Umai ұлттық сыйлығының финалистері жария етілді

ТЕАТР
839

16 желтоқсан Қазақстанның Тәуелсіздік күнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тағайындаған Umai тұңғыш ұлттық сыйлығы финалистерінің есімдері белгілі болды. Сыйлықты өткізу алаңына айналған «Астана Опера» театрында ұйымдастыру комитетіне үміткерлерден 439 өтінім түскені, олардың арасынан финалға 76 адамның өткені айтылды.

Финалистердің есімдері театрдың ресми сайтында әлдеқашан жарияланды. Ендігі кезекте сараптау комиссиясы мүшелерінің алдында финалистердің арасынан жеңімпаздарды анықтау міндеті тұр. Umai ұлттық сыйлығын салтанатты табыстау рәсімі 23 желтоқсанда «Астана Опера» театрының сахнасында өтеді. Белгілі болғандай, жеңімпаздар көптен күткен мүсіншені ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қолынан алады. 

Umai сыйлығының маңыздылығы шын мәнісінде зор екенін атап өтуіміз қажет, бүгінде ол театрлық «Оскарға» пара-пар. Табыстау рәсімінде жұртшылықты сан алуан арнайы эффектілер қолданылатын ауқымды шоу-бағдарлама күтеді, оның соңында жеңімпаздардың есімдері жария етіледі. 

Байқау алғаш рет ұйымдастырылып жатқанына қарамастан, оның ауқымы ойлағаннан да асып түсті. Еліміздің барлық өңірлерінен мәдениет қайраткерлері үлкен белсенділік танытты. Балалар жылында Umai-дың үздік балалар спектаклі үшін берілетін арнайы сыйлығына үміткерлерден өте көп өтінім түскені маңызды. Салтанатты рәсім кезінде көпшілік жұмыстардың бір бөлігін көре алады.  

 Еске сала кетейік, басты сыйлық – Umai мүсіншесі – өнер саласында сұранысқа ие суретші Армат Бектастың авторлық жұмысы.  Оның шығармашылық қызметі рәміздермен және белгілермен тығыз байланысты, суретші  өнерді пішін жағынан ұлттық және мағынасы жағынан жалпы адамзаттық етуге тырысады. Бұдан бөлек, бірегей мүсінше материалдық жағынан да бағалы, ол қоладан құйылған, ал оның негізі тастармен бедерленген жасыл пластинадан жасалған. 

Марапатқа қоса, ақшалай сертификат беріледі. Жалпы жүлде қоры 54 миллион теңгені құрады! Номинациялар, атап айтсақ «Театр өнері», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» секілді аталымдардың жеңімпаздары  (әрқайсысында жеке сыйлықтар анықталған) 2 миллион теңгеден алады. Сондай-ақ «Үздік музыкалық-драмалық спектакль», «Үздік балеттік спектакль» номинацияларында жеңіске жеткен шығармашылық ұжымдар 10 миллион теңгеге ие болады және Қазақстандағы Балалар жылына орайластырылған арнайы жүлде – «Үздік балалар спектаклі үшін» 2 миллион теңге табысталады. 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...