Соғысты шатырда өткізген жазушы

ӘДЕБИЕТ
652

Баяғы советтік-коммунистік мақтан қалыпқа салып, ол жұмысшы кедей шаруаның отбасында дүниеге келген деп сүйіншілеу – мәнсіз де әділетсіз таным болар еді. Италия халқының және бір маңдайға басқан әйгілі драматургы, әрі режиссер әрі суретші Дарио Фо 1926 жылы 24 наурызда аса ізгі жандардың жанұясында өмір есігін ашқан. Ата-анасы сол замандары асқынып тұрған фашизмге жан-тәнімен қарсы еді. Тіпті соғыс жылдары теміржолшы Феличе Фоның үй-іші жараланған партизандарды жау көзінен тасалап, талай еврей оқымыстыларын концлагерден құтқарып, талайын жасырын жолмен Швейцария асырып жіберген.


Қаражаттың тапшылығына қарамай, әке-шешесі ұлдарының өнерге деген құштарлығын бір сәт те қолдаусыз қалдырған емес. Нәтижесінде 1940 жылы Дарио Фо Миландағы Брер академиясының сценография факультетіне түседі. Алайда екінші жаһан соғысының кесірінен оқу үзіліп қалады. Ал Дарио болса Сало Республикасына әскер болудан қашып, қашан соғыс аяқталғанша шатырда жасырынып жатыпты. Өйткені ол неміс әскері басып алған теріскей Италияда құрылған, фашисттік партияның билігіндегі қуыршақ республика болатын.

1945 жылы Дарио Фо жолдан үзілген оқуын Милан политехникалық институтының архитектура факультетінде жалғастыруға кіріседі. Студенттік жылдары алғашқы әдеби шығармалар – қысқа монологтар, сатиралық скетчтер мен жартылай фантастикалық әңгімелер жазыла бастайды. Ол жазғандарын автор достар арасында оқып берумен біртіндеп аты шыға бастайды. 1951 жылы Дарио Италия ұлттық радиосынан інжіл баяндарын саяси сатирамен астастырған «Сәбилер» топтамасынан өзінің 18 юморлық монологын орындайды. Артынша-ақ үрей билеген басшылық Фоның бағдарламасын жауып тастайды. Бірақ автор сол екі арада, сол бір монологтары арқылы танымалдыққа жетіп үлгерген болатын.

1951 жылы Дарио болашақ жары, жеке театрының соавторы әрі алғашқы актрисасы Франка Рамені жолықтырады. Сөйтіп тәуелсіз театр-варьетеде өзінің «Көзге шұқып көрсету» және «Сауларға тұсау» фарсын жазып, сахналайды. Бірақ көп кешікпей бурзуазиялық қоғам мен басқарушы Христиан-демократиялық партияны әжуа қылғаны үшін, екі қойылымға да саяси һәм шіркеу цензурасымен тыйым салынады.

1959 жылы «Дарио Фо – Франке Раме труппасы» атты жаңа театр ашылады. 1963 жылдан өзі де кабаре мен көше театрларына скетч авторы, режиссер әрі актер ретінде араласа бастайды. 1969 жылдан көшпелі «Ла Коммуна» театрының труппасына жетекшілік етеді.

Сахналық фарс-арлекинад, документалды саяси драма, гротеск-сатиралық пьеса, дель арте комедиялар жазудың шебері Дарио Фо 1997 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алады. 2001 жылы сайқымазақтардың халықаралық Патафизиктер коллежіне қабылданады.

Аса ұзақ жасап, мәнді де мағыналы шығармашылық ғұмыр кешкен Дарио Фо ақсақал 2016 жылы тоқсан жасында туған елінде, туыстардың отрасында бала-шағасымен бақұлдасып, бұл дүниемен қош айтысады.

ADEBIPORTAL.KZ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...