«Ақ кеме» қойылымындағы бүгінгі қоғам көрінісі

ӘДЕБИЕТ
675

Ғ. Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасының желісімен қойылған спектакль премьерасын көрсетті. Белгілі режиссер Дина Жұмабай жеті жасар баланың тағдыры арқылы жаһандық мәселелер мен қоғамдағы әділетсіздікті ашып көрсетті. Қойылымның жанрын траги-әфсана деп атап, көрермен назарына ұсынды.

Режиссер өз трактовкасында адамзат ұрпағының өмір сабақтастығын алдыңғы қатарға шығарған. Осы тұста бесік үлкен метафоралық мәнге ие болды. Ана сүті мен әке құшағына қанбай өскен баланың ауыр тағдыры баяндалған спектакльде, қоғамда орын алып жатқан мәселелер де ашық көрсетілді. Шығармадағы аңыз кейіпкер – Бұғы ананы оқиға желісіне араластыру арқылы режиссер көп ұтқан. Бұл спектакль жанрының ақталуына да әсерін тигізген.

Қойылым оқиғасын басынан соңына дейін жүргізіп отыратын бала – Рахат Жұмаханов өзінің тың ізденістерімен көзге түсті. Жаны таза, өзі алаңғасар, атасының бар жақсылығы мен ақылын бойына сіңіріп өскен баланың бейнесін нанымды кескіндеп шықты. Актер өз кейіпкерінің өзекті нүктесін дөп басып, баланың ішкі күйзелісін ашқан. Оның ойынынан дәрменсіздік, әділетсіздікке қарсы ішкі қарсылығы да байқалды. Атасының немересіне сыйлаған портфелі оның арман-қиялы деген ойға жетелейді. Бала сөмкесін жаңадан алған күні барлық туыстарына мақтанып көрсетеді, бірақ Оразқұлдан бастап барлығы сөмкені бір-біріне лақтырады. Бұл сахна арқылы режиссер баланың арманы мен тағдырының аяққа тапталатынын аңғартады.

Еңбегі бағасыз, елпек мінезді, мейірімді Момын шалдың бейнесін Қ.Қуандықов өз деңгейінде алып шықты. Талантты актердің шығармадағы кейіпкерімен үлкен жұмыс жасауының арқасында оқиға барысының өзгеруінен, өз еркінсіз қатігез, ішкіш адамға лезде айналғанын аңғарамыз. Адам бойындағы осалдықты кескіндейтін актердің ойынынан үлкен әкелік өкінішті көреміз. Отбасындағы қасіретті көре отырып, бар бақыты немересі деп білген атаның ролін иланымды сомдады.

Гүлжамал Қазақбаева, Гүлбаһрам Байбосынова

Спектакльдегі негізгі кейіпкердің бірі – Әже. Бұл рольдегі актриса Жібек Бектемірова басынан талай қиындықтарды өткізген кемпірдің шынайы қасіретін көрсете алмады. Еріксізден Момынмен тұруға мәжбүр болған бейшара жанның ішкі қиналыстары мен бейкүнә баланы жақтырмау себептері орындаушының ойынында анық болған жоқ.

Бұғы руының киелі жануары Бұғы ана бейнесіндегі А.Әділова өзінің жағымды дауысымен аңыз-кейіпкерінің мінезін әр қырынан көрсете білді. Қатігез адамдарға деген ренішін дала жануарына тән пластикалық қимыл-қозғалысы арқылы кәсіби өрнектеді.

Келесі кейіпкерлер Сейдахмет пен Гүлжамал рольдеріндегі А.Карибаев пен Б.Серікбаева өз мақсат-міндеттерін дұрыс ұқпағанын байқаймыз. Олар сахнада өмір сүріп жүргендерін көрерменге сездіре алмады. Тіпті режиссер интерпретациясындағы олардың бір-біріне деген ынтық сезімі шығармаға, оқиға шиеленісіне ешқандай үлес қосып отырған жоқ.

Аталмыш қойылымдағы Бекей апай мен Оразқұлдың тағдыры жеке мәселе болып көрсетілген. Яғни, спектакль идеясына сәйкес, бедеу әйелдің ұрпақ сүйе алмауынан зардап шеккен өмірі көрсетілген. Осы тұста К.Байтілеуова қазіргі қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа үндемей шыдап келе жатқан әйелдердің бейнесін нанымды жеткізді.

Режиссер концепциясында – баланың қиялындағы алып ақ кеменің маңыздылығы көрінген жоқ. Спектакль соңында оның «балық болып суға жүзіп кетемін» деген өксік сөзінің мағынасы ашылмады. Көрермен көкейінде еркісіз «Неге?» деген сұрақ туады. Оның әкесімен жүздескісі келетін бала арманының, оқиғаның өзгеруіне арқау болмауы – көркемдік тұрғыда кемшін тартып тұрды. Бұл жағынан суретші мен режиссердің алып кемеге деген символдық шешімдері толығымен өз-өзіне жауап бере алмады. Сахнадағы ағаш орындықтардың оқиғаға сай маңызы да байқалған жоқ. Дей тұра, спектакль суретшісі Лилия Хисматулинаның жұпыны өмірді көрсететін киімдер мен қоңырқай түсті жарықтар арқылы отбасы ішіндегі өзара қақтығыстарды кәсіби өрнектегені көрініп тұрды.

«Ақ кеме» қойылымы бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін қозғаған спектакль деп білеміз. Атап айтсақ, адамдардың экологияға бей-жай қарауы, ұлттық дәстүрді теріске шығаруы және ең бастысы - ата-ананың балаға қарым-қатынасын көрсетіп берді.

Аружан Оразова

oner.kz

Қоғам

Астанада қонақүйден өрт шықты, деп хабарлады madeniportal.kz Ulysmedia.kz  сайтына сілте...

Ауа райы

Ауа райының бұзылуына байланысты Жамбыл, Түркістан облыстарында республикалық автожолдарда көлік қ...