу жəне оларды гректермен ортақ белгі астына біріктіру идеясын қабылдағаны екіталай. Шəкіртінің саяси кемеңгерлігі жаңа жəне батыл тарихи келешекке жол ашты, бұл философиялық жəне саяси категориялар əлемінде ұстазының түсіне де кірген жоқ еді. Бұл категориялардың мəні консервативті, кей-кейде кертартпалықтың белгілері де көрінеді. Македон сарайында Стагирит Александр таққа отырғанға дейін, яғни 336 жылға дейін қалды (мүмкін, ол Стагираға ертерек, шамамен 340 жылы оралған болар, себебі оның шəкірті жорықтарға дайындықтардан босамайтын).

335/334 жж. Аристотель Афинаға оралды, ол жерде храмға жақын жерден бірнеше ғимаратты жалға алып, Апполон Ликейскийдің құрметіне мектеп ашады, Лицей деген атау осыдан шыққан. Аристотель өз дəрістерін бақтың ішінде оқитын, сондықтан оның мектебі грекше Peripatos, яғни серуен деп аталды. Академияға қарама-қарсы бағытта жұмыс жасаған лицейде Стагирит өнімді еңбек етті, мұнда оның философиялық ойларының жүйеленуі мен қорытындылану жылдары өтті. 

Б.з.д. 323 ж. Александр қайтыс болады, бұл оқиға Афинада күшті антимакедониялық реакцияны тудырды, бұл монархтың ұстазы Аристотельге де əсер етті. Формальды түрде оған «құдайсыз» деген айып тағылды, себебі ол Гермийға арнаған гимнінде оны құдай секілді ардақтап, жырлаған. Философ лицейді басқару ісін Теофрастқа қалдырып, Халкидадағы өзінің иелігіндегі жерге қашып кетуге мəжбүр болды. Айдауда жүріп бірнеше айдан кейін, б.з.д. 322 жылы қайтыс болды. 

Аристотельдің шығармалары 

Оның шығармалары екі топқа бөлінеді: «экзотерикалық», яғни мектептен тыс кең қауымға арналған диалог түріндегі шығармалар жəне «эзотериялық» – Аристотельдің шығармашылық белсенділігінің өнімі, ол көпшілік қауымға емес, тек мектеп оқушыларына ғана арналған шығармалар. 

Шығармаларының алғашқы тобы толықтай жойылып кеткен, тек қана жеке үзінділер мен жұмыстардың атауы ғана сақталған. Экзотериялық шығармаларының алғашқыларының бірі «Қара шегіртке, немесе шешендік өнер туралы» болды, мұнда Аристотель платондық ұстанымды жақтап, Сократқа қарсы шықты. Бұл бағыттағы шығармаларының соңғысы – «Протрептик жəне Философия туралы» («Өсиет айту» – адамдарды пайымдауға жəне ойлануға итермелейтін шығармалар жанры). Сонымен қатар оның алдыңғы еңбектері де еске алынады, олар: «Идеялар төңірегінде», «Игіліктің төңірегінде», «Эвдем, немесе жан туралы». Бұл шығармалардан кейбір үзінділер сақталған. 

Керісінше, бізге мектептің философиялық проблематика жəне жаратылыстану бойынша көптеген еңбектері жеткен. «Аристотеликум Корпусы» «Органон» шығармасынан басталады, онда логика бойынша трактаттар жинақталған, яғни «Категориялар», «Пайымдау туралы», «Бірінші аналитика», «Екінші аналитика», «Топика», «Сопылық мəлімдемелер туралы». Одан кейін: «Физика», «Аспан туралы», «Пайда болу жəне жойылу туралы», «Метеорологика» еңбектері. Психология бойынша шығармалар: «Жан туралы», «Жаратылыстану бойынша кіші еңбектер». Ең атақты шығармасы – «Метафизика» 14 кітаптан тұрады. Этикалық тəрбие туралы «Никомах этикасы», «Үлкен этика», «Эвдем Этикасы», «Саясат» атты еңбектерінде жазылған. Биологиялық еңбектері: «Жануарлар тарихы», «Жануарлардың мүшелері туралы», «Жануарлардың қозғалуы туралы», «Жануарлардың шығу тегі туралы». Аталмаған «Риторика» жəне «Поэтика» қалды. 

Шығармашылығының дамуы жəне аристотельдік ойдың қайта құрылуы 

Біздің ғасырымыздың басына дейін Аристотельдің шығармалары унитарлық жүйе белгісі астында оқылатын. Алайда, біздің ғасырымыздың 20-шы жылдарынан бастап, бұл əдіс тарихқа қарсы деп айыптала бастады, оның орнына тарихи-генетикалық əдіс келді, бұл əдістің мақсаты – философ шығармашылығының эволюциялық параболасын қайта құру болды. Осы əдістің негізін салған Вернер Джегер, бұл параболаны платонизмді қабылдаудың бастапқы позициясынан бастап Платонның трансцендентальды идеяларының сынға ұшырауына дейін көрсетті. Содан соң имманентті материялардың формасына негізделген метафизикадан эмпирикалық ғылымдарға назар аударып, метафизикаға деген қызығушылықтың жоғалуына дейін ашып берді. Осылайша, Аристотельдің рухани тарихы платонизм мен метафизикадағы түңілу тарихы жəне натурализм мен эмпиризмге бетбұрыс ретінде көрсетілуі мүмкін еді. Мұндай эволюция академияда болға уақытта жазылған «экзотериялық» жəне көбіне «эзотериялық» шығармалардың реконструкциясы кезінде болды деп қарастырылады. 

Аристотель Ассада сабақ жүргізе бастаған кезден платондық элементтердің қолданылуы сирей берді. Бұған қоса, Платонның кейінгі жүйелеушілер тарапынан стратификацияланған еңбектерінің əдеби бірыңғайлылықтан, философиялық жəне теориялық біртектіліктен арылғанын айтып өтудің артықтығы жоқ. Бұл екі философтың арасында қарсылықтар мен келіспеушіліктер жиі орын алып тұрды. Аристотельдің ойының философиялық бірыңғайлылығы туралы айтып өту орынды. 

Аристотель мен Платонның қарым-қатынасы 

Аристотельді оның ұстазымен арақатынасын білмей тұрып түсіну қиынға соғады. Көбіне кейінгі ұрпақ бұл екі ойшылды бір-біріне қарамақарсы қойды. Алайда антикалық автор Диоген Лаэрций олардың қарымқатынасын жақсы түсінген, ол былай дейді: «Аристотель Платонның шəкірттерінің ішінде ең кемеңгері болды». Бұл пікірдің дұрыстығы мынада: ұлы шебердің шəкірті оның жолын қайталайтын адам емес, ол ұстазының білімін алға жылжытып, теориялар арқылы танытып, оны жеңіп шыққан адам. 

Олардың арасындағы үлкен ұқсастық философиялық жағынан емес, басқа қырлары жағынан ұқсастық болған. Өзінің эзотериялық шығармаларында Аристотель ұстазының еңбектерінде көп кездесетін мистикалық-діни-эсхатологиялық элементтерді көшіреді. Платонизмнің бұл элементі орфизмге жақын, яғни онда сенім логостан басым келеді. Бұдан бас тартқан Аристотель, ойланбастан, философиялық дискурстың ригоризациялануы жолымен жүреді. 

Олардың бір-бірінен жəне бір айырмашылығы Платон математикалық ғылымдарға қызығушылық танытып (медицина мұның ішіне кірмейді), эмпирикалық феномендерге немқұрайлы қарайтын. Ал Аристотель, керісінше, эмпирикалық ғылымдарға қызығудан шаршамайтын, ал математикаға деген көңілі мардымсыз болатын, бұл оның ұстазында болмаған жинақтау жəне топтастыру феномендеріне деген құштарлық қасиетін анықтады. Сократтағы ақындық дарынының күшіне негізделген мысқыл мен майевтика платондық дискурсқа даналық айтудың ашық сипатын берді. Аристотельдің ғылыми рухы мен кемеңгерлігі, оған үйлесімді синтез бен жүйелеуге, мəселелер мен тақырыптарды ойға алуға, түрлі мəселелердің шешімін табуға көмектесетін əдістерді жіктеуге көмектесті. Өзіне барлық күрделі мəселені тартатын, платондық иірілген спиральдың орнын əлдебір тұрақты жүйе басуы керек болатын. Бұл жүйе философиялық білімнің проблематикасын бірден анықтап, метафизика, физика, психология, этика, саясат, эстетика, логиканы жасап шығаратын магистральдарға ие болуы керек.

Дж. Реале және Д. Антисери 

"Батыс философиясы: бастауынан бүгінге дейін"

Қазақ тіліне аударған: филос. ғ. д. Т. Х. Ғабитов

Жаңалықтар

Бүгін елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...