Маргарита Хэр. Көз жасымды ақыры көлдеттім

ӘДЕБИЕТ
1061

Өзімнің зейіні шалағай балаға ана болғанымды сезгенде, егіле қоймаған едім. Екі жасар қызымыз Крустидің дәл өзіміз қауіптенгендей кемақыл бала екенін күйеуіммен қатар тұрып естігенде де, бір ауыз тіл қатпастан үнсіз қалғамын.



– Жылап ал, – деген шипагер мейірбандықпен жақсы лепес білдіріп, –Сөйтсең, ішқұсталықтан арылып, жадырап қаласың.

Іштей қатты құсаланып тұрсам да көз жасымды төкпедім. Сонан былайғы бірнеше ай бойына да көзіме жас алмадым.

Крусти оқу жасына толғанда, өзімізге қарасты аумақтағы балалар бақшасына алып бардық. Сол кезде ол жеті жаста еді.
Сол күні, оны өздеріне сенімді, ынталы да елгезек бес жастағы балалармен бірге қалдырып бара жатқанда көз жасымды көлдете төгіп алсам, бәлкім, көп жеңілдеп қалар едім. Бірақ, өйтпедім. Крусти бұрын ылғи жеке дара ойнайтын, сөйте тұра бұл оның тумысынан бергі ең бір жалғызсыраған шағы болды-ау деймін. Өйткені, ол анау 20 баланың ортасындағы «көптен дара» жалғыз өзі еді.

Десе де, Крусти бақшаға кіргесін, адамды қош қылатын жайлар оның өзінің де, топтастарының да бойынан көріне бастады. Крустидің сабақтастары өз нәтижелеріне масаттанғандарында Крустиді де мадақтасып: «Бүгін Крусти жеке сөздерді түгел дұрыс жазды» десетін. Ешкім де оның жазған жеке сөздерінің басқалардан әлде қайда қарапайым екенін ауызға алмаушы еді.

Крусти бақшаға кіргеннің келесі жылында аса бір ыңғайсыз сынға дөп келді. Мектеп музыка мен дене шынықтырудан жарыс өткізбек болды. Крусти бұл екеуіне де өте нәшәр еді. Күйеуім екеуіміз де сол күннің келуінен алаңдаумен болдық.

Жарыс өтетін күні Крусти өтірік ауыра қалды. Өзім де оның үйде қалуына қарсы емес едім. Қалай ғана Крустиді ата-аналар, оқушылар мен тәрбиешілер толып отырған дене шынықтыру клубында, шаршы топтың алдында сәтсіздікке ұрынуға итермелекпін? Бір жолғы жарыстан қалғаннан келер-кетер жоқ қой. Бірақ, менің ар-ұжданым олай істеудіі көтермеді. Сонымен, өңі матадай бозарған Крустиді күштеп апарып, мектеп машинасына шығардым. Сосын, өзім жападан-жалғыз қалып қасіретке баттым.

Қызымды күштеп мектепке жіберген соң көп өтпей, өзім де күшеніп жарыс көргелі бардым. Жарыс кезегі оларға келгенде барып Крустидің неліктен соншама қорынатындығының байыбына жеткендей болдым. Оның тобы күш жалғап секіру группасына бөлінген екен. Оның сылбыр да дөрекі әрі баяу қимылы тұтас команданың нәтижесіне кесір тигізеріне кәдік жоқ- ты.

Ақыры «Кенгуруше секіру» жарысы басталды.  Оған қатынасатын балалар сары кенеп қапқа түсіп алып, секіріп отырып, көмбеге жеткен соң, тағы да секіріп кері қайтып, қаптан өрмелеп шығады екен.

Команданың соңын ала тұрған Крустиға тігіле қарап тұрмын. Ұзынтұра ұл бала Крустидің арт жағына келіп тұра қалып, белінен қапсыра құшақтады. Қалған екі ұл бала онан сәл оза тұрды. Крустидің алдындағы команда мүшесі қаптан өрмелеп шыққан заман озыңқы тұрған екі ұл бала қапты алып аузын ашты. Сол сәт әлгі ұзынтұра ұл бала Крустиді көтеріп әкеліп, қапқа еппен сүңгітіп жіберді. Крустидің алдыңғы жағында тұрған қыз оның қолынан демеп, дене тепе-теңдігін сақтауға көмектесті. Сосын, Крусти секіре жөнелді. Жүзінен күлкі лебі есіп, масаттанғандай бейне байқатады.

Тәрбиешілердің, сабақтастары мен ата-аналардың дүрліге алқасқан айғай-сүренін жамылып, ақырын кері бұрылдым да алыстай бердім. Мынау өмірде жарымжан қызымды бейне өз теңдестеріндей топтық жарысқа қатысуға қатарларына тартатын  осындай да мейрімді, басқалардың мұң-мұқтажын түсіне білетін жандарды жаратқан Тәңірге іштей алғыс жаудырумен келемін.

Көз жасым, ақыры көлдей жөнелді...


Қытай тілінен аударған Әбдығазы Зақанұлы 

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...