Жас шағында ауыл молдасынан хат таниды, кейін Көкшетаудағы Науан хазірет медресесінде және Бұхарада...
Мұхтар Бақытұлы. Жоңғарлар Алаша ханның сүйегін неге қазып алып кетті?
Алаша қан туралы біз ертеректе «Мавзолей Алаша хана может быть гробницей Чингизхана» және «Тағы да Алаша хан туралы» атты мақалаларымызда атап өткен болатынбыз. «Жошы қан» тарихи-мәдени кешенге келетін туристердің үнемі қоятын басты сұрақ – «Алаша қан кім?». Алаша қан туралы мәлімет аңыздардан басқа ешқандай дерекнамаларда берілмейді. Абұлжа қан бар, Алынша қан бар. Бірақ, ол тарихи тұлғалар ерте темір немесе кейінгі қола дәуірінде тіршілік еткен кісілер.
Алаша қан туралы аңыздар Қазақ қандығының кезінде, атап отырған кейіпкердің кім екенін түсіндіру мақсатта пайда болғаны анық. Ұлытаулық жергілікті аңыздардың арасынан келесі үш аңызды атап өткен жөн. Біріншісі - Алаша қанның келіндері Болған ана және Белең ана туралы. Бұл кісілер туралы Рашит ад-Дин өзінің «Жамиғ ат-Тауарихында», кейін Қадырғали Жалайыр «Тарихи Оразмұхамет ханында» жазады. Екуінде де «Жошы қан туралы дастан» деген бөлімдері бар. Ол дастандарда Жошы ұрпақтарының шежіресі тарқатылған. Сол шежіре бойынша Бұлұған хатун – татар нойаны Сақалдың қызы, Тума қанның бәйбішесі деп көрсетілген. Тума қан – Құли қанның, Құли қан – Орда Еженнің, Орда Ежен – Жошының баласы.
Белең ана немесе Билан хатун аталған Құли қанның бәйбішесі деп жазылған. Әйгілі Құли қан да тарихта өзінің ізін шегелеп тұрып қалдырған тұлға. Ол 1254 жылы Жошы ұлысының екі түмен, яғни 20 мың әскерін басқарып, Солтүстік Иранда, Жетісудан шыққан Құлағу қан мен найман-несториан Кетбұқа нойанға қосылып, Бағыдат, Шам және Мысыр елдерін азат ету үшін ұйымдастырылған жорыққа қатысқан тұлға.
Екінші аңыз, Сарыкеңгірдің Қаракеңгірге құяр тұсында орналасқан Қанарал деген қоныстағы Келінтам кесенесі мен Жошының сарайының үйіндісіне тиесілі. Ол жерде Жошынікіндей көк күмбезді мазарда Жошының тоқалы Сартақ хатун жатыр. Осы аңыз бойынша, сол заманда әлі қирамай тұрған кезінде, Келінтамның күмбезіне шыққанда Алаша қан көрінбей, ал Алаша қан мазарының үстіне шыққанда Келінтамның күмбезінің ұшы көрініп тұрған екен. Яғни, ол мазарлар о дүниеде атасы келініне қарай алатындай, ал келіні атасына қарай алмайтындай қылып салынған-мыс. Бұл аңызда Алаша қанды Шыңғыз қаһанмен теңестіреді.
Үшінші аңыз – ол жергілікті бағаналыларға әйгілі «Алаша қан һәм оның ұлы Жошы қан». Бұл аңызда баласы аңға шығып, ақсақ құлан теуіп өлтіргені туралы баяндалады. Кейін, шамамен XVI-XVII ғасырларда поэзиялық фантазия арқылы, сол оқиға туралы баяндайтын «Ақсақ құлан – Жошы қан» атты күй шықты.
Ал, енді аңыздарды былай қояйық. Атадан балаға жеткен бұл құнды деректерді ертегі көріп, оған сенбейтіндер де бар. Олардың да ұстанымын ескерейік, басқа сөзбен айтқанда ғылым не айтқанын тізіп өтейік.
Алаша қан күмбезінде ең алғашқы рет 1946 жылы ОҚАЭ-ның құрамындағы Панцевич археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Ол табытты ашысымен бірден жатқан сүйектер өзінікі емес екеніне ұқсайтындығын алға тартты. Оның үстінен, сүйегінің екі мүшесі жетіспейтіні анықталды. Кейін, әйгілі кеңестік архитектор Г. Г. Герасимов өзінің, 1957 жылы жарық көрген, «Памятники архитектуры долины реки Кара-Кенгир в Центральном Казахстане» атты еңбегінде Алаша қан күмбезі ХІІІ ғасырға жататындығы туралы және порталдың бет жағында орналасқан, қасиетті Ергенеқонның босағасы ретінде салынған П-тәрізді қуысында, жағатай тілінде күмбез кімнің құрметіне, хижра бойынша қай жылы салыңғаны туралы жазылғанын айтады. Жергілікті елдің сөзіне сүйеніп, Герасимов жазуларды «Ақтабан шұбырынды» басталар кезде жоңғарлар шешіп әкеткен деп жазады.
2020 жылы Қарағанды зерттеу орталығы сүйектің бір сынығын Жпонияға жіберіп, радиоуглеродты сараптама жасатты. Соның нәтижесінде табытта жатқан сүйек XVIII ғасырдың аяғында жерленген болып шықты, яғни бос табытқа көмілген. Соған қарағанда, жоңғарлар жазуларды ғана емес сүйектерді де қазып алып кеткен.
Енді мақаламыздың басты сұрағына көшер болсақ, жоңғарлардың бұл әрекетін түрк қауымында сақталған дәстүрмен түсіндіруге болады. Ол дәстүрге сәйкес бір елді бағындыру үшін олардың патшаларының қорымдарын қорлап, сүйегін алып кетсе, ұлы аруақтары табытты қорғай алмаған өз еліне ренжіп, Тәңірдің қасыретін төңгізіп, жауға күшін сыйлайды-мыс. Ол сенім туралы биология ғылымының кандидаты, РҒА-ның шығыстану институтының ғылыми қызметкері Ю. И. Дробышев өзінің «Похоронно-поминальная обрядность средневековых монголов и ее мировоззренческие основы» атты мақаласында тиянақты түрде жазған.
Шынымен де, Алаша қанның сүйегін жоңғарлар қазып алғаннан бастап Қазақ қандығының тарихы аяқталып, қазақ қандықтарының тарихы басталады. Бір бүтін Алаш елі бытырап, ақырындап Романовтар әулетінің қол астына кіре бастайды. Тіпті «Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақ мемлекеттілігі түбімен жойылып кете жаздады. Алаша қанның ашуы соншалықты!
Сондықтан, ұлық қаһандарды құпия қорықта жерлеу орта ғасырлардағы көшпелілердің өмірінде кең тарап, сол дәстүрге сай Ұлытау өңірі таптырмас ыңғайлы жердің рөлін атқарған. Ол туралы Едіге әмір жайында жазғанда Шоқан Уәлиханов айтады. «Ұлық патшалар Ұлытауда жерленгенді қалаған, өйткені Ұлытауға жету қиын» - дейді. Шынымен, Ұлытаудың айналасы 500 шақырымға жуық созылған сахарадан тұрады.
Бұл жерді Добынның ауылынан (Домбауыл) шыққан қият-бағаналылар мен нируундардың тұқымдары қорыған, бөтен адамдарды жолатпаған. Шыңғыз қаһанның империясы туралы, онда өмір сүрген елдердің салт-дәстүрлерін, географиялық атауларын жан-жақты етіп жазған Гульом Рубрук, Плано Карпини, Марко Поло Ұлытау туралы бір сөз жазбайды. Олар Сыр бойымен Жетісуға, қайтадан сол жолмен Европаларына жүріп өткен, Ұлытауға оларды жолатпаған. Әлгі біреудің сөзіне сүйене отырып, Гульом Рубрук былай жазады: «Олар өздерінің патшаларын биіктікке, айналасы он оқ ұшатын шақырымда алақандай көрініп тұратын жерге жерлейді. Ол аумаққа бөтен біреулер байқамай кіріп кетсе, оларды біреуін қалдырмай өлтіріп тастайды».
Алаша қан күмбезінің архитектуралық сипатына қарасақ, ғимарат табытты қорлаудан соңына дейін қорғау мақсатта салынғанын бірден байқауға болады. Қабырғасындағы баспалдағы бар галереясында садақшының оқ ататын терезе мен оның қасында жебелерді дайындап отыратын жауынгерге арналған отыратын орын бар. Құрылысының дәулеттілігі, жергілікті аңыздардың үні және ғылыми зерттеулердің нәтижелері бастапқы кезде бұл мазар Ұлық Шыңғыз қаһанның тыным тапқан жері деген ойға еріксіз жетелейді. Жағатайдың емес, Оқтайдың емес, һақ Жошының ұлысы Ұлық Ұлыс аталуы бекер емес екеніне күмән келмейді.
Мәдениет порталы
Суреттер ашық интернет көздерінен алынды.