Құрманхан Мұқамәдиұлы. Сәтті сапар

ӘДЕБИЕТ
5234

(Әңгіме)

І. ШИЕЛЕНІС

– Ақсақал, ауылыңыз қайда? 

– Аңсағаның біздің ауыл болса, алыс емес.

Мектепті биыл ғана бітіріп, ата-анасынан қашығырақ жерге тағайындалған Серікбол, ат үстіне қонымды ауыл киімін әлі тіктіріп үлгірмеген еді. Қаңылтақ киімнен суық тиіп, екі күнге созылған тұмауын, көбінесе көң қораның шаң-тозаңына, қар суымен қайнатқан шай мен асқа, тағысын тағыларға жорып, және қым-қиғаш қиын жол, борт-борт желгеннен басқаны білмейтін борсық жүнді торы бек қажытқан ол, ауыл өмірі туралы ащы ойда келе жатыр еді. Ақсақалдың жауабын естігенде:

«Аңсатпай қойсын ба, қиы мен тезегінің исі «жұпар» аңқып тұрған шығар. Қапсақал қара шал көрмей жүргем жоқ. Бірлестіктің малы болмаса ажалына бола шақпа шөп іздеген түйедей сені көксеп не қылайын» деген жауап бүлкілдеп көмейіне келді де, бұлт беріп қайта қайтты.

Құрманхан Мұқамәдиұлы

Бұлармен әңгімелесіп тұрған етті-женді, бүйрекбет, дембелше қара кісі бірлестік шопаны Қауметбай еді. Күні бойы ата-анасындай аймалаған аяз бен үскірік, оның онсыз да баранытқан жүзін онан әрі тотықтыра түсіпті.

– Жеріңіздің шөбі қалай?

– Көріп тұрсың ғой.

– Аяқ астын ғана көріп тұрмыз, анау тауда не бар екенін кім білсін. 

– Алыстан да байқауға болады.

«Қалайша?» – деді бағанадан бері сөзге араласпай, екеуінің арбасқанын аңдып қана тұрған Рысбек.

– Алыстан сарғайып көрінсе – шөбінің барлығы, көкшілдеп көрінсе – аздығы.

– Сіздің жайылымыңыз қайсы?

– Шырағым-ай, мал жайылмайтын жер бар деймісің, осының бәріне де жайылады.

– Жайылымды пайдалану туралы планыңыз бар ма?

– Өзіңізге тиесілі өрісіңіз қайсы? – деді Рысбек, малшылармен қатынасуда өзінің ептілігін көрсеткісі келгендей.

– Менің өрісім бе? – деді Қауметбай, таяғымен нұсқап. – Анау қардың етегіне дейін. 

Төбесі мәңгі қар, төсіне бұлт өрмелеген құздарды көрсетті. 

– Мынау күңгей. 

Кешкі қою қара көлеңке басып реңі қаша бастаған, арғымақтың құлағы тәрізді серек-серек тастарға бай жонсауды көрсетті.     

– Анау теріскей, – деді сұрғыш тартқан құлама тік беткейді көрсетіп. Ежелгі таныстығына бағып, кезекті сұрауын жауапсыз қалдырып сөзді бұрып әкеткен Қауметбай мен Рысбектің қай-қайсысына да іштей ызасы келіп, қаны қайнаған Серікбол:

– Мәселе тау мен тасты санауда емес, жайылымды дұрыс пайдалануда. Соны сұрап тұрмын мен. Жанағы айтқан жайылымды қалай пайдаланып жатырсыз, айтыңызшы, кәне?! – деп екеуін де кекете, зілдене қайта сұрады.

– Қалай пайдаланушы ем, әзірше анау қардың етегіне, мынау теріскейге жайып жүрмін. «Алда-жалда күн суытып, боран-шашын бола қалса жаямын ба» деп мына күнгей мен теріскей үсті бұйраны кейінге сақтаған боп отырмын, – деп сүле ғана жауап қайырды да шырт түкіріп қойды.

Жақтырмағанда оның шырт-шырт түкіре беретін әдеті еді.

– Қойыңыз тойып тұр ма?

– «Тоқты тоймас, шөміш кештес» деген уақыт осы ғой, кейде тояды, кейде солады.

Бұлар осылай кермалдасып тұрғанда бүгінгі бұйырған азды-көпті нәсібімен асқазаны жабдықталып, енді жатар орынға асыға жіти басып қапталдай жөнелген қой анағұрлым жерге барып та үлгірді.

Күн барда қораға баруға шопан ата оп-оңай рұқсат ете қойсын ба? Қойының ұзап бара жатқанын көріп: «Әй, шәйт!» – деп қысқа бұйрық етті де, «Не десеңдер о де, әңгімені ары қарай созуға жайым жоқ» дегендей ишарат білдіріп:

–  Ауыл анау, барып қоныңдар, – деді де, сылти басып қойына беттеді.

– Мынауың бір қырсық қой.

–  Тфу деген түкірік жерге түспей шақылдап тұрған аязда таң сәріден ақшам сөнгенге дейін қой бақсаң, ақ таяғың ат болса, асқазаның аш болса сен де жайдарылықпен қош айтысқан болар едің.

–  Біздің де бүйіріміз қызып келе жатқан жоқ қой, – деді Серікбол, таңертеңнен бері ас-суын ішпей ашыққандығын сездіріп. – Қайда қонамыз? 

Шынында да, ат үстіне көп жүріп үйренбеген, уақытымен ауқаттанып әдеттенген Серікбол аштық пен суыққа гүл тәрізді нәзік еді. Сұрауына жауап қайырғысы келіп жалт қараған Рысбек оның ашаң, аққұба жүзі бозғылттанып, түктері сыртына шығып, бет тамырлары жолақтанып кеткенін көріп, жаны бек ашыды.

– Әлгі шалдың үйіне қонамыз да.

– Жарытпас-ау, оның...

– Бұл маңайда басқа қоналқалық ауыл жоқ, бара көрелік.

Қойшы мен шолушының арасындағы «шиеленіс» міне, осылай басталды. 

Қожайындығынан гөрі қамқоршылығы басымырақ бақташының тілін сыйлап үйренген қойлар, оның даусын естіп лезде тоқырай қалды.

Шолушылар жорта жөнелгенде Қауметбай қойларының күрт-күрт шайнағанына сүйсіне қарап, көптен серігі, жүрсе – көлігі, тұрса – тіpeгі ақ таяғына сүйеніп қалшиып тұрып қала берді.

Айуанның әнімен төңкерілмей алдын тоқтатып, қайырмақтай жаятын, жайған жеріндегі желінуге тиісті шөпті отап біткеннен кейін ғана екінші өріске апарып салатын Қауметбайдың қашаннан бергі әдеті еді, бұл.

– Адам екеш адамға да тойғаннан кейін тоқтының еті топырақ татиды, – дейтін ол, жас қойшылармен әңгімелескенде. – Айуан емес пе, бұл, ысырапты біле ме, тоқыратып жаю керек. Тойғаннан соң сонырқалай береді. 

Ол әрбір қойға қылығына жарай мінездеме беретін, бұл мінездемелер көбінесе сай келетін. 

«Озбыр оңбайды, өзегі талмайды» деп жақтырмайды ол, жүрдек қойларды. «Көрдің бе әне, сойдаң қағып сонырқалап жүргенін, асығып басын ғана шалады да бар құнарлы балақ жағы қалады. Басындағы сояу қайдан бойға қонады». 

«Жарықтық бір көректі жануар, көрдің бе, әне, бір талын қалтырмай бырт-бырт шайнап тұрғанын. Алақ-жұлақ асаған тоймайды, мүжіген тояды» дейтін, көп жылжымай тарпып жатқан қойларды көріп.

Қойшылардың көпшілігі сияқты Қауметбай да саяқ қойлармен қатты араз еді.

«Арамза» дейтін ол, саяқ қойларды. «Арамзаның құйрығы бір тұтам», «Саяққа жітік амырақ» деген рас. Қайдағы пәленің бәрі осыған ұшырайды. «Адамға жынысымды қоспаймын, аулақ кетемін деп жүріп ит пен құсқа жем болады. Өзгенің ақылын алмаймын, өзім табам деп жүріп шиырға жайылып шыр бітпей қалады. Көптен шыққан көмусіз қалады деген сол».

Қауметбай өзімен өзі іштей әңгімелесіп, әзірге сырын толық ала алмаған тоқтыларға тиісті мінездемесін беріп тұрғанда, қоңырқай үйге тұмсығын тіреп, қонақтар да атының басын тежеді.

Қауметбайдың қора-жайы өзіне шолушылардың назарын еріксіз аударды. Жаңқаш – тастан қамшының өріміндей етіп бұйралап қалаған төрт бұрыш қора. Олардың қораға ықыласының ауғандығы сонша, үйге кірмес бұрын, шіліктен тоқыған қақпаны ашып қораға кірді.

Қораның іші қалың көң, құмырсқаның илеуіндей бопырап жатыр. «Сақтықта қорлық жоқ» деген мирасты мықты ұстаған Қауметбай бірнеше бөлек көңді шошайтып үйіп те қойыпты.

«Қopa жайы жарайды, қонағасы қалай болар екен? Шалы тіркіс еді, бәйбішесі екеуін бір қалыпқа соққан болса, оңды бола қоймас» деген күдікпен кірген қонақтарды жұқа өңді қарасұры бәйбіше байсалды жүзбен қарсы алды. Аманға қысқаша солғын ғана жауап қайырды. 

«Қоянның бойын көріп қалжасынан түңіл» деген, айтқаным келді» деп ойлады, Серікбол, Рысбекті іштей табалап. Бірақ олай болмай шықты. Бәйбішенің ауыз қимылынан гөрі аяқ қимылы жылдам екен. Шалына дайындаған шайды қонақтарға құя жүріп қайтадан қайнатып үлгірді.

Бояуын ащы салып, сүтін мол қосып бабымен қайнатқан қою шайға сары май шылай отырып, әбден қанған қонақтар да аздан соң жылынып, жайланып жадырай бастады.

Жол-жөнекей көрген-білгендерін айтысып бітіп, ендігі әңгіме тақырыбын таба алмай тарыққан олар жым-жырт отыруды лайықсыз көрді де жұмырлап жонған төрт бұрыш шөрке тәрізді ағашқа орнатылған шамды өздеріне тартып іске кірісті: Рысбек ермек болсын дегендей, «Үнэннің» соңғы номерін бетіне ұстады. Серікбол блокнотын алып, әлденені жаза бастады... 

Қас қарая қой да қораға келді.

– Кемпір, – деді Қауметбай, сырттан дауыстап, – үйшіктің есігін ашып жібер!

«Үйшік» дегенге елең ете түсті жолаушылар: «Біз неге көрмедік?!»

Ежелден дағдыланған қойлар ешкімнің бұйрығын күтпестен аңсап келген жатағына кіріп жатты. Күйі жақсы бірнеше тоқты қашамен қанаттас сыртындағы үйшікке қарай аяңдады.

Қойды қоралап болып, қора мен үйшіктің есігін әбден бекіткеннен кейін үйге кірген Қауметбай тымағының бауын шешті де жүресінен отырып, қолын пешке қалай бастады.

– Кемпір, «сұр қайқыдан» басып қой.

– Тоңдың ба? – деді кемпір, сары жапаны жаңа дөңгелек пешке қалап жатып. – Анау тоныңды киіп алмай, мынау қоңылтақ...

– Тәйір, мынандай күнде оны киіп кім пысынап жүреді.

– Е, жасарып келесің ғой.

– Көп сөзді қой, шайыңды құй, мына кісілер шай ішті ме, ұйбай-ау.

– Іштік, іштік!

Қауметбай көзінің астымен ғана қарап бақылап отырған қонақтардың ойлағанындай, алдындағы асқа оптыға тиіскен жоқ. Әдетте бауырсақтан гөрі отқа көміп, сарғайтып пісірген нанды сүйетін ол, кемпірі ұсынған дөңгелек нанның шетінен шыныға жұқалап турап алды да, шай құйғызып, үстіне аздап май шылап, баяу ғана тарта бастады.

– Қойдың қорасын сарай ғып алған екенсіз, – деді Рысбек, бірден ішіне сыймай отырған ризалығын білдіргісі келіп, екіден Қауметбайды сөзге шақыра.

– «Жатар орын, жарым құрсақ» деген емес пе, қыста мал ең алдымен астынан жүдейді.

– Ол рас, – деді Серікбол ойдағысын тапқандай.

– Күн тоқтады ма, осы? 

– Тоқтаған жоқ.

– «Қаңтарда қарға адым ұзайды» дегені қайда?

– Қаңтарыңызды қайдан білейін, жаңаша күннің қысқарып тоқтауына 13 күн бар.

– Бәсе, – деді Қауметбай, кемпіріне қарап, – таңертең сіреп алып-ақ кетем, кешке қарным ашып қайтады. Рас, күн әлі де ұзақ бола берген жоқ.

– Сіздің сағатыңыз да дәл өлшейді екен, – деп күліп жіберді, мысқыл десе қызып отыратын Серікбол.

– Жоқты айтып отырады, – деп намыстана бастады кемпірі.

– Күн мен түн неше сағат?

– 24.

– Сендер темірдің тықылымен өлшейсіңдер, біз құдайдың күнінің қыбырымен өлшейміз.

– Дөп келер ме екен, оныңыз?

– Айтыңызшы қане?

– «Таңсәрі» дейді, таң рауандап келе жатқан уақытты.

– Біреу.

– «Елең-алаң».

– Екеу.

– «Күн шыға, күн шығардың алдында, артында».

– Мұныңызды нешеу деп білеміз?

– Біреуі-ақ болсын.

– Үшеу.

– «Сәске, талтүс, шалқар түс, түс қия, көлеңке қайта, ұлы бесін, кіші бесін, қатын бесін, екінті, қас қарая, ақшам, іңір, жатар уақыт.

– 16 болды.

– Неше сағатың кем қалды?

– Сегіз.

– Қалғаны түн, ұйқы.

– Тоқтаңыз, таңсәріні алты сағат, жатар уақытты 10 сағат деп білейік, 6-дан 12-ге дейін алты, 12-ден 10-ға дейін он сағат: Он алты. Оған түннің 8 сағатын қос – 24. Япырым-ау, ағасы, ойша орналастырып жіберген жоқсыз ба?

– Әкең тірі ме еді?

– Tіpі.

– Сұра, содан!

– Бірақ қыстың күні қысқа, жаздың күні ұзақ. Екеуін бірдей мұнымен өлшеуге болмас.

– «Ат айналып қазығын табады» дегендей, күн мен түн теңелетіні рас па?

– Рас.

– Рас болса есесі бір.

– Мұны кімнің сағаты дейміз?

– Мұны малшының сағаты де.

Ерегес десе, елігіп отыратын екі «тоңмойын» осылай шиеленісе-шиеленісе отырып, қара қазанның қалай түскенін білмей де қалды.

Басында бұлардың сөзін қызыға-қызыға тыңдаса да аяқ шенін ала жалыққан Рысбек тықыршып жантая бастаған еді.

– Жеңдер! – деп тұздықтай отыра жапырақтаған Қауметбайдың қолынан сүйектер қабығынан айырған теректің бұтағындай аршылып шығып жатты.

Жеуден гөрі сүйек мүжуді жақсы көретін ол турай отыра тап-таза мұжып та үлгеретін. 

– Сүйекті жақсы мүжиді екенсің, – деді ол Рысбекке, арқаның бір талын қабығынан айыра алмай қажалап отырған Серікболды кекете. – Біз күні кешке дейін осының артынан еріп, ыстыққа күйіп, суыққа тоңғанда бір мұжым ет қосылсын деп жүрміз ғой, жарайды міне, оны ысырап қып тастамағаның. 

Қауметбай жауырынды тап-таза мүжіді де Серікболға ұсынды.

– Сөйле.

– Көйлегіңіз көк, қазаныңыз тоқ.

– Я.

– Атаныңыз қомды, атыңыз жүйрік, сиырыңыз бұлақ. 

– Әмин!

– Қозыңыз егіз, қораңыз қойға тола.

– Айтқаның келсін!

– Ақсақал кәрі жілікті шақпайтыны несі? – деп сұрады Рысбек, Қауметбайдың өзіне деген алғысын арттыра түсіргісі келіп, қолындағы кәрі жілікті мүжи отыра. 

– «Кәрі жілік», – деді Қауметбай, – мал мен басты амандайды. Бұрын бір байдың жалғыз баласы алыс сапарға аттаныпты. «Бай баласы мол қазынамен сапарға шықты» дегенді естіген алты ұры барғанда да, қайтқанда да артынан қалмай аңдыпты.

– Негe?

– Ұры болған соң белгілі ғой.

– Күні бойы дамыл алмай жүрген бала қас қарая түсіп демалып, шай қайнатып ішеді екен. Қарақшылар қараңғы түн жамылып, қара тасты жабыттап қасқырша қадағалайды да отырады. Бірақ көздеріне ен далада жылтылдаган оттың басында отырған адам бір ғана емес, қырық бір болып көрінеді де тұрады.

– Себебі?

– Оны айтайын деп отырмын. Баласы аттанарда әкесі серке терісінен істелген тұлыпқа салмақты бір нәрсені салыпты да аузын мықтап бекітіп:

«Балам қайтып келіп өз үйіңнің табалдырығын аттағанша осының аузын ашпа! Жатқанда жастығың болсын, жүргенде қоржының болсын, айырылма» деп бөктеріп береді де «Жортқанда жолың болсын, аман барып, есен қайт, шырағым, жалғызым» деп шығарып салады. Қайтып келе жатып ауылына ара күндік, жол қалғанда азығы азайған бала қызығып тұлыпты ашып көрсе, ішіндегі қырық кәрі жіліктің сүйегі екен.

Албырт бала, «Әттең, әке-ай, осыны солғұрша жерге атқа ауыр ғып артқызғаны ақылынан алжасқаны ғой» дейді де шағып майын алып жеп, шашып тастап тарта береді.

Сол күні бала ұрылардың көзіне жалғыз көрінеді. Жалғызға жау қандай амырақ, өзін өлтіріп, оны-мұнысын олжалап әкетеді. Kәpi жілікті шақпайтын мирас, міне, осыдан қалған.

– Бұл мирас монғолдарда да бар, – деді Серікбол. – Жаңылып айтса да, бірақ олар былай деседі:

«Бұрын бір батыр жаугершілікте мінген атынан айырылып, жаяу қалыпты-мыс. Атын іздеп, арып-шаршап жүрсе, кәрі жіліктің бас сүйегіне оралып тұр екен. Сонан тауып алыпты-мыс…»

– Оны қазақ, жауырын дейді. Құмға көмілген, ортасы тесік жауырынның қалақ басына оралып қалған екен. Жауырынның жолын ашып тастайтын
 себебі сол.

Әңгімелесе отырып, таза мүжіген белдеме сүйегін Қауметбай тағы да Серікболға ұсынып:

– Жауырынға тәуір екенсің. Шешкіш болсаң, мынаны шеш, сол қалыбында жұмбақ.

– Жасқа аға, ақылға сақа ғой, бұл жолғы кезек Рысекеңдікі болар, – деді, андысқан жауға аяғынан алдырғысы келмеген айлакер Серікбол, «білмеймін» деудің орнына.

– Самұрық құстың қанаты, – деді, әңгімені қысқартқысы келген Рысбек кідірместен, белдеменің екі қанатын көрсетіп.

– Шебердің ыңғыруы, қыранның тегеуіріні, – деді етегін көрсетіп. – Алатаудың алқабы, Жайықтың өзені, бәйбішенің көпшігі, айшықты ердің қасы немесе хас батырдың маңдайы, – деді екі жақ қасын көрсетіп.

– Я, әркім әртүрлі айта береді, жарайсың, міне, шешіп кеттің.

– Құлаққа ұрған танадаймыз, – деді қазан-аяқты жайғап тастап, енді шай құюға кіріскен бәйбіше. – Қонақ келсе әңгімелесіп, жырғап қаламыз. Жылда балалар барда жақсы еді, ол екеуі де биыл оқуда.

– Ақсақалдың «сағаты» болғанмен радиосы жоқ екен, – деді Серікбол, бағанағы сөзді насырға шаптырып.

– Радио да алам, – деді Қауметбай, қою қара мұртын ширата отырып. – Күндердің күнінде беті ағарған бір шәйнек шай, бір тілім нан да мұң еді. Ақ шай ішіп, нан жедік. Алты қанат ақ орда болмаса да, бойымыз жылы отыратын үй тіктік, міне. Биыл мынау кәртейгенде қыз болам деп іс машина алып қойды, әйтпесе...

– Қойшы әрі, өзіме алды деймісің, мен, әлгі оқудағы Сандуғашқа.

– Өзім де ойлап жүрмін, ендігі жылы радио алып, ермек етіп отыруды.

Қонақтар сыртқа шығып қайта оралғанда, текемет төселіп, оның үстіне тап-таза көрпе, жастықтар жайылып та жатыр еді.

– Уақыт қанша?

– Он біp.

– Келесі жылы қонсақ осы уақытта «Дархан манай»-ды* тыңдап тұрады екенбіз.

– Я. 

...Қонақтар қайтадан атқа қонғанда, шашырап түскен қызыл арай күн нұры тау-таудың басын жаңадан ғана аймалаған еді.

Кешегі Қауметбай көрсеткен құзардың басына ілінген сәуле ақ күміске жалатқан алтындай ақ қарға шағылысып, жылт-жылт ойнай бастады.

II. «ҚОЗЫҒА ЖУСАУ ҮЙРЕТКЕН БОЙДАҚ ҚОЙ»

Қораларды көріп, өрістегі қойларды да аралаған Рысбек пен Серікбол бесін ауа Жүсіпке келіп сәлем берді. 

Келгендеріне қатты риза екендгін де айтып үлгерді.

– Құдды, өзіміздің балалар, бір күн көре алмасаң, бір жыл көрмегендей көксейсің де отырасың. Кемпір, шайыңды қайнат.

Үй ішінің ықыласпен қарсы алуы мейман үшін үлкен абырой емес пе? Жүсекеңнің бергеніне емес бейіліне риза болған қонақтар жайланып отыра бастады. Тек қана ежелден мінезі ауыр бәйбіше қонақтардың аманына ернін жыбыр еткізді де қайтадан жылт білдірмей, сыздаған қалыбы қыбырлай берді. Ерінің жарқын мінезі елеткен жоқ, оны. Тау суының тасқынындай жайып-шуып, әкетіп жатты, аулаққа. 

Шай алдына келгенде ел аузында жүретін: «Ауыр бір шай қайнатымдай, ауыр бір шай қайнатымнан кейін» деген уақыт өлшемі естияр Рысбектің есіне түсті.

Сөзуар Серікбол жуа сөйлеп, құрша жорғалаған Жүсекеңнің әңгімесіне айналып отырып бұл уақыттың қалай өткенін де білмей қалды. Бұлар шай ішіп бола бергенде қой да үздік-создық шұбырып қораға келді.

– Япырмау, қойларыңыз келіп қойды ма?

–   Ертерек емес пе? – деген сұрауларға Жүсекең ойланып жауап қайырғанша қойшы бала да кіріп келді.

Іле жауап қайыра алмай іштей тынып отырған Жүсекең басқа айла таба алмай баласына дүрсе қоя берді.

  • Қара басқыр, қара басып жүр ме, сені, «ымырт жабылмай әкелме» дегенім қайда, саған?!
  • Қарақұрт, қашан тіл алушы еді, бұл!...

...Бұл түнгі әңгіменің көбі саясат жөнінде болды. Жүсекең ескі уақыттағы байлар мен билердің зорлық-зомбылығын айта келіп, өзінің Алтайдан қалай келгеніне тоқтады.

– Мен мұнда келгенде тамақ іздеп келгем жоқ, төңкерісті көксеп келдім. Көрнеу солардың қорлығына шыдамай, – деді, туа алысқан бір жарымдарының атын атай отырып.

Сонымен қатар бірлестікке де тұрмыс жағынан тым қысылғандықтан кірмегенін, бұл жолды ықтиярша еркін қалап алғандығын аңғартты.

– Аза бойы тік тұрды алғашында елдің, бірлестік дегенде: «Ана сұмында, мына сұмында орнап жатыр» дегенді естіп делебем қатты қозып жүр еді. «Біріксек қайтеді?» деймін, бір жарым көңіл жетерлерге. «Байқай тұрайық», – дейді олар. «Бастаңдаршы, елдің серкесі емессіңдер ме, ерейік біз, қалып қойғанымыз ұят емес пе», – деп қамшылап қоям партия мүшелерін. «Байқай тұрайық», – дейді олар. «Байқайтын, бас тартатын не бар, партия мен үкімет үшін малымыз тұр ғой жанымыз құрбан емес пе?!» – деймін мен. Ақырында...

Әңгіменің қызығын балалар ортасынан шыққан жанжал дәміл-дәміл кетіре берді. Бағанадан бері әке-шешесінен сан рет ескерту алса да қасарыса түсіп, ұрынарға қара таба алмай жан-жағын жайпап отырған қайсар сары бұл жолы оң жағында отырған кенже інісін шекеге шертіп жіберді де, сол жағындағы екінші інісіне көзін қысып қойып монтиып отыра кетті. Ағасынан жапа шеккен інішек үйді басына көшіріп бажылдап барып әкесіне паналады.

–   Қайсың, мынаған тиген?

– Анау.

– Бәлем тұра тұр. Кетсін мына кісілер, жон теріңнен шылбыр алармын!

– Мен емес, – деді қайсар сары, жыламсыраған боп. – Көріп отыр ғой, мынау.

– Тәйт, сұмырай, бір жаман үйренген бала...

«Айтқандары рас болса ақылды-ақ кісі екен», – деді Серікбол, ішінен. – Әй, кім біледі, айғаққа бәйбішесін ала береді, бәйбішесі еріне қарамай жерге қарай береді...»

– Бүгін өріске суарып шығар да, ымырт жабылмай әкелме! – деді танертеңінде баласына.

– Өзіңіз жаймайсыз ба?

– Мен де жаям ғой, бүгін бір жаққа баратын жұмысым болып отыр.

– Қайда барасыз?

– Тағы біреуді таңынан ілгелі отыр ғой, – деп күлімсіреді Рысбек, Жүсекеңнің сауда-саттыққа ептілігін, бөгде аймақ, сұмындарға көп жүріп көр-жөр жинап келетінін кекетіп.

– Мен ауырып отырмын, – деді баласы, ежелден қысық көзін онан әрі сығырайтып.

– Қай жерің?

– Қабырғам.

– Көрсет, мына емшіге.

Шай ішіп болғаннан кейін Рысбек «сырқатты» тори бастады.

– Қай қабырғаң?

– Мына біреу.

– Басқанда ауыра ма?

– Ауырады, ойбай-ай, ақырын.

– Аузыңды аш, тіліңді көрсет, а-а де.

– А-а-а.

– Көтер жейдеңді, кеудеңді аш… көтер... айнал… демал.

– Ештеңе етпес, – деді Рысбек, – дегенмен мына емді ішіп байқа. 

Рысбектің ермегіне айналғысы келмеген Серікбол сыртқа шықса, Жүсекең аттарды ерттеп, меймандарын тез жөнелтудің қамын ойлап та жатыр екен.

– Ақсақал, малдарыңызда…

– Дін аман.

– Қораға жатпай сыртына жатқаны несі?

– Тойғаннан соң не істемейді, бүйірі қызып шыдатпай барады ғой, бүйірі.

Құлақ пен көздің арасы екі елі, бірақ «көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік» деген ережені есінен шығармайтын Серікбол қораға таман аяңдады.

Беті екі елі көң, асты көк тоң.

– Ақсақал мынау не? – деді қамшының сабымен тоқылдатып.

– Мынау ма, мынау тоңазиын деген ғой, бірақ...

– Жазда ойылып па еді?

– Ойылған.

– Алдау! – деді ашу кернеген Серікбол дауысы дірілдеп. – Ойылған қора әлден бүйтпейді.

Шымбайлы шиеленіс енді басталды... 

Ауылдан ат бойы ұзағаннан кейін әдет бойынша қонақтардың қортындысы басталды.

– Оңбаған екен, өзі!..

– Оңбаған екен.

– Өтірікті өңдеп-өңдеп соғатыны-ай!

– Балалары неғып жаман үйренген, – деді, олардың жаңжалына көбірек көңіл бөлген Серікбол.

– Несін айтасың!

– Өтірікші, алдамшы, сотқар.

– «Қозыға жусау үйреткен бойдақ қой» дегенді білмеймісің...

– Қауметбаймен екі арасы жер мен көктей.

– Әркімнің бір кәсібі бар, – деді, өмірден тәжірибесі молырақ Рысбек. – Біреу білек күшін жалдайды, біреу қу тілімен алдайды, біреу тиыннан тиын туғызып сырттан қоралайды.

– Сәтті сапар болды бұл, мен үшін, көп нәрсе көріп қайттым…

Каритна авторы Сальвадора Дали

Мәдениет порталы

author

Құрманхан Мұқамәдиұлы

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...