Ірі қалалардың бәрінде «ит базары» бар. Ит іздеген адам осы жерден Орта Азия...
Қайырбек Шағыр. Алаштың бір айбары – Абыралы
Абыралы – көне тау. Шыңғыстау, Қарқаралы, Тарбағатай сияқты ұзынынан созылып жатпаса да, өзіндік ерекшелігі бар дара биік. Халық шағын адыр-жоталарға ат қоймауы да мүмкін, қойса да, уақыт өте келе өзгерте беруі ықтимал. Ал ірі тау сілемдері көбінесе ежелгі атауын сақтайды, айрықша тарихи оқиғаларға куә болады. Тау көне болған соң, атауы да көне болмақ. Сол себепті, Абыралы атауын да көне түркілер заманынан келе жатыр деп білу керек сияқты. Түркі тілінің бір бұтағы Саха тілінде абыраа, абырал – құтқару, қорғау, қиындықтан құтылу деген мағына береді.
Абыралы тауларының жықпыл тастары мен үңгірлері жаугершілікте құтқаратын пана болған ғой. Қалмақтың батыры Абыр мен қазақ батыры Әлі жекпе-жекке шығып, таудың аты содан қалған деген аңызды тек көркемдік қиялдың жемісі деп білемін. Абыралы жоңғар шапқыншылығынан бұрын да Абыралы аталған болуы керек. Мысалы, XIV ғасырда өмір сүрген Асанқайғының жерұйық іздегені туралы аңызда: «Абыралы, Жалаулы, сары қиың тұр қалаулы» дегені сөзі қалған. Ал XVІІІ ғасырда өмір сүрген Үмбетей жырау Бөгенбай батырды жоқтауында:
Баянаула, Қызылтау,
Абыралы, Шыңғыстау,
Қозы Маңырақ, Қой маңырақ,
Арасы толған көп қалмақ,
Қалмақты қуып қашырдың, – дегені бар.
Осы Абыралы жері, Абыралы халқы қазақтың ғасырлар бойғы ұлт-азаттық қозғалыстарында үнемі дерлік алдыңғы қатарлардан көріне білген. Соның дәлелі ретінде әр кезеңдерге қатысты бірнеше мысалдарды келтіре кеткім келеді.
«Сибирский казак» деген сайттан мынадай бір деректі көзім шалып қалды. Мұрағат құжаттарынан алынса керек, «Омбы қаласындағы Жеке Сібір корпусы қолбасшысының бұйрығы, 9 қыркүйек, 1827 жыл» деп басталады. Шілденің 10-ы күні Орта Қырғыз-қайсақ ордасының Қарқаралы сыртқы округына қарайтын Байбөрі болысында қаруланған 500-ге жуық адам жүзбасы Кудрявцевтің тобына шабуыл жасағанын жазады.
Араларында винтовкамен қаруланғандары бар. Түн ортасына дейін атыс болып, казактардың біреуі өліп, жетеуі жараланып қайтады. Казактар содан соң 2 зеңбірегі бар 500 адамдық отряд жасақтап, жазалаушыларды жібереді. Байбөріліктер Шуды бетке алып, Бетпақдалаға қашқан. Жазалаушылар оларды он бес күнде қуып жетіп, 1016 шаңырақты кері қайтарады. Бүлікшілерден мыңнан астам жылқы, сиыр, он мыңға жуық қойды тартып алады. Барлығын Қарқаралыға жеткізеді. Бұл – бір ғана мысал. Патша өкіметіне басқа да қаншама қарсылықтар болғаны анық. Бәрін дерлік қарудың күшімен басып отырған.
Байбөрі болысында қазіргі Абыралы халқының көпшілігінің ата-бабалары өмір сүрді. 1832 жылғы бір құжатта Байбөрі болысын Ағадай сұлтан Маманов басқаратыны айтылған. Құрамындағы рулары: қойке, есбалақ, жарбол-кенжек, қыдыралы, темірәжі, үсен, кедей, шөптеміс, жағалбайлы, тағы басқалар («История Казахстана в руских источниках» VIII том, I бөлім, 60-бет).
Одан беріректе Кенесары көтерілісіне қатысқан абыралылықтар туралы деректер де мол. Жазушы Медеу Сәрсеке «Тарақты және Қаракесек шежіресі» (1995 ж.) кітабында Кенесары көтерілісінің қаһарманы болған Шұбыртпалы Ағыбай батырдың нағашылары, Абыралы тарақтысы Алыбай батырдың ауылы көтеріліске басынан бастап аяғына дейін қатысқанын, оны тарихшы Ермұқан Бекмақановтың жазғанын атап өтіпті.
Поляк революционері Адольф Янушкевич, «Қазақ даласына сапар туралы жазбаларында» айтылғандай, 1846 жылы қазіргі Абыралы жерін де басып өткен. Ол жергілікті адамдардың әңгімесі бойынша Ұрмақтың ұлы Кескенің сұлтан болғанын, үкіметке қарсы бір іске қатысқаны үшін оның өзі де қамауда өлгенін, қалған туыстары бас сауғалап басқа болысты паналап жүргенін, ал оның кейбір туыстары басқа бір қылмыстары үшін Қарқаралы түрмесіне жабылғанын күнделігіне жазып қояды. Бұл кім болды екен деп, дерек іздеп көріп едік, «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» деген кітаптың 1-бөлімінде: «Коске, сын Уртаков, 29 лет. С 1841 г. – в бегах, 10 июня 1842 г. пойман и находится под арестом. Бедный. Тараклинской волости» делініпті. Оның әкесі 1826 жылдан Тарақты болысын басқарған Ұрмақ сұлтан Әбітеев болса керек.
Ол туралы: «Даланың шалғай түкпірінде жүріп, бағыныштылық танытпайды, сондықтан құрмет пен марапатқа лайық емес» деп баға беріліпті. Бір деректе Қоске (Көске) Ұрмақовтың (Ормақовтың) Кенесары көтерілісін белсенді жақтаушы Құдайменді Ғазинмен бірге қамауда болғаны айтылады. Демек, бұл сұлтандардың қудалануы Кенесары көтерілісіне қатысы бар болғандығынан деп болжауға болады.
1905 жылы патшаның алдына қазақтардың талап-тілектерін қойған Қарқаралы петициясының маңызы зор екені тарихтан белгілі. Осы петицияға қол қойған 42 адамның 10-ы Абыралы өңірінің беделді адамдары.
Одан берірек уақытқа жылжысақ, 1916 жылғы «Маусым жарлығына» қарсы көтерілістің бір ошағы Дегелең маңы болғаны еске түседі. Бұл қарулы қақтығыс тарихта «Дегелең дүрбелеңі» деген атпен айтылады. Мұхтар Әуезов «Түнгі сарын» пьесасына осы оқиғаның кейбір тұстарын арқау еткен. Қарсылықтарына қарамастан, абыралылықтардың да бірталайы тыл жұмысына алынып, Ресейдің шалғай түпкірлерін шарлап қайтқан. Бір ғана мысал, С.Асфендияровтың 1936 жылы жарияланған «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі» деген кітабында: «Қарқаралы уезінің Абыралы болысынан 978 адам аттандырылды, олар Солтүстік темір жолында жұмыс істеді. Олардың бір бөлігі жұмыс істеуден бас тартқысы келді; сол үшін олар Солтүстік Поляр теңізіне Мурманск темір жолын салуға күштеп жіберілді» деп жазды.
Жиырмасыншы ғасырдың бірінші ширегіндегі аласапыран оқиғалардың бел ортасында қаншама абыралылық азаматтар, қайраткерлер жүрді. Халық комиссары Мұхаметқали Тәтімов, Лена қырғынының қаһарманы Угар Жәнібеков, «Етікші жандарал» атанған Жақсылық Төленовтер өз алдына, Алаш қайраткерлері Халел Ғаббасов, Мәннан Тұрғанбаев, Әлімхан Ермеков, Нығмет Нұрмақов (Б. Нәсеновтың деректері бойынша, соңғы екеуі Темірші болысында туғандықтан, Абыралыға да қатысы бар), тағы басқалар... Осының ішінде, Халел Ғаббасов туралы тың деректер кейінгі жылдары жарияланды. Р. Садықованың 2017 жылы жарық көрген «Алаш бекзаты» монографиясында айтылған мәліметтер бойынша, Қытайдың Шыңжаң өлкесінен келген Берікбол Баязитов Халелдің туыстарының шежіресін тарқатып, тірі кезінде туыстарымен түскен суреттерін көрсетіп, оның ноғай емес, қазақ екенін, Тарақты ішінде Әлі атасынан тарайтынын дәлелдеген. Бұған дейін Х. Ғаббасовтың ОГПУ тергеушілерін шатастыру үшін айтқан болуы мүмкін жауаптары ғана дерек ретінде алынып келген болатын. Аталған монографияда Х.Ғаббасовтың 1929 жылы отбасымен, туыстарымен киіз үйдің жанында түскен суреті жарияланып, суретте «Таңат жайлауы» деген жазу бар екені көрсетілген. Басқа да көптеген мәліметтер келтірілген.
Ғаббасовтар әулеті тарақты болса, жайлауы Таңат болса, демек оны Абыралы перзенті деп айтуға әбден болады. Берікбол аға Халел Ғаббасовтың арғы туысы Тышқанбай Қашақов деген екен. Бұл – кәдімгі Тышқанбай болыс. Әйгілі Қарқаралы петициясына Дегелең болысының атынан қол қойғандардың бірі. ОГПУ құжатында Халелді ауқатты, сыйлы әулеттен шыққан деп жазатыны да содан болса керек. Халел Ғаббасов бұрын айтылып жүргендей қайдан келгені белгісіз «татар» болса, тобықтының атақты байы, Алашорда жақтаушысы Ике Әділов оның туған әпкесіне үйленер ме еді деп ойлайсың.
1929-31 жылдары қазақ даласында Кеңес үкіметінің саясатына қарсы көтерілістер болғаны белгілі. Адай көтерілісі, Сарысу-Созақ, Шыңғыстау, Шұбартау көтерілістері, т.б. Осылардың алғашқыларының бірі 1931 жылдың ақпан айында басталған Абыралы көтерілісі болатын. Ғалым Болатбек Нәсенов архив деректері бойынша зерттеулерінің тұтас бір томын осы оқиғаға арнаған. Ысқақ Кемпірбаев және көтерілістің тағы басқа белсенді қатысушылары Абыралы тауларында Кеңес әскеріне бір ай бойы қарсылық көрсетіп, Семейден келген мұздай қаруланған жасаққа төтеп бер алмай жеңіліске ұшырады. Кейбір мәліметтер бойынша 500-ден астам адам жауапқа тартылған, 85 адам ату жазасына кесілген.
КСРО кезеңіндегі саяи репрессия құрбандары туралы мәліметтерді жариялаған «Открытый список» деген сайттан «Абралинский» деп іздесеңіз, 542 адамның аты-жөні шығады. Оның 143-і ату жазасына кесілгендер. Мұның арасында тек Абыралы көтерілісі емес, басқа себептерден де істі болғандар бар. Бұл, әрине, толық деректер емес. Бірақ соның ішінде қаншама абыралылықтар ата-бабаларының, туыстарының есімдерін табуына болады.
Қазақ ұлтын отарлау, зиялыларын қуғындау, жазалау соғыстан кейінгі жылдары да жалғаса берді. Көкірегі ояу, намысты ерлер ашық та, астыртын да күрестерін тоқтатқан жоқ.
Белгілі ақын, аудармашы, ғалым, журналист Бүркіт Ысқақов (1924-1991) – қуғын-сүргінді көп көрсе де, халқы үшін көп еңбек еткен адам. Көпшілігіміз оны «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген қазақтың тұңғыш мультфильмінің мәтінін жазған адам ретінде білеміз. Б. Ысқақов «Неге? Неліктен? Не үшін?» деген мақаласында («Парасат» журналы, №2, 1992) былай деп жазды: «Мен жастайымнан әдебиетпен әуестендім. Бұған себеп болған Ыбырай деген атам еді. Ол кісі 1870 жылдары Семей уезіндегі Шыңғыстау болысының Ақбұлақ деген жерінде дүниеге келіпті. Нұра бойына он бір жасында көшіп келсе де, өзінің кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен Семейін, Шыңғыстауын ұмытпай, әрқашан есіне алып отыратын. Атам өзін бөтен елдің ішінде жалғыз үй кірме болдым, сондықтан өмір бойы қағажу көрдім деп есептейтін».
Ақынның Шыңғыстау деп жазу себебі, Абыралы ауданы полигонға айналып, халқы Абай ауданына қарап тұрған кезі болатын. Сөз болып отырған Ақбұлақ ауылы да ол кезде Абай ауданына қараған. Шыңғыстаулықтармен ауылы іргелес, қойы қоралас жатқан, негізінде, ертеректегі Дегелең болысының тарақтылары қоныстанған аймақ. Атасының Нұраға барған жалғыз үй тарақты болып, қағажу көрдік дейтіні де содан болса керек. Ақын Ақбұлақта тумаса да, оның қанында осы өлкенің рухы, атасының берген тәрбиесі жатқаны даусыз.
Бүркіт Ысқақов жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдарында Қарағандыда құрылған «ЕСЕП» партиясының (Елін сүйген ерлер партиясы) – жастардың астыртын саяси ұйымының негізін қалаушы болды. Бұл ұйымды зерттеушілер оның бастауы Алаш идеясынан алынғанын, тәуелсіздікті көздеген ұйым болғанын жазды. Б.Ысқақов елуінші жылдары бірнеше достарымен бірге саяси айыппен 25 жылға сотталған.
Бұл қаһарман күрескерлердің рөлі журналист Д.Асанның тарихшы Әділет Жағыпармен сұхбатында былай түйінделеді: «Алаш қайраткерлерінің алдыңғы және кейінгі буынының ойлаған ойы, іске асырамын деген армандары үзілмей жеткен тарихи сабақтастық арқылы Қарағандыда «Елін сүйген ерлер партиясы», Батыс Қазақстанда «Қазақ халқын қорғаушылар одағы», Қарағандыда «Жас қазақ»,Мәскеудегі «Жас тұлпар», Керекудегі «Жас ұлан», Хасен Қожа-Ахмет құрмақ болған «Жас қазақ» секілді ұйымдармен жаңғырып және соңы Желтоқсан көтерілісіне ұласып, Тәуелсіздікке жеттік.Бұл Алаш қозғалысының айтылмай жүрген жаңа тарихи кезеңі деп санаймыз» («Адырна» ұлттық порталынан).
Енді жоғарыда аталған «Жас қазақ» ұйымына келейік. Белгілі қаламгер Мақсым Омарбекұлы «Махаббат пен қиянат» деген кітабында (Қарағанды, 2003 ж.) бұл ұйымның 1957 жылы Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылынан басталғанын жазды. Ол кезде тоғызыншы сыныпта оқып жүрген М.Омарбекұлы өзімен пікірлес бірнеше оқушымен бірігіп, Оқу министрлігіне хат дайындайды, оны өздері петиция деп атап, 59 оқушының қолын қойғызады. Хатта «бізге өз ұлтымыздың тарихы неге оқытылмайды, орыс патшаларының ғана тарихын оқи береміз бе» деген сияқты сөздер болған. Ондай хат жетер жеріне жетпей, облыстан қайтқан сияқты, біраз шу болып, жақсы адамдардың араласуымен басылады. Мақсым Омарбекұлы бастаған оқушылар онымен тоқтамай, оныншы сыныпта ұйымдарының атын «Жас қазақ» деп атап, бағдарламасы мен жарғысын бекітеді.
Мақсаты – тәуелсіз қазақ мемлекетін құру, ұлттық сана-сезімді қайта жаңғырту деп көрсетіледі. Әрине, ол «жастардың пікірсайыс клубы дәрежесінде ғана қалды» деп жазды Мақсым аға. Бірде олар Қайнарда қазақ мектебін бітірген жастардың жоғары оқу орындарына түсуіне орыс тілі кедергі болатыны айтылған листовка таратып, тағы шулатады. Кейіннен Мақсым Омарбекұлы өзінің нағашы жұрты Қайнардан атамекені Қарқаралыға көшіп кеткен. «Қайнар мектебі – мен үшін мәңгі ыстық, мәңгі қастерлі асыл мекен. Мен алғаш рет өмірдегі сұмдық пен жалғандыққа күйінуді де, жарқыраған жақсылыққа сүйінуді де сол мектеп қабырғасынан бойға сіңіргенмін» деп жазды ол кісі жоғарыда аталған кітабында.
Ол Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жүргенде де достарымен бірге «Жас қазақ» ұйымының жұмысын жалғастыра береді. Листовкалар таратады. Қауіпсіздік комитеті бұлармен шындап айналыса бастайды. Кінәлі студенттер оқу орнынан, комсомол қатарынан шығарылады. Мұның зардабы олардың кейінгі өмірлеріне де тиеді. Алыс түкпірдегі Қайнардан естілген жас балалардың «өз тарихымызды неге оқымаймыз?» деген үні жоғарыға жетті ме, уақыттың өзі соған алып келді ме, 1959 жылдан бастап «Қазақстан тарихы» пәні мектеп бағдарламасына еніпті.
Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында Мәскеуде құрылған және бірнеше ірі қалаларда бөлімшелері болған «Жас тұлпар» ұйымы белсенді жұмыс істегені белгілі. Оған Мұрат Әуезов жетекшілік етті. «Жастұлпарлықтардың» белсенділері қатарында белгілі демограф-ғалым, абыралылық Мақаш Тәтімов та жүрді.
Хасен Қожа-Ахмет. Кеңес Одағының қаһарынан тайсалмай, жалғыз өзі қарсы тұрған, Хельсинкидегі саяси тұтқындар тізіміне енген күрескердің есімі халқымызға танымал. Ол сонымен қатар тамаша сазгер, зерттеуші, ҚР Жазушылар одағының мүшесі. Хасен ағаның «Ереуіл атқа ер салмай» деген кітабында (2000 ж.): «Әкем Кәрімжан Қожахметұлы он жасында анасынан айырылып, Қарқаралы уезінің Дегелең болысынан (Қазіргі Семей облысы, Абыралы ауданы) Семей қаласына келіп, нағашы ағасы Әміре Қашаубаевтың қолында тәрбиеленіпті» деп жазылған.
Хасен аға 2008 жылы әнші Әміренің 120 жылдық мерейтойына орай Абыралы өңіріне келіп, атамекені Ақбұлақ ауылында болып қайтты. Байқоңырдағы құрылыс батальонында әскер қатарында жүріп, ұлттық кемсітушілікке қарсылық көрсеткен, істі болған Хасен одан кейін де көп ойланып, тәуелсіздік жолындағы күрескерге айналады. Ол да өзі құрғысы келген ұйымға «Жас қазақ» деген ат береді. Саяси өлеңдер, суреттер, үндеулер жариялайды. 1977 жылы қауіпсіздік комитеті оны қамауға алады. Екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылады.
Жазасын өтеп келгеннен кейін де әндерімен, мақалаларымен өз идеясын насихаттауды жалғастыра береді. Сөйтіп жүргенде 1986 жылдың желтоқсаны келеді. Хасен Қожа-Ахмет құпия орындардың бақылауында, тізімінде жүргеніне қарамастан алаңға барып, көтерілісшілерге белсене араласып кетеді. Тағы да тұтқындалып, екі жыл екі ай өмірін абақтыда өткізді. 1990 жылы оны ақтау туралы қорытынды шығарылған. Х. Қожа-Ахметтің одан бергі жылдарда «Желтоқсан» партиясына төрағалық етуі, саяси қызметтері өз алдына бөлек әңгіме.
1978 жылы «Кеңес үкіметі жойылсын!» деп үндеу таратқан, сол үшін құрбандыққа шалынған 18 жастағы Азамат Жәкібаевтың тағдыры да оңай болмады. Ол алматылық болатын. Әкесі Қасым Жәкібаев – белгілі кино және театр актері. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің шығармасының желісімен түсірілген Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» көркем фильмінде Абыралыдан келген Мұқатай шалдың рөлін ойнады. Фильмдегі «Абыралыға баратын кім бар?» деген сөзі ел есінде. Айналып келіп, Абыралы аты бұл жерден де көрініс беріп тұр.
Абыралылық жалынды ақын Төлеужан Ысмайыловты айтайық. Ол өз заманындағы кемшіліктерге қарсы шыншыл өлеңдерімен, ащы сатирасымен күресті. Коммунизм идеясымен тәрбиеленсе де, империялық үстемдіктің салқынын сезген кездері асау жаны аласұрған. Соның бір мысалы – «Қойлар» деген өлеңі:
«Баран» деді бізді мұқап орыстар,
«Аға» дедік туымызды оң ұстар...
Қандай момын халықпыз біз қойлардай,
Жүре берген кең намысты ойланбай...
Елуінші жылдары Төлеужан Ысмайылов, Әли Мұсаханов, Нұрсұлтан Әлімқұловтар ел ішіндегі әділетсіздіктерді айтып, КСРО басшысы Хрущевтың атына хат жазған екен. Хат жазғандардың ішінде балалық шағын Қайнарда өткізген белгілі ақын Нұтфолла Шәкенов те болса керек. Бірақ ол туралы ауызекі айтылғанымен, нақты деректердің бар-жоғын біле алмадым.
Осы тұста тағдыры қайшылыққа толы бір адам жөнінде айта кетуді жөн көрдім. Ол – «Рыжий Алмаз» лақап атымен белгілі Несіпбай Нәсенов. Атасы Нәсен Жарылғасынұлы Абыралы ауданындағы алғашқы мұғалімдердің бірі, 1939 жылы халық жауы деген жаламен репрессияға ұшыраған. Ал әкесі – Болатбек Нәсенов, тарих ғылымдарының докторы. «Жұлдыздар отбасы» журналында (№6, 2015 ж.) жарияланған мәліметтерде «Рыжий Алмаз» туралы: «Кеңестер одағы ыдырап, астаң-кестең заман басталғанда ол қазақ мафиясының серкесіне айналды» деп жазып, оның өзі айтты деген мына бір сөздерді келтіріпті: «Мен де ұлтшылмын. Қазақтардың жақсы киінгені, жақсы өмір сүргені, жақсы машиналарды мінгені, жақсы үйде жасағаны маған ұнайды. Мен бұған рахаттанамын. Мен өзіме де, басқаларға да Қазақстанда жақсы өмір сүру мүмкін ғана емес, міндетті екенін дәлелдегім келеді». Ұлтқа жаны ашитын адамның сөзі ғой бұл. Оның тағдырының анық-қанығын болашақта зерттеушілер жарыққа шығарады деп ойлаймын.
Әлі де тарихи бағасы беріліп болмаған, жақында ғана болған Қаңтар оқиғасы ше? Археолог Ерлан Жағыпаров 2022 жылы 6 қаңтар күні азаптап өлтірілген жерінен табылды. «Ол Түркі халықтарының тарихы мен археологиясына, өмірге құштар адам еді. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау бойынша түрлі ғылыми экспедицияларға белсене қатысқан» деп жазды ақпарат құралдары («Адырна» сайты). Ол да Абыралылықтардың ұрпағы еді. Туыстары Ақбұлақ ауылын мекендеген.
Біз бұл мақалада Абыралы перзенттерінің ұлт азаттығы жолындағы іс-әрекеттерінің барлығына тоқталуды және қозғалыстар тарихын егжей-тегжейлі баяндауды мақсат етпедік, тек кейбір мысалдармен шолу жасап өттік. Осының өзінен-ақ көп жағдайды аңғаруға болады.
Осы айтылғандарды қорыта келе, Абыралы – азаттық жоқшысы, қазақтың қасиетті өлкелерінің бірі дегіміз келеді. Сол үшін де ол Кеңес үкіметінің әккі саясаткерлерінің айрықша назарында болған. Атом бомбасымен улап, тоз-тозын шығарғысы келген. Кезінде НКВД ұлтшылдар мен күрескерлер көп шыққан аймақтарды қызыл шеңбермен белгілеп қойған дегенді бір жерден оқығаным бар еді. Абыралы жерін қос қабат қалың шеңбермен қоршаған-ау, сірә!
1990 жылы 15 желтоқсанда Абыралы ауданы қайта ашылған болатын. Бір жылдан кейін, 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз тәуелсіздік алды. Мұның да символдық мәні бар. Ауданды кейін қайта жауып тастағаны дұрыс болмады. Абыралы аудан болып тұруы керек және оны сақтау керек, бұл істе Хиросима мен Нагасакиді гүлдендіріп ұстап отырған жапондықтардан үлгі алсақ, артық болмас.
ҚР Журналистер одағының мүшесі