Жамбыл Жабаев шығармаларының ІІІ томдық академиялық толық жинағы жарық көрді

ӘДЕБИЕТ
2792

Жамбыл Жабаев шығармаларының ІІІ томдық академиялық толық жинағы текстологиялық зерттеулер негізінде қайта сараланып, мазмұндық, мәтіндік, құрылымдық тұрғыдан толықтырылып, ақынның 175 жылдық мерейтойына орай шығарылып отыр. Жинақты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынды, деп хабарлайды "Мәдениет порталы". Бұл туралы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институының ресми сайты мәлім етті. 

Академиялық жинақтың бірінші томына Жамбылдың өлеңдері мен толғаулары топтастырылды. Жамбылдың 1917 жылға дейінгі саяси бояу сіңбеген таза лирикалық өлең-толғаулары мен 1944 жылға дейінгі аралықтағы ақынның өз аузынан жазылып алынып, көп өңдеуге түспеген шығармалары бұл жинақтың сүбелі бөлігін құрайды. Сонымен қатар, «Ерназар колхозының митингісінде Жамбыл сөйледі», «Ер күні», «Бес мың жауды айдадың», т.б. бұрынғы жинақтарға енбей қалған шығармалары жөнінде «Түсініктер» бөлімінде толымды мағлұмат беріледі.

Үш томдықтың екінші томына Жамбылдың «Өтеген батыр» (3 нұсқасы), «Сұраншы батыр», «Саурық батыр» жырлары, «Көрұғлы», «Бақ, Дәулет, Ақыл» дастандарының Жамбыл жырлаған нұсқалары, «Замана ағымы», «Туған елім», «Менің бақытым», «Өмірдің тууы толғаулары, «Ауызекі әңгімелер» циклі мен музыкалық мұрасы топтастырылған.

Шығармаларды салыстыру барысында құрылымдық өзгерістер, жеке сөздердің дұрыс оқылмауынан немесе арнайы саяси мәнде өзгертілуінен болған ауытқулар негізінен түснұсқа мәнді араб қарпіндегі қолжазба мәтіндері бойынша түзетілді.

Академиялық басылымның 3-томы Жамбылдың айтыстарына арналады. Жинаққа «Жамбыл мен Айкүмәс», «Жамбыл мен Сары», «Құлмамбет пен Жамбыл», «Жамбыл мен Шашубай», т.б. жалпы 16 айтысы енді. Сонымен бірге Қырғызстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық ілімдер бөлімінің қорынан (инв. 1753) табылған «Тоқтағұлдың Жамбылға жолығысқаны» атты айтысы алғаш рет ұсынылып отыр. Көшірмесі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында (713-бума) сақталған. Мұнда Жамбылдың қырғыз ақындары Молда Бағыш және Болық ақындарымен болған қағысулары алғаш жарық көрді. Жамбылдың бірқатар классикалық айтыстарында қолжазба нұсқа мен басылым арасында біршама айырмашылықтардың бар екені, көптеген сөздердің, сөйлемдердің, сөз тіркестерінің дұрыс оқылмағаны, түсіп қалғаны, көркемделгені, редакцияланғаны анықталды.

Томның бір бөлігі фотосуреттер, қолжазба нұсқалардың сипаттамасы мен фексимилесіне арналды.

Жамбыл шығарамаларының академиялық толық жинағы ақынның қағаз бетіне түскен шығармалары барынша түгенделіп, мәтінтану ғылымының сарасынан өткен, әр шығармаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар «Түсініктерде» дәйектеліп, Жамбыл туындыларында баяндалатын тарихи оқиғалар, тұлғалар, жер-су атаулары туралы деректер, есімдер көрсеткіші, сөздіктер қосымшасымен дайындалған ғылыми басылым болып табылады.

Томды құрасытырып, баспаға дайындағандар: Матыжанов К.І. (жалпы редакциясын басқарған), Қасқабасов С.А., Мәдібаева Қ.Қ., Рақыш Ж., Ханкей Е. (жауапты редактор), Акимова Т., Салтақова Ж., Мүрсәлімова Н., Елесбай Н., Оралбек А. (жауапты шығарушы), Набиолла Н.

madeniportal.kz

author

Жамбыл Жабаев

АЙТЫСКЕР

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...