Астанадағы үлкен өнер ордасы, талғамы жоғары көрерменнің көзайымына айналған шаңырақ – Қ.Қуаны...
«Астана Операда» екі кеш бойы «Мадам Баттерфляй» көрерменге жол тартады
Жапондық гейшаның америкалық лейтенантқа деген махаббаты жайлы хикаяны «Астана Операда» 11-12 ақпанда баяндайды. Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсы батыс пен шығыс секілді екі әлемнің қақтығысын паш етеді. Оларды театр сахнасында шеберлермен қатар, Astana Opera Халықаралық опера академиясының жас тыңдаушылары таныстырады. Басты партияда Мәдина Исламова дебют жасаса, оның сүйіктісі Пинкертонды алғаш рет Саян Исин орындайды.
Мәдинаның шығармашылық қорында «Астана Опера» сахнасында орындалған ұлттық және батыс еуропалық опералардағы партиялар бар. Мадам Баттерфляй – жауапты іс, ол әншінің кәсіби өсуінде маңызды кезең болмақ.
– 2016 жылдың сәуірінде «Мадам Баттерфляйдің» премьерасында мен кішігірім партия – басты кейіпкердің Анасын орындадым, бұл мен үшін алғашқы опералық спектакль болатын. Менің алғашқы сахналық костюмімнің авторы «Оскарды» иеленген суретші Франка Скуарчапино болғанын қуанышпен еске аламын. Бірнеше күн бұрын мен Баттерфляйдің костюмдерін киіп көрдім, сол кезде жібектен тігілген өзімнің күлгін кимоном көзіме оттай басылды, оны құшақтап, ризашылығымды білдірдім, алты жыл ішінде мен бірде-бір спектакльді өткізбедім, сүйікті костюмімді киіп, ананың бейнесінде сахнаға тұрақты түрде шығып отырдым. Менің ойымша, «Мадам Баттерфляй» – театрымыздағы көрнекті сценограф Эцио Фриджерио безендірген ең әдемі спектакль. Ағаш үй, шынайы теңіз бен жасыл дөңдегі тас басқыштар әртістер мен көрермендерді қиырдағы Нагасаки қаласына, кішкентай жапон қызы Чио-чио-санның шаттық жайлы армандарына жетелейді, – деп пікірімен бөлісті театр солисі Мәдина Исламова.
2022 жылы италиялық коучпен жұмыс істегеннен кейін әнші өз күшін Мадам Баттерфляй партиясында сынап көруді ұйғарды.
– Баттерфляй – сопраноның репертуарындағы ең күрделі үш партияның бірі екенін атап өту керек. Мен өзіме осы рөлді қолға алуға кеңес берген италиялық маэстроның пікіріне құлақ астым. Осы маусымның басында мен партияның үзінділерін «Астана Операның» бас концертмейстері Е.Сахноның сабағында көрсеттім. Елена Юрьевна дауыстың анық естілетініне, үнділігіне көз жеткізіп, менімен мәтін, бейне, Пуччинидің қарқынды және динамикалық нұсқаулары бойынша көп жұмыс істеді. Жаңа партияға дайындық кезінде мен театрдағы әріптестерімнің қолдауын сезінудемін және оларға зор алғысымды білдіргім келеді, – деді М.Исламова.
– Чио-чио-сан – тамаша, шынайы, ақылды, сүйкімді қыз. Ол қалай әңгіме-дүкен құру керектігін, айналасындағы жандарға көңілді әрі жайлы болуы үшін қайсысын қалай орналастыруды біледі. Сонымен бірге біз басты кейіпкерде оның пікірі жайлы мәселелерде кесімді сөздер мен интонациялар лезде пайда болатынын байқаймыз. Ол абыройы төгілгеннен гөрі, өлімді артық көреді. Операны тек ұлы махаббатқа ғана арнап жазады, сондықтан мен Чио-чио-санның жақсы көретініне сенемін. Гүлдерді де, теңіз бен көктемді де ол өзінің Пинкертонын кездестіргеннен кейін ғана шындап байқады, – деп қорытындылады әнші.
Пинкертонның басты партиясында тенор, беделді музыкалық сыйлықтардың лауреаты, «Астана Опера» солисі әрі Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірті Саян Исин өнер көрсетеді.
– Пинкертонның негізгі вокалдық материалы – бұл ансамбльдер мен дуэттерге толы бірінші акті. Менің ойымша, оның орта жағы өте қызықты, онда некелесу, бөлелермен, тәтелермен және Пинкертон өз үйінен қуатын Бонза көкесімен танысу көрінісі өтеді. Бұл акті Баттерфляймен әдемі дуэтпен аяқталады. Менің кейіпкерімнің бейнесі кемшіліксіз емес. Пинкертон – ең әуелі, өзін жақсы көретін адам, ол өзімшіл, жайлылық пен қоғамдағы беделді бағалайды. Оның үш жыл өткеннен кейін Нагасакиге келуі осыны растайды. Және ол жалғыз емес, АҚШ заңы бойынша некелескен әйелі Кэт Пинкертонмен бірге оралады. Ал үш жыл бұрын Нагасакиде Баттерфляймен арада болған жайттың барлығы – ол үшін тек ойын ғана еді, – деп түсіндірді театр солисі Саян Исин.
– Пинкертон Чио-чио-санды жақсы көрген жоқ, олардың қарым-қатынасы кейіпкерімді желіктірген өткінші сезім ғана болатын. Ең бастысы, Чио-чио-саннан туған бала бұл «махаббаттың» белгісіне айналды, алайда қаншама уақыт өтсе де, Пинкертон баласын бірде-бір рет көрген емес. Өкініштісі сол, Баттерфляй Пинкертонның Нагасакиге заңды әйелі Кэт Пинкертонмен бірге оралуына төзе алмай, өз-өзіне қол жұмсайды. Бәлкім, біз дайын болу керек шындық, өмір осы шығар. Жалпы, Дж.Пуччинидің опера жазу мәнері – бұл «веризм», яғни оқиғалар өмірдің өзінен алынған. Материал өте жеңіл жатталады және қабылданады, оны көпшілікке жеткізу қиын емес, өйткені ол өмірлік, тұрмыстық тілмен жазылып, адамның зор қайғысын көрсетеді, – деп пікірімен бөлісті орындаушы.
12 ақпанда Мадам Баттерфляй мен Пинкертонның партияларында опера сахнасының жұлдыздары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова мен Медет Чотабаев өнер көрсетеді. Әр күндері Сузуки партиясын Гүлжанат Сапақова мен Татьяна Вицинская таныстырады. Америкалық консул Шарплестің партиясында сахнаға Алтынбек Әбілда (дебют) шығады. Маклер мен жеңгетай Гороны Рамзат Балакишиев, Ерұлан Кәмел орындайды, Бонзаның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Болат Есімханов сомдайды. Сондай-ақ спектакльге Ханзада Ямадори – Талғат Ғалеев, Кэт – Салтанат Мұратбекова, Елена Ганжа, Анасы – Әйгерім Аманжолова (дебют), Тәтесі – Әсем Әубәкірова (дебют) және тағы басқалары жұмылдырылған.
Спектакльге Руслан Баймурзин дирижерлік етеді, оркестрлік корректура мен жаңа әртістерді енгізу бойынша дайындықтар оның жетекшілігімен өтуде.
Спектакльдердің басталуы 17:00-де.