"Сахнаның "А" дəрежесіндегі шебері" деген куəлікті, ең жоғары бағаны, қазақта те...
Жаздың музыкалық сыйлары
Елордадағы жазғы демалыс жетекші отандық және шетелдік шығармашылық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген жас қазақстандықтардың дәстүрлі концерттерінсіз өтпейді. Бұл жастар әлдеқашан әлемде сұранысқа ие классикалық жанр әртістері атанып үлгерді. 21, 28 шілдеде және 9 тамызда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында зор табыспен өткен «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» мазмұнды концерттері қаланың жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналды.
21 шілдеде дарынды музыканттар – скрипкашы Аделина Мұхамедиярова, виолончельші Сейіт Жәнібеков, флейташылар Жаннет Тұяқова мен Камиля Исмағұлова, пианистер Бекзат Рақымов пен Камила Кахирманова тыңдармандарға Ф.Шопен, Ж.Ибер, Д.Поппер, К.Зграя, Ф.Гобер, П.Чайковский, С.Рахманинов, И.Фролов секілді атақты композиторлардың туындыларын ойдағыдай ұсынды.
Виолончельші Сейіт Жәнібеков «Астана Операдағы» концерт өзі үшін зор маңызға ие екенін атап өтті. Қобалжығанына қарамастан, әртіс жоғары деңгейді паш етуге бел байлап, осындай атақты сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік берілгені үшін ризашылығын білдірді.
- Үздік әлемдік музыканттар өнер көрсетіп жүрген қазақстандық сахнаға шыға отырып, мен түрлі сезімдерді бастан кешіремін. Бір жағынан бұл толқынысты оятады, себебі мұның алдындағы әртістер орнатқан жоғары стандарттарға сай болғың келеді. Ал екінші жағынан кеудемді зор қуаныш кернейді, неге десеңіздер осындай беделді музыкалық мұраның бір бөлшегі болу – мен үшін мәртебе. Өнер көрсетуімде өзім жақсы көретін және өзім үшін айрықша маңызға ие бірнеше туындыны ұсындым. Аудиториямен ерекше күшке толы және терең мәнге ие бұл шығармалармен бөліскім келді. «Астана Опера» секілді ірі театрдың қолдауы жас музыкант ретінде мен үшін ерекше маңызға ие. Ол маған өз дарынымды көрсетіп, музыка әлемінде өзімді таныстыруға, басқа да дарынды әртістермен байланыс орнатуға және өз мансабымды әлемдік сахнада ілгерілетуге мүмкіндік береді, - деді Сейіт Жәнібеков.
28 шілдеде өткен екінші кеште де елорда тұрғындары мен қонақтары қызықты бағдарламаны көріп, қуанды. Бұл жолы оған аспапшылар – гобойшы Мәдина Мұсабекова, пианист Мария Шавтельская, кларнетшілер Диас Мұратов және Эрнар Сәлімбаевпен бірге, вокалистер – сопрано Марта Набатова мен тенор Алмаз Раисов та қатысты. Көпшілік ұнататын «Ахау, керім» атты қазақ халық әнін, Г.Ф.Гендельдің «Мысырдағы Юлий Цезарь» операсынан Клеопатраның ариясын, В.А.Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсынан Сюзаннаның ариясын, Дж.Россинидің «Баланың әні», С.Скоттың «Не входите», П.Чайковскийдің «Бұлбұл» шығармаларын, В.А.Моцарт, Ф.Шопен, С.Рахманинов, Ф.Пуленк, И.Брамс пен Д.Беннеттің камералық-аспаптық туындыларын көпшілік зор қошеметпен қарсы алды.
Дирижер әрі вокалист Алмаз Раисов елордалық театр сахнасына жеке орындаушы ретінде алғаш рет шықты. Бұған дейін ол осында ұжымдардың құрамында өнер көрсеткен болатын.
- Достарым мен әріптестерімнің «Музыкалық демалыс» жобасында бірнеше жыл қатарынан өз өнерлерін ұсынып жүргенін көретінмін. Жыл сайын оларға қарап, өзімнің де қатысқым келетін, өзім туралы жар салуды қалайтынмын. Бастапқыда шағын вокалдық-хор ансамблін құрып, ұжыммен концерттік бағдарлама дайындағым келген, алайда ұжымды жинау – оңай іс емес. Әсіресе жазда, барлығы демалысқа кететін шақта ешкімнің басын қоса алмайсың. Сол үшін осы ойымды қоя тұрып, өзім жеке өнер көрсетемін деп ұйғардым. Туған еліңнің сахнасына шығу – өте тебіреністі сәт. Қуанышпен қатар, жауапкершілікті сезінесің. «Астана Операда» өнер көрсету туралы ой мені алғашқы сәттен бастап қанаттандырып, зор еңбек пен табандылыққа итермеледі. Бағдарламаны контраст қағидасы бойынша, яғни мінез, мәнер мен көңіл күйді ескере отыра таңдадым. Олар қазақ халық әні, сондай-ақ батыс еуропалық шығарма және романс. Соңғы екеуі менің сүйікті композиторларымның бірі Дж.Россини мен П.Чайковскийдің туындылары. Бұл композиторлардың есімдерін музыка мен өнерге қатысы бар әрбір жан біледі, - деп атап өтті Алмаз Раисов.
- Бізде Қазақстанда өнер жолын енді бастап келе жатқан жас музыканттарға қолдау көрсететін «Астана Опера» секілді керемет театрдың бары қуанышты жайт. Себебі мұндай қолдаусыз кез келген әртіске даму, өнерден өз орнын табу қиынға соғар еді. Сондықтан біздің театрда «Музыкалық демалыс» тәрізді жобалардың барына қуаныштымын. Олардың арқасында үйге оралғанда туған жерге, отандық өнерге керек екеніңді сезінесің, - деп қорытындылады музыкант.
Концерттер топтамасының қорытынды кешінде, яғни 9 тамызда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында меццо-сопрано Индира Мұсатаева, баритон Кемел Ғалымжан, пианистер Әлия Асанова мен Ильяс Узбеков, гобойшы Жанель Нұрбекова, флейташы Сара Балтабаева мен фаготшы Еркебұлан Бағдат жарқын өнер көрсетті. Бұл күні Г.Перселлдің «Дидона және Эней» операсынан Дидонаның ариясы, П.Чайковскийдің «Нет, только тот, кто знал…», «Благословляю вас, леса...», «Түн» танымал романстары, сондай-ақ А.Вивальди, К.Рейнеке, К.Вебер, А.Скрябиннің және тағы басқаларының аспаптық жанр жауһарлары шырқалды.
Пианист Әлия Асанова туған қала сахнасына ерекше тебіреніспен шықты.
- Мен «Астана Операда» біраз уақыттан бері өнер көрсетіп келемін. Менің өмірімдегі ең маңызды, ең ізгі естеліктер елордалық театрмен байланысты. Ол маған Отанымның ең басты сахнасы болғандықтан ғана ыстық емес, сонымен бірге мұнда менің алғашқы үлкен байқауым – Astana Piano Passion өткендіктен бұл театр маған жақын. Осы байқауда лауреат атануым маған зор серпін берді. Мен К.Байсейітова атындағы Камералық залда «Елордадағы музыкалық кездесу» атты өзімнің алғашқы фестивалімді өткізген болатынмын. Сондықтан мұнда туған көрермендерімнің алдында әрдайым қуана өнер көрсетемін. 9 тамызда өткен концертте Александр Скрябиннің Фортепианоға арналған Вальс, ля-бемоль мажор, ор.38 және Фортепианоға арналған №4 соната, фа-диез мажор, ор.30 тәрізді екі туындысын орындадым. Бұл екеуі композитор шығармашылығының екі түрлі кезеңін көрсетеді. Вальс ор.38 ерте кезеңде жазылған, мұнда Ф.Шопен музыкасының әсері анық сезіледі, ал Фортепианоға арналған төртінші соната біраз кешеуілдетіп дүниеге келген. Осы екі шығарманы мысалға ала отырып, біз Скрябиннің музыкалық тілінің бұдан да жарқын гармония, жаңа формалар, сондай-ақ бірегей тұжырымдамалар арқылы қалай өзгеретінін байқаймыз, - деп пікірімен бөлісті Әлия Асанова.
Бұл күндері фортепиано партиясын Жаңыл Рақымбекова, Зәру Жазықбаева, Гүлжанат Жанатаева, Мәдина Такеева орындады.
Қазақстандық классикалық орындаушылардың жас буынын қолдау театр қызметінің маңызды құраушы бөліктерінің бірі екенін атап өтуіміз қажет. «Астана Опера» мұндай бастамалар арқылы келешегінен үміт күттіретін музыканттарды көтермелеуге ықпал етіп, оларға кәсіби өмірде алғашқы қадамдар жасауға көмектеседі және өнердегі жолдарын енді бастап келе жатқан жас дарындарға үлкен сахнаға жол ашады.