«Схема» Берлиналеде Гран-при сыйлығына ие болды!

КИНО
2089

Отандық кинорежиссер Фархат Шәріповтің «Схема» картинасы Generation 14 plus бағдарламасында «Үздік толықметражды фильм» деп танылды. Бұл әлемдегі ең беделді және мойындалатын Берлин кинофестивальдегі біздің отандастарымыз жеңіп алған екінші жоғары дәрежелі марапат.  

Generation секциясында 33 елдің кинематографистері 52 картина ұсынған. Олардың 24-і Generation 14 plus секциясының марапатын алу үшін күресті. Қонкурсқа қатысқан фильмдерді беделді қазылар алқасы бағалады: итальяндық киносыншы және продюсер Паоло Бертолини, британдық-австралиялық режиссер, сценарист Рубика Шах және америкалық аниматор, комикстердің авторы Дэш Шоу.    

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені қазақстандық «Схема» және бельгиялық «Мейірімді жүректер» картиналары иеленді. Екі туындыға да дипломнан басқа, Германияның Азаматтық білім беру федералды агенттігінен 7500 евро ақшалай сыйлықтар табысталды.  

Сонымен қатар, биыл Берлиналеге Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» (Токио халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік режиссура» жүлдесі) және Асқар Ұзақбаевтың «Бақыт» атты қазақстандық фильмдері қатысты. Бұл ретте «Ақын» мен «Схема» Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Сондай-ақ, барлық фестивальдік бағдарламадан «Ақын» картинасы BerlinaleTalents-тің екі шеберханасында талқылау және талдау үшін іріктелген. 

Қазақстан тарихта алғаш рет Берлин фестивалінде осындай ауқымды түрде таныстырылғандықтан, Алматыдағы «Кино» барында BerlinalePalast-тің өзіндік филиалы ұйымдастырылды. Конкурсқа қатысатын фильмдердің түсірілім топтарының мүшелері, олардың достары, кинематографистер және кино сүйер қауым отандық кинорежиссерлерді қолдау үшін арнайы ұйымдастырылған шараға жиналды. Кеш иелері тіпті өз қонақтары үшін Берлинмен тікелей байланыс өткізіп, жиналғандар номинанттарға сәттілік тіледі.

ҰКҚМО бас продюсері Адай Әбелдинов кеш қонақтарына арнаған сөзінде Берлиннен келген соңғы ақпарат бойынша біздің фильмдерге Еуропада сұраныс пайда болғанын атап өтті: «Менің пікірімше, бұл жақсы үрдіс. Қазақстандық кино жыл сайын әлемдік кинематографта жаңа шыңдарды бағындырады деп үміттенеміз».

Айта кетейік, фестивальдің негізгі бағдарламасында «Алтын аю» сыйлығын испан режиссері Карла Симонның «Алькаррас» фильмі алды. Қазылар алқасы Гран-приді Оңтүстік Кореядан келген режиссер Хон Сан-Судың «Жазушы қыздың фильмі» картинасына, ал қазылар алқасының жүлдесін Наталия Лопес Гайардоның «Гауһар тастардан жасалған жамылғы» деп аталатын туындысына табыс етті. Неміс режиссері Андреас Дрезеннің «Рабие Курназ Джорджа Бушқа қарсы» деп аталатын фильмінің сценарисі Лайле Штилер үздік сценарий үшін «Күміс аюды» иеленді. Осы картинада рөл сомдаған Мельтем Каптанға үздік рөл үшін «Күміс аю» берілді. Ал үздік режиссура үшін марапат Жюльет Бинош басты рөлді сомдаған «По обе стороны лезвия» картинасын ұсынған Клер Дениге бұйырды. Қосалқы рөлді сомдаған үздік актриса мәртебесі «Бұрын, қазір және кейін» индонезиялық драмасындағы рөлі үшін Лаура Базукиге берілді. Михаэль Коханың «Аспан түйірі» картинасын қазылар алқасы арнайы атап өтті. Ал француз актрисасы Изабель Юппер «Кино өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін» құрметті марапатын алды.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...