Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік жастар кадрлық резервін құру арқылы дарынд...
Кадрлық резерв – елдегі кадр тапшылығын шешуші бастама
Президенттік жастар кадрлық резерві жобасын іске асыру барысында үш іріктеу жүргізілді. Қазіргі уақытта резерв қатарына түрлі саладағы 400 жас маман енген. Статистикалық деректерге сүйенсек, оның құрамындағы жас мамандардың 70 пайызы орталық және атқарушы органдардағы жауапты лауазымдарға тағайындалған.
Жоба жүзеге аса бастағаннан бері маңызды қызметтердегі жастардың үлесі артты. Бұл үрдіс алдағы уақытта мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа тәсілдердің енгізілуіне, жаңаша көзқарастардың пайда болуына, иновациялық өзгерістердің орын алуына әсерін тигізуі керек.
Қазіргі уақытта кадрлық резерв қатарында болып, өз жобаларын жүзеге асырып, нәтижелі еңбегімен көзге түсіп жүргендер бар. Олардың ішінен ерекше Инвесторлардың таргеттелген алгоритмін жасаған Лейла Гимранова, Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияны реформалау мәселесін көтеріп жүрген «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев, «2024 жылы саяхаттауға арналған 52 ел» рейтингінде Қазақстанды 25-орынға қойған, ең ірі халықаралық БАҚ – «New York Times»-тың айтулы туристік рейтингіне енуге қол жеткізген Шырын Мусина, елімізде смартбордтар желісінің пайда болуына үлесін тигізген Рауль Линд, ғылыми-сараптамалық зерттеулер жүргізіп жүрген «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаевты атап өтуге болады.
Резервтегі жас мамандардың 70 пайызы жауапты лауазымдарға тағайындалғанын, басқа резервистердің квазимемлекеттік және кәсіпкерлік салада екенін ескерсек, елдегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге әсерін тигізетіні cөзсіз.
Президенттік жастар кадрлық резервке іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, кандидат мемлекеттік тілді B1-ден төмен емес деңгейде меңгеруі, сонымен бірге жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы шарт. Сонымен бірге іріктеу кезеңдерінде үміткердің мәтіндік және цифрлық ақпаратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілеті және құзыреттілігі бағаланады. Осыған орай кадр резервінің мүшелері меритократия қағидатын толық іске асыру үшін қатаң іріктеуден өтеді. Яғни басшылық лауазымдарды олардың әлеуметтік тегі мен материалдық жағдайына қарамастан, барынша қабілетті адамдар иеленуге тиіс.
Дулат ӨТЕҒАЛИ,
Президент жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы