Қазіргі күні таңбаны рәмізден, рәмізді нышаннан, нышанды гербтен, гербті эмблемадан, эмблеманы логот...
Отырар кітапханасы: Аңызы мен ақиқаты
«Әлемде Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орынды Отырар кітапханасы иемденген. Отырарды жермен-жексен еткен Шыңғыс хан ол кітапхананы түгелдей өртеп жіберген» дейді тарих оқулығы.
Отырардан әлемде Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған әл-Фараби бабамыздың шыққаны рас па, рас. Әлемдегі «екінші ұстаз» шыққан жерде әлемдегі «екінші кітапхана» неге болмасқа?! – дейді ойымыз.
Екінші ойымыз бүй дейді: Әлемдегі «Екінші кітапхана» әлемдегі «Екінші ұстаздың» даңқынан пайда болған жоқ па?!
Бұлай ойлауымыздың өз мәнісі бар. Себебі, әл-Фараби туған жерінен бозбала кезінде шет жерге шығып кетіп, қайтып оралмаған, бүкіл өмірі Бағдат пен Дамаскіде өткен. Ендеше, туған жерінде ғалымның өзі ірі кітапхана жасақтай алмасы белгілі. Отырар кітапханасынан сусындап-ақ өсті дейік, бірақ Отырарда әлемдегі ең үлкен кітапхана болғаны турасында орта ғасыр ғалымдары ләм-мим демеген.
Әл-Фарабидің өзінің қазақ болғаны кеше ғана, оны қазақ қылған – Ақжан Машани атамыз бертінде қайтыс болды. Олай болса, әлемде екінші орын алатын Отырар кітапханасы туралы аңыз кеңестік кезеңнің жемісі емес пе? Отырар қалашығының орнын археолог ғалымдардың қазып келе жатқанына жарты ғасырдан асты емес пе, әлі жер астынан жарты парақ кітап шыққан жоқ. Ендеше, бұл аңыз қайдан шықты?
1971 жылы наурыз айында атақты «Вокруг света» журналында жас жазушы Дүкенбай Досжанов пен В.Маловтың «Отырар қорғандары» деген очеркі шығады. Ол кезде Отырарда КСРО бойынша ең көлемді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан. Бүкілодаққа танымал журналдың тілшілерінің ол жаққа ат басын тіреуі сондықтан да қалыпты жағдай. Мәскеулік журналистер экспедиция басшысы, тарих ғылымдарының докторы, археолог Кемал Ақышевпен жолығып, әңгімелеседі. Ол кезде Есік обасынан Алтын адамды тапқан Ақышевтың дүркіреп тұрған кезі. Бірақ журналға шыққан очерктен Кемал Ақышевқа тікелей сілтеме жасалған ештеңе таппайсыз, оның орнына журналистік фантазия кеңінен көсілген. Соның негізгісі – Отырар кітапханасы. Яғни, ежелгі жылнамашылардың айтуынша, XII ғасырда Отырар кітапханасы әлем бойынша Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында болған дегенді айтады журналистер. Ал ол ежелгі жылнамашылар кімдер болған, ол жайында ешқандай мәлімет, тарихи дерек жоқ. Егер, Отырар кітапханасы әлем бойынша екінші орында болса, орта ғасыр ғалымдары ол жайында неге айтпаған? Ол туралы тарихта бір ауыз дәйектеме сөз неге жоқ?
Жұмбақ.
Әйгілі Отырар кітапханасы жайындағы аңыздың бастау-бұлағы сол «Вокруг Света» журналындағы журналистердің қиялынан туындаған очерктен бастау алған ба? Әйгілі 28 панфиловшылар ерлігі де ойдан шығарылған аңыз ғана екені, іс жүзінде ол «Красной звезда» газетінің әдеби хатшысы Ю.Кривицкийдің қиялынан 1942 жылы туған дүние екені анықталған жоқ па? Бұл да соған ұқсайды.
Әрине, Отырар секілді үлкен қалада үлкен бай кітапхана болғаны рас. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Отырар тұрмақ, одан кіші кенттерде де сол уақытта өз кітапханалары болған. Ислам ықпалына көшкеннен кейін араб ғылымы мен мәдениеті Жібек жолы бойындағы Отырарға молынан жеткені шындық. Орта Азиядағы Үргеніш, Мары, Хорезм, Бұқара, Самарқан, Отырар шаһарларында халифтердің пәрменімен әр қаланың өз «Даналық үйі» дүниеге келген. М.Хорезми, Ә.Беруни, Ибн-Сина сияқты ғұламалар пайда болған. «Жібек жолы» бойымен кіре тартқан көпестер ең құнды сыйлық ретінде Отырар әкіміне кітап сыйлауды дәстүрге айналдырыпты. Тіпті бұл мемлекеттік рәсім ретінде қабылданып, ресми сипат алыпты.
Бұқаралық ғұлама Рузбеханның: «Отырар кітапханасындағы қолжазба кітаптарды тек қала тұрғындары ғана емес, шалғайдағы Сығанақ қаласының тұрғындары да пайдаланып отырды» деп жазуы осының дәлелі. Осындай Отырардағы «Даналық үйінен» Әбунәсір әл-Фараби де дәріс алғаны, кейін білімін кеңейту үшін Бағдатқа бет бұрып, Дамаскіге тұрақтағаны да анық. Отырар қаласы Фарабиден кейін де білім мен ғылымның қайнаған ошағы болған. Шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі Отырардан отыздан аса ғалым шыққанын дәлелдеген. Яғни, отыз әл-Фараби шыққан. Отырар қаласы Фараб деп аталғандықтан, шаһардан шыққан ғалымдар өздеріне Фараби есімін қосқан. Бұл үрдіс ХVI ғасырға дейін жалғасқан. Ендеше, Отырарда ірі кітапхана болғанын қай жағынан болсын жоққа шығара алмайсыз. Бірақ шынымен де көлемі жағынан әлемдегі екінші кітапхана болған ба? Бізге нақ керегі де осы емес пе?
Екінші мәселе, Отырар кітапханасын шынымен Шыңғыс хан өртетіп жіберген бе?
Тарихта айтылып жүргендей, әйгілі Александрия кітапханасын Халиф Әмірдің өртеп жібергендігі өтірік болып шықты. Кітапхана одан бұрын мысырлықтардың Юлий Цезармен болған соғысы кезінде өртелген екен. Мұны Мұстафа Шоқай түзеткен.
Ендеше, Шыңғыс ханның 1219 жылы Отырар кітапханасын өртегені де өтірік болғаны. Оны кім түзетеді? Жаулаған елдерінің дініне, діліне қиянат жасамаған Шыңғыс ханның кітап өртетуі мүмкін бе? Ғалымдардың біразы кітапхананы Шыңғыс хан арнайы өртетпесе де, болған соғыста өрттің кесірінен өзі өртеніп кеткеніне сенімді. Ал біраз зерттеушілер кітапхананы жер астына сақтап қалған дейді. Ең бастысы, Отырарда әлемдегі екінші кітапхананың өзі шын мәнінде болды ма екен?
Енді профессор Еренғайып Омаровтың Отырар кітапханасы Александрия кітапханасынан да үлкен болған деген болжамына келейік. Ғалымның айтуынша, Отырар шамамен V ғасырда белгілі бола бастаған. Жасы кемінде екі мың жыл. Отырар кітапханасы 1000-1200 жыл шамасында уақыт дүниежүзіндегі ең үлкен кітапхана болған. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде, тұрғындар кітаптарды жер астында орналасқан құпия үңгір-қалашыққа (катакомба) тығып үлгерген. Ертеректе, отыз-қырық жыл бұрын қой бағып жүрген бір шопанның иті үңгірден, сырты терімен қапталған араб тілінде жазылған көне кітап алып шыққан. Кітап Отырар қалашығының қасынан табылған, яғни, сол кітапхананың кітабы болуы әбден мүмкін.
Ғалым осылай дейді. Ой-ниет дұрыс. Бірақ... Дәлел жеткіліксіз. Ит тауып алған бір кітап бір ғана адамға тиесілі болуы мүмкін. Бір жерде кітапхана болды деу үшін логика бойынша ол жерден үш мың кітап табылуға тиіс!
Егер шын мәнінде де, отырарлықтар кітапхананы жердің астына тығып тастағаны рас болса, көрші жатқан мемлекеттердің ғалымдары мен оқымыстыларының көзінен ол неге таса қалған? Сол орта ғасырдың өзінде ол ғалымдар Отырар кітапханасын аңдып, қам-қарекетін неге жасамаған?
Сұрақ – көп, нақты жауап жоқ.
Сіз не дейсіз?..
Төреғали ТӘШЕНОВ
«Айқын» газеті