Қоғам белсендісі, баспагер Шыңғыс Мұқан "сақал қойған" спортшыларды сынап, қоғамға үндеу таста...
Бес жылда бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асқан
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажеттігін айтты. Кейінгі бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткенін алға тарта келе Президент сала қызметін жандандыру бағытында бірқатар нақты міндет жүктеді.
Осы орайда Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бюджет кірістеріне талдау жүргізіп, кірістерді ұлғайтуға мүмкіндіктер барын анықтағанын айта кетелік. Оның ішінде әлеуметтік және жеке кәсіпкерлердің жеке табыс салығы бар. Биылдан бастап шағын және микро санаттағы жеке кәсіпкерлер табыс салықтарын толығымен төлейтін болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджет түсімдерінің өсу қарқыны – 113%, оның ішінде салықтық түсімдер 132%-ды құраған. Оның 9,6 млрд теңгесі – бір реттік түсімдер. Биыл өзіндік кірістерді 200 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішіне салықтық түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түсетін түсім кіреді.
Дегенмен салықтық түсімдерді арттыру бағытында жұмысты жетілдіре түсуді қажет ететін тұстар да бар. Мысалы, облыстың ауыл шаруашылығы саласында тіркелген 80 мыңнан астам шаруа қожалығының 81,3 пайызы салық органдарына еккен өнімдерін жеке өзінің қажеттілігі үшін пайдаланатынын көрсеткен. 13 мың шаруа қожалығы ғана еңбек бағытын табыс көзі ретінде көрсетіп, салық декларациясын ұсынған. Былтыр мемлекет тарапынан 30 млрд теңгеден астам субсидия алған шаруалардан түскен салық көлемі 2 млрд теңгеден аспаған. Өңірдегі 90-ға жуық базардан түсетін салық көлемі де мардымсыз.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажеттігін атап көрсетті. «Соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалмақ. Осылайша, ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасады. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық. Жаңарған салық және бюджет заңнамасы мен жариялаған жаңа экономикалық саясаттың берік тұғырына айналуы керек», деді Президент.
Жалпы, Түркістан облысында бюджет кірістерін ұлғайтуға барлық аудан, қалада резервтер бар. Біріншіден, облыс бойынша 4 529 салық салу нысанының (тойхана, дәмхана, мейрамхана, базар және т.б.) бағалау құнын нарықтық бағаға ретке келтіріп, мүлік салығы мен жұмысшыларының жеке табыс салығының толық өндірілуін қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, бюджеттен қаржыландырылған «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» жобалары арқылы және өзге де бағдарламалармен жеңілдетілген несие алған жеке кәсіпкерлер мен субсидия алған шаруа қожалықтарына талдау жүргізіп, салықтарын өндіру керек. Үшіншіден, салық базасын арттыру мақсатында жаңа инвестициялық жобаларды қамтамасыз ету қажет. Яғни департамент қызметкерлері қосымша түсімді қамтамасыз ету және бюджеттен бөлінген қаржылардың тиімділігіне талдау жүргізу мақсатында жаңа іс-шаралар жүргізуге мүдделі.
Мақсат НҰРАХАЕВ,
Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы