Шеттілдік ғылыми терминдерді аудару: теориясы мен тәжірибесі

РУХАНИЯТ
473

2022 жылғы 11 қараша күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен онлайн режимде «Шеттілдік ғылыми терминдерді аудару: теориясы мен тәжірибесі» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. 


Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба өзінің кіріспе сөзінде: «Шеттілдік ғылыми терминдерді аудару мәселесі ешқашан шетін қалып көрген емес. Бұл орайда бірқатар шаруа атқарылды. Ең бірінші кезекте, қалай аударамыз деген мәселе жан-жақты зерттелді. Әрине, біраз олқылықтар орын алып отырғаны рас. Бірден айтуымыз керек, ана тіліміздің ұланғайыр әлеуетін әлі күнге дейін толық пайдаланып отырғамыз жоқ. Аударылған терминдердің өзінде сантүрлі баламасы жарыспалы түрде қалмай қолданылып келеді.

Өкілетті органның термин саласындағы құзыреттілігін айқындайтын да уақыт жетті. Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Күнделікті тұрмысымызға дендеп еніп жатқан техника жаңалықтарымен бірге мыңдаған жаңа терминдер кіріп жатыр. Сондықтан бұл майданда толас жоқ»,–деп атап көрсетті.

Алғашқы болып сөз алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұбай Орынай Сағынғалиқызы «Ахмет Байтұрсынұлының шеттілдік атауларды бейімдеуге қатысты ұстанымдары» туралы қызықты етіп әңгімелеп берді.

Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Әшімбаева Нағима Мәсімақынқызы сөз алып, «Шеттілдік терминжасам модельдерінің қазақ тіліндегі баламалары»төңірегінде сөз қозғады.

Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Теология факультеті деканының орынбасары, PhD докторы Төлегенов Мұхит Жылқайдарұлының «Терминдерді аударудағы Түркия елінің тәжірибесі: өткені және бүгіні» жәйлі терең ой толғаса, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты РсалиеваНұрсәуле Мақсұтқызы «Ағылшын тілінен аудару барысында терминдерді игеру мәселесіне»кеңінен тоқталды.

«Тұран-Астана» университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Искаков Бауыржан Мұратбекұлы «Баспазөз беттеріндегі экономикалық аударма терминдердің қолданылу ерекшелігі» жөніндегі ойын ортаға салды.

Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің Шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Түрікпенова Айгүл Жұманқызы «Лингвистикалық терминдерді түрік тіліне аударудағы терминдік элементтердің семантикалық сипатын» баяндаса, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Жобаларды басқару институтына қарасты Қазақ және орыс тілдері кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жөнкешов Бауыржан Сейсенбекұлы «Ғылыми-техникалық терминдер және оларды жасауда қолданылатын аударма әдістерін» көпшіліктің назарына ұсынды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық зерттеу университетінің Аударма теориясы мен практикасы кафедрасының доценті, PhD докторы Төлеубаева Ақнұр Мұхитқызы «Ахмет Байтұрсынұлы аудармасының лингво-когнитивтік ерекшелігін» сөз етсе, Орталықтың жетекші ғылыми қызметкері,филология ғылымдарының кандидаты Нұрзия Әбдікәрімқызы «Ғылыми журналдардағы мемлекеттік тілдің үлесі және терминдердің қолданысы» жөнінде айтты.

Конференцияға қатысушылар шеттілдік терминдердің қазақ тіліндегі лексика-грамматикалық игерілуі, ғылыми терминдер және оларды аудару тәсілдері, заманауи технологиялар саласындағы шеттілдік терминдердің семантикалық ерекшеліктері мен қолданысы, салалық терминологиядағы кірме лексика мәселесі, емлесі жөнінде өзекті ойларын ортаға салып, іс-шара соңында арнайы Қарар қабылдады.


Жаңалықтар

Cиноптиктер ертең, 25 қарашада еліміздің он екі облысында ауа райына байланысты ескерту жасады, деп...

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...