Екі жастың махаббаты арқылы, екі рудың ара-қатынасы, сол арқылы халық өмірі мен тағдыры бейнеленген...
«Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикасы көрерменмен қауышады
Былтыр қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды. Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан XX ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі екені хақ. Отандық экрандар мен театр сахналарында бүгінге дейін ақынның ғұмырнамасы мен шығармашылығын арқау еткен фильмдер мен спектакльдер сахналанып, көрермен назарына ұсынылған тұғын. Енді, міне, үстіміздегі жылдың ақпан айында дарын иесіне арналған «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикаясы жарық көрмек. Жобаның бас режиссері – Дархан Саркенов.
Сериал ұлы ақынның 1973 жылдан 1976 жылға дейінгі өмір кезеңін көрсетеді. Ақынның осы кезеңдегі өміріндегі ең қиын, қызықты сәттер ашылады. Мұқағали Мақатаев қазақ ақыны және жазушысы, аудармашы. Мұқағали Мақатаев қысқа, бірақ жарқын шығармашылық өмір сүрді.
Мақатаев – XX ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақ поэзиясының жарқын беттері іспеттес. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы поэтикалық дебюттен он үш жыл өткен соң ғана жарық көрді, ал Мұқағали өз шығармаларының орыс тіліне аударылғанын көре алмай кетті. Ақынға тиесілі даңқ тек ол өмірден озғаннан кейін келді.
Сценарий авторы – Қанат Рамазан. Түсірілім өткен жылы Алматы облысы мен Алматы қаласында өтті. Мұқағали рөлін Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды сомдайды. Сондай-ақ, қосалқы рөлдерде Ақбота Қаймақбаева, Ақжарлым Мағзұм, Бақытжан Әлпейісов және Асан Мәжит ойнайды.
Сериал 5 ақпанда «Қазақстан» ұлттық телеарнасында эфирге шығады.