Алматыда мүсіндер мен шағын архитектуралық пішіндер-діӊ PARK FEST халықаралық фестивалі өтіп ж...
Ұлттық музейде «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» атты көрменің ашылу салтанаты өтті
ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ғасыр саңлағы, күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы және Ұлттық домбыра күні аясында «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» атты Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорындағы домбыралар коллекциясынан ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанаты өтті.
Мақсаты – Ұлттық домбыра күні аясында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорында жинақталған домбыралар коллекциясы мен өнер иелерінің жеке тұтынған бұйымдары және өлкенің мәдени жетістіктерін дәлелдейтін ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған қастерлі қара домбыраның мәртебесін жаңғырту, домбыра иелері, өнер өкілдерінің өмір жолдары мен сыршыл пернелерге тіл бітірген қолөнер шеберлерінің домбыраларын насихаттау.
ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы көрменің ашылу салтанатында халқымыздың қазынасы ұлттық домбыраны насихаттау, рухани құндылықтарымызға негіз болуымыз маңызды іс екенін атап өтті.
«Сіздерді бүгінгі «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» көрмесінің ашылу салтанатында көріп отырғаныма қуаныштымын. Құтты шаңырақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне қош келдіңіздер! Айтулы шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Астана күніне орай өтуде. Атырау облысы туралы айтатын болсақ, Құрманғазыдан бастап күйші, өнерге жақын азаматтары көп. Соның бірі Бақтықожа Ізмұхамбетов өнерге деген құрметін білдіріп, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорына анасының домбырасын табыстаған болатын. Құрметті ағайындар, келе жатқан Ұлттық домбыра мерекесімен өздеріңізді құттықтаймын», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Шара аясында Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қорқыт» этноансамблінің солистері Әлішер Есенжулов және Бекзат Прилепесовпен қосыла, Құрманғазының «Балбырауын» күйін тарту етті.
Өз кезегінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов «Құрманғазы» поэмасын алғаш жырлаған Х.Ерғалиевтың ерекше домбырасының көшірмесін ҚР Ұлттық музейіне сыйға тартты.
«Ұлттық домбыра күні Елбасының бастауымен 2018 жылдан бастап ресми түрде бекітіліп, биыл төртінші рет атап өтілуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бола беруі тиіс», - деді Н. Таушов.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Ұлттық домбыра күні» мерекесі халқымыздың тарихы мен болашағына, жалпы ұлттық болмысымызға маңызы зор, әрі мәртебелі екенін айта кетті.
Өз кезегінде сөз алған ҚР мәдениет қайраткері, Атырау облысының құрметті азаматы Орақ Жауыров экспозицияны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіре отырып, өзінің 50 жылға жуық қолданған қасиетті қара домбырасын зор ықыласпен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстады.
Атап өтсек, экспозицияға жалпы саны 244 жәдігер қойылды. Оның ішінде музей қорына 1975 жылы қабылданған күміспен және сүйекпен әшекейленген Батыс Қазақстандық үлгіде жасалған домбыра, Қазақ КСР-ның халық әртісі Дина Нұрпейісованың, батыр, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының (көшірме), ақын Абай Құнанбайұлының (көшірме), КСРО-ның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің, Қазақстанның халық әртістері Қаршыға Ахмедияровтың, Рыспай Ғабдиевтің, Әзидолла Есқалиевтің, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Мекес Төрешовтың және Айгүл Үлкенбаеваның домбыралары, жалпы саны 40 жеке тұлғаның қос ішекті қоңыр үнді саз аспаптары, сондай-ақ сыршыл пернелерге тіл бітірген домбыра жасаушы қолөнер шеберлері Бисенғали Мырзағалиевтің бас альт-тенор домбырасы және Нұрсұлтан Қалиевтің ұлттық аспаптары қойылды.
Еске сала кетейік, аталған көрмені өнерсүйер қауым Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 30 шілдеге дейін тамашалай алады.