Оқушы бұдан былай сабақ кезінде телефон пайдалана алмайды

Жаңалықтар
680

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.

Заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – білім беру саласындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру. Сонымен қатар, Заң жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізуді, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді.

«Сондай-ақ Заңда орта білім беру ұйымдарында ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану қағидаларын бекіту, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезектілікті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, өзін-өзі өлтіруге итермелейтін, діни сипаттағы және т.б. ақпараттың таралуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау көзделген», - деп атап өтті сенатор Нұртөре Жүсіп.

Оның айтуынша, Заңмен тәлімгерлік институтын реттеу жөніндегі нормалар енгізіледі. Бұл институт Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары балалар үйлерінде тұратын жетім балаларға тегін негізде тәлімгер болуға құқылы екенін көздейді. Тәлімгер жеке қолдау көрсетеді және өз бетінше өмір сүруге дайындалуға көмектеседі. Заңда тәлімгерлерге қойылатын талаптар, олардың құқықтары мен міндеттері белгіленеді.

Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы да бұл Заңның маңыздылығын атап өте келе: «Біріншіден, жергілікті әкімдіктер білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша тиісті аумақтың білім беруді дамыту жоспарының жобасын әзірлеу және оны мәслихаттың бекітуіне ұсынуы ескерілген. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктер тиісті аумақта білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауын міндеттейтін және апаттық жағдайға жол бермеуі мен сейсмикалық орнықтылығын арттыру мақсатында олардың жай-күйін бақылауды бес жыл сайын жүзеге асыру туралы нормалары ұсынылған», - деп атап өтті.

Сенаторлардың айтуынша, Заң – білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамадағы құқықтық олқылықтарды жою мақсатын көздейді және еліміздегі білім берудің сапасын арттыру мен реттеудің ұлттық жүйесінің тиімділігін одан әрі күшейтуге бағытталған.


Жаңалықтар

Бүгін елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...