Хуан Цзэнси. Элиаденің діни танымы және оның осы замандағы маңызы

АУДАРМА
3516

Мирча Элиаде

Аңдатпа: Элиаде діннің негізі адам өзінің әлемдегі хал-ахуалын тануында жатыр деп қарап,  оны ғайып болған жұмаққа деген сағыныш ретінде бейнелеген. Дін адам үшін өз болмысын ашуға, шекті хал- ахуалынан трансцендент етуге мүмкіндік береді. Осы заманғы мәдениет әлемнің киелі сипатын жойды, бірақта киелік «тозған» «құбылған» формалармен бүгінгі адамның түрлі қарабайыр әрекеттерінде, адамдардың бейсанасының терең қатпарында  әлі де болса «жасырынып» жатыр деп қарайтын Элиаденің діни танымы, бүгінгі адамның өз хал- ахуалын тануы мен діннің мәнін түсінуіне өте құнды көмек бере алады. 

         Кілт сөздер: Мирча Элиаде, діннің мәні, жұмақтық сағыныш, болмыстың ашылуы, құбылу мен сақталуы  

Діни ойлаудың ешқашан жалтара алмайтын сұрағына айналып кеткен -  діннің негізі не? - деген сұрақ таяу заманғы ойшылдардың да басын қатырды, бірақ ешкім нақты тұжырым бере алмады. Осы заманғы дін социологиясы, дін психологиясы, дін антропологиясы және дін феноменологиясы қатарлы ғылымдардың астарында( бейтарап ғылым болғанымен де,- Ә.Е ), шын мәнінде діннің негізі туралы мәлім бір түсініктері көрініп тұрады. Зиммельші, ол өзінің «Жаңа замандағы адам және дін» атты еңбегінде, діннің мәніне үзілді- кесілді анықтама беруді көздеген мақсаттарды терістей отырып, өзі де діннің бастау көзін іздеген қаншама сенімді мүмкіндіктерді тұрақтандырды[1,1]. Осы заманғы танымал діндер тарихын зерттеуші Мирча Элиаде(Mircea Eliade, 1907- 1986) де әрине дін феноменнің көп валенттілігі туралы жақсы білген. Ол дін феноменінің құрылымы, символы мен мәні қатарлы сұрақтар жайында терең ықпалға ие болған қыруар жазбаларын жарыққа шығарды, деседе ол ешқашан дінге нақты бір анықтама берген емес. «Киелік және қарабайырлық» кітабы «діннің мәнін» жанама түрде баяндағанмен, әсте бастан- аяқ діннің мәніне айқын шекара белгілемеді. Сонда да оның, діннің рухани бастауына, қызметіне, әсіресе діннің бүгінгі адаммен қатынасына жасаған терең зерттеулері бүгінгі адамның дінді түсінуіне көптеген қозғаушы күш сыйлады. 

1.Діннің рухани бастауы: жұмақтық сағыныш

         Элиаденің пікірі бойынша «діндар адамның» көкірегін бағзыдағы алтын дәуірге деген сағыныш пен қимастық үнемі билеп тұрады. Ол бұндай психологиялық хәлді, христан діннің түсінігімен «жұмақтық сағыныш» деп атаған(nostalgia for paradise): «мен ол(жұмақтық сағыныш) арқылы мәңгілікке деген аңсауды, еш қиындықсыз дүниенің, нақтылықтың, киеліктің орталығына ие болуды, сонымен бірге табиғи әдіс арқылы, адамзаттың хәл- ахуалынан уақытша болсада трансцендент етіп, қайта бастан бір түрлі киелік күйге бөленуді бейнелеймін. Бәлкім бұны христиан мүриді азғындықтан(қуылудан) бұрынғы ахуал деп атайтын шығар»[2,283]. Егер шыныменде Элиаденің шығармаларынан діннің анықтамасын іздеу керек болса, бәлкім ол оның жоғардағы сөзінде жасырынып жатқан шығар деп ойлаймыз. 

         Діндер тарихын зерттеу нәтижесі, бағзыдағы алтын дәуірге деген көркем қиялдардың жалғыз христандықта ғана емес, көптеген халықтарда да бар екенін көрсетті. Бұндай қиялда, тарих қашанда үздіксіз құрып- жоғалуға бет алып, тек қана осы сәттің шегінен әлде қайда асып кеткен игі мезгіл- талтүс[1] сақталады. Ол кездерде, бүкіл тіршілік әлемі, жаратқан иенің қолында өз формасын енді- енді тауып келе жатқан еді, адамзат мәңгі өмір сүріп, табиғи және еркін ғұмыр кешті, еш тосқауылсыз көкке барып, құдай(лар)мен кездесе алды, хайуанаттармен достарша қатар өмір сүрумен бірге, олардың тілінде білді,т.б. Бірақ адамзаттың арғы атасының ақымақ талғамынан немесе рәсімдерді орындаудағы ағаттығы себебінен (христандағы «азғындыққа» ұқсас), адамзаттың хал- ахуалында онтологиялық оқыс өзгеріс орын алды. Көк пен жер ажырады, адам мен табиғат жауласты, адамға тек қана азапты еңбек арқылы ғана өмірін сақтауы тиіс болды. Адам құдайлардан алыстады, тек ішінара бақсылар(шаман)мен балгерлер ғана экстаз арқылы, «рухани» түрде құдайлар жаққа жалғаса алды[3,60]. Алайда адамзаттың хал-ахуалында орын алған ең үлкен өзгеріс- өлімнің пайда болуы еді: адам ендігәрі мәңгілік өмірден игіліктене алмайды, қайта уақыттық және тарихи сипаттағы шекті болмысқа айналды. Көк пен жердің ажырауына сәйкес, адам әу бастағы тұтастығын жоғалтты; дене мен рух екіге бөлінді. Рухани болмыс cаналатын оның денесі енді ешқашан мәңгі өмір сүрмейді[4,35-36]. Өмірдің шектілігі мен тіршілік етудің бейнеті, адам жүрегін енді мүлде қолы жетпейтін жұмаққа деген сағынышқа толтырды. Дін болса өзінің өсіп- өнетін құнарын дәл осы киелі сағыныштан тапты. Осы тұрғыдан алғанда, дін адамның азғындығының өнімі, адамның әу бастағы азғындығы болмаса, дінде болмайтын еді[5,76]. 

         Элиаденің түсінігі бойынша, дін мүлдем дәстүрдің тар ауқымына сыймайды. Ол тек дүние жүзіне кең тараған діни жүйелерді ғана емес, басқада діни құрлымы қалыптаспаса да, бойынан «діни сағынышы» көрініп тұратын көптеген мәдениет формаларын да қамтып жатады. Осы тұрғыдан қарағанда, аталмыш қытайларда дін болған ба, жоқ па деген ұзақ тартыстың мәні қалмайды. Көптеген адамдар қытайлардың тарихи көзқарасын қайталамалы сипатта деп қараған күннің өзінде де, ол қайталамалы тарихтан әлде қайда шалғайдағы байырғы алтын дәуір- яу-шун[2] дәуірін құра білген. Конфуций, Менцийді айтпағанда, Лау чжуан, Ду фу гүлденген деген Таң династиясында өмір сүргенімен, «патышаны даналыққа жетелеп, киелі дәстүрдің орындалуына көмекте болайық» деген жолдар, олардың ынта- пейілдерінің яу- шунда екеніне жақсы мысалы болады. Жазушы Лу Синнің[3] кейіпкері Джу Джин кемпірдің азаннан кешке дейін «бір заманнан бір заман сорақы» деп күбірлеуі де сондай, баяғыда тұманға жұтылған алтын дәуірге деген қытайлардың қимастығын және біртүрлі діни түс алған сағынышты көрсетеді. Элиаде қытайдың ежелгі замандағы ғұламаларының ерекше қастерлеген гүлтекше көріністерінде[4] (бонсай) ишараланған діни сана- сезімді қырағылықпен байқайды. Ондағы су, жасанды тау, ағаш, қолдан жасалған үңгірлердің бәрінде мәдениеттен белгі беретін элементтер толып тұр. бүкіл әлемнің символына айналған кіп- кішкентай гүлтекше, тек қана жұмақ дүниесінің жинақтық көрінісін ғана емес, қытай абыздарының ғұрыптар барысында, өзінің құдайларға көмектесіп адам, әлем және табиғат арасындағы әуелгі үйлесімділікті қайта құруға деген аңсар- арманын да көрсетеді[6,153-154]. 

         Хайдеггер:« өлім, ол бар болушының бар болған сәтінен бастап, жауапкершілік арқалай отырып, бар болып қалуға ұмтылған амалы», «тек қана бар болушы тірі болса, шындығында ол өлген» деу арқылы өлім адам өмірін біртүрлі аяқталатын болмысқа айналдырды деген пікір айтқан[7,282- 289]. Шекті болмыс иесі болған адамның бір өмірі, үнемі өміршеңдікке толы балалық шақтан бастап ең соңында өлімге қарай бет алады, ол жинақтаған барлық дамулар мен жетілулер, оған ең ақырғы хабарды бере алмайды, тіпті өлім сәтінде үнемі оны жаңсақ түсінікке ұрындырады. Өлім болса адамзат баласы өз болмысының мәнін салмақтағанда ешқашан айналып өте алмайтын өлшем. Осындай мағынада, теолог Маквара: «басқа ешнәрсе, дәл өлімдей болмысымыздың тым қатал түрде шектемелі екенін көз алдымызға елестете алмайды, қайта біз сөз жоқ, өлімнің қуатында ғана, әрбір мүмкіндікті бағалай аламыз»деген[8,73]. Өлім адамзат хал- қадарының тым шекті екенін көпе- көрнеу көрсетіп тұрады. Жас кезінен барын сала ақиқаттың жолын іздеген Августин болса, ақыр соңында мойындамасқа шарасы қалмай: « пенде... мейлі ол кім болсын, әйтеуір пенде баласы болады екен, оның қолынан не келмек?» деген[9,55]. Қарабайыр тарихтағы толып жатқан қиыншылықтар мен тұрақсыздықтардың себебін, қашанда адам өзінің қабылетіне ғана сүйеніп түсіне де,  одан арыла да алмайды, осы себептен де адамның болмысы параллель бір рухани шығар есікті іздеуді қажетсінеді. Дәл осы себептен, Элиаде, адамды қалайда бір түрлі діни болмыс, бір түрлы «діндар» деп таниды, мейлі оның ардақтайтын ешқандай көрнеу бір діні болмаса да, ол әлі де дінді қажетсінеді, оның әрекеттері әйтеуір азды- көпті мәлім бір діни сипатта болады деп қарайды. Мейлі дүние қалай қарабайырландырылса да, ешбір адамның әрекеті түгелдей дінсіз сипатта болмайды және бүкілдей зайырлы сипаттағы ешбір адам жоқ[6, 23- 213]. 

                            

2. Діннің трансцендентті қызметі арқылы болмыстың ашылуы  

         Егер діннің өзегінде жұмаққа деген сағыныш толып тұр дейтін болсақ, онда ол қандай формамен, қандай мән-мағынамен бұл сағынышты қанағаттандырады немесе сейілтеді?  Діннің басты функциясы адамды, оның шектемелі хал- ахуалынан трансцендент етуінде жатыр деген Элиаденің көзқарасы көп санды дін ойшылдармен парықталмайды. Парықталар тұсы болса, Элиаде арғы заман адамының «мәңгілік оралу» идеясы мен даралық сипаттағы болмыс формалары арқылы мифтер мен рәсімдердің діндар адам үшін айрықша мәнділігін дәріптеумен қоса, діннің ашықтығы мен трансцендентті сияқты қызмет түрлеріне жан- жақты талдау жасайды. Элиаде арғы заман адамының болмыстық ерекшелігін түсіндіргенде, «мәңгілік оралу» идеясына өзін танудың асқақтығы мен болмыстық жетілудің құнын сыйлаған. Арғы заман адамының өмірі табиғат заңдарымен етене байланысқа құрылған, олар айдың алмасуы мен төрт маусымның қайталанып отыруы секілді табиғат заңдарынан, әлемнің мәңгілік оралуға бейімделетінін, ондағылардың барлығы үздіксіз әлсіреу мен цикілді қайта тууға бет алатындығын байқап, осы арқылы уақыттың қайтымсыздығын жеңуге болатынын түсінген. «бүкіл әлем әр сәт сайын өзінің басталу нүктесінен жаңадан басталып отырады. Өткен бар болғаны болашақтың нышаны ғана. Қайта оралмайтын ешқандай уақыт жоқ, және ешқандай өзгерісте ең соңғы емес»[10,89 ]. Демек әлем қайталану арқылы үздіксіз оралу мен жаңаруға ие болатын болса, онда адамзат та қайталау(белгілі діни ритуалдарды: намаз, діни әуен т.б. Ә.Е ) арқылы өзінің бастапқы нүктесіне- құдайлармен бірге жасайтын алтын дәуірге қайтып бара алады деуге болады. Миф осы жерде маңызды функциясы- дінмен болған бұзылмайтын байланысын паш етеді. Миф тек әлемнің басталу нүктесін түсіндірумен шектелмей, тіпті арғызаман адамының өз хал- ахуалын тануы және болмысына мән- мағына дарытуына негіз болды. Жаралу мифтерінің  әуелгілік сипаты мен киелік сипатына негізделіп құдайлардың, мәдени қаһармандардың және мифтік ата- бабалардың ізгі істері кейінгі ұрпақтың бүкіл әрекетінің моделін қалыптастырды деуге болады[11,(6-8, 144-145)]. Мұның ішінде, киелі кеңістік пен киелі уақыттың моделі, арғызаман адамының болмыстық құрлымында басты орында тұрып, жинақталған еліктеулер мен қайталауларға ие болды. 

         Көптеген әлемнің жаратылуы туралы мифтер, құдайлардың дүниені « әлемнің орталығынан» бастап жаратқанын бейнелейді. «Әлемнің жаратылуы бір түрлі айрықша толысқан нақтылықтың... киеліктің қарабайыр дүниеге жарып кіруінен хабар береді»[6,44-45]. Киелі нақтылықтың жарылуына ілесіп, әлемнің кейбір кеңістіктері киелікті иеленіп,  пішінденіп, «дүниемізді» тұлғалаған; ал нақтылықтың бөлінбеген кеңістіктері болса « бұл дүниеден» басқаша болып,  форма- пішінсіз хаосқа айналып, жындар мен өлілердің басқаруында болған. Осыған сәйкес, құдайлардың дүниені жаратудағы уақыты да киелі уақытқа айналды. Ал бұл бастапқы уақыт ретінде, қарабайыр уақыттың созылыңқылығына араласпайтын бір түрлі «мәңгілік мезет» болатын. Анығырақ айтқанда, қарабайыр уақыт дүние жаратылудан бұрын әлі болмаған еді, өйткені «принциптік турғыда әр жолғы жаратылудың бәрін уақыттың да басталар тұсында іске асады деп жорамалданады. Демек, әрбір жаңа барлықтың пайда болуына ілесіп уақыт та туады деген сөз»[6,76]. Сондықтан да, арғызаман адамының санасында уақыт пен кеңістік біртекті саналмаған, киелік пен қарабайырлықтың парқы сақталған. Ал уақыт пен кеңістік туралы мұндай көзқарас, діндар мен дінсізді айырудағы маңызды айғаққа айналған. Діндар адам үнемі әртүрлі рәсімдерді орындау арқылы мүкіндігінше киелі уақыт пен киелі кеңістікте өмір сүрген. Ол «дүние кіндігінің», «ориентация» функциясы арқылы, мүмкіндігінше киелі кеңістікке жақындап, сонда өзінің әлемін құрған.(тұрақ, ғибадатхана,баспана(мүмкіндігінше кигіз үйді еске алыңыз(Ә.Е)т.б.),  сонымен бірге өзінің түрлі жасампаздықтарын, құдайлардың дүниені жаратудағы моделіне негіздей отырып іске асырып, символдық сипатта дүниенің кіндігінде, яғни киеліктің, нақтылықтың орталығында өмір сүрген еді. Бұдан басқа, олар мифтерді айту, тарихи эпостарды жаттау, мерекелік жоралғылар өткізу тіпті карнавалық рәсімдер арқылы дүниені жарату мифтерін қайталайды, осы қайталау арқылы қарабайыр уақыт пен тарихты жояды, сол арқылы символдық тұрғыда бастапқы уақытқа қайтып барып, құдайлармен бірге жасайды. Сол себепті қарабайыр уақыт та шексіз созылыңқы емес, оны қайталамалы сипаттағы киелі уақыт үнемі үзетіндіктен, жаңадан басталып отырады, осындай айналмалы қайталау, дүние мен адамзатты  жаңартпай тоқтамайды[6,(22, 87-89)]. 

         Маритан болса, кез- келген моральдық ұлы жүйелер, әртүрлі жолдармен, ұқсамаған дәрежелермен адамзаттың әдепкі хәл- ахуалынан биіктей түсуге ұмтылады деген танымда[12, 35-36]. Әрине Элиаденің дінге деген танымы мен талдауынан, оның субъективті қиялының қуаты көзге ұрып тұрса да, тіпті осы арқылы көптеген ауқымды сындарға ұшыраса да; оның мына бір түсінігіне әбден сенуге болатын еді: әлем мен киелілікке қарай бет алып, өз болмысын аша түсу дегеніміз адамзаттың бар болуының бір түрлі мағыналы заңды сипаты мен жалпы беттік қажеттілігі. (Сол үшін) түрлі заман, түрлі аумақтағы адамдардың бәрі мәлім бір адамзаттан үстем тұратын киелі өлшемдегі болмыстан қол үзіп қалуы мүмкін емес. Адамның діндарлығы да соның ішінде. 

          Адамның негізгі шекемелігін «дәл осы сәт» қалыптастырады, дін болса адам үшін астам текті[5] киелі өлшем сыйлайды. Діндар адам мифтік модельдегі ғұрыптық қайталаудан өту арқылы әлемдік кеңістікке бет алып, өз болмысын ашады, «дәл осы сәттің» тұсауын үзіп, адамзаттың хал- ахуалының шегінен асады[11, 139-145]. Сол үшін де, діндар адамның өмірі құлазыған, тұйық өмір емес, қайта ашық та киелікпен байланысын үзбеген өмір болатын. «ол мүлдем адамның өмір сүру салтымен ғана шектелмейді...тірлікте, діндар адам әсте жалғыздық сезінбейді, себебі әлемнің бір бөлшегі оның бойында  өмір сүреді»[6,166]. Бұдан шығатын қортынды, мәңгілік оралу идеясын ескіліктен танбау, өзін алдарқату немесе пессимистік көзқарасқа жатқызуға болмайды, керісінше, ол оптимистік өмір сүрудің үлгісін көрсетеді. Дін арқылы діндар адам қайталамалы сипатпен қарабайыр уақыттағы күнә мен азапты жояды, өлімнен де үмітті көреді, символдық өлшемде әу бастағы жұмақтық хәліне оралады, жаңадан киелі нақтылыққа ие болады.

3.Қарабайыр дәуірдігі киеліктің құбылуы мен сақталуы 

         Бүгінгі адам мен дін арасында ыңғайсыз бір қатынас орнаған: дәстүрлі сенім құндылықтары құлдыраған сайын, адамдардың дінге деген ықыласы арта түсті. Бірақ адамдар дінді қанша терең түсінгісі келгенімен де, қай жерден бастауын білмей сонша аңтарылуда. Оған себеп, осы заманғы кезкелген теолог мен дінтанушының алдынан көлденеңдеп шыға беретін Ницщенің «құдай өлдісі» тұрғанында еді. Ал Элиаденің бұған берген жауабы назар аударуға әбден татитын болып отыр.

         Элиаде дүниедегі діндер тарихынан ортақ бір құбылыс- тақтан тайған құдайды байқаған. Көптеген халықтардың мифтерінде, алғашында бір астам текті құдай болған екен, бірақ дүниенің жаратылып болуына ілесіп, ол құдай ғайыпқа сіңіп, тым алыстап кеткені сонша, барынша бойкүйезденіп, ендігәрі адамзаттың тірлігіне пейіл де салмайтын болған. Әсіресе егіншілік мәдениеттің гүлденуінен кейін, адамдар бірте- бірте астам текті құдайды ұмытып, жел құдайы, астық құдайы, көбею құдайы секілді кәсіпкерлік құдайларға табына бастады. Бұл құдайлардың дәрежесі астам текті құдайдан көп төмен болғанына қарамастан, белсенді болғаны сондай, адам өмірімен, тұрмысымен тығыз байланыста болып қана қоймай, тіпті адамдардың өмірлік қалауларын да қанағаттандырып отырған. Әйтседе адамдар бұл кәсіпкерлік құдайлардың күші жетпейтін алапат апаттар орын алған кезде, астам текті құдайды қайтадан есіне алып, жалбарынып, көмек сұрап отырған[2, 46-52]. «Көне өсиетте» де қарапайым еврей халқы бейбіт те, гүлденген дәуірге жеткен кезде, үнемі айналасындағы егіншілер табынатын Баал(Baals) және Астартес(Astartes) құдайларына бет бұрып кетіп отырған. Бірақта бүкіл ұлттың басына зұлматты күндер келгенде, пайғамбарлардың шығып ескертуімен, халық қайтадан иегова құдайды естеріне алатын еді[10, 107-108]. Міне бұның бәрі, астам текті құдайдың мүлдем өлмегенін және де адамдардың қастерлеуінен толықтай айырылып қалмағанын көрсетеді. Ал оның көрінбей кетуі- бар болғаны адамдардың оны ұмытқанынан еді. Ол не құлдырау сипатымен бірте- бірте төмендеп дәрежесі төмен болғанымен де, өте белсенді болған кәсіпкерлік құдайлардың арасына барып қосылады, не ақиреттік діндердің тұрмыс- тіршілігінде символдық сипатта там- тұмдап сақталады, бірақта оны бірден тану оңайға соқпайды[2,52]. 

         Элиаде дін туралы өзгеше түсініктің есігін тақтан тайған құдай ұғымы арқылы ашты. (Оның пікірінше)астам текті құдайдың ғайыпқа сіңіп кетуі мен ұмыт болуы, оның өлімі ретінде саналған. «Белгілі бір мағынада, тақтан тайған құдайды, Ницщенің шабыттанып отырып айтып салған « құдай өлді» оқиғасымен ұқсас деуге болады»[11, 95]. Оның үстіне, құдайдың «өлімі» тек қана христан дініндегі ғана мысал емес, ол діндер тарихында қайталанып көрініп келе жатқан ортақ құбылыс, «теологиядағы құдайдың өлімі бар болғаны, мифтердегі тақтан тайған құдайдың түсін өзгертуі, барынша қарабайырлануы ғана»[13,48,87]. Бүгінгі адам өзін табанды түрде тарихи болмыс деп таниды, тарихтың жасампаздығына оның бой ұрғаны сонша, байырғы адамның « мәңгілік оралу» туралы мифтік танымынан бастартумен бірге, еврей- христан діні тарихқа сыйлаған астам текті құдайдың көріну өлшемінен де баз кешті, осылайша тарихтан киелік аластатылды. Бірақта Элиаде киеліктің мүлдем жойылуы және адамдардың да тарихтың жасампаздығы арқылы кеудесіндегі жұмақтық сағынышын тұншықтыруы мүмкін емес деп қарайды. Дәп сол астам текті құдайдың «орнын босатуы» дүниеге бостық қалдырып, түрлі формадағы мифтер мен діндерге жол ашты деген дұрыс[5,74]. « “Құдайдың өлімі” ең әуелі діни тәжирбиені дәстүрлі діни тілмен бейнелеу ендігәрі мүмкін еместігін білдіреді... «құдайдың өлімі» әсіресе бір пұттың күйрегеніне көбірек ұқсайды. Осы себептен, құдайдың өлімін мойындау, өзіміздің алданғанымызды мойындаумен, біздің өз кезінде табынғанымыздың еврей- хиристан діннің жаңа құдайы емес, қайта бір ғана жаратушы екенін мойындауымызбен бірдей әңгіме»[14,81]. Өліп кеткен құдайдың өзі емес, қайта бар болғаны оның көресіннің[6] белгілі бір формасы ғана болатын. 

          Құдайы құдірет[7](киелік) бүгінгі адамның қарабайыр әрекеттерінде, әсіресе әдебиет пен көркем өнерде мейілінше көп сақталған. Элиаде киеліктің қарабайыр дәуірдегі сақталу формасын,  психологиялық ерекшелікке ие  «құбылу»(camouflage)ұғымын тиімді пайдалана отырып талдап береді. Ол бүгінгі адам өзін дінсізбін, киеліктен босандым деп жариялағанмен де, бұнысы бар болғаны тек сананың беткі қабатының көрінісі ғана; бүгінгі адам дінді ұмытқанмен де, киелік оның бейсанасының терең түпкірінде жасырынып қалған, бұлар адамзаттың « екінші реткі азғындығының» кесірінен болған деген пікірде. Мысалы «інжілдік дәстүрден қарағанда, адамзат азғындықтан соң, құдаймен «кездесу» және құдайды «түсіну» мүмкіндігінен айырылып қалды. Бірақта ол әлі де табиғат пен өз санасынан Тәңірлік іздерді қайтадан байқау және оны жеткілікті түсіну қабылетін сақтап қалған еді. Бүгінгі адам «екінші реткі азғындықтан»(Ницще айтқан «құдай өліміне» сай келеді) кейін, сана қабатында киелікті сезіну мүмкіндігінен де айырылды, бірақта киелік оның бейсанасында жетіліп және оны жетелеп отыр. Сонымен бірге, кейбір психологтардың үнемі бізге айтып келе жатқанындай, бейсана дегеніміз киелік сипатын арқалаған түрлі әрекеттер мен мазмұннан құралған еді. Бұлай болғанда, бейсана да «діни сипатта» болады»[14, 82-83]. Мысалға бүгінгі көркем өнер дәстүрлі дінни қиялдар мен символдарға қызықпайды, әйтседе бұл мүлдем киеліктің бүгінгі көркем өнерден толықтай жоғалғанын білдірмейді, бар болғаны киелік адам танымастай кейіпте құбылғандығы ғана. « Ол форма, мақсат және мазмұнның бәрінде құбылып, сырт көзге «қарабайыр» боп көрінеді, киелік ендігәрі орта ғасыр көркем өнеріндегідей « менмұндаламайды». Ол енді мүлде дәстүрлі діни тілден көрінбейтіндіктен, біз оны бірден оңай тани алмаймыз»[14,82]. Бүгінгі әдебиет пен көркем өнердің күңгірттіке деген ұмтылысы, дәстүрлі бейнелеу тілі мен формасын бұзуы және формасыздық(formless) пен бастапқы сапаға(materia prima) болған құмартуының бәрі- бәрінде дүниенің бар болуынан бұрынғы хаос кезіне оралуға деген, дүниенің жаңадан жаралуына деген аңсар- арманы бейнеленген, бұны байырғы адамдардың «мәңгілік оралу» мифтерінің бүгінгі дүниедегі жаңғырығы деуге болады. Бүгінгі таңдағы әлеуметтің мифтік дәстүрді сақтаған, эпостан құралған тарих пен әдебиетті құмарта оқуында да, сол баяғы «тарихи уақытқа» деген қарсылығы, киелікке деген аңсауы мен жұмаққа деген сағынышы байқалады[11,189-193]. 

  4. Сағыныш пен тарих: Элиаденың маңызы 

         Элиаде жасаған діндер тарихы нақты ғылымның зерттеу аясына сыймай, көптеген теологиялық және философиялық ой толғамдарға барып қосылып, оның адамзат хал- ахуалы мен бүгінгі адамның рухани жан- дүниесіне деген жаңаша байқауларын бейнеледі. Сондықтан да оның ықпалы дінтанудың ауқымынан шығып, постмодернистік контекстте көп жақтылы мәнге ие болды. Бірақ мақала көлемінің шектілігі мен қабілет- қарымның аздығына байланысты, мен тек қысқаша шолу ғана жасай аламын. 

         Оның әлсін- әлі діннің шекарасын кеңейте түсуі, көптеген адамның күмәнін туғызды. Мысалға бір сыншы: «Элиаде тағы да хикаяларды оқуға, саяси қимылдарға, коммунизмге, тіпті жалпылық жыныс бостандығы қозғалыстарына да діни сипат береді, онда бұл пандінизм немесе пантеизмге  айналып кетпеді ме?»[15] деп атап көрсеткен болатын. Бұндай түсініктер, менің білуімше, бәлкім дәстүрлі дінді қабылдағаннан, бәлкім теологиялық көзқарастың шектемелігінен, яки Элиаденің айтпағының түп- төркінін түсінбегенен туындаған еді. Ницще «құдай өлді» деп жар салғаннан бері, дәстүрлі мазмұндағы дін тұрмақ, христан теологиясы да еріксізден құдай туралы сөйлеу әдісін өзгертті. Роберт Мунк сияқтылар да дінді зерттеудің аумағын сөзсіз кеңейте отырып, діннің қамқорлығындағы түрлі экстремалды жекелер мен дәстүрлі емес құбылыстарды да оның құрамына енгізу керек деп қарайды[16, 6]. Қала берді, діндердің түпкі мақсаты шексіз киелікке бет алу арқылы әлемге ашыла түсуде жатса, онда діндер тарихы көрсеткендей, киелікке бастап баратын жол да біреу ғана емес. Оның үстіне, Элиаде жоғарда айтқан қозғалыстардың жеке басын таза діни әрекеттер деп ешқанан ашық айтқан емес, тек қана, олар белгілі деңгейде дәстүрлі діндердің қызыметін іске асырды деп қарайды. Олар (әрекеттер) киеліктің қарабайыр қоғам жағынан тоқтаусыз жанышталуынан өткеннен соңғы құбылған көрінісі болумен бірге, бүгінгі адамның тапталған киелі сағыныштарына болған талпыныстарынан туындап отырған симтомдық жағдайлар еді. 

         Карл Олсен(Karl Olson) болса, Элиаденің діни толғаныстарында сағынштың шешуші рол атқарғанын, сонымен бірге бұндай толғаныстардың «сағыныш теологиясы»(theology of nostalgia) аталғанын атап көрсетеді. Бірақта Олсен  бұл сағыныш бір жағынан байырғы діндерге, румыниялық фермерлердің «ғарштық хиристан дініне»(cosmic Christainity)деген тәтті қиялына қатысты болса, бір жағынан Элиаденің жеке басынан кешкен дрейф тәжирбиесімен ғана қатысты, Элиаде ары кетсе тек өз басының киелі сағынышын айтып отыр, әсте кез- келген басқа қарапайым адамдардың сағынышы жайлы емес деп қарайды. Элиаденің бүгінгі замандағы тарихи тенденцияның ағымына деген батыл қарсылығын байқаған Олсен, оның өткенге сағынышын- тарихтан қашу деп таныды. Анығырақ айтқанда: « салыстырмалы түрде, тарихтан қашу, сол тарихтан өз орныңды тапқанға жетпейді. Біз тек қана тарихтан өз орнымызды тауып және сол арқылы тарихтан қашуды көздейтін әрқандай мақсаттардан бастартуымыз керек, олай болмағанда біз қиын сұрақтарды шешуге, саясаттың көрсоқырлығы мен басқада формадағы сандырақтарды терістеуге мәңгі шарасыз қаламыз»дейді[17, (57-58,156)]. Әрине, бұлар тамаша ұсыныстар екені анық, бірақ екі түйінге қайта пікір жүргізудің қажеттілігі бар. 

         Бірінші, Олсен « жұмақтық сағыныштың» жалпылық сипатын анық теріске шығарады, сол арқылы ол бұл сағыныштың тамырының тереңде жатқанына жеңіл қарайды. Алдында айтқанымыздай, «жұмақтық сағыныш» адамзат арасында кең тарған құбылыс, бұл түрдегі әмбебаптық құбылыстың түп бастауы адамзаттың хал- ахуалының тұтастығы мен арғы- бергі заманның бірегейлігінен туған. Адамзаттың хал- ахуал мәселесінің алға қойылуы, адамзаттың өзіндік санасының оянуы болып қана қоймай, адамзат мәдениетінің басталу нүктесі де болып табылады. Ал бұл болса сөз жоқ адамзат ақыл- ойының басты тақырыбы еді. Бүгінгі күнде экзистенциалдық философияның өте үлкен табысқа жетуінің себебі: оның күн өткен сайын тозып бара жатқан дәстүрлі діни сенімнің заманында(жағдайында), адамзаттың хал- ахуалы мәселесін бұрын- соңды болмаған деңгейде алға шығаруында еді. Бүгінгі зайырлы түсініктегі мәдениет жеке тұлғаның өмірі үшін орасан табыс әкелсе де, бірақ ол біржола адамның әлемдегі хал- ахуалын,- адамның уақытша және тарихи болмысын мүлдем өзгерте алмады. Бұл және мүмкін емес еді. Бүгінгі тарихшылдық(тарихизм) «құдайдың өлімін» шындық деп қабылдап, адам өмірінің тарихи сипатын баса дәріптегені сонша, адам болмысын киелі өлшемнен бөліп тастады, адамның өзін ашатын трансцендентті албырттығын таптап кетті, сонымен бірге адамның әлемдегі хал- ахуалын жақсарту былай тұрсын, керісінше тіпті де нашарлата түсті. Бұл әуелі «тарихтың үрейін» ақылға қонымды түрде түсіндіре алмайтындығымен қоймай, тіпті бүгінгі адамды рухани мазасыздыққа ұрындырды. Шындығында, жұмақтық сағыныш бүгінгі заманда да, өзінің әмбебаптығын жоғалтқан жоқ. Ол тіпті жеке Элиаденікі, не болмаса батыс адамдарыныкы ғана емес, керісінше баяғыдай жалпы адамзатқа ортақ. Осы себептен де, бүгінгі адамның сенімін қаншалық кең мағанада талдай алсақ, мүмкіндігіміз де соншалық артады. 

         Екінші, «жұмақтық сағынышты» тарихиан қашу деп қарайтын болсақ, онда бұл Элиаденің тарих пен адам табиғатына деген түсінігіне қайшы келетін еді. Үнді философиясының терең ықпалына ұшыраған Элиаденің діни тынымында, үнді философиясының іздері анық таңбаланып жатады. Ал үнділердің уақыт пен тарихқа деген позициясы болса: бұл екеуін тек болмыстың белгіленген фактлері ғана деп қабылдайды да, оны болмыстың мәні деп қарастырмайды. Элиаде бұндай позицияның негізгі мәнін: «уақытта өмір сүрудің өзінде тұрған еш «жамандық» жоқ, нағыз «жамандық» уақыттың сыртында ештеңе жоқ деп қарауда. Адамның уақыт жағынан жұтылуы, әсте оның уақытта өмір сүргендігінде емес, керісінше, оның уақытты шындық деп қабылдауында, мәңгілікке жеңіл қарауы мен оны ұмытуында»[18, 91] деп тәпсірлейді. Әрине уақыттық сипат пен тарихи сипат адам болмысының бас тарта алмайтын өлшемі, бірақ ол әсте адамның тұтас болмысын білдірмейді. Адамның табиғаттағы өзге жаратылыстардан артықшылығы,- дәл оның уақыттық сипаты мен тарихи сипатынан асып түсуды(трансцендент етуді) қажетсінуінде жатыр. Және бұндай қажеттілік уақыт пен тарихтан тысқары жатқан киелі нақтылыққа қарай ашыла түсу арқылы ғана іске асады. Осыған орай, адам Олсен айтқандай тарихтан өзі орнын табуы және тарихқа тіке қарауы керек болғанымен де, бірақ ол өзін толықтай тарихи болмыс деп есептемеуі, тарих доңғалағының табанындағы құл болмауы керек, оның орнына тарихтан трансцендент жасауға ұмтылуы тиіс. Тарихтан трансцендент ету деген тарихтан бастартуды білдірмейді, қайта өзіңнің хал- ахуалыңның шекті екенін мойындай отырып, тарихтың құрсауынан бұзып шығуды, мәңгі өзгермейтін киелі тұрақты іздеуді, шекті болмысқа мән- мағына дарытуды білдіреді. Бұндай мән- мағынаны тарихтағы ешбір тапқырлықтар мен жасампаздықтар сыйлай алмайды және оны әрқандай тарихи өзгеріс күйретуге немесе жалмауға шарасыз қалады. Осылай болғанда ғана, өркениетті сипаттағы бүгінгі заманда дін туралы талқылауымыз, барынша қисынды бола түседі. 

         Элиаде аса бір талас-тартыс тудырған дінтанушы. Ол 20ғасырдың  60-, 70- жылдарындағы  дінтану ғылымында «Элиаде дәуірін» ашты, деседе оның кейбір көзқарастары, зерттеу әдістері, тіпті баяғыдағы саяси кейіпкерлері де үздіксіз күмәндану мен сындарға ұшырап отырды. Бірақта Элиадені сынаушылардың өзі де, оның көптеген салаға болған терең ықпалына көзжұма қарай алған жоқ. Элиаденің дінге деген түсінігі, мүмкін сыңаржақты көзқарастағы қажеттіклік шығар, мүмкін күмәнді субъективті тұспалдар шығар, бәлкім уақыттың өтуімен құнын жоятын да шығар, бірақта ол бейнелеген «жұмақтық сағыныш» әсте құрғақ қиял еместігіне және оның бүгінгі адамның хал- ахуалына болған қамқор көңілі мүлдем тозбасына, адамзаттың киелікке оралуға деген арман- аңсарының ешқашан жоғалмасына батыл сенуге болады.

Қысқаша түсініктер:

 [1] Талтүс- бұл ұғым жазушы Таласбек Әсемқұловтың шығармасынан алынды, біз бұны  киелі  мәңгілік сәтті, киелі осы мезетті білдіру үшін пайдаландық. 

[2] Яу-Шун- бұл екі патшаның аты, яғни Яу патша мен Шун патшаның атына байланысты, олар қытай мәдениетінің дамуының негізін қалаған делінеді. Елді әділеттікпен басқарған, қытайдың күнтізбесін негіздеген, ауыл шаруашылығын дамытқан бұл екі патышаны бірге атап, мадақтаған. Бұл сөз кейін даналық, кемеңгерлік мағанасында қолданылған. Автор бұл сөзді қытайдың алтын дәуірі ретінде бейнелеген. 

[3] Лу Син- жазушы, ойшыл, жаңа мәдениет қозғалысының мүшесі, қытайдың осы заманғы әдебиетінің негізін қалаушы. 

[4] Гүлтекше көрініс- қытайдың үздік дәстүрлі көркем өнерінің бірі. Оның негізгі материалы өсімдіктер мен тау жыныстарынан құрам тапқан болып, табиғат көріністерін бейнелейді. 

[5] Астам текті- мифтанушы, этнограф ғалым Серікбол Қондыбайдың қолданысқа енгізген термины. 

[6] Көресін- орсшасы проявленность деген мағанада, құдайы құдіреттің (Нұрдың, абсолюттың) әрекетінің нәтижесі, көрінетін, ашылған, жария болған әрекетінің қортындысы(Серікбол Қондыбай мақаласынан алынды).

[7] Құдайы құдірет- Серікбол Қондыбайдың енгізген ұғымы.

Сілтеме: http://www.cssn.cn/zjx/zjx_zjyj/zjx_zjxll/201712/W020171219610263003547.pdf(материал Қытай әлеуметтік ғылымдар сайытынан алынды).

 Пайдаланған әдебиеттер:

[1] Зиммель. Жаңа замандағы адам және дін. (Екінші басылым)[M] Аударған: Цао ВэйДун қатарлылар. Пекин:Қытай халық универ,2005.

[2] Eliade,Mircea.PatternainComparativeReligion[M].Trans.,RosemarySheed.NewYorkandCleveland:TheWorldPublishingCompany,1963.

[3] Eliade,Mircea.Myth,DreamsandMysteries:TheEncounterbetweenContemporaryFaithsandArchaicRealities[M].Trans.,PhilipMairet.London:HarvillPress,1960.

[4] Eliade,Mircea.Occultism,WitchcraftandCulturalFashions:EssaysinComparativeReligi0128[M].Chicago:Uni—versityofChicagoPress,1976.

[5] Eliade,Mircea.JournalⅡ,1957—1969[M].Trans.,FredH.Johnson.ChicagoandLondon:UniversityofChi—eagoPress,1977.

[6] Eliade,Mircea.TheSacredandtheProfane:theNatureofReligion[M].Trans.WillardR.Trask.NewYork:Har—court,Inc.,1987.

[7]  Хайдеггер. Болмыс және уақыт (өңделген басылым)[м]. Аударғандар: Чен Йзяйин, Вфн Цинцзе. Пекин:Тұрмыс. Кітап оқу. Жаңа білім желілес кітап дүкені, 2014.

[8] Маквари. Адам болмысы[А]. Құрастырушы: Лю Сяофен. 20ғасырдағы батыс дінфилософиямынан таңдамалылар[c], Шанхай: Желілес дүкен бөлімшесі, 1991.

[9].  Августин. Өкініш жазбалары[м]. Чжоу Шилян. Пекин: бизнес баспа үйі,2014.

[10] Eliade,Mircea.CosmosandHistory:TheMythoftheEternalReturn[M].Trans.,WillardTrask.Princeton:Prince—tonUniversityPress,1959.

[11] Eliade,Mircea.MythandReality[M].Trans.,WillardR.Trask.NewYork:Harper&Row,Publishers,1975.

[12] Маритан. Адам және адамзаттың хал- ахуалы[А].Құрастырушы: Лю Сяофен. 20ғасырдағы батыс дінфилософиямынан таңдамалылар[c], Шанхай: Желілес дүкен бөлімшесі, 1991.

 [13] Eliade,Mircea.TheQuest:HistoryandMeaninginReligion[M].ChicagoandLondon:TheUniversityofChicagoPress,1969.

[14 ]Eliade,Mircea.Symbolism,theSacred,andtheArts[M].Ed.,DianeApostolos—Cappadona.Trans.,DianeApostolos—Cappadona,FredericaAdel,DerekCohman,MacLinseottRicketts.NewYork:Crossroad,1986.

[15] Тян Хайхуа. «Діни сағыныштың»қандай мүмкіндіктер береді? [J]. Дінтанулық зерттеулер, 2006(4). 

[16] Роберт Мунк қатарлылар. Діннің мәнін іздеу(алтыншы басылым)[M]. Аударғандар: Чжу Дайцян қатарлылар. Чэнду: Сычуань(төртойпат) халық баспасы, 2011.

[17] Olson,Car1.TheTheologyandPhilosophyofEliade:ASearchfortheCentre[M].NewYork:St.MartinsPress,1992.

[18] Eliade,Mircea,ImagesandSymbols:StudiesinReligiousSymbolism[M].Trans.,PhilipMairet.London:Har—villPress,1961.

Автор жәйлі қысқаша түсінік:

Хуан Цзэнси Қытайлық ғалым. филология ғылымдарының докторы. Әлеуметтанушы. Мәдениеттанушы. Негізгі тақырыптары: әдебиет пен діннің және әдебиет пен экологияның арасындағы байланыстарды зерттеу аясына топтасады. Оның «әлемдік діндерді зерттеу», «Дао Фэн: христиан мәдениеті туралы шолу», « Інжілдік әдебиеттерді зерттеу» сияқты басылымдарда зерттеу мақалалары жарияланып тұрады. 2018- жылғы мемілекеттік әлеуметтік ғылымдар қорының қолдауымен өткен «Элиаденің діндер тарихын баяндаудағы антропологиялық әдістері мен деректер қорын зерттеу» жобасына жетекшілік еткен.

Тәржімалаған: Әлайдар Ерсұлтан

Жаңалықтар

TikTok-та 9 жасар қыз әскерге кетіп бара жатқан ағасымен қоштасу сәтін жариялады. Ағасының қолына сы...

Жаңалықтар

Қостанайда полиция көлігі жол апатына түсті, деп хабарлайды madeniportal.kz. Жол апаты 20 қарашада...