- Иә, сәт!- Ақ балығым ақ балық – қармағымды қап балық!Осыны айтқан екі бала қармақтарын алға...
Ардақ Серікбайқызы. Баланы адалдыққа баулыған ақын
Жамбыл облысының Талас ауданында туып, қазақ халқының ауыз және жазба әдебиетінің тарихында қалған елеулі тұлғалар өте көп. Серік Томанов солардың бірі де бірегейі. 1956-2003 жылдар аралығында өмір сүрген сыршыл ақын, қарымды қаламгер артында өршіл өлеңдері мен жалынды жырлары, сырға толы ғұмырбаяны кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып қала берді. Ол томашадай қалпымен құды Мұқағали ағасы секілденіп, шашын сілкіп тарап, дауылдата өлең оқитын. Серік Томановтың осы қалпы біздің әркезде де жүрегімізде, жадымызда.
Ақын Серік Томанов
Ол ересектерге ғана емес, балаларға да арнап тамаша жырлар жазды. Ақынның бақыты – шындықты көркөм тілмен оқырманына жеткізе білу ғой! Серік Томанов бұл ретте өз оқырманын тапқан ақын. Өзі де бала кезінде кітап оқығанды жақсы көрген, кітап арқылы білім алуға, оқып-үйренуге құштар болған.
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, оның ауылдасы Көсемәлі Сәттібайұлы «Әлі есімде, ойын іздеп Серіктің үйіне бардым. Ол төрде етпеттеп кітапқа шұқшиып жатыр. Серік бірде: «Мынау «Қызықты физика» деген кітап. Өте тамаша» – деді. «Физика туралы кітап та қызық бола ма екен? – деп, қасқыр көрген ешкідей ежірейіп мен тұрмын. Сонымды түсінгендей, ол кітапты парақтап, ішіндегі қызықты дүниелерін көрсете бастады», – деп еске алады. Тағы бірде: «Бірде ауылға кино келді. Аты «Менің атым – Қожа» екен. Қызығып көрдік. Ішек-сілесі қата күлгендер де болады. Клубтан қайтып келе жатып, киноның қызықты тұстарын бір-бірімізге қайталап айтқанымыз да есте. Үш жас үлкендігі бар ғой, бізің даурықпамызды үндемей тыңдап келе жатқан Серік бір кезде «Кітабы бұдан да қызық» – деді.
– Кітабы да бар ма?
– Бар болғанда қандай...
Серік біреуді таңқалдырған кездегі әдетімен жымиып қойды.
– Берші онда, мен де оқимын. Кітап шынында керемет екен. Кібіртіктемей бір деммен оқып шықтым. Дүниеде Бердібек Соқпақбаев дейтін тамаша жазушының бар екенін білдім. Менде осылай жүріп ауылдағы кітапқұмарлардың бірі болып алдым, – дегені бар. Бұл да Серік ақынның бала кезінен-ақ кітап оқуға құмар болғанын айғақтайды.
Адам үшін өмірдегі ең қымбаты – бала. Серік Томанов үшін де қымбаты сол. Оны біз ақынның қазақ балалары үшін арнап шығарған төрт тармақтап тізілген өлең жолдарын көре аламыз. Мысалы, баланың санауды үйрене бастаған кезіне лайықтап «санамақты» шығарған:
Мынау міне, бесбармақ,
Санамақ содан басталмақ,
Балалы үйрек паналар,
Ортан терек және бар,
Шылдыр шүмек түбекте,
Кішкене бөбек жөргекте. {Серік Томановтың жеке қорынан }
Серік Томанов өз шығармалары арқылы ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосуды армандаған ақын. Енді ғана әріптерді танып, жаңадан оқуды үйренген кішкентай бүлдіршіндердің кітап оқуға құлшынысын ояту мақсатында бірнеше қысқа-қысқа ертегілер жазған. Солардың бірі – «Бор туралы ертегі». Ертегі жеті буынды, төрт тармақты он жеті шумақтан тұрады.
Ерте ерте ертеде
Ешкі жүні бөртеде
Бор болыпты әдемі
Тақта деген өлкеде, – деп басталатын оқиға бордың сыртқы келбеті қандай ақ болса, ішкі жан дүниесі де сондай таза болғанын сипаттаумен жалғасын табады. Бүр күні бор өзі мекендейтін өлкені де аппақ етуді ойлайды. Түске дейін бояйды, тақта түсін бермеді. Айтқанынан қайтпайтын қайсар бор бірнеше апта, айлар бойы маңдайынан тер ағып, шаршамай еңбектене ісін жалғастыра берді.
Ойы іске аспаудың себебі – байқұс бордың сорына лас, сатпақ, сыртқы қандай нас болса, «жүрегі» де сондай «трәпкі» тап болған-ды. Екеуінің күресі күнді күнге жалғап, бірі азабын тартып, бірі мазағын қоймай, балалардың назарында болғанын айтады. Ертегіні оқып отырған балаға алға мақсат коя білуді үйрете отырып, сол мақсатқа қалай да болса жетуді көрсетті.
Көрсетсем деп өнерді,
«Трәпкі» де көнереді.
Өнегесін ақ бордың,
Өшіре алмас ол енді, – деп бұл ертегісін де аяқтады .
Ақын сонымен қатар, «Бестік пен екіліктің айтысы», «Мен қаламмын», «Парта», «Тақтаның жыры» атты өлеңдерінде жансыз заттарды сөйлетіп, бала көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беру арқылы олардың есте сақтау қабілеттерін арттыруды мақсат етеді. Ад «Сыр» деген өлеңінде өтірік айтып, жалған сөйлеудің келтіретін зияны жайында айтып, алдағы уакытта ондай тірліктен аулақ болуға шақырады.
«Шығарманың түпкі мақсаты – адам жанын тәрбиелеу», – дейді Ғ.Мұстафин. Ақын осы қағидаға сүйенген болар, себебі туыстық атауларды жаттау да өзіндік тәрбиенің жолы деп түсіндіреді. Осыған орай, «Хан талапай», «Жеті ата жыры» аталатын өлеңдерді туыстық атауларды жаттағанға жеңіл болатындай етіп жазылған.
Мысалы:
Ананың ағасын
Анамдай сүйем мен
Ол менің нағашым
Мен оған жиенмін...
Жоғарыда аталған және тағы басқа үлгі-өнеге болатын, тәлім-тәрбие беретін, алғырлыққа жетелейтін, жылдамдықты үйрететін балаларға арналған өлеңдерін жинақтап, кітап шығару Томановтың пешенесіне жазылмаған екен.
Алайда, кейінгі ұрпақ, Томановтың поэзиясын сүйіп оқитын жанкүйер оқырмандары қолдау көрсететін Ел ағаларымен бірігіп, ажал құрығына ертелеу іліккен ақынымыздың қалауын орындап, өз үлесін қосатындарына сеніміміз мол, үмітіміз зор.