Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруды кітап дүкендерінің ірі...
Өмірімнің соңына дейін мақтанамын
Ұлтымыздан шыққан тұңғыш антрополог-ғалым Оразақ Смағұловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» кітабы жарық көрді. Бұл жайында танымал баспагер Бақытжан Бұқарбай әлеуметтік парақшасында жазды.
Аталған жазбарад:
«Баспамыздан 94 жастағы абыз ақсақал, қазақтың тұңғыш антрополог-ғалымы Оразақ Смағұловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» кітабы жарық көрді.
Студент кезімде Талғат Бигелдинов, Тұманбай Молдағалиев сияқты тұлғалар әлі тірі жүрді. «Неге осындай кісілердің өмірбаянын біреулер жазып алмайды?» деп ойлайтынмын. Баспагерлікке отызға қарай келдім, ол кезде көбісі қайтып кетті.
Бірақ бағымызға орай Оразақ атамыздың ғұмырын кітапқа айналдырып үлгердік. Мұндай деңгейдегі асылдың сынығындай алып тұлғалар қазір жоқ.
Біз, AmalBooks баспасы, контентімізді өзіміз өндіреміз, сонымен танымалмыз. Бұдан бөлек, қай жанрды алсақ та, рөлдік модель қалыптастыруға талпынамыз. Осы жолы да биография жанрын біздің буын оқырманы үшін жаңғырттық деп сеніммен айта аламын.
Әке-шешеіміз оқыған «Жизнь замечательных людей» кітап сериясы болды. Бірақ оны біздің буын оқи қоймас. Подачасы іш пыстыратындай. Сосын советтік идеологиялық призмадан өтіп отырған серия еді.
Қазір дүкендерде қазақ тілінде негізінен бизнесмендердің, тіптен «кәсіпкерсымақтардың» өмірбаяндарын табасың. Ақшаң болса ғана табыстысың деген түсінік қалыптасты. Бірақ олай емес. Өз саласында адал еңбек етіп, талай қиындық еңсеріп, биік асуды бағындырған кез келген адам табысты. Сол ұмыт болуда.
Оразақ атаның ғылымдағы табыстарына сол кітаптары шыққан көп кәсіпкер қызыға алады.
Ата қағидаларына берік ғұмыр кешіп келеді, оптимист, табанды болуының арқасында басына түскен талай сынақты еңсерген. Оразақ Смағұлов қазақтың осы аумаққа елу ғасыр бойы иелік етіп келе жатқанын ғылыми дәлелдеген. Кеңес Үкіметі оны ұлтшыл деп қыспаққа алса да, әлем ғалымдары мойындаған.
Біз кітапты қазіргі бизнес-әдебиеттің стилінде жаздық. Сосын ары қарай киносценарийге икемдеуге оңай болуын да ойластырдық. Ертелі-кеш бұл кісіге ескерткіш орнатып, ол туралы кино түсіретіні хақ.
Жұмысты былтыр қарашада бастап, биыл қазанда аяқтадық. Бұл жобаны жүзеге асыруға атсалысқан Araily Zhaqsilykқа рахмет айтамын.
Осы күндері кітап «Меломан» дүкендеріне сатылымға түседі.
Бұдан бөлек 21 қарашада 18.00-де Satbayev University-де 265-аудиторияда атаның қатысуымен кітаптың тұсаукесері өтеді.
Есігіміз баршамызға ашық», – дейді баспагер.
Мәдениет порталы