МАҚТАНҒА МАДАҚ!Мақтауды кім сүймес? Мақтанды кім іздемес?Бәрі сүйеді. Бәрі іздейді. Белгілі жай.Ал м...
Мақпал Тәжмағамбетова: «Шынайы кәсіби сын мен сақа әдебиетшілер жоқ ортада биік талғам қалыптаспайды»
Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал (Мыса) Тәжмағамбетова Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің отырысында қазіргі қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын әлем тілдеріне көркем аудару және оны насихаттау хақындағы бірқатар мәселелерге тоқталды. "Мәдениет порталы" депутаттың ҚР Парламет Мәжілісі отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінін оқырман назарына ұсынады. Мархабат!
Әдебиет - мемлекеттік идеологияның тиімді әрі маңызды құралы. Мемлекет тарапынан осы бағытта біршама бастамалар жасалуда. Солардың ішінде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша шет елдерде мәдени-іскерлік бағытта “Абай үйлері” ашылуда. “Ұлттық аударма” бюросы қазақ әдебиетінің альманахтарының аудармаларын ұйымдастырды. Жазушылар Одағының орны қайта айқындалып, жаңа мүмкіндіктер қарастырылуда.
Дегенмен бүгінде кәсіби деңгейі жоғары әдебиетке қатысты маман дайындау кешеулеп тұр. Соның салдарынан әдеби сын, аударма мен драматургия саласы үлкен тоқырауды бастан кешіп жатыр. Фантастика, балалар әдебиеті, детектив, әскери публицистика, нон-фикшн жанрларының кенже қалуы да соның айғағы. Жоғарыда айтылған жобалардың жүйелі жүзеге асуы үшін де осы бағыттағы халықаралық білімі бар мамандарды жетілдіру сұраныс туғызуда.
Кешегі Кеңес Юсупов, Бекболат Әдетов бастаған көркем аударманың көкжиегі бүгінде тарылып тұр. Қазіргі көркем аударма жөнінде сөз қозғау үшін, ең алдымен түпнұсқадан аудару туралы ойланған дұрыс. Бұл ретте шетелдік әдебиет болсын, қазақ әдебиеті болсын негізінен бір ғана тілден аударылады. Ол көркем туындының сапасын көтермейді. 2020 жылы “Ұлттық аударма” бюросы бары 12 кітап - қазіргі кездегі қазақ прозасы және поэзия антологияларын БҰҰ-ң алты тіліне тәржімалап шығарды. Бұл жұмысқа 300-ге таяу маман тартылған. Бірақ оның ішінде шет тілін меңгерген, аударманы көркемдік жағынан бағалай алатын қазақ әдебиетшілері тапшы болған. Аударма барысында осы секілді біраз қиындықтар орын алған.
Мұндағы негізгі мәселе – өзге тілдерден тікелей аударатын мамандардың жетіспеуі. Білім министрлігінің берген мәліметінде “Болашақ” бағдарламасымен «филология, лингвистика, аударма ісі» мамандықтары бойынша соңғы бес жылда 14 адам білім алған. Олар тек шет тілін ғана меңгерген. Ал, «әдебиет» аталымы бойынша бірде бір адам қамтылмаған. Негізінен аударма жасау үшін, тек тілді ғана меңгеру жеткіліксіз, көркем әдебиеттің көкжиегін кеңітер талантты қаламгерлерді оқыту арқылы әдебиеттің кең тынысын ашуымыз керек.
Елімізде тіл-әдебиет факультеттерінде оқитын студенттерге бүгінгі күн талабына сай білім бере алатын оқытушылар жоқтың қасы. Себебі олардың өзі әлемдік үздік оқу орындарында білім алмаған. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасы аясында біз қаламгер жастардың басқа да тілдерді жетік меңгеріп, аударма саласына жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз қажет.
Шынайы кәсіби сын мен сақа әдебиетшілер жоқ ортада биік талғам қалыптаспайды. Әдебиет пен өнерді ұлттың бет-бейнесі дейтін болсақ, аудармасы сақау, тілі жұтаң болмауға тиіс.
Осы мәселеге қатысты келесіні ұсынамын:
1) Поэзия мен проза, аударма мен әдеби сын, драматургия мен сыни ойлау сияқты әдебиетке қатысты пәндер бойынша магистр мен доктор дәрежесін әлемнің үздік университеттерінде алуға мүмкіндік жасалу керек. Сондықтан Білім және Ғылым Министрлігі Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан "Болашақ" бағдарламасына алдағы жылдарда (2022 жылдан басталса тіптен жақсы) әдебиетке қатысты мамандықтарды енгізу қажет.
2) Жазушылар Одағы осы мамандықтар бойынша білім алуға талантты қаламгерлерді жыл сайын жүйелі түрде іріктеп ұсыну керек.
3) “Рухани жаңғыру” бағдарламасына әдебиетшілер мен қаламгерлердің әлемдік түрлі әдеби фестиваль, форумдарға қатысуы мен пікір алмасып тәжірибе бөлісуін енгізу қажет.
Мақпал (Мыса) Тәжмағамбетова
Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты