Әкбар Гошалы. Түп негізім жусан иісімен сабақтас...

ӘДЕБИЕТ
2028

Түбі бір түркі халықтарының тұтас ел болу жолындағы еңбек – ерен де қастерлі іс. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әкбар Гошалы мырза – тұтас түркі миллеті үшін еңбек сіңіріп жүрген аздың бірі. Соқпағы бөлек, әуезі көркем сөз иесін әңгімеге тартқан едік.


– Әкбар мырза, жаңа бе­ле­­­сіңізбен құттықтаймыз. Қазақстанда тұсауы кесілген «Тұранның бір түп жусаны» атты жыр жинағыңызды оқырман жылы қабылдап жатыр. Тарихи Тұранға қызмет туралы мақсат-мұрат қай кезден басталды?

– Рахмет, қалам иелері үшін ойланып-толғанатын жасқа жеттік. Кәріліктің алғашқы көктемінде тұрмыз. Задында, жыр жинағымның Қазақстанда жарық көруі – мен үшін айтулы, маңызы жоғары оқиға. Өйткені Қазақстан – бүкіләлемдік жас түркі жазушылар одағының отаны.­ 15 жыл бұрын, 2008 жылдың қаңтарында біз DGTYB, яғни бүкіләлемдік жас түркі жазушылар одағының Түркістан қаласында тұсауын кестік. Осы күнге дейін бұл одақ түркі әлеміндегі жастар әдебиетінің ортақ қазанына айналды. Қазақша жарық көріп отырған кітабым қымбатты қазақ бауырларымның, қалам­дас­тарымның мерейтойыма тарт­­қан сыйы деп қабылдадым. Кітапта жиналған өлеңдерімнің негізгі ұстыны – ұлы Тұран, түркі әлемі, сәулетті болашағымызға деген сенім, бауырлық, мейірім, махаббатдүр... Тұранға деген махаббатқа қауышқан жасым өз жасымнан да көп десем, артық айтқаным емес. Түп негізім жусан иісімен сабақтасып, түркі рухына деген махаббатқа байланған. Рухымыз тұрандық болған соң, әу бастан өз жолымды түркі әлемінен көрдім, қасиетті бұл жолда өзімді таныдым һәм өзімді таптым...

– Сөндірмей жанар

оттарын,

Жарқырап мәңгі

тұрмай ма?

Алтайлық қазанаттарым,

Еуропаны алар күн қайда? – дейсіз. Жырларыңыздан Алтай­­ға деген сағыныш сазы сезі­ле­ді.­ Алтай туралы ойлан­ғанда есі­ңіз­ге алғаш не түседі?

– Алтай топырағына әлі табаным тиген жоқ, бірақ Алтаймен қауышқан сәтте ұлы рух пен алапат күш табарыма шексіз сенемін. Бір білетінім, Алтайға барғанда маған жолбасшы қажет болмасы анық, онда рухым, туыстық қаным маған жолбасшы болмақ... Алтай біздің түркілердің атажұрты болып есептелетіні белгілі. Алайда осы тақырыпқа қоса кетуге тиіс тағы бір маңызды мәселе бар.

Киелі кітаптарға көз жү­гірт­­сек, адамзат баласының алғашқы жаратылған жері Таяу Шығыс делінеді. Егер осы пікірге сенер болсақ, онда түркі нәсілінің де алғашқы бұтағы Таяу Шығыстан тараған болып шығады. Демек Алтайға келуден бұрын жүз жылдар бойы сол жерде жасаған деген тұжырым шығады. Жалпы, бұл ойлар қазір тілге тиек ететін мәселелер емес, ойыма келгесін айта кетуді жөн санадым.

Түркілер әлемде үстемдік құр­ған кезде әділет жолын рет­теп отырды. Қазір дүниеде әділет бар ма? Егер туралық жоқ болса, оны қайта түзу қажет, қолға алуымыз шарт. Бұл үшін түркілер әлем сахнасында жаңадан сөз алуы керек. Түркі мемлекеттері одағының күшін нығайту ісі осы тұрғыда өте маңызды қадам болып саналады. Алтайдан ауған арғымақтар Еуропаға бос жайылу үшін емес, әділет алауын жеткізу үшін баруға тиіс!

– Бүгінгі түркі әдебиетінің әлем әдебиетіндегі орны жөнінде не айта аласыз?

– Әлем әдебиетіне түркі әде­биеті орасан зор үлес қосты­ деп айту қиын... Бұл түркі әдебиетінің әлсіздігінен емес, дүниежүзілік әдеби қоғам­дастық басқармасының бізге қолдауының болмауынан туын­дап отыр. Түркі әдебиеті өзінің мазмұн байлығына сай ең жоғарғы мақтауға және құрметке лайық. Атағы алатаудай Нобель иегерлері Айтматовтан артып, керемет дүние жаза алып па? Бұған бізді кім сендіре алады? Әлемдегі тиісті басшылар түркі әдебиетіне мойын бұрмаса, біз де қол қусырып отыруға тиісті емеспіз. Жүйелі жұмыс істеп, жаңғыра беруіміз керек. Оның бір мысалы ретінде түркі елдері арасында шоқтығы биік әдеби сыйлық тағайындауды, оның мәртебесін көтеруді қолға алу қажет.

Екіншіден, Түркі халық­та­рының шығармаларын аудара­тын, тәржіма саласын арнайы жүзеге асыратын ұйым құрылуға тиіс. Ең алдымен өз бауырларымыздың әдебиетін жақыннан білу ләзім. Демек аудар­ма жұмысына тереңнен көңіл бөліп, оны жоғары дәрежеге алып шығуға тиіспіз. Ататүрік: «Біз өркениет көкжиегіне жетіп, биікке шарықтауымыз керек! Аударма саласын өзімізге тиімді, ұтымды етіп ұйымдастыруымыз қажет», деген болатын. Яғни түркі әдебиетінің әлемге қызмет етер дәрежеге көтерілуі үшін жөнсізге ермей, бар күшімізбен еңбек етуіміз керек. Мәселелер шешілу үшін туындайды. Қандай да жағдай болсын оның шашбауын көтермей-ақ, шешуге ұмтылсақ ұтарымыз мол болмақ.

– Поэзияңыздан Батыс пен Шығыстың көркем синтезін көре аламыз. Қандай ақындар ықпал етті? Ерекше әсер ет­кен автор­ларға тоқтала кетсеңіз.

– Егер өз поэзияма ерекше әсер еткен дүниені іздесек, ең алдымен өзім туған географияға үңілген дұрыс. Шығыс пен Батыстың тоғысында орна­ласқан Әзербайжан климаты біздің поэзия­мызда, шығар­ма­шы­­лығымызда айқын сезіледі. Еліміздің мем­лекеттік туына (сол туды­ жасаушылардың шығар­ма­шы­лығына) назар аударсаңыз, Шығыс пен Батыс көзқарасының бірлігін көруге болады. Екінші жағынан, асқақ адами сезім әр түркі жазушысына тән деп есептеймін. Мен шынымен де түркілер әлемді хаостан құтқарып, тәртіп орнатуға міндетті (рухани міндетті) деген сенімдемін. Ата-бабамыз аттың қомында жүріп, қылыш жүзімен жасаған Құдайлық миссияны мүмкін бүгінгі біздер қалам күшімен, сөз құдіретімен жасауға тиіс шығармыз...

– Балалық шағыңыз жайлы ойға қалғанда, көз алдыңызға қандай сурет елестейді?

– Мен Бакуден 550 километр қашықтағы, теңіз деңгейінен 1550 метр биіктіктегі таулы ауылда тудым, сонда өстім. Балалы­ғым­ қараша ауылда өткен соң, этно­графиялық сана, эпос мәйегі, халық ауыз әдебиетінің қаймағы шығармашылығымда көрініс тапты. Балалық шақ дегенде, көбіне көз алдыма ата-анаммен өткен күндер, суық қыстағы ыстық жүректер елестейді. Сонымен бірге бұл жылы бейне Баку мен Хазар естеліктерін жаңғыртып, үлкен болашаққа жетелейді... Біздің балалығымыз өзгеше еді – ащы-тәттісімен, ыстық-суығымен... Мысалы, бала кезімде өзіміз ұйымдастырған наурыз мерекелеріндегі көженің дәмін әлі басқа жерден көре алмай келемін... Мүмкін бұл қартай­ған­да айтылған толқу сөз шы­ғар, білмеймін...

– Жүректің ең бас­ты қасиеті неде деп ойлайсыз?

– Бізде «Тәңір жүрегіңе берсін» деген сөз бар. Бұл асылында, алғыс, дұға секілді сөз. Алайда жүректі құр қан сорып тұратын құрал ретінде қолданатындар үшін (кешірім өтінемін) бұл сөз алғыс та, дұға да емес, қарғыс болып тиеді. Жүрек, көңіл, ұждан, ынсап, ахлақ... Мұндай тамырлас, әртүрлі типтегі категорияларды тарқатып айтуға болады. Рухани мекендер адамның физикасына емес, метафизикасына, рухына байланысты. Жаратушы иеміз, одан соң ата-бабаларымыз бізге ғажап жүрек сыйлағаны сондай, ол жерден тек жақсылық, сұлулық, гүлге көмкерілген құштарлық көре аласыз. Шүкір!

– «Әзіз Шуша» атты жырыңызда:

Біз – қайтуды ұқпас

жанбыз,

Бұл жерді де нық басқанбыз.

Топырағында өскен гүлдер,

Аспанында ұшқан құстар,

Құрғап қалған арнасына

Қайта толып аққан сулар

– Келтіріп тұр өмір сәнін,

Мына шаһар – менің шәрім! – деген шумақтар бар.­ Жалпы, Қарабақ үшін соғыс түр­кі­ халықтарының рухын­ сіл­кі­ген оқиға болды. Ірі жеңіс Әзер­бай­жан әдебиетіне қанша­лық әсер етті?

– Өте орынды сұрақ. Қарабақ үшін соғыс түркі халықтарының биік рух иесі екенін тағы да бір дәлелдеді. Қарабақ майданының жеңіске жетуіне әдебиетіміз де өз үлесін қосты. Әскерлерімізді Шушаға қарсы жұмылдырған жалғыз физикалық дайындық емес, олардың рухындағы майырылмас күш еді! Білесіз бе, біз 44 күндік соғыста қол жеткізген үлкен нәтижелерге өзгелер онжылдықтар бойы қол жеткізе алмауы мүмкін. Майдан шебіндегі жастарымыз поэзиямыздан, әдебиетімізден, рухты әндерімізден, халық даналығынан қуат алды, рухтанды. 44 күнде жеткен жеңісіміз Әзербайжан әдебиетіне едәуір ықпал етті. Ақындарымыз қасірет пен қилы тағдырдан гөрі, ұлы жеңіс жайлы жаза бастады. Үміт пен сенім жайлы жазған қаламдар бүгінде сол үміт пен сенімнің бейнесіне, символына айналды. Жақын жылда әдебиетіміз толағай жеңісті бұдан да жоғары деңгей­де жырларына сенемін. Жеңіс­тің ыстық-суығы біраз уақыт­та тарқар, бірақ біз мұны бола­шақ ұрпаққа тиісінше насихат­тай білуіміз керек. Рух ұшқынына матырылған жыр жа­зумен қатар, асқақ ерлікті әр ұлан­ның санасына сіңіру маңызды.

– Алып Тұранның болашақ тағдырынан нені көресіз?

– Тұранға үміт артпаймын, мен Тұранға толық сенемін. Тұран арман-қиялымыздан ақиқатқа айналар күн алыс емес. Бір уақыттары бізді келеке етіп, қиялшыл деп айыптағандардың өздері де Тұран тілінде сөйлей бастайды. Қазақстанда осы аспани сенім мен арман нық бекіген деп ойлаймын.

Тұранның әлемге күн секілді орнығар сәті келеді, ал қазір сол күн өз жарығын бүкіл адамзатқа жаюы үшін дайындық үстінде. Анадолылық бауырларымыз бұл сәт хақында «Бәлкім ертең, бәлкім ертеңнен де ерте» деген болжам айтуда...

– Қазақ ақындарының өлең­­дерімен таныстығыңыз қай кезден басталды?

– Қазақ ақындарының өлең­де­рімен кеңестік кезеңнен таныспын. Абай, Жамбыл, сонымен бірге Олжас Сүлейменов есімдеріне біз қанықпыз. Бірақ біз және DGTYB-дағы бауыр­ларым бірлескен әдеби іс-шараларда көптеген жаңа қазақ ақынымен таныстық. Әзербайжан-Қазақстан әдеби-мәдени байланыстарын орна­туда­ өз үлесімізді қостық. Атал­ған DGTYВ бірлестігінің жұмыстары нәтижесінде һәм өз өсиет-нұс­­қа­уымызбен Әзер­бай­жан оқырмандары Ұлы даланың поэтикалық рухымен жақыннан таныса білді. Алдағы уақытта екі ел арасындағы әдеби қарым-қатынасқа жекелеген тұлғалар, басқа да мекемелер өз үлестерін қосар болса, біз ақын-жазу­шысын көпке танытқан қолдаушыларға, антология да­йын­­дауға мұрын­дық­ болған мекемелерге риза­шы­лы­ғы­мыз­ды­ білдіреміз.

– Қазақ оқырмандарына не айтасыз?

– Қымбатты Қазақ елі, әзер­байжан бауырларыңыз сіздерді өте жақсы көреді. Арамызды Хазар теңізі бөлсе де, қыл өтпес. Қазақстан мемлекетінің іргесі, қазақ ақындарының поэзиясы көк аспанда қанат қаға берсін. Бар жақсылықты тілеймін. 

Әңгімелескен Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan» 

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...