Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің қай-қайсысын оқысаңыз да ой мен сезімі қатар келген дауылды ақынды т...
Түркістан төріндегі театр фестивалі
Өткен аптада киелі Түркістан өңірінде тағы бір жаңа фестивальдің тұсауы кесілді. «RAIYMBEK FEST» І-Республикалық театр фестивалі Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері, көрнекті театр актері, әрі режиссері, педагог, профессор, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметовтың 85 жылдық мерейтойына арналған. Өнер бәйгесін Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және басқармасының қолдауымен 2000 жылы Р.Сейтметовтың бастамасымен ашылған, қазірде сахнагердің атымен айдарланатын Түркістан облыстық қазақ драма театрының ұжымы ұйымдастырды. Қазақ сахна өнері тарихында қайталанбас актерлік және режиссерлік қолтаңбасын қалдырып кеткен Р.Сейтметовтың есімін ұлықтау, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізілген бұл фестивальге соңғы үш жылда сахналанған, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер таңдап алынған. Байқауда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген он бір театр ұжымы бақ сынасты.
Фестиваль шымылдығын «Арқаның кербез сұлу Көкшетауынан» келген Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ муызкалық-драма театры У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясымен ашты. Режиссері Қуандық Қасымов, суретшісі – Ирина Лунга. Ұлттық сахнамыздың мәні мен мазмұнын арттырған аталмыш трагедия қай уақытта да болса өзекті екені талас тудырмайды. Қызғаныш пен кек жолында құрбандыққа шалынған әділ де батыл қолбасшы мен оның сүйіктісі жайындағы оқиға кімді де болса қызықтырары сөзсіз. Пьесада кез келген театр актерінің арманына балайтын кесек бейнелер мен сан қилы мінездер баршылық, тек кемеліне келтіріп ойнап берсең болғаны. Трагедияның сахналық нұсқасы пьесадағы қым-қуыт қиыс тағдырлардың талқандалуын көркемдікпен жеткізе алмағанын айтуымыз керек. Спектакльде Отелло (акт. Қ.Мырзаболатов) мен Дездемона (акт. Ә.Шайсұлтанова) арасындағы махаббат оқиғасы қажетті деңгейінен шықпағандықтан спектакльдің барлық мазмұндық салмағы Яго бейнесіне (акт.А.Шайсұлтанов) артылған. Сондықтан аяр Яго өз дегеніне жеңіл жете салғандай әсер қалдырады. Себебі, біріншіден, спектакльді қоюшы режиссердің концепциясы түсініксіз шыққан. Екіншіден, сахнаның визуалдық шешімі де тартымсыз, трагедия кейіпкерлерінің тіршілігін жеткізуге дем бермейді. Актерлік құрамның сөз астарын ашу, сөз саптауы сынды шеберлік элементтерін дұрыс қолдана білмеуі де спектакльдің көркемдік деңгейін түсірген. Шығармашылық құрам арасында Яго роліндегі актер А.Шайсұлтановтың пластикалық қабілеті, сырт тұлғасы тартымды. Спектакльдің жүгін тартып жүргенін ерекше атап өтуге болады. Қойылымда қайыра қайта қарастырар осал тұстар жоқ емес дер едік.
Екінші болып өнер көрсеткен Шымкент қаласының әзіл-сықақ және комедия театры фестивальге Н.Саймонның «Әумесерлер» комедиясымен қатысты. Аударған Әлібек Байбол, режиссері Фархадбек Қанафин. Бірден көзге түскені сол спектакльдің формасы дұрыс табылмаған. Бірде клоунада, бірде маскалы комедияға айналады. Сондықтан актерлер не ойнап жүргендерін де анық білмейтіндігі байқалып тұрды. Режиссер комедияны тура мағынасында қойғандықтан ондағы әумесерлер мен сау адамның тіршілігі арасындағы айырмашылық оқылмай жатты. Спектакльде бүгінгілік астар, мән мен мазмұн болмағанын ашық айтуға мәжбүрміз.
Қырғыз драматургы С.Раевтың «Ақ ләйлек» психологиялық драмасын көрсеткен Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры өнер бәйгесінің қызуын арттырды. Тұрмыстық-әлеуметтік драма қоларбаға таңылған кейуана мен енді ғана үлкен өмір баспалдағына аяқ басқан жас бойжеткен Жанардың өмірінен сыр тартады. Тағдырдың теперішін көп көрген кейуананың бар тілегі немересі Жанардың бақытты болғаны. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші арманы Америкаға сүйгенімен қолұстасып кету болған жас ару Жанардың ой мұраты тіптен бөлек. Осындай психологиялық күрделі жағдайды бастан кешкен кейіпкерді актриса Жауһар Еркінова барлық шынайылығымен суреттеп берді. Бойжеткенің шарасыз кейпі, мөлдіреген нәркес көз жанары, ала сұрып «апалаған» даусы барлығы-барлығы сахнагердің өз кейіпкерін мол зерттегендігінен туған. Кейуана роліндегі актриса Залипа Төлепова зағип жанның сыртқы физиологиялық ерекшеліктерін ғана емес, кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі құбылыстарды жеткізуге барын салған. Спектакль музыкасының фортепиано арқылы орындалуы туындыға сыршылдық сыйлап, нәзік атмосфера беріп тұрды. Жас режиссер Қанат Архабаевтың бұл ізденісі құптарлық. Актерлермен жұмыс жасауда мол табысқа жеткенін айта кету парыз.
Жамбыл облыстық орыс драма театры көрсеткен А.С. Пушкиннің «Дубровский» романы негізінде сахнаға лайықталған В.Гроссманның осы аттас спектаклі бүгінгі заманауи театрлық бағыттар үдесінен шыққан. Режиссер мәскеулік сахнагер Т.Родина спектакльдің әлеуметтік астарына жіті үңіліпті. Мұнда махаббат оқиғасынан қарағанда әлеуметтік теңсіздік, парақор сот ісі, халық наразылығы сынды көріністер бірінші планға шыққан. Спектакль жанрын «қарақшылар ойыны» деп қарастырған режиссер Дубровскийді қарақшылар тобының басшысы ретінде шешеді. Спектакльде ол «хоррор» тәсілі элементтерін, «ойындық театр» әдістерін еркін пайдалана отырып, алма-ғайып заманда әрбір елге өз Робин Гуды (спектакльде Дубровский) керек, яғни, халықтың қамын ойлайтын тұлға керек деген идеяны алға тартады. Бірақ спектакльде шынайы халықтың тағдырын ойлап, расымен жаны ашып жүрген Дубровский бейнесі жоқ екенін ашып көрсетеді режиссер. Актерлер сахналаушының ойын түсініп, спектакльдің көркемдік тұтастығына еңбек етеді. Мұнда «әрекеттік» («действенная») сценография қолданылуы жанрдың ашылуына, режиссерлік концепцияның тереңдеуіне мол мүмкіндік бергенін атап айтқан жөн.
Алматы қаласының «Жаңа ғасыр» театры көрсеткен Н.В.Гогольдің «Вий. Аласапыран» қойылымы екі ұдай ойларға жетеледі. Бір құптарлығы сахналауға күрделі болып табылатын «Вий» шығармасының алғаш рет қазақ театрында қойылуы қызыты. Дегенмен, шығарманы сахналауға таңдап алған соң биік деңгейге жеткізіп қойғанға не жетсін. Біз көрген спектакль кезекті режиссерлік эксперимент және тіпті сәтсіздеу эксперимент деңгейінде қалған. Жанрды мистика деп шешкен режиссер сол жанрға қойылатын талаптарды толықтай жүзеге асыра алмаған. Қойылым үнемі ала көлеңке сахнада ойналады. Актерлердің бет-әлпетін, олардың көз жанары мен мимикасын көру қиынға түсті. Қайта-қайта қолданылатын сахнаны қараңғылау (ЗТМ) әдісі спектакльдің тұтас ағза ретінде қабылдауға мүмкіндік бермейді. Үзік-үзік көріністер спектакльдің ой шашырағқылығына алып келеді. Өң мен түс арасындағы нәзік шекараны режиссер жеткізе алмаған, барлығы бір түсті қара мен қызыл бояу. Нақты режиссерлік концепция жетпіспегендіктен спектакльдің көкейтесті мақсатын ұға алмай қиналып отырдық. Кейіпкерлердің есімдері қазақ тіліне өзгертілген. Әдеби нұсқадағы христиан діні спектакльде мұсылмандыққа ауыстырылған. Бірақ ары қарай режиссер бұл әдіске неге барғанын қойылым барысында ашып-жарып түсіндірмейді. Алайда, спектакльде басты кейіпкер Хамардың түс көретін сахнасындағы хореографиялық әрекет шешуші роль атқарып тұр. Жас хореограф Л.Тегісбаеваның ізденісі байқалады. Бірақ режиссер сол хореографиялық әрекетті спектакльдің драмалық тініне батыл араластыра алмағаны өкінішті. Актерлік құрамның сахналық сөзбен жұмыс жасау қабілеттері айқын көрінеді, бірақ режиссердің олардың алдына қойған міндеттері бір бөлек, кейіпкерлер мүлде бір бөлек дәурен сүрді. Сондықтан шығарма дүдәмал күйде қалған.
Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» драмасын Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры көрсетті. Балалардың санасы мен психологиясын билеген қорқыныштары мен комплекстері жайындағы бұл пьеса әрбір отбасындағы «айтылмай жатқан сырларды» ашып беруге бағытталған. Режиссер Д.Базарқұлов драматург ойын мықтап түсінген. Ол пьесаның әлеуметтік астарын ашуға барын салыпты. Бүгінгі қазақ қоғамындағы ата-аналардың, оқушылар мен мұғалімдердің қарым-қатынасын, олардың өзекті мәселелерін көтерген. Бұл қойылымда әркімнің өз шындығы бар. Автор мен режиссер мәселелерді көтергенімен оларға жауап бермейді. Себебі, дайын жауап ешкімде жоқ. Жас буын мен аға буынның көзқарасының айырмашылығы үлкен отбасылық-қоғамдық мәселелерге әкеліп жатқанын көрсетеді. Көріп отырып, мен кімнің жағындамын деген сауалды қойып отырасың. Спектакльде өнер көрсеткен шығармашылық құрам режиссер ойын дұрыс түсініп, әрекет етеді. Нариман (акт. Арнат Қазыкен) мен әжесі (акт. Алихан Ыдырышева), Ербол (акт. Елшат Маметеков) мен Тоқтар Болатович (акт. Шалқар Мүкей), Бүркіт (акт. Аслан Жапарқұлов) пен Орал Заңғарұлы (акт. Дәулет Қанат) арасындағы өзара қарым-қатынас жақсы түзілген. Орындаушылар өз кейіпкерлерінің психологиясын жіті зерттеп, ішкі жан -дүниелеріндегі құбылыстарды сенімді кескіндейді. Режиссер интерактив тәсілін дұрыс қолдану нәтижесінде сол сахнадағы оқиғаға әр бір көрерменнің де қатысы бар екенін сездіруге мүмкіндік жасап отырады. Көрермен сахналық оқиғаның бір мүшесіне айналған. Бұл қойылым Талдықорған театрында жас буын актерлердің легі өсіп-өніп келе жатқанын байқатты.
Түркістан облысы Райымбек Сейтметов театры фестивальге көрнекті қаламгер, драматург Ш.Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби» драмасымен қатысты. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған әл-Фарабидің тағдыры жайлы спектакль сахналау керек-ақ. Әбу Насырды толғанқан мәселелер мен ойларды, оның өмірлік көзқарасы туралы білу жынысы мен нәсіліне, жас мөлшеріндегі айырмашылығына қарамастан әрбір көрерменге қызықты болуы заңдылық. Сондықтан Сейтметов театры ұжымының бұл қадамын құптаймыз. Алайда, тақырып бар да, оны сахнада қою мәселесі бар. Бұл ретте, Ш.Құсайыновтың біз тілге тиек етіп отырған драмасы сахналық тартысы әлсіз, кейіпкер мінездері солқылдақ, баяндау тәсілімен жазылып, әрекеттен қарағанда нарративке құрылған шығарма екенін білеміз. Оның үстіне пьесада ой қайталаулары көп кезігетіні және бар. Сол себепті де оны сахнаға шығарудың қанша қажеттіліктен туғанын білмейміз. Егер осы тақырып таңдап алынса, пьесаны бүгінгі күнге лайықтап, өзгерістер кіргізуге режиссердің мол мүмкіндігі бар емес пе. Пьесада кеткен кемшіліктер режиссер мен актерлер тарапынан да қолдау көрмеген. Сонау сексенінші жылдардың эстетикасында қойылған спектакль болып шыққан. Режиссер мизансценалық шешімдерді дұрыс таба білмей, сахнаның кеңісітігін оңтайлы ойластырмағаны да көзге ұрып тұрды. Иллюстративтік режиссура болғандықтан пьесадағы дидактика актерлік ойындарда да қайталанып жатты. Осыншама ұзын сонар мәтінді жаттап шыққан актерлерге рақмет айтып отырдық. Әл-Фараби роліндегі актер Айдар Наурызбаевтың сырт тұрпаты, сәнімен қойылған сақал-мұрты, терең, сыршыл көзқарасы ұлы данышпан ойшылдың тұлғасын ойнауға сұранып-ақ тұр. Бірақ режиссер тарапынан бейненің тартыс үстінде танылуына мүмкіндік жоқ. Актердің шеберлік әлеуеті ашылмаған. Осы сияқты пікірді Дәруіш роліндегі Талғат Қарынбаевтың ойын бедеріне қарасты айтуға болады. Актердің сөз саптауы, сөз қасиетін терең меңгергендігі байқалып тұр, алайда, драмалық тартыс үстінде ашылмағандықтан Дәруіш бейнесі бар болғаны тілі мен жағына сүйенген сарнауық адам кейпінде көрінеді. Дату роліндегі Гүлзада Айтбаева көзге ерекшеленіп көріне білді. Актриса өз кейіпкеріне тән тәккәпарлық, паңдық сынды қылықтарын дөп басып тауып, ханшайым бейнесіне ізденіспен келгенін байқатты. Қорыта айтқанда, спектакльді жаңа режиссерлік эстетикада, мәселен, деректі театр тәсілімен сахналауға болар еді. Визуалды (медиа технология) шешімдерді қолдану негізінде әрекеттік сахналық декорацияны қарастырудың да мол мүмкіндігін пайдалануға болады. Жалпы, пьесаны заманауи мәтінге ауыстырудың жолдары қарастырылуы тиіс деп есептейміз.
Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» фестивальде А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры көрсетті. Қырғыз-қазақ сахнагерлерінің коллабарациясы негізінде жарыққа шыққан аталмыш спектакльде тек драматург қана емес, оны сахналаған режиссер Нурбек Урматжанулы мен басты кейіпкер Жәмиләны кескіндеуші актриса Мээрим Атантаева да қырғыз өнерпаздары екен. Елімзіде осындай шығармашылық тәжірибе алмасулардың өтіп жатқаны қуанышты. Режиссер оқиғаны музей залында өткендей етіп ретінде бастайды. Шаштарын қырау шалған академик Сейіттің (акт. Ә.Тінәлі) оқиғаны еске алуымен басталған драма музей экспонаттарының тірілуімен жалғасып кетеді. Осылайша, көрермен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өткен қажыған ауыл адамдарының тағдырын бақылап, самарқау тіршілігінің куәсі болады. Алайда, оқиғаның даму барысында режиссер Жәмиләні тән азабын қанағаттандырған, соғысқа кеткен жары Садықты күтпеген опасыз әйел ретінде бейнелейді. Сондықтан болар туынды режиссер ұсынған «лирикалық драма» емес, қарабайыр мелодрамаға айналып кеткен. Соңғы жылдары жас режиссерлер әйел психологиясын жеткізуде олардың осындай осалдықтарын, табиғатын жеңе алмаған қалпын жиі көрсетіп жүр. Оны бір жаңалық ретінде қарастыра алмаймыз. Қаншама жанның қолы жетпеген Жәмиләні төмен етекті әйел етіп шешсе, онда сол қарапайым келіншекке спектакль арнау қанша қажет деген сұрақ туындайды. Оның үстіне режиссер бірнеше финал жасаған. Спектакльдің соңында Садық әскерден оралып, кәрі шешесіне келеді. Бұл сахна ана бейнесін биіктеткенімен Жәмилә бейнесін керісінше төмендетіп жібереді. Қайыра айтқанда, спектакльдің режиссерлік оқылымы екі ұдай болғандықтан айтар ойы көмексі дүние шыққан.
Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры көрсеткен башқұр драматургы Айгиз Баймухаметовтың «Тастамашы анашым» драмасы бүгінгі өміріміздің айтыла да, жазыла да бермейтін жасырын «дерті» – балалар үйінің тәрбиеленушілері мен олардың тағдыры жайында сыр толғайды. Әлеуметтік-философиялық өзекті тақырыпты арқау еткен бұл қойылымның режиссері Аридаш Оспанбаева көп ізденіс жасағаны байқалады. Оқиға кейіпкер Илиястың басынан өткендей баяндалады. Балалар үйіндегі күнделікті сүреңсіз тіршілікті, атап айтқанда, буллинг сахналарын режиссер ашып көрсетеді. Ересектердің кішілеріне әлім-жеттік жасау көріністері сенімді шыққан. Дәмді-тәттілерін тартып алу, кезекшіліктен тыс еден жуғызу, бағынбаса шелектеп бастарынан су құю, қала берді жұдырықтау, ұрып-соғу сынды іс-әрекеттер бүкпесіз көрсетіліп, көрушіні тітіркендіріп отырады. Сахна көкжиегіне орнатылған айнадан көрермен әрдайым өзін көріп отырады. Бұл режиссердің «сахна – өмір айнасы» деген ойға жетелейтін символ деп қабылдадық. Спектакльде өнер көрсеткен актерлік құрам мүшелері бір мақсатқа жұмылып жұмыс жасайды. Актерлер де жас, режиссер де жас, нәтижесінде мықты тандем түзілген. Өнерпаздар арасында Ильяс роліндегі Бибарыс Ұзақбаев пен Фарид роліндегі Сағитжан Арипхановтың ойындарын ерекше атап айтуға тұрарлық. Б.Ұзақбаевтың Ильясы ішкі тазалығымен, шындық үші жаны күйген жан ретінде жадымызға жазылды. Ал С.Арипхановтың Фариді өмірдің сан мың қиындығын кешіп, кемтарлықтың құрсауына түсседағы болашаққа деген сенімін жоғалтпаған таза сәби қалпымен есімізде қалды. Актер өз бейнесінің байыппен асықпай сөйлейтін ерекшелігін, қисық болып біткен аяғына сай жүріс-тұрысын, күнделікті әдет-дағдыларын әдемі тауып, жарасымды етіп қолдана білген. Жаны таза осындай пәк баланың оқиға барысында өзі сияқты жетімектердің кесірінен қаза болатын тұсында жыламаған көрермен қалмады. Актер С.Арипхановтың шынайы сахналық қалпы, рольмен жұмыс жасаудағы дәлдігі тәнті етеді. Кейіпкержандылық актер деген осындайда айтылса керек-ті. Даян (акт. Нұрғиса Искендиров), Денис және Ахмет (акт. Асылбек Тажен), Мавлюда Нургалиевна (акт. Бахытгүл Қалдарбекова) бейнелері де өнерпаздық ізденістен туған деп айтуға болады. Қысқарта айтқанда, театр көрсеткен «Тастамашы анашым!» драмасы көрерменге катарсис сыйлаған қойылым болды. Театрдың осындай өзекті мәселелерді көтеретін туындылары көп болсын дегіміз келеді.
Тоқсан жылдық тарихы бар Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры Ж.Ануй мен Х.Мюллердің пьесалары желісімен «Медея/Филоктет» қойылымын көрсетті. Мифологиялық оқиғаларды арқау еткен бұл екі пьесаны бір шығармаға біріктірудегі мақсат не болғаны түсініксіздеу. Бірақ біз үшін айтарлықтай жаңалық болды деуге аузымыз бармайды. Сахналық безендіруден актерлердің өмір сүруіне жағдай жасалды десек артық болар. Сахнаның түпкі жағына орнатылған қираған кеменің діңгегіне тартылған матаның (кезінде ақ желкен болған) жыртыстары – Медеяның талқан болған арманы деген ойды жеткізеді. Бірақ бұл сценография одан артық ойнатылмайды. Режиссер Қ.Қасымов Медея (акт. Ж.Бекмұрзаева) бейнесінің де даму эволюциясына да бас қатырмаған сыңайлы. Актриса өзгермейтін сахна кеңістігінде құмды ары бір, бері бір шашып, сол құмға балаларын тұншықтырып өлтіргеніне қарамастан спектакль атмосферасы бір бояудан өзгермеді. Актриса ойынына музыкалық сүйемелдеуде еш жәрдем бере алмады. Адамның жанын кернеген, болмысын билеген кек тақырыбы өзінің көркемдік бедерлеуін таба алмады. Сол себепті, мифология мен бүгінгі заманауи өмірдің арасындағы ұқсас параллельді жүргізе алмай отырдық. Расын айтқанда, мифологияны білмейтін көрермен спектакльден шыққанда өзіне бірдеңе алып кетті дей алмаймыз. Қойылымды жасаушылардың таным тапшылығы анық байқалып тұрды. Жалпы, актерлердің сахналық тартымдылығы, сөз саптау мүмкіндіктері бар, алайда сахналық тартыс үстінде мінездердің ашылмауы режиссер жұмысына көп сауалдар тудырды.
Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші Абай облысының «Дариға-ай» жастар театры М.Байжиевтің «Оқиға» драмасымен фестиваль шымылдығын жапты. Режиссері Б.Шамбетов. ХХ ғасырдың 80-шы жылдары жазылған бұл пьеса еліміздің көптеген театрларының репертуарында ойналды. Режиссер мәтінді бүгінгі күнге адаптация жасағанымен әлі де мәтін мен форма арасында сәйкес емес тұстар көп бой көрсеткен. Сонымен қатар, адамның санасына сыймайтын қисынсыз сахналар, мәселен, жаңа босанған Мәриямның қылмысты оқиға өткен алаңға келе қалуы, екінші сөзбен айтсақ, сахна кеңістігін ойнатуда кеткен кемшіліктерді айтпасақ болмас. Актерлік құрамда өнер көрсеткен И.Азизов (Темір), Е.Қасымбеков (Сағын), Ә.Серікқалиев (Назар), Қ.Сыбанова (Мәриям) өз кейіпкерлерін жеке дара ашып көрсетуге ұмтылған. Алайда, әр кейіпкердің түпкі мақсаты, іс-әрекеті мен мінезіне даралық ерекшеліктерді қосу жағынан әлі де ізденістер қажет деп білеміз.
Қорыта айтқанда, «RAIYMBEK FEST» І-Республикалық театр фестивалі алғашқы рет өткендіктен барлық қатысушы ұжымдар лайықты номинациялармен марапатталып, жүлделерін алды. Атап айтқанда, «Көрермен көзайымы» номинациясымен «Әумесерлер» (авт.Н.Саймон, реж.Ф.Қанафин) спектаклі үшін Шымкент қаласының Әзіл-сықақ және сатира театры марапатталады. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинациясымен «Вий» (Н.В. Гоголь) спектаклі үшін Алматы қаласының «Жаңа ғасыр» театры, ал «Екінші пландағы үздік ер адам ролі» номинациясымен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Медея-Филоктет» (Ж.Ануй/Х.Мюллер) спектакліндегі Неоптолем ролі үшін Абзал Төленов марапатталады. «Екінші пландағы үздік әйел ролі» номинациясында Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының «Жәмилә» (Ш.Айтматов) спектакліндегі Қамбашы ролі үшін Анар Сағымбекова жеңіске жетсе, «Үздік әйел ролі» номинациясымен Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Ақ ләйлек» (С.Раев) спектакліндегі Жанар ролі үшін Жауһар Еркінова марапатталады. «Үздік ер адам ролі» номинациясында Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының «Отелло» (У.Шекспир) спектакліндегі Яго ролі үшін Асланбек Шайсұлтанов жеңіске жетіп, ал «Заманауи тақырыпты игергені үшін» номинациясымен «Оқиға» (авт. М.Баджиев, реж.Б.Шамбетов) Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры марапатталады. «Үздік көркемдік шешім» номинациясымен «Тастамашы анашым» (авт. А.Баймухамедов, реж. А.Оспанбаева) спектаклі үшін Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры марапатталады. «Үздік актерлік ансамбль» номинациясымен «Мұғалім» (авт. Қ.Мұрат, реж. Д.Базарқұлов) спектаклі үшін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры марапатталады. «Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен Жамбыл облыстық орыс драма театрының «Дубровский» (авт.В.Гроссман) спектаклі үшін режиссер Татьяна Родина марапатталады. «Райымбек Сейтметов атындағы арнайы сыйлық» номинациясымен «Әбу Насыр әл- Фараби» (авт. Ш.Құсайынов, реж.Қ.Қасымов) спектаклі үшін Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры марапатталады.
Келешекте, өнер бәйгесін ұйымдастырушылар фестиваль ережесін қайта қарап, тек үздік деп танылған театрларды марапаттауды қолға алатынын жеткізді. Сонымен қатар, бұл фестиваль оңтүстік өңірде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады, әрі халықаралық деңгейге көтерілмек. Сондықтан енді ғана тұсауын кескен «RAIYMBEK FEST» І-Республикалық театр фестиваліне ұзақ ғұмыр тілейміз. Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанның өнер брендіне айналатындығына кәміл сенеміз!
Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
театртанушы, өнертану кандидаты, профессор