Сөз тіркесінің өз заңдылығы бар. Кез келген екі сөз бір-бірімен жайдан жай, жүйесіз тіркесе қалмайды...
Тіл саясаты және «Жұмсақ күш»
«Қазақ халқы әлемде бірінші болып жазу ойлап тапқан халық», – дейді абайтанушы ғалым, тоқсаннан асқан абыз ақсақал Мекемтас Мырзахметұлы. Қытай жазуының 5 мың жылдық тарихы болса, Еуразия төсіне жайғасқан ежелгі түріктердің ата-бабалары ойлап тапқан жазу Орхон-Енисей жазуынан да әрі пайда болған «ойма жазу» болғанын, оның 6 мың жылдық тарихы бар екенін айтады. Өркениеттің бір белгісі – жазу болатын болса, көне дәуірдің өзінде жазу-сызуы болған халқымыздың ұлттық тілі – қазақ тілінің мәселесі баршамыздың ортақ мәселеміз болуға тиісті. Қазақ тілі қазақстандықтар үшін мемлекеттік тіл болса, қазақтардың ана тілі. Әлемде төл тілін ана тілі деп атайтын халық көп емес, саусақпен санарлықтай ғана. Мысалы, ағылшындар мен француздар осылай атайды екен.
Мемлекеттік тілдің әлемдік тәжірибесіне үңілсек, ол халық санына қарамастан, сол елде қоғамдық өмірдің барлық салаларында қатаң қолданылады. Мәселен, Иранда парсылардың саны барлық халықтың үштен бірінен сәл ғана асатынын туралы ақпарат көзіме түсті. Елдің мемлекеттік тілі – парсы тілі. Бұл елде 25 миллион әзірбайжан тұратын көрінеді. Алайда мемлекет құрушы халық парсылар болғандықтан, парсы тілінің мемлекеттік мәртебесі бәрінен биік тұрады.
Ақырындап аяңдап отырып осы жағдайға біз де жетеміз. Десек те қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі болғандықтан, оның мемлекеттік мәртебесін көтеру – кезек күттірмейтін міндет.
Қазіргі уақытта қазақ тілінің қолданыс аясын арттыру жолында ауқымды шаралар қолға алынуда. Осы ретте мемлекеттік тіл мәселесін жан-жақты қарастырған құжат пен әлеуметтік зерттеулерге арналған бір еңбекті атап кеткен жөн. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНДА» шешімін табуға тиісті мәселелер мен шаралар нақтыланған. Атап айтқанда, Қазақстан аумағындағы терең тарихи, мәдени және психологиялық базасы бар мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретінде толыққанды қолданылуы жүзеге асырылуға тиіс екені, сондай-ақ халықаралық коммуникациялық алаңдарда қазақ тілін қолдануды өрістету және оны шетелде оқыту бойынша жұмыстарды іске асыру мәселесі нақтыланған.
Сондай-ақ бағдарламада білім беру мекемелері, мерзімді басылымдар, тіл орталықтары, телерадиокомпаниялар, кітап шығару және т.б. тілдің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қоғамдық инфрақұрылымдардың болуы атап көрсетіледі.
Құжатта Қазақстандағы тіл саясатын іске асыру барысында қолға алынған шаралардың қатарында атап өтілгені:
- мемлекеттік тілдің демографиялық базасының нығаюы (қазақтілді азаматтар санының өсуі);
- бизнесте, білім беруде, мәдениетте, мемлекеттік секторда тіл қолданысын кеңейту тетіктері әзірленуі;
- тілді қолдау инфрақұрылымының дамуы (оқыту, аударма орталықтары және басқалар).
Жоғарыда тіл мәртебесіне қатысты екінші еңбек – тілші-ғалым А.Фазылжанованың «Қазақ жазуын жаңғыртудың әлеуметтік тілтанымдық негіздері: тілдік жағдаят және тәуекелдерді басқару» атты монографиялық еңбегі. Ғалым бұл зерттеуінде мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жолдары ретінде мына мәселелерді атап көрсетеді:
1) Қазақ тілінің білім беру саласындағы қызметін кеңейту, қолданыс мәдениетін арттыру.
2) Қазақ тілінің ғылым саласындағы қызметін кеңейту, қолданыс мәдениетін арттыру.
3) Мемлекеттік ұйымдардағы қазақ тілін білу деңгейін арттыру және оны бағалау жүйесін жетілдіру.
4) Мемлекеттік емес ұйымдардағы қазақ тілінің қызметін реттеу.
5) Қазақ тілінің ақпараттандыру және байланыс саласындағы қолданысын жетілдіру.
6) Қазақ тілінің мәдениет, халыққа қызмет көрсету, БАҚ және бизнес саласындағы қызметін реттеу.
7) Мемлекеттік тілдің қоғамдық беделін арттыру және насихаттау.
8) Қазақ тілінің халықаралық қатынас тілі ретіндегі қызметін жүзеге асыру.
9) Жазу мәдениеті жоғары тұлғаның беделді бейнесін қалыптастыру.
Көріп отырғанымыздай, соңғы жылдары атқарылған шаралардың бәрі әлеуметтік зерттеулерге сүйене отырып әзірленген бағдарлама аясында жүзеге асырылып отыр.
Алдағы уақытта осы көтерілген мәселелер түбегейлі шешімін табатын болса, мемлекеттік тіліміздің лайықты тұғырына қонатынына күмән жоқ. Тіл мәселесі – жекенің ісі емес, қазақ тілін мемлекетімнің тілі, ана тілім дейтін баршаның ісі. Сөз реті келгенде айта кетейік, бір ғана Қарағанды облысының өзінде мемлекеттік тіл саясатын жетілдіріп, қолданыс аясын арттыру мақсатында салмақты шаралар қолға алынғаны белгілі. Соңғы айлардың олжасы «Ақселеу Сейдімбек атындағы республикалық әдеби-шығармашылық», «Үлгілі отбасы» байқаулары өткізілді. Тамыз айында тұңғыш рет ұзақ мерзімді қамтитын «Тіл – Қазына» ауқымды жобасы қолға алынды. Бастапқыда облыс өңірлерінде мемлекеттік тілдің қоғамдық беделін арттыру бағытында үгіт-насихат жүргізу түрінде басталған шара қазақша сөйлейтін өзге этнос өкілдерінің балабақшадағы балалары арасында «Қазақшаң қалай, балақай» жобасы арқылы жалғасын табуда.
Тыңдаушының тіл байлығын арттырып, тіл мәдениетін көтеру мақсатында шетел классиктерінің шығармасын аудару жұмысы басталды.
Соңғы кезде Димаш Құдайбергеннің қазақ тілін насихаттаудағы еңбегіне қатысты «жұмсақ күш» деген термин қолданылып жүр. Қайдан шыққан термин екенін білейін деп Гуглды ақтарып, жауабын таптым. Термин ретінде алғаш рет 1980 жылдары Джозеф Най атты америкалық саясаттанушы ғылыми айналымға енгізіп, танымал еткен екен. Белгілі бір іс-әрекетті өктемдікпен, күш көрсете отырып орындатуға қарсылық ретінде қалыптастырылған термин көрінеді. «Жұмсақ күштің» негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді күш қолданбай, мәжбүрлемей насихаттау ақылы жұртшылықтың санасын ояту. Әлем бойынша бұл термин белсенді қолданысқа еніп, тетігі табылып, көптеген салада өз жемісін беруде. Тіпті Джин Шарп атты америкалық ғалым «жұмсақ күш» саясатын қолданудың құралдары көп екенін айта отырып, 198 әдісі туралы жазыпты.
Геосаяси жағдайы біржақты шешім қабылдауға қиындық тудыратын Қазақстан жағдайында «жұмсақ күштің» барлық мүмкіндігін пайдалану өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Жыл сайын ұйымдастырылатын фестиваль, олимпиада, сайыс, байқау т.б. шаралардың барлығы, түптеп келгенде, қоғам мүшелерінің бетін бері қарату үшін «жұмсақ күштің» қызметін атқарып отыр.
Тыңдаушының қалтасына күш салмай, үкімет тарапынан тегін оқытуды да мысалға алса болады. Қарағанды облысында 2007 жылдан бері Тіл басқармасы тарапынан ересектерді оқыту жұмысы өз мәнінде ұйымдастырылып келе жатыр. Қоғам талабын ескере отырып, оқытудың әдістемесін жетілдіру мәселесі де басқарма назарында. Бұл ретте кәсіби салаға бағытап оқыту мәселесі белгілі бір деңгейде шешімін тапқан. 4-5 айдың ішінде банк және медицина, балабақша саласы мамандарына арналған жұмыс дәптері әзірленді.
Тіл мәдениеті тіл тазалығын қозғайтын семинар, дөңгелек үстел, тренингтер
үнемі өткізіліп отырады. «Қазтест» жүйесі насихатталып, қоғам мүшелеріне осы жүйенің мақсат-міндеті байыппен түсіндіріліп отырады.
Осыған дейін «жұмсақ күштің» міндеті мәжбүрлеп, күштеусіз адам санасына әсер ете отырып, нәтижеге қол жеткізу екенін айттық. Осы орайда кейбір мекемелерге мемлекеттік тіл саясатына қатысты мазмұнды дәрістер де жүргізіліп отырады. Енді бір көңіл аударатын мәселе – тіл үйренушілерді қазақ тілін білгені үшін ынталандыру әрекеті. Бұл Тілдерді дамыту бағдарламасында көрсетілгендіктен, тезірек қолға алуды қажет ететін әрекет деген ойдамын. «Сананы тұрмыс билейтіндіктен», жүзеге асырудың тетіктері табылып жатса, жоғары нәтиже берері даусыз.
Тоқ етерін айтқанда, жоғарыдан ғана пәрмен күтпей, қазақ тілін көптеп, көмектеп лайықты тұғырына қондыру, ұлттық идеологияның өзегіне айналдыру – баршамыздың парызымыз ғана емес, міндетіміз. Олай болса, тілімізді өркендетіп, қолданыс аясын кеңейтуге көп болып үлес қосайық!
Жұпар Рысқұлқызы Жақанова,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі