Қазір қазақ поэзиясында поэма, соның ішінде эпикалық бағыта қалам тартып жүрген жастар өте аз....
Толымбек Әбдірайым. Арылу (әңгіме)
1824
«Уайым – ер қорғаны, есі барлық» Хәкім Абай. Оң жақ бетінде оймақтай тыртығы бар шегір көз жігіттің дауысы қаһарлы шықты: - Настя, қайдасың?!. Анастасия?!. - Ақырын!.. Васяның көзі жаңа ілінді... Байқұс баланың мазасы қашып түнде нашар ұйықтаған... Омырауы бір қанар, шашы қобыраған тығыршықтай жас әйел күйеуіне наздана қарады. - Ертең жексенбі емес пе?! - Күйеуі әйелін жаңа көргендей таң-тосын. - Неге сұрадың? Жай ма? - Брага қайнатпақ едім. - О-о, мынауың ғажап!.. - Браго - қоспасыз таза арақ қой... сағынып қалыппын... - Соны айтсаңшы!.. Үсті-үстіне шылым сорып, ауыз үйдегі тайпақ орындықта отырған Сашаның күлкісі келді. Былтырғы жазда брага ашытам деп қаздарды қырып ала жаздаған. Қалай болып еді, өзі?!. Жиырма литрлік шыны ыдыстағы ашытқы мен қант қосылған жарма арпа апта өтпей быжып-көпіріп, капрон қақпағы тырсиып-томпайып шыға келген. Бірнеше жерден тесік жасап еді, маңайына жолау мүмкін болмай қалды. Ащы иіс қолқа қабады. - Міне, нағыз брага! - Сашаның көздері жайнап, қолдарын ысқылады. - Сайран саламыз!.. Кешке қарай ықтияттап екінші ыдысқа мәрлі арқылы сүзіп қотарған. Түбінде қалған арпаны қаздар жем жейтін ағаш астауға апарып төңкере салған. Наташа оңтайы келгенде аздап тартып жіберетін. Ұлы мен келіні, көрші Оля күйеуімен браганың дәмін көруге ас үйге жиналып жатқанда жұтқыншағы құрғыр жыбырлап «шақыратын шығар» деп залда тележәшіктен жаңалық көріп отырған. Настя келіні жүр-жүрлеп ас үйге ертіп әкелді де, қырлы стақанға құйылған арақ-браганы қолына ұстата салған. Жұрт бұны тосып қалған сыңайлы, қамшы салдырмай қағып-қағып салды. Көп өтпей-ақ Наташаның көңілі көтерілді. «Өмір қандай тамаша!.. Таң атса күн бататын мағынасыз тіршілік қажытты тегі!.. Анда-санда шалқығанның несі айып?! Самагон бабында екен?!. Бұл құрғырды кім ішіп көрген?! Сұмдық!..» Сан-сапалақ сайтани ойлар орағытып, билегісі келді ме-ау!.. «Ұят-тағы!.. Ішпей жатып масая бастадым ба?!.» Үстел айналасындағылар мәз-мейрам. Ащы қиярмен қара нанды қарбыта асап, өліп-өшіп барады. Стақандарын соғыстырып, дөңгелетті тағы. Оля ән бастады. Жібектей есілген жіңішке дауысы әуезді екен. Не прожить нам в мире этом, Не прожить нам в мире этом. Без потерь, без потерь. Не пройдет, казалось лето, Не пройдет, казалось лето. А теперь, а теперь... Үстел басында отырғандардың бірі қалмай ән қайырмасына үздік-создық қосыла кетті . Листья желтые над городом кружатся, С тихим шелестом нам под ноги ложатся. Им от осени не спрятатся, не скрыться... Листья желтые, скажите, что вам снится... И пускай дождливы часто, И пускай дождливы часто. Эти дни, эти дни, Может, созданы для счастья, Может созданы для счастья, И они, и они... Наташа лоқсып далаға атып шықты. Таза ауа тынысын кеңейткендей. «Енді ішпеймін!.. Құрысын!..» Шарбаққа кеп сүйенгенде көздері шарасынан шыға жаздады. Қаздары шетінен сұлап жатыр, тырп етпейді. «Қырылып қалған ба?!.. Не істедім?!. Арам қатты-ау!..» Сөйлей жүріп қолына түскен қаздың жүнін жұла бастады. Ентігіп, қара терге түсті. Екі-үш сағат азаптанды. Он жеті қаздың жүнін жұлу оңай ма?!. Таңертең түнгі ауысымнан оралған Қосан ауладан ене бере аңырып тұрып қалған. Жүндері жұлынған жалаңаш қаздар қожайындарына шағым айтқандай қаңқылдап, ұлардай шулап қоя берді. *** Ой түбіне жете алмай малтықты... Жайшылықта сынаптай сырғитын уақыт шіркіннің тап бүгін өтпей қойғанын қарашы. Бұған солай көрінді ме әлде?! Көкте тұтасқан сұр бұлттар да еңсені басып жаншығандай. - Қара суық қазан ғой!.. Жаңбыр жаумаса несі күз?!. Вагон қараушы әріптестері Қосанның бұлайша тоң-торыс жүргенін бұрын-соңды көрмеген. Мінезі ашық, ақкөңіл Қосанға ұқсамайды мүлде. Үйінде жайсыз бірдеңе болды ма? Әлде Сашамен теке тіресіп қалды ма?! Қаны сұйық неме анасына да қол көтереді дейді көрші-қолаң. Құдай сақтасын!.. Қосанның бригадасы станцияға кеп тоқтаған жүк вагондарының доңғалақтарын тексереді. Сырттай қараған адамға оңай жұмыс сияқты. Анығында - олай емес. Алда-жалда доңғалақтардың қызып кетуінен апат бола қалды ма, бірінші кезекте вагон қараушы қылмыстық іске тартылады. Ондайдың бетін ары қылсын!... Елу үш жастағы орта бойлы, дембелше келген кісінің азан шақырып қойған аты – Қосан болғанымен, былайғы жұрт оны Коля атап кеткен. Оған себеп – орыс әйелге үйленуі. Ақтоғай бекетінде Коля есімді кісі көп. Сол үшін оны қазақ Коля дейді. Қосан деп сұрасаңыз көп адам біле қоймас. Қазақ Коля десеңіз: «Е-е... әлгі ескі қызыл «Аудиы» бар теміржолшыны сұрайсыз ба?! Оның үйі ауылдың ан-а-ау күнбатыс шетіндегі мансардалы көк қақпалы үй. Қазақ Коляның үйі сол! Қазір үйінде ме екен ол жазған?!. Әй, жоқ шығар! Балықшы ғой кәнігі. Балқашта балық аулап жүруі мүмкін. Жұрт ұйқыға жатар кезде соққаныңыз тіпті абзал...» Науқас қарт енесі былтырдан бері төсек тұтқыны. Асханада аспазшы боп істейтін әйелі жұмыстан келе сала үй шаруасымен айналысады, қала берді науқас анаға қарау, тамақ істеу – бәрі мойнында. Титықтап жүр өзі. Ол аз болғандай, Саша мен келіні екі баласымен бірге тұрады. Алғашқы әйелі қайтыс болып, Наташаға үйленгенде Саша жеті жаста болатын. *** - Әкри!.. Ой, атаңа нәлет!.. Ашулы Қосанның аузынан боқауыз сөз шығып кетті. Оның жақсы әдеті – қонаққа барғанда болмаса, былайғы кезде беталбаты араққа әуестігі жоқ. Ал бүгін сұмдық ішкісі келді. Сұр бұлттардың соңы жаңбырға ұласты, тырс-тырс тамып жауа бастады. Ұзаққа сілтейтін түрі бар. Семей жақтан келген жүк пойызының доңғалақтарын тексеріп шықты да, темір жол будкасының қасындағы қалқаға келіп отырды. Мұндай шақта сілбіреген ақ жауын адамды ойға жетелейді. Адамның ішкі сыры да артық ішкен арақ секілді, ара-тұра сыртқа шығарып тұрмаса, зар-запыранға айналып, көңіліңді лоблытып, жүрегіңді сыздатып азапқа салатыны бар. Қосан да сондай кепті басынан кешіріп отыр. - Мына заман қайда кетіп барады?! Айдан айға бағаның шарықтап өсуі, жұмыссыздық, әлеуметтік әділетсіздікке жауап берер біреу бар ма?!. Адам баласының өзі де кінәлі-ау?!. Алыстан мысал іздемей-ақ, аядай Ақтоғайды алайықшы. Парақорлық пен жемқорлық өршіп тұр. Мектеп директоры пара алғасын, өзгелер жайлы не айтуға болады?!. Село әкімі, өзге де бастық атаулы талпақ танау тағалай ма?! Газет-журналдар көпіртіп жазып жатыр. Отыз жылда қарыштап алға бастық дейді?! Өркениетті елу елдің қатарына қосылдық дейді! Шағын станция бекетінде тұрғанымызға шүкір! Тауық-қазың, оншақты қойың бар дегендей... Балқаш көлінен балық ауласаң да өлмейсің... Жастардың елтең-селтең жүрісі анау. Жезөкшелік шағын елді-мекендерге де жетті! Жастар демекші, ар-ұяттан, адамшылықтан жұрдай екен Саша. Абақтыдан шыққасын бір-екі жерде тиіп-қашып жұмыс істеді де, соңғы жарты жылдан бері үйде жатыр шалжиып. Тепсе темір үзетін жігіт бостан-бос жата бере ме, сонда?! Жығылған үстіне жұдырық! Мына коронавирус індетін қарашы?!. Ал ана Сашаның қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Арақ ішкен жанға ковид жоламайды деп, брага ашытып жиі тойлайды. ...Ақ жауын сілбіреп тұр. Қараңғы көшемен сылпық жолды шылп-шылп басып біреу келеді. Кенет аяғы тайып, батпаққа оңбай құлады. Құлап жатып әлдекімді сыбады. Орнынан тұра беріп, тағы жалпасынан түсті. Ентігін басып аз-кем отырды да қайыра тұрды. Суға малшынған сырт киімдері ауырлап, аяғын зорға алады. Көк қақпалы үйдің алдына ілбіп азар жетті. Аула ішінен абалай үріп шыққан ақ төс ит ізінше қоя қойды. Қожайынды танып құйрығын бұлғаңдатты. Гүлді халат киген көк көз, сары шашты әйел шықты үйден. - Мынау біздің Коля ма, Құдай-ау?! Әйел тақап келді. - Ненің құрметі?!. Мас қой өзі қып-қызыл... - Неге сұрайсың біліп тұрсаң?!. Іштім, маспын, ал?!. - Жетіскен екенсің?! - Немене... жетіскен кісі ғана іше ме?! Одан да мынаған жауап бер? - Интервью алайын дедің бе? - Алғанда қандай!.. Аламын!.. - Бұл қай өнерің? - Саша қайда? - Оны қайтесің? - Саша қайда деймін?! - Жүр үйге?.. Киіміңді ауыстырайын... Өлесің ғой байғұс?!. Әйел еркекті сүйемелдеп дәлізге кіргізді. Балшыққа баттасып ауыр тартқан керзі етігін, сусіңді күпәйкесін шешті. Құрғақ киім кигізіп, беті-қолын жуғызды. Қосан тағы Сашаны сұрады. -Сені жын ұрған шығар, сірә?!. Сашалағаны несі соншама?.. Жатыр әне, сағынсаң... - Қайда-а?!. Әкесін танытайын тап қазір... - Ақырын!.. Дауыстама! - Өз үйімде бұқпантайлап, аяқ ұшымен басуым керек пе? Айтшы құдайшылығын?! Шаңыраққа қарасын?! - Сенің үйің... Кім таласқан?! - Жөніңе келсеңші, жаным-ау!.. Мұндай емес едің!.. Косан!.. Коляжан!.. Мен қазір ыстық ас әкелем. - Бір сенің көңілің үшін шыдап жүрмін... Кімім бар менің?!. Саша мені басынып жүр!.. - Міне, бәрі дайын! Сенің сүйікті асың – борщ!.. Етін де молырақ салғам... - Арақ әкел! - Арағы несі?! - Тап қазір әкел? - Түн ішінде қайда барам? - Онда менің шаруам шамалы. - Қойсаңшы, Коля?!. Ұйықтап жатқан Саша ас бөлме жақтан естілген шаң-шұң дауыстан көзін ашып алды. Өгей әкенің дауысы өктем. Арасында бұның атын бірнеше рет атады. Қой, тұрмасам болмас?! Саша төргі үйден шыққанда Қосан шылым тұтатып жатқан. - Ә-ә, дұрыс келдің!.. Кел отыр!.. Өңкиген жігіт қарама-қарсы жайғасты. Наташа күйеуі мен баласы төбелесіп қалар деп жүрегі дүрсілдеп, жік-жаппар болуда. - Саша, балам... құлыным... ас ішесің бе? - Тамағыңды қоя тұр, мама! Паханмен разборка бар!.. А то смотрю, слишком борзеет... - Әй-й!.. Не оттап отырсың?! - Мә саған борзота! - Саша шықшытты ала жұдырық сілтеген. Аңдамай қалған Қосан құлап түсті. Шешесі араша болмаса тепкілеп тастағандай еді. - Жауап бересің сұмырай!.. Табаныңды жалтырат!.. Таң атсын осыдан!... - Өлтірем сені!.. - Өлтіртіп қояды деген... - Анам ұстап қалмағанда, бетіңді шелпек етер едім... - Ойбай-ау, Сендерге не болды?! - Наташа жылап-еңіреп жүр. Үйдегілер өре түрекелді. Тұруға әл-дәрмені жоқ науқас әже де қобалжулы. Наташа күйеуін есік алдына ертіп шықты. - Коляжан, сенің есің дұрыс қой! Сабаңа түс!.. Ақылға кел!.. - Қарасын батырсын! Кетсін қазір!.. - Кетеді... өзі де кетеді... Кенет сыртқы есік ашылып, Сашаның басы қылтиды. - Мама, жалынба оған! Үйге жүр. - Балам-м?!.. Қол көтергенің не?!. - Наташа, үйге бара бер, - деді Қосан әйеліне. - Сен ше? - Мен соңынан келемін. - Осыдан кіріп көрсін үйге?!. - Саша дөңайбат танытты. Анасы табалдырықтан тысқа аттаған ұлын әкелеп-көкелеп жүріп сүйрегендей азар алып кірді. *** Ақ жауын толастар емес. Түн. Жұрт жата бастаған. Станция бекеті жақтан тепловоз гудогы мен бағана бастарындағы күшейткіштен оператор әйелдердің жұмыс бабымен сөйлескен дауыстары саңқылдап естіледі. Миы зеңіп, көздері қарауытқан Қосан гаражға келді. «Балта қайда екен?!. Мына жерде жатушы еді!.. Көрсетейін мен саған!.. Жаман сыйлағанды, сиыр сыйпағанды білмес...» Бұрыш-бұрышты қолымен сыйпап, еңкейіп келе жатқан оның қолына жылтыр зат іліге кеткені. Қараса құмыра! Саша ғой жасырып-тығып жүрген?!. Қосан бөтелкенің аузын тістеп ашты. Құрал-саймандар салынған жәшіктен стақан мен нан табыла кетті. Толтыра құйып екі-үш мәрте тартып жіберді. - Сұмырай немені тап қазір қуып шықпасам, атымды өзге қойыңдар!.. Балта табылса болғаны!.. Буын-буыннан әл кетіп, тәй-тәй басқан еркектің аяғы қатты бір затқа шалынып екбетінен түсті... *** -Құлап қалдым дейсіз бе? -Иә, солай... -Бұл ертегіні басқа адамға айтыңыз. -Имандай шыным. - Қисыны жоқ... -Айналайын, полиция!.. Құй Сеніңіз, құй сенбеңіз!.. Түнде түзге шығам деп есік алдында аңдасызда мұрттай ұшып түстім!.. Тірі қалғаныма қайранмын. - Арақ ішкенсіз ғой шамасы. - Аздап... - Күні ертең айтқаныңыздан айнып кетпейсіз бе? - Айнымаймын! - Олай болса, мына жерге қол қойыңыз... Шатақ мінезі жоқ еді!.. Түлен түрткені рас!.. Әкесі өлгендей тойып ішкені, оның үстіне Сашамен ілініскені қай сасқаны?!. Түнде деймін-ау, қолына балта тигенде істің насырға шабатыны, арандап қалуы әбден мүмкін еді... «Арақ ішу – өз еркіңмен жынды болу» деп бір жерден оқығаны бар болатын... Ұйқының ауылы шығандап кеткендей. Көп дөңбекшіді. Соңында төсектен аяғын салбыратып мең-зең қалыпта ұзақ отырды. Әбден қалжырап түн ортасы ауа басы жастыққа тиген бетте қор ете түскен-ді. Айқай-шулы, ырду-дырду базар ма, ары-бері адамдар қайшыласқан вокзал ма... анық ажырата алмаған естанды күйде айтақыр алаңға шыққан шамада, қарсы алдынан марқұм әкесі жолыға кеткені.. Жүрегі тас төбесіне шықты!.. Өзі қатып киініп алыпты... Үстінде қоңыр кәстөм-шалбар... Түсі суық еді жарықтықтың. Бұл жолы да қабағынан қар жауады, өңмеңнен өтер көздеріне дәті шыдап тура қарай алмай тайсақтай берген. - Көтер басыңды!.. Көзіме тура қарағын!.. Басы салбырап иіні түскен Қосан тілін жұтып қойғандай. - Наташаға үйленбесем, сүр бойдақ өтем деген сен бе, мен бе?! Тыңдадың ба айтқанды?!. Құлақ асқан жоқсың!.. Ұлты орыс демесең, келін жақсы адам!.. Мінезі жібектей!.. Араларыңда екі қыздарың бар... Бір абыройы – күйеулері қазақ екеуінің де... Жаңылмайтын – жақ, адаспайтын адам бола ма?!. Нақақтан нақақ сотталып, түрме көргені болмаса, Саша да жаман жігіт емес!.. Сонда саған не керек?!. Көксегенің не?!. Тоқтамай сөйлеген әкесі үдеп барады. - Сенің дұшпаның – арақ!.. Айтпады деме!.. Опық жейсің қоймасаң!.. Бастығырылып жатыр екен... Айқайлап, «әкелеп» оянған. *** Арада апта өткен. Наташа мен Саша ауруханаға келе жатыр. Қолдарында көтерген заттары бар. -Анашым, батя райынан қайта ма?!. -Тергеушіге «жығылып қалдым» деп жауап бергенін білесің. Сені сатқан жоқ!.. Бәрін өз мойнына алды... -Уайымнан шашым ағарды... Коронавирус індеті бітсін!.. Алматыға көшем!.. Далада қалмаспыз!.. Осындай байлау жасадым!.. Әкем кешірсе болғаны... - Саш... Саша... балам?! Әке дедің бе?!. Қайталашы?!. - Абақтыда қырық-пышақ төбелес болып, Батыр деген қазақ жігіті ажалдан алып қалған мені... Жігіттің сұлтаны ғой ол.. Боксшы болатын, абақтыдағыларды уысында ұстады... Бір ғажабы, намазын қаза қылмайтын... Адамгершілігі мен адалдығы біздің батядан аумайтын... Мен жақында әлеуметтік желіден атақты жазушы Лев Толстойдың: «Мені мұсылман санаңдар» деген сөзін Құранды қайта-қайта, бірнеше рет оқыған соң жазғанын оқып таң қалдым. Толеранттылық исламға ерекше тән көрінеді!.. Адам баласы қашан да дінге зәру!.. Көзімен көріп, қолымен ұстамаса онша-мұнша сенбейтін немістердің өзі дәл қазір исламды қабылдап жатқан көрінеді... Еһ-һ, анашым!.. Білмейтініміз көп қой біз пақырдың!.. Көптен көкейімде жүрген!.. Орайы кеше келді. Мешітке барып, ислам дінін қабылдадым... Мен енді мұсылманмын!.. Ойлап қарасам, өткен өмірім – хайуанның тірлігі екен!.. - Бұл – үлкен жаңалық, балам!.. Ол жайлы тағы сөйлесеміз... Ал Қосанға келсем... Қосанның жүрегі жұмсақ қой!.. Адал ғой!.. Кешіретіні анық... Кешірер!.. Ет бауыры елжіреп, көкірегінде талайдан бері шемендей қатып қалған мұң-нала, қайғы-шер баласының аузынан шыққан жақсы лепестен соң сары шашты әйелдің жанарынан жас болып домалап жатты... 2021 жыл, қараша.