Антон ЧеховАударған Р.АхмедовТүс кезі. Бойшаң келген, сом денелі, тақыр басты, бадырақ көз Волдырев...
Джеймс Джойс. Эвелина (әңгіме)
Терезенің алдында ақшам ымырты жамырай бастаған кешкі көше тіршілігін тамашалап отыр. Басын терезе передесіне сүйеп еді, танауына шаңды кретон исі келді. Неге екені, өзін қатты шаршаңқы сезінді.
Көшеде қайшалысқан кісі қарасы саябырлапты. Ең шеткі үй иесі де, қоналқаға қарай аяңдады. Бетон үстінде тақылдаған, қызыл кірпіштен жаңадан салынған үйлердің алдындағы шағылды шықырлатып басқан аяқ дыбысын сезді. Бұрын бұл жер бос алаңқай еді, әр күні кешкісін осында бүтін ауыл балаларымен бірге ойнайтын. Кейін Белфасттан келген біреу сатып алып үй салдыра бастады. Өзі бұздырған ұсақ үйшіктер сияқты емес, төбесі жарқыраған кілең зәулім кірпіш үйлер. Көше бойында тұратын балалар: Девиндер, Ватерлер, Дундар, кішкентай мүгедек Георг, өзі және бауырлары бәрі осында ойнайтын. Алайда Эрнест бұларға ешқашан қосылған емес, себебі ол есейіп кеткенді. Әкесі үнемі жетіп келіп, қолындағы қамыс таяғын шошаңдатып, бұл арадан қуа жөнелетін. Көбінесе кіші Георг қарауылға тұрып, әкесі көрінсе бұларға хабар беретін. Дегенмен, сол күндері шын бақытты шақтары екен. Ол кездері Әкесі соншалық қатыгез емес-ті әрі анасы да тірі болатын. Енді сол шақтар елес болып артта қалыпты. Сіңілі, бауырлары бәрі де бойжетіп, азамат болды, анасы дүниеден қайтты. Тиззе Дун да бақилық болды. Валтерлер де Англияға қайтты. Бәрі өзгерді. Енді міне, өзі де басқалар сияқты бұл жерден кетпек, туған үйінен айырылмақ.
Үй! Бөлме ішін барлады, қаншама жыл аптасына бір рет шаң-тозаңын қағып-сүртетін осынау таныс заттарға, осыншама шаң-тозаңның қайдан келетіне таңдана көз жүгіртті. Осылай бәрін тастап кететіні үш ұйықтаса түсіне де кірмеген осы бір таныс, ыстық дүниелерін бәлкім енді еш көрмейтін шығар. Тіпті, қасиетті Маргарита Мария Алакокқа берілген өсиетнаманың транскрипциясын көрсететін литографияның жанындағы сынған кішкентай шыны қораптың үстіне ілінген сарғайған суреттегі священниктің атын да, осы күнге шейін көңіл қойып есіне сақтамапты. Ол әкесінің мектептес досы еді. Әкесі қашанда суретті үйге келген қонаққа көрсетіп, сұлесоқ қана:
«Енді, бұл Мельбурнда», дейтін.
Кетуге, үйінен айырылуға риза еді. Қарары дұрыс па? Мәселені екі тараптан да таразылауға тырысты. Үйінде жоқ дегенде баспанасы, жемек-ішпегі бар; маңында өмір бойы танып, білген жұрт бар-ды. Иә, үйде де, жұмыста да көп еңбектенуі қажет болатын. Біреумен бірге қашып кеткенін білген сәтте, соңынан дүкендегілер не демек? Ақымақ дер, бәлкім; орнына басқа біреуді алу үшін, іздестіріп жарнама жаяр. Мисс Гаван жаулығын аспанға атып, қуанар.
«Мисс Хилл, ханымдардың күтіп қалғанын көрмедің бе?»
«Кішкене жанды болсаңызшы, Мисс Хилл, өтінем».
Дүкеннен кетудің үзіле қоярлықтай еш мәні жоқ-ты.
Жаңа үйінде, белгісіз ұзақ бір өлкеде, тап бұлай бола қоймас. Ол кезде тұрмыс құрар еді – о, Эвелина. Сонда жұрт оны құрмет тұтар еді. Анасы сияқты қарамас еді. Он тоғыздан асса да, қазірдің өзінде әкесінің қарадүрсін-қатыгездігіген жасақанып, қорқады. Бала кезінде, есейгенде де әкесі бұны қыз баласы болғаны үшін Харри мен Эрнестті ұрғандай ұрып-соғып көрмеді. Бірақ соңғы кездері әкіреңдейтінді шығарды, қайтыс болған анасының беті үшін демесе, бұған не істеп-не қоятынын айтып, әбден қоқаңдап бақты. Оның үстіне қазір қорғайтын ешкімі де жоқ. Эрнест қаза тапқан, шіркеу безендіруші ретінде күн көре бастаған Харри де көптен бері ел сыртында, ұзақта болатын. Әсіресе, сенбінің кешінде ошақ басында басталатын бітпес бір ақша жаңжалы әбден мезі қылып біткен. Бұл қашан да бар тапқан-таянғанын әкесіне беретін. Харри де беруге тистінің бәрін оның алақанына салады, бірақ әкесінен кері ақша алу бір үлкен қиямет еді. Әкесі оған сен ақшаны ысырап еттің, ақылсызсың, маңдай термен зорға тапқан тиынды көшеге шаштың деп қай-қайдағы айтатын, осылай әр сенбі көңілбұзар бір азаппен өтетін. Әкесі соңында ақшаны беріп, жексенбінің ас-ауқатын дайындау керектігін айтып, тапсынады. Содан азық-түлік алу үшін дереу дүкенге бет алады; қара түсті әмиянын алақанына тастай қысып ап, қарақорым жұрт ішінен зорға өтіп, қас-қарая бір дорба жүгімен қайта оралады. Үйдің асы-суымен қатар бар ықтияжы өз қарауында қалған екі баланың уақытында тамақтанып, сабағына барып-келулерін қамтамасыз ету үшін көп еңбектенуі керек болатын. Тірлігі, өмірі қиын еді бірақ дәл қазір бәрінен қол үзіп кетер шақта, соншалықты бір жеккөрерліктей азапты өмір сияқты көріне қоймады.
Франкпен мүлде, басқаша бір өмір өлкесіне қадам баспақ. Франк – кең, ашық, мәрт азамат. Түнге қарай екеуі кемеге отырып, үйленіп, өздері қалаған үйде өмір сүрулері үшін Буэнос-Айреске кетепек. Оны алғаш көрген сәті ап-анық көз алдында, үлкен даңғылда, ара-тұра өзі кездесуге баратын шағын қоналқада тұратын. Бейне бір-екі апта бұрын ғана сияқты. Оны қақпа алдында тұрған жерінен көрді, шапкасын бір жақ шекесіне қарай жыға киіпті, ұзын шашы маңдайын көмкере жүзін жауып тұр. Сосын танысты. Әр күні кешкісін мұны дүкеннің алдында күтіп алып, үйге дейін шығарып салады. Бірде «Сергелдең қыз» спектакліне ертіп апарды, қойылымның түсініксіз жеріне келіп, онымен тізе қағыстырып қатар отырған сәтте өзін бейне аспанда қалықтап жүргендей сезінді. Жігіт музыканы жақсы көріп, біраз ән салатын. Екеуі бір-біріне ықыласты көрінді; теңізшіге ғашық қыздың әнін айтқан сәтте, қызара бөртіп, не істерін білмей қипақтап қалады. Бұл оған әзілдеп қуыршақсың дейді. Алғашқыда жігітпен жүріп, сөйлесу қызық көрінді, бірақ соңғы уақытта шындап ұната бастағанын сезді. Алыстағы, бейтаныс өлкелер туралы қызықты хикая айтатын. Алғаш жұмысын Канадаға барып-келетін Аллан компаниясындағы бір кемеде, айына бір фунт стерлингке қарапайым тасушы болып бастапты. Бұған өзі жұмыс істеген кеменің, басқа компаниялардың аттарын айтып өтті. Магеллан бұғазынан қалай өткенін, Патагониялықтардың қорқынышты хикаяларын баяндады. Буэнос-Айрестен табанынан тозып зорға шығыпты, өзінің айтуынша байырғы отанына жақсылап бір демалмақ үшін келіпті. Әрине әкесі жағдайды білді, қызының да онымен кездесуіне тиым салды. Әкесі «Мен жақсы білем бұл теңізшілеріңді», деп шіренді.
Бір күні Франкпен керісіп қалды, содан бастап сүйіктісімен жасырын кезігіп жүр.
Даланы қараңғылық қымтай бастады. Қолындағы екі хаттың бірін Харриге екіншісін әкесіне жазған. Эрнестті бәрінен артық көретін, Харриді де жақсы көретін. Сезетін, әкесі соңғы уақытта қартайып барады; үйден кетсе, ол да қызын сағынатын шығар. Кейде шуақтанып, жақсы көрінетіні де бар-ды. Жақында, ауырып бір күн төсектартып жатқанда, бұған кітаптан бір елес жәйілі хикая оқып, отқа қойып нан қызартып берді. Бұрын да анасының тірі кезінде, бәрі бірге Хоут жотасына сейілге шыққан. Сондағы әкесінің анасының жаулығын тағып алып, бәрін күлкіге қарық қылғанын есіне түсірді.
Уақыт сырығып өтуде, бірақ бұл терезенің алдында, передеге басын сүйеп әлі отыр, тағы да танауына шаңды кретон исі келді. Көшенің алдыңғы жағынан шарманканың сазы естілді. Әуен – өзіне жақсы таныс. Бұрын да шарманкашының тап осы әуенді шалғаны, қолынан келгенше отбасына бас-көз болатынын айтып анасына уәде бергені есіне түскені қандай өкінішті. Ауырушаң анасының соңғы түні көз алдына келді; онда да залдың арт жағындағы шағын, қараңғы бөлмеде жатқан және сырттан меланхолиялық Итальян сазы естілді. Шарманкашыға жарты шиллинг (Батыс Еуропаның ақша бірлігі) беріп, басқа жерге кетуін өтініп еді. Әкесі қомпылдап, науқас анасының жанына:
«Лас Итальяндар! Мұда нес ісі бар!», деп ызбарланып кірген.
Анасының аянышты өмірінің көрінісі осы бір қайғылы сәтте бар сиқырымен жан дүниесін жаулап, ақыры шөлге жұтылып бітетін құрбандық керуеніндей көз алдына көлбеңдей берді. Ақымақша жалбарына "Deravaun Seraun! Deravaun Seraun!", деп күбірлей бастаған анасының дауысын естінгендей, өне-бойын дірліл шарпыды.
Кенет үрейлене орнынан атып тұрды. Қашуы керек! Қашуы керек, енді! Франк құтқарар еді. Бұған жаңа өмір , бәлкім махаббат та сыйлар. Қалайда өмір сүргісгі келеді. Не үшін бұл көңілсіз болуы керек; бақытты болу мұның да хақы ғой. Франк бұның қолынан ұстап, құшағына басар, құтқарар еді.
Солтүстік айналымдағы станцияда оң-солға қайшалысқан қарақорым жұрт ішінде тұрған. Франктың қолынан ұстап, кемеге міну жайында бірдеңені қайта-қайта пысықтап тұрғаны анық есінде. Станция маңы арқасына сумка асынған әскерлерге толы. Көз алдына лиман тұрағынан баяу қозғала бастаған кемелердің сұлбасы келді, дөңгелек терезелері жарқырап, қондырғы-бұйдасы үзілердей тербеліп тұр. Бұл ештеңені де сезіп, тіл қатпады. Бетінің тастай қатып, бозарғанын сезді әрі құдіретті құдайдың қазіргі міндетінің не екенін ұқтырып, өзіне бір жол нұсқауын өтіне дұға жасап жатты. Бір алып кеме тұман ішінде мұңлы дауысымен боздап (гуілдеп) өткендей болды. Кетер болса, Франкпен бірге Буэнос-Айрес бағытындағы теңіз жолында болар еді. Билеттерін де алып қойған. Франктың өзі үшін жасаған осыншама ісінен соң қалай ғана кері қайтпақ? Қайғы, уайымнан жүрегі қысылғандай; қасиетті дұғаны ішінен үнсіз күбірлеп тұрғандай, ерні дір-дір етті. Жүрегінің үстінен әлдебір қоңырау соғылғандай болды. Әлдекімнің қолынан ұстағанын сезді:
«Кел!»
Әлемдегі бүткіл теңіз атаулы жүрегін қаумалай, қоршап алыпты. Франк теңіз толқындары ішінен бұны өзіне арбап, тартып барады: тұншығып, демі сығылды. Екі қолымен қоршау темірден құлай, құшақтады.
«Кел, бері!»
Жо! жоқ! Жоқ! Бейне жынды адамдай қос қолымен темірге тастай жабысты. Теңіз жақтан бір ащы айқай келді.
«Эвелина! Эвели!»
Франк турникеттен өтіп, дауыстап оны шақырды. Маңындағы жұрт оған жақындауын айтып, қол бұлғады, бірақ ол әлі Эвелинаны шақыруда. Оған шүперектей бозарған қуарыңқы жүзін бұрды; бейне енжар, шарасыз, мөлиген бір мақұлық сияқты. Жанарында не сезім-махаббат, не бір серт-сенім, не болмаса бір таныс-жақындықтың ілтипаты да жоқ.
Аударған: Естемес Шакіржан