Кубада «Оскар» дауылынан 6 адам мерт болды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Аралдық мем...
Қазақстан виртуалды Лондон кітап жәрмеңкесіне қатысты
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту шеңберінде Қазақстан әдебиетінің үздік туындылары 2021 жылғы виртуалды Лондон кітап жәрмеңкесінде ұсынылды, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен (ҰАК) және «Ұлттық аударма бюросы» Коғамдық қорымен (ҰАБ) бірлесіп, жәрмеңкеге 21 маусым мен 1 шілде аралығында қатысты.
Лондон кітап жәрмеңкесі – баспа, аудио, кино, телеөнімдерді және сандық форматтағы мазмұнды сатуға және таратуға, сондай-ақ олардың баспа құқықтарын талқылауға арналған жаһандық алаң. Жыл сайын жәрмеңкеде әлемнің түкпір-түкпірінен 25 мыңнан астам баспа ісі мамандары жиналады. 2021 жылғы жәрмеңке тек сандық форматта өтті.
«30 Years of Independence of Kazakhstan» (Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл) брендімен безендірілген Қазақстанның виртуалды стендінде ағылшын тіліндегі кітаптар, шығармалардан үзінділер, бейнежазбалар, онлайн-концерттер, сондай-ақ тақырыптық веб-сайттарға сілтемелер қолжетімді болды.
Қазақстандық стендте ұсынылған басылымдардың ішінде Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармалары, Заманауи қазақ әдебиетінің антологиялары, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы да болды. Аталмыш ағылшын тілді басылымдар 2019 және 2020 жылдары Кембридж университетінің баспасымен серіктестікте басылған.
Сонымен қатар стендте ҰАК жаңа электронды кітапханасының кітаптары және ҰАБ Оксфорд университеті баспасымен әріптестікте жариялаған Оксфорд экономикалық және әлеуметтік сөздіктері ұсынылды. ҰАБ сонымен қатар 500 мың сөзден тұратын ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын тілдеріндегі Оксфорд қазақ сөздігінің жобасын ұсынды. Сөздіктің басылуы 2021 жылдың соңына дейін күтілуде.
Жәрмеңке ашылғаннан кейін Қазақстанның онлайн-стендіне әлемнің түкпір-түкпірінен екі жүзге жуық адам келді. Жәрмеңке материалдары мына сілтеме бойынша 16 шілдеге дейін қолжетімді болады.