Ақынның анасы Нағиман БАТАНҚЫЗЫОЙЛАҒАНДА ӨЗЕГІМ ӨРТЕНЕДІ...Жасым тоқсаныңа таянғанда Мұқағалиым...
Нұрила Қызықанқызы. Жабайы қодас аулайтын мерген қазақтар
– Иә, иә, мерген-ақ еді! Мергендер атқосшыларын мықты, қағлез, пысық, қасапшы және бұзылған-бүлінген нәрселерді жөндей алатын, қолынан месекерлік өнер келетін адамдардан ертеді. Атқосшылардың да жұмысы ауыр, қаратерге түсіп қиналатын кез көп болады. Пай-пай! Ол мергендер қырып жібергенде әрі қуанып, әрі қатты шаршайтын едік. Оның өзі де қызық екен ғой. Қодастың үлкен бір бұқасының тірі салмағы бір тоннадай, әуелі одан да үлкендері болады. Терісін сыпырғанда екі мықты адам әрең аударады, етінің өзін екі түйенің белін майыстырып артатынбыз. Құмырысқадай тырмысып, жалғыз сойып тасыған кезіміз де болған. Сақылдаған аяз, оттегі жеткіліксіз ауа, сұрапыл еңбек, пү! Пай-пай! Сондағы қайратымызды-ай, қайран күндер-ай деші, – деп тағы кідірді.
– Иә,иә соны айтам деп... Бір жолы аман қалдым. Жанымхан қосы 3 адам, Қамит қосы 3 адам болып, екі қос бірігіп, Хайыздан шығып қараңғы сайды басып, аң қарап Арқаты, Қалтыннан ары Чиңхайдың жеріне өтіп, тау басын мұз бүркеп жатқан суық жерге бардық. Шаған Бұрғысын деген жерге жетіп, ерулейік деп қос тіктік. Ол жерде таңғыттың (тибет) малшылары аз болса да, Таңғыт төбеттері көп екен.
Түскі тамақ ішкеннен кейін үлкендердің тапсыруы бойнша, каннен-каперсіз түйе жайып бара жатыр едім, ар жақ белден таңғттың бір шалы шыға келіп еді. Ерткен 6-7 төбеті (Tibetan Mastiff – тибеттіктердің бұл төбеттерінің дене-тұрқы өте үлкен, аса жыртқыш келеді) мені көре салып, көш жерден жүгіріп жетіп келді де, арсылдап қоршап алды. Белбеуімді суырып алып шыр айналдырып, өзімді қорғадым. Кейде біреуіне тиіп «қаңқ!» ете түссе қайта өршеленіп, тап береді. Қоятын емес, тайншадай-тайншадай дәу иттер барған сайын батылдана таяп, біреуі тонымның етегінен ала бергенде құлағымды тұндыра қағып қалған тәрізді «Тарс» еткен оқтың дәуысымен бірге, әлгі алдыңғы өңірімнің кеуде тұсынан ала түскен дәу қара ит «қаңық» етіп, аюдай болып бір өре түрегеліп барып, құлап түсті.
Алып төбет ерткен тибет
Сонда білдім, тонымның өңірін жұлып алыпты. Ол ит жығылып серектей бастағанда, басқа иттер арсылдап үре жүріп, кейін шегіне берді. Жүрегім тарсылдап тұрып қалыппын. Иттің оқ тиіп өлгенін біліп, есімді жиып қарасам, итті атқан Қамит екен. Ол көзеген мылтығын әлі түсіре қоймаған қалпында: «Саусың ба?» деп айғайлады. Сонда барып «Саумын» деп оған қол бұлғадым. Қамит дәл сол кезде, қостың артқы жағында, алдына жайнамаз жайып, енді сәждеге бас қойғалы жатқан екен. Маған жүгірген көп итті көре қойып, дәт қылмай мылтығын алып тұра жүгіріпті де, тақымдап ала түскен итті көрген заман, түрегеп тұрып қараға алып, шүрппені басып қалыпты.
Ол кісі атарын атып алса да, маған оқ қоса тиіп кетті ме екен деп қорқып тұр екен. Бір шақырымдай жерде әлгі таңғыт ат үстінде сілейіп қарап қалыпты. «Итімді неге өлтірдің?» деген жоқ, бізге жақындауға бата алмай, иттерін шақырып әкетті.
Міне сонда Қамиттың арқасында аман қалдым. Егер ол болмаған болса, саным-сан, қолым-қол болып иттердің ауыздарында кетуші еді. Мергендігіне де таңғалдым. Оқ иттің тура бұғанасынан өтіп, өндіршегін үзіп кетіпті. Кеудеммнен ала түскен итті қарауылға алғанда, оқты маған дарытпай қайтып атты? Егер сол кезде маған оқ тигізіп алудан қорқып, басқа иттің біреуін атқан болса, ол ит сол майданда мені жарып жіберер еді.
– Тағы бір жолы, Мұзтауға барғанда, үлкен Жанымхан бір тікше қабақтың астынан 6 үлкен бұқа атты. Бір үлкен бұқаны 7 тал оқпен әрең өлтірді. Ол өте үлкен сартоқым бұқа екен. Оқ тиген бұқа адамды көре қойып, өзіне қарай тұра жүгірп, жанына таяғанша екі-үш атқанға жығылмай, бұқа Жанымханды тағы қуды. Жанымхан шегіне қашып, қайрыла қалып атып жүргенде, әлгі бұқа әрең жығылды. Жанымхан шапшаң қимылдап, кейін шегінбесе, мерт қыла жаздады. Бұқа құлағаннан кейін бауыздап жіберіп қарасақ, жеті тал оқ түгел тиген екен. Кеудесінен тиген екі-үш оқтан ғана құлаған ұқсайды. Бұқалардың жараланған сайын адамға қарсы жүгіріп, айбар шегіп тілін жалақтатып, құйрығын шаншып тұра қалатын әдеті бар еді.
Шығыс қазақтары. «Аңшылық әңгімелерден»
Мәдениет порталы