Хас тұлпарға қашанда жаңа тыныс керек

АУДАРМА
2461

Яшар Кемал — Түрікиямен қатар Батыс әлеміне де танымал, Түріктің маңдай алды жазушыларының бірі. Балалар әдебиеті жазушысы Айше Ямаштың әйгілі қаламгермен кездесіп дайындаған репортаж-сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Айше Ямач: Яшар мырза, бүгінде Түрік әдебиетімен қатар әлем әдебиетіне 30-дан астам құнды кітап сыйлап үлгердіңіз. Сіз туралы көп айтылып, көп жазылды. Шығармаларыңызда Чукрованы, Чукрова адамын жырлап, әлемге паш еттіңіз. Елімізге осынау даңқты сойыңызбен мәшһүр әрі қадірменді жазушысыз. Артыңызға бұрылып, творчестволық өміріңізге зер салғанда, кезінде ойға алып бірақ жаза алмаған белгілі бір тақырыбыңыз яки кітабыңыз болды ма? 

Яшар Кемал: Жоқ. Жалпы, қазір жазуды қойдым. Не бастасам да, аяқсыз қалатынын білемін. Қазір Тек «Арал хикаясының» төртінші бөлімін жазып жатырмын. Мұны да толық бітіре аламын ба, білмеймін.

Жазушының жауабына менің де көңілім толқып, біраз уақыт үнсіз қалдық. Осы кезде қонақ бөлменің бір қабырғасында лықси толған кітап шкафбына көз салып едім. Кенет ойыма Weekly View журналынан (1987 ж. 22-28 наурыз, 23-сан) оқыған сөздер келді. Сосын дереу автордан сұрадым: 

Айше Ямач: Бірде журналға берген сұхбатыңызда: «Мұғалімнің айтқанын балалар тек жаттайды. Бұл балаларды құлша тәрбиелеу. Құл қашанда, құл жасауға тырысады. Барлық жерде осындай тәрбие болған жағдайда әлемде шын демократия болмайды. Біз ауыл институттарымен бірге өмір сүру, қызмет жасау арқылы білімге де үлес қостық. Егер осындай тәрбие жүргізілсе, әлемде соғыс болмас еді. Өйткені ол әдеттегі білімнен тыс, табиғатпен, астрономиямен, өзгеріп жатқан құбылыстармен бірге дамитын нағыз адам болар еді. Ауыл институттары – түркілердің ХХ ғасырда жасаған және адамзатқа берген ең үлкен табысы. Мен Түркияның үш нәрсемен мақтанғанын қалаймын: Ататүріктің өзіне және тәуелсіздікке оралу саясаты, Хаккы Тонгучтың демократиялық тәрбиесі және Назым Хикметтің гуманитарлық, ұлттық поэзиясы», депсіз. Бұл сөздерді айтқаныңызға он тоғыз жылдай уақыт өтті. Қазір еліміздегі жағдайға қарасақ, әр салада одан әрі құлдырау байқалады; әсіресе білім беру саласында. Қазір бұл туралы не айтар едіңіз?

Яшар Кемал: Иә, үшеуі де өте маңызды. Назым Хикмет поэзиясы нағыз гуманистік жыр. Түнде оның өлеңдерін қайта оқыдым. Назым Хикмет – таза, перзенттік рухты, ұлы адам. Ол жеті жасар бала сияқты. Әрқашан солай болып қалды да. Анадолыға саяхаты және түрме өмірі оны Анадолы халқымен етене таныстырып, әлеметтік мәселелерді көтеруге, ауқымды тақырыптарды сезіне жазуға мүмкіндік берді. Ол бар ғұмырын айдауда өткізген тағдырлы ақын. Тіпті Ресейдің өзінде оны Сталин өлтіргісі келген, Мәскеуде түрікмен офицерінің арқасында ажалдан аман қалған. Назым Хикмет – өмірінің әр кезеңінде диссидент болған жалынды жыршы. Ол нағыз творчество адамның тағдырын басынан кешті. Ауылдық институттарға келсек. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, бүкіл адамзат үшін жүзеге асырылуы тиіс жүйе болатын. Маркс өндірістік қатынастар туралы да жазған; бірақ, тым шағын, бір беттен аспайды. Дегенмен, біз үшін ауыл институттары үлкен жетістік болды. 

Сөзін аяқтаған соң күлді. Сырттан жанымызға жаңа ғана кірген өзінің әйелімен таныстырды. Оның менімен аттас екенін білгенде: «Ағаштың жақсысы – емен, қыздың жақсысы – Айша, деген тәмсіл бар Анадолыда!» деп қалжыңдадым. Яшар Кемал бір риасыз кейіпте, оны мен де мойындаймын. - Иә, дұрыс айтасың, - деп езу тартты.

«Арал хикаясы» туралы сұрағымды қоймас бұрын, Яшар Кемалдың көптеген шығармалары туралы шетелдік баспасөзде айтылған сөздер есіме түсті. Жазбаларды қараудың да қажеті жоқ еді. Мен бұған дейін талай рет оқығанмын. Мынадай сөйлемдер көз алдымда көлбеңдей берді: «Яшар Кемалдың романы байырғы бір ғажайып халық әніне ұқсайды. Тартымды, қарапайым әрі елігтіргіш…» Die Weltvoche (Швейцария) 

«Яшар Кемал – ұлы жазушы. Оның шығармалары - өзгеше тағдыр жолына бай адамның бастан кешкен шытырман оқиғасы сияқты». Fönstet (Терезе). (Швеция) 

«Заманауи жазушыны мысалға келтіргім келгенде, есіме ең бірінші Яшар Кемал келеді». Рэймонд Уильямс 

«Яшар Кемалдың творчествосы - аса мұқият дайындалып, үлкен кенепке салынған сурет сияқты». Пол Теру - The New York Times (АҚШ) 

«Ол керемет жазушы... Оқырман оның шығармаларының сұлулығына тәнті болып, аяқтаған кезде таңданыс пен қуанышқа бөленеді». Femme d'aujourd'hui (Франция) 

«Яшар Кемал – біздің заманымыздың ең ұлы роман-эпопеяшысы. Бұл пікірмен оның романдарын оқыған әрбір адам келіседі. Біздің заманымызда Яшар Кемалдың құдіретіне ешбір жазушы жетпегенін білуіміз керек». Torbjörn Safve (Швейцария) 

«Яшар Кемалдың қиялы, адам рухының шым-шытырық сырларын жете меңгергендігі, ақындық өрнектерінің тереңдігі біздер қастерлейтін көркем туынды жасады. Ол заманымыздың ең жақсы жазушылардың бірі». Джереми Брукс (Англия) 

«Яшар Кемал – ХХ және ХХІ ғасыр әдебиетінің ең ұлы жазушыларының бірі». Барри Тарауд (АҚШ) 

Айше Ямач: Яшар бей, «Арал хикаясы» сынды көші-қон эпопеясын жаздыңыз; Осындағы көшпенді, шаруа халықтың азапты тағдыры туралы жазу ойыңызға қайдан келді?

Яшар Кемал: Мұны бұрын талай рет айтқанмын. Жазылған және сызылған. Мен де сол көшпелі баласымын. Мен де сол машақатты жылдарды басымнан өткіздім; бірақ көріп тұрғаныңыздай үмітімді үзбей өмір сүрдім; осы күнге жеттім. 

Көз алдыма Шығыстан Аданаға созылған көш жолдары келе берді. Жолда атасы мен әкесінің қиыншылықтары... Хемитеге қоныстануы... Әуелі сол жердегі өмір... Содан кейін, мектептегі жылдары... Хемиттен кету... әдебиет сабағы... Рамазаноғлы кітапханасы... Орхан Кемалмен кездесу...Зымыраған жылдар. Мұндағы қиын өмір кешулері... Қоңыр көзілдіріктің ар жағындағы мұң мен қуаныш толқындары... 

Мен көзімді Босфорға бұрдым. Алдымыздан бір үлкен кеме өтіп бара жатты. Босфор көгілдір әлемімен көз арбап, қонақ бөлменің дәл ортасында, кірпігімнің ұшында тұрғандай көрінді... Терезенің сыртында балкондағы ілгіш темірде, Яшар Кемалдің өз қолымен жасаған жел раушандары көзіме шалынды. Ал,бөлмеде дүниенің жер-жерінен әкелінген сансыз марапаттар... Соңынан әңгіменің желісін жаңа арнаға бұрдым: 

Айше Ямач: Түрік және әлем әдебиетінде көптеген марапаттарға ие болдыңыз. Жазарман үшін қашанда қаламның құдіреті шексіз ғой; мұның басқа да факторлары бар ма?

Яшар Кемал: Иә, шығармаларымның шет тілдеріне аударылуына бұрынғы әйелім Тильда көп үлес қосты. Тильда бірнеше тілді еркін меңгерген. Оның әжесі ағылшын еді. Ағылшын тілі ана тілдерінің бірі болғандықтан жеттік болды. Сосын француз тілін, тағы басқа төрт тілді еркін білетін. Тильда менің он жеті кітабымды аударды. Кейінірек басқалар да солай аударды. Қазіргі таңда кітаптарым жалпы қырық үш тілге аударылды.

Айше Ямач: Бүгінде авторлар өздері құрған шеберханаларында әдебиет өнерін (жазушылықты) үйретуге тырысуда. Әдебиетті, жазуды үйретуге болады деп ойлайсыз ба?

Яшар Кемал: Жоқ; үйрету мүмкін емес. Мұны бірінші болып америкалықтар бастады. Жазушылыққа кандидат болғандар Америкаға барып, осы курстарда жеті жыл оқыды, бірақ әлі де жазушы бола алмады. Бүгінде Америкада бұл курстарда тәлім алған жақсы жазушы шыға қойған жоқ.

Біз жазушыны қатты шаршатқымыз келмей, кетуге ыңғайланып едік; ол жібермеді. «Шайсыз болмайды!» деді. Көп ұзамай әйелі Айша Ханым табақпен торт, шәй әкелді. Сонымен, шай ішіп отырып әңгімемізді жалғастырдық:

Айше Ямач: 1980 жылдан кейін дамыған постмодерндік әдебиет туралы не айтар едіңіз?

Яшар Кемал: Түрік әдебиеті – мықты әдебиет. Хас тұлпарға қашанда жаңа тыныс керек. Бір-ақ рет сүрініп кетсе, қаумалаған қарашаны жоғалтып алады. Сол сияқты Түрік әдебиетіне әрқашан жаңа талпыныс керек. Қазір Стамбұл диалектісімен кітап жазылмайды. Жазушылар алдымен Анадолыға барып, түрік тілін үйреніп, содан кейін жазуға кірісуі керек. Мысалы, Адананың Чардак ауылына барсын. Ондағы жұрт ең әдемі түрік тілінде сөйлейді. Оларға үйренуге мүмкіндік беріңіз; содан кейін жазуға әрекет жасасын.

Негізгі мәселе құрылымның қарапайымдылығында. Үлкен классикалық шығармаларда, эпопеяларда, халық ертегілерінде артық сөз, артық суреттеу болмайды. Барлығы оқиғаны орынды жеткізу үшін қызмет етеді. Қазіргідей, ешқандай түсініксіз сипаттама жоқ. Сіз айтқан нәрсе мақалада міндетті түрде болады. Мысалы, бұлт туралы айтса, жаңбыр туралы бір-екі сөйлем қосылады; жаңбыр жауды ма, жаумады ма дегендей. Егер егістік туралы айтылып жатса, егіннен қайтқан немесе сол егістік маңынан өткен біреу туралы айту керек; Дәл «Короғлу» дастанындағыдай.

Маған көз алдымдағы осынау ғасырлық шынар ағашындай алып тұлғадан үйренетініміз қандай көп еді деген ой келді әрі өз тақырыбым, балалар әдебиеті туралы сұрақ қоюды асыға күттім. Біз жазушыдан сөмкеміздегі кітаптарымызға қол қоюын сұрадық. Мен сөмкеден «Инже Мемедтің» мұқабасы арнайы тігілген бірінші томын шығардым. Ол кітапты бейне баланы еркелеткендей сүйіспеншілікпен сипап, парақтап отыр. «Қандай әдемі байлау; Мен бұрын-соңды мұндайды көрмедім ». Даусынан ерекше риза, бақытты екені сезілді. Мен де бақытты едім. Жазушы кітабыма қол қойып жатқанда, мен тағы бір сауал сұрадым:

Айше Ямач: Яшар Бей, мен балалар жазушысымын. Осы тақырыпта сіздің пікіріңізді сұрасам, не айтар едіңіз? 

Яшар Кемал: Жалпы балалар әдебиеті деген ұғым жоқ. Мен мұны бұрын да айтқанмын. Кезінде, Францияның өзінде тартысқа айналды. Миттеран екеуміз осыны сағаттап талқыладық. 

Ол кідіріп, үстел үстінде тұрған «Шірік ағаш» атты кітапқа қолын созды. Әңгімелесіп отырып, кітапты парақтап, бір тарауын іздей бастады.

Яшар Кемал: Ол кезде Франсуа Миттеран президент болатын. Төрт сағаттан астам әңгімелескеннен кейін орнымнан тұрғым келді. Қасымдағы адамдар «Не істеп тұрсың? Президент қозғалмайынша тұруға бола ма?», деп ескерте бастады. «Мүмкін», - дедім мен. «Миттеран президент болмай тұрып-ақ менің досым болатын...»

Сөйтіп, өзі іздеген бөлімді тауып, маған көрсетті. Бұл балалар әдебиеті туралы сұхбат екен. «Пілдердің сұлтаны» романы бойынша алыныпты. Жазушы кейбір тарауларға тоқталып, сөзін сабақтады:

Яшар Кемал: Әдебиет адам баласына арналған. Және адам баласының игілігіне қызмет етуі керек. Чехов былай дейді: «Балаларға арналған бөлек дәрі жоқ. Тек дәрінің дозасы ғана өзгереді». Сол сияқты балаларға арналған бөлек әдебиет те жоқ. Ең бастысы, балалар түсінетін роман ғана емес, балаларды, олардың болымысын зерттейтін романдар мен әңгімелер жаза алу. Балаларға бөлек жаратылыс ретінде қарау маған ақылсыздық сияқты көрінеді! Мен үшін бала мен үлкен адамның айырмашылығы жоқ. Егер біз балалар көркем шығарманы түсінсін десек, оның басқа тәсілдерін, басқа формаларын іздеуіміз керек. 

Бала күнімде үлкендермен бірге жұрт ішінде түні бойы айтылатын дастандар, аңыздар, халық ертегілерін тыңдайтынбыз. Ауылда бізге ешкім «баласыңдар, түсінбейсіңдер» демейтін. Сегіз жасымда естіген бұл халық ертегілері әлі есімде. Бірақ олар балалық (арнайы балаға тән) шығармалар ма? Жоқ. Мысалы, «Пілдердің сұлтаны» романымда балалардың түсінуі үшін басқа әдісті қолдандым. Осы романның жобасын жасап жатқанда бала күнімде естіген халық аңыздары мен ертегілері есіме түсті. Осынау халық әндерін, дастандарын, ертегілерін тыңдап отырып, өзімізше қайталайтынбыз: «Менің басымнан да айналмай өтпейтін үш мәселе бар, олар: айырылу, жоқшылық және өлім». Ол кезде біз де бала болдық, бірақ осы нәрселерді түсіндік. Мәселе адамзаттың негізгі, ортақ тақырыптарында, адам баласын қашан да толғандыра беретін адамзаттық проблемаларда. Сондықтан бала, жұмысшы, шаруа, зиялы; Олар әркімнің меншігі. Бұлар қазірдің өзінде әрбір адам баласының басында бар ортақ жағдаяттар.

Әуелі әбден ойлануыңыз керек. Мысалы: Мен романымды  үлкенді-кішілі барлығына түсінікті ортақ тілде жеткізу үшін қандай формада жазуым керек немесе жаза аламын? Гомер шығармалары, Короглу дастандары мен ертегілердің өзіндік баяндау тәсілдері бар. Бұл қарапайым классика болғаны сондай, оны өткеннен бүгінге дейінгі тұтас адам баласы түсіне алады. Осындағы баяндау әдістерін мен де қолдандым. Оны «Пілдердің сұлтаны» ғана емес, «Инже Мемедтің» бірінші томында да сынап көрдім. Француз сыншысы Энн Филипп мұны өте жақсы түсінсе керек, ол: «Міне, шаруаға да, қалалыққа да, балаға да, зиялыға да бірдей түсінікті әрі оқыған кісі ләззат ала алатын роман», - деді. Балалар мәселесін шешпей, адамзат ешқайда бара алмайды. Біз балаларымызға барлық қиыншылықтарымызды, тіпті ең күрделі мәселелерімізді де аңғарта аламыз. Бұл – талпыныс, шеберлік дер едім. Біздің елде балаларды балалар әдебиеті деп қақсап азаптайды. Ондай әдебиет жоқ! 

Жазушының бұл көзқарастары маған тосын сезілді. Жалпы қаламгердің пікірін байыппен ойласақ түсіне аламыз.  Дегенмен, мен жылдар бойы шығармаларын сүйсіне оқып, құрмет тұтып келген автордың мұндай тосын ойлары мені қатты қайран қалдырды. Соңынан оған соңғы шыққан «Әли хикаясы» атты кітабымды ұсындым.

Сонымен, қоштасатын сәт те келді. Мен Эскішехир өнер қауымдастығының, «Өзгүр терезе өнер және әдебиет» ұйымының және жеке өзімнің атымнан Яшар Кемалға шын жүректен алғысымды білдіріп, «Біз әрқашан сіздің қаламыңыздан тамшылаған сұлулықты көргіміз келеді», деп қолын қыстым. Автор да «Келгендеріңізге рақмет» деп орнынан тұрып қоштасты. Осылайша рельсті, төбесі ашық лифтпен төменге түсе бердік. Яшар Кемалдың жастарға деген сүйіспеншілігіне, жазушымен жүздескенімізге қатты толқулы едік. Енді «мастығымыз» басылмай тұрып, алдымен таксиге, сосын Бешикташ паромына мінеміз. Бақыттан нұрланған жүзімізге жұрт біртүрлі қарайды. Мен күлімдеп келемін.

Ayşe Yamaç15.01.2006

Аударған: Естемес Шакіржан 

Жаңалықтар

Заманбек Нұрқаділовтың алғашқы жары Нұрбике Нұрқаділова көз жұмды, деп хабарлайды Madeniportal.kz....

Жаңалықтар

Жоғары аудитор палатасы қайырымдылық қорларының жаппай тексерілетінін айтты, деп хабарлайды madenipo...