СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН. ҚАРАСАЙ ЖЫРАУ КІМ ЕДІ?

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2381

Біздің, яки тарихтың әр кезеңінде, біреулер «ғұн», біреулер «сақ» атаған, кейін «түрік» нәмімен аян көшпелі жұрттың Билік жүйесі бес институттан тұрған. Біріншісі – абыз-пірлер, олардың пәтуасынсыз, тіпті, қаған да шешім шығара алмаған. Өйткені «Әл-Мисақтан мұсылман» халық Құдайсыз іс бастамаған. Ал Құдайлық ілім өкілдерінің орыны ондай кемел қоғам үшін айтпай-ақ түсінікті. Олар – Құдай мен Биліктің, Құдай мен халықтың ішкі үйлесім-гармониясын реттеуші буын-тын. Екіншісі – қаған (хан). Ол – әулие-пірлердің ымбал-ишарасымен халыққа пайдалы заңдар шығарып, келелі шаруаларды атқарып, әрекеттер жасау арқылы мемлекет тұғырын баянды ете алған. Үшіншісі – билер, төртінші – жыраулық, бесінші нояндар институты. Бұл елдік буындардың әрқайсысының өз функциясы болғандығы, ол жүйелерге ешкім тұмсық сұға алмағандығы аян. Себебі бұлардың барлығы да табиғи сұрыптаудан өткен, Құдай мөрлеген, халықтың қалауымен арнайы тұғырларына көтерілген айырықша зайыр иелері-тін. Бес саусақ жұмылғанда, жұдырыққа айналарына күмән жоқ. Осындай Құдайлық ақиқи қағидаларды ғана басшылыққа алған, жұлынына Киелі Рухты сіңірген Билік жүйесін құрған ата-бабаларымыздың ат тұяғы жеткен жерлерге Ізгілік пен Игілік бармауы мүмкін емес еді! Сондықтан ол игілік пен ізгілікті сіңіре алмаған батыстың Арнольд Джозеф Тойнби сықылды ақыл-ой өкілдері өздері жасақтаған адамзаттық 21 цивилизация тізіміне Көшпелілер Өркениетін қоса алмауы заңды да…

Біз осы бес институттың ішінен жыраулыққа тоқтамаққа ниет етіп отырмыз.

Ылғи санамды сауал қабады: б.д.д. Мүде (Мәді) қаған мен кейінгі V ғасырдағы Мұнзықұлы Еділ патшаның Ұлық жырауы кім болды екен?.. Әрине, әл-әзір ол түнекке сәуле салар сана саңылауымыздың шеңбері тар. Ал енді түрік қағанатының Ұлы жыраулары Тоныкөк пен Жолдық-тегіннің қара тасқа қашалған өлмес мұраларын оқығанымызға да көп бола қойған жоқ. Содан да біздің:

Бола алмадым дұға оқитын жел құрлы,

Күлтегінге жете алмадым жарты айда…

Көк бөрі мен құстан басқа ол жырды

Жан қалған жоқ түсінетін Алтайда.

Мата түгіл, малданатын бөз даңқын

Ұрығың жоқ…. –

Мыйын малғұн шоқыған.

Ұрпақтары ұмытып қап өз қарпін,

Оны да енді ебір… опа оқыған, – деп жиі күрмелеріміз бар…

Одан соңғы жиырылып ойға түскен түріктің айдынала туын қайта шыңға ұстаған Шыңғыс қаған дәуіріндегі Ұлы жырау – Найман Кет-Бұға екендігін тарихтан білеміз. Шыңғыс хан демекші, біз күні бүгінге шекті адамзаттың аршыланы Теміршың бабамызды өгейлеумен келеміз. Оған, әлбетте біздің өзімізді танып қоюымызға өлердей өш зымиян саясаттар ықпал еткені, солар «үйреткен» жалған тарихтардың кесірі аз тимей отырғаны мәлім. Осы орайда кешегі тоталитарлық-отарлық жүйе тұсында да Шыңғыс ханның түрік жұртынан шыққандығын ишаралап айтқан тұлғалы ғалымдар болғанын еске сала кеткен артық болмас деймін. Мысалы, «Едіге батыр» эпосына ерекше назар аударған академик Қаныш Сәтбаев өзінің бірнеше мақаласында Ұлытаудағы «Алаша хан» мазарында жатқан жан Шыңғыс хан бабамыз екенін қаперге береді. Алайда оған әлі күнге дейін тиянақтап назар аударған адам жоқтың қасы. Тағдыр-талайы тар шеңберде тұншыққан ұлттың тағы бір әйдіңгір ғалымы Әуелбек Қоңыратбаев өзінің «Қазақ әдебиетінің тарихы» (Алматы, 1994) атты еңбегінің 26-бетінде түрік-қазақ эпосының тарихын жүйелеп келе жатып: «…Қазақ эпосында ноғайлының бүлінуі мен жоңғар шапқыншылығы бар да, араб, монғол шабуылдарының ізі жоқ», – деп «таңырқайды», одан ары А.Халфиннің «Ахуал Шыңғыс хан уа Ақсақ Темір» атты сөздігінде қазақтың қоңырат, найман, қыпшақ сынды басты он екі тайпасының Шыңғыс хан әскерінің құрамында болғанын жазғанын айтады. Онымен қоймай: «Шыңғыс ханды қазақтар Оғыз ханнан (Мүде қаған – С.Н.) таратқан», – деп үстейді. Бұл әрекеттердің бәрі бодан ұлтты оятудың қадари-хәл әрекеттері-тін.

Шыңғыс хан құрған Алтын Орда мемлекетінің ұлы қағаннан соңғы дәуірлерінің Бас жырауы – Сыпыра Сопыбасыұлы. Кейінгі ішкі бірлік іріп, сырт дұшпан әдейі қоздырып баққан бақталастық пен тақталастық құтырып, ұлыс ыдыраған тұста тарих сахнасына шыққан Асан Қайғы, Қарға бойлы Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет бастаған жыраулардың бәрі, тіпті күні кеше өмір сүрген Мұрын жырау атамызға дейін өздерін Сыпыраның шапанынан шығарады. Тарих сахнасына осынша айлапат тұлғалардың бір кезеңде шығуы тектен-тек емес. Олар қашқан Құт пен көшкен Бақты қайтарып алмаққа жанталасты. Шырлап бақты. Бірақ кеш еді. Хақ кесімі өзгермейтіні аян. Ал жыраулар өздерінің тарихи миссиясы мен перзенттік парыздарын адал атқарып, өздерінің өлмес мұраларын неше ғасыр кейін келер ұрғындарына мұра етіп қалдырып, бақиға көшті…

Қазақ хандығы құрылар тұста тағы бір Ұлы жырау – Арғын Дайырқожаның (Ақжол би) әкесі Қодан-тайшының бейнесі тарих керуенінен қылаңытады… Міне, осынау, ғасырлардың алтын өзек, күміс тінін бір-біріне жалғап жеткізген салқар көш «Көмекей әулие» – Бұқар жырау Қалқаманұлына жетіп бір тыныстайды. «Тыныстайды» дейтін себебіміз, қазақ халқы бұл кезде біржолата Бақ безіп, Құт айныған кезеңге тап келген, яки саны басым, құрал-қаруы қапысыз Русия мемлекетінің отарына айнала бастаған. Озалдан – Оғыз ханнан (Озған пайғамбар – С.Н.) бері сынына сызат түспеген төл-тума Билік жүйесі біржола бұзылып, «атадан қалған ақ сауыттың» бүкіл шығыршығы ыдырай сөгілген! Хақ кәусары құйылған шаған-кесе шылпара қираған! Пірліктің де, хандықтың да, биліктің де, жыраулықтың да, ноян-баһадүрліктің де киесі қашып, бұрынғы барлық қастерлі мәнінен айрылған тұс-тын. Пірлік – Мырзағұлұлы Бекетпен (р.ғ.) XIX ғасырдың басында тоқтады. Хандық – Қасымұлы Кенесарымен бірге 1847 жылы бассыз қалды. «Түгел сөздің түбі бір – түп атасы Майқы биден» жеткен ақжалау Билік – 1931 жылы Би Мәтжан Тілеумағамбетұлымен қоса опат тапты. Кешегі «күн астына күңіреніп жортқан» нояндар – ауыл арасындағы «үйжұты» барымташыға айналды. Азаттық аңсағандары «итжеккенге» айдалып, қарға-құзғынға жем болды. Ал хандарға жөн айтқан жыраулық Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Көтештерден кейін басқа сапаға өтті. Олар бұрынғыдай қоғамды өзгертуші, мемлекет саясатын айқындаушы миссияларынан ажырап, енді ұлттәрбиелеушілік қызыметпен ғана шұғылданып, баяғы айбарлы ағамандар мен айдарлы аламандардың ерлік істерін көксеп, кейінгі ұрпақ көкейінде сол алаулы замандардың ақырғы шырақтарын өшіріп алмау жолында жан салды. Ғасырлап жанған Рух жалынының бірден сөне қалуы беймүмкін-тін. Ол жалынның ауыт-ауыт аспанға шапшып тұрғаны жасырын емес. Сондай жалыны көк шарпыған, әуірі бет шарпыған жыраулар Махамбет, Қалнияз, Балқы Базар, Нысанбай кейпінде көрініс берді. Оларға іздес Дулат, Шортанбай, Нармамбет, Мұрат, Қашағандардың «зар заманы» келді…

Қалай болғанда да, бағзы төл тарихымыз бен ұлттық киелі сананың өлмей-өшпей бүгінге жетуі, оның ұлттық геннен ұрпақ санасына өтіп жаңаша трансформациялануы жолында жыраулар сіңірген еңбектің өлшеуі жоқ! Олардың ахлақи нормалар мен рухани қордаларды бастапқы қалпында сақтап қалу жолындағы жанкешті ерлікке бергісіз еңбектерінің қарыз-қиуазы, тек қана есі дұрыс ұрпақтың – ел-жұрты үшін есепсіз ететін еселі еңбегімен ғана өтелері хақ! Тегі неміс Ресей ғалымы В.В. Радловтың: «Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір «Жұм-жұманың» (ғибрат-дастан – С.Н.) әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді», – деп баға беруі осы заңдылықты қапысыз танығаннан соң берілген баға десек, иншалла, қателеспесіз!..

Міне, осы жыраулар керуенінің тоғанақтарын артқан соңғы қара нарлары 360 әулиелі Маңғыстау топырағында тізелерін бүкті! Уақыттың көне көңіне, қаражұрттың күліне шөкті. Ұлы жыраулар көші 1954 жылы Мұрын жырау Сеңгірбекұлы болып – Ақкетікте, 1967 жылы Шамығұл Ыбырайымұлы болып – Жетібайда, 1974 жылы Сүгір Бегендікұлы болып, 1976 жылы Ұзақбай Қазжанұлы болып Қызылсайда тоқтады. Мәңгіге!..

Осынау өксікті керуеннің соңғы аса ірі өкілдерінің бірі Қалыұлы Қарасай жырау еді. Ол Адайдың Мұңал-Шоғы аталығынан тарайды. Шоғыдан (Қырықмылтық) Жолай – Бодан – Кенжебай – Қайырбек (Қотырбас) – Шолан – Қалы – Қарасай болып бұтақтанады.

1869-70 жылдар Ресейдің отаршыл өкіметінің далалық өлкені билеу тәртібін «жетілдірген» «Жаңа низамына» қарсы Қазақ даласының батысында ұлт-азаттық көтерілістер қанат жайғаны белгілі. Ол бұлқыныстар кейінгі салдарларына байланысты ел аузында «Ел ауа» атанып кетті. Сол бұлғақтардың қамтыған ауқымы мен уақыты һәм маңызы жағынан тым ірісі тарихта «Адай көтерілісі» деп таңбаланған халық батырлары Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған бірнеше жылға созылған бұрқаныс-ты. Көтерілісті басып-жаншуға шыққан орыстың жазалаушы әскері 1870 жылы Жем өзенінің өресінде Кенжалы деген жерде отырған ауылдарды майқандайды. Бұл жерге алдында ғана Мұңалдың қос ауылы – Қосқұлақтың Жаналысы мен Шоғының Қотырбасы қанаттаса қонса керек. Қосқұлақтың Жаналы (Бекет Ата ұрпақтары) аулының софылары: «Қан иісі шығып тұр. Бұл қайырлы қоныс болмайды!» – деп дүрк көтеріле көшеді. Ал әуелден жауынгер Шоғының ер көңілді жігіттері: «Жауды көрмей қашады деген не?! Кәпірге қан төлетпей тегін беретін жеріміз жоқ!» – деп табандап отырып қалады. Алайда бұл кезең жұлын жұтқан ерліктің емес, түтін құсқан «белдіктің» заманы-тын! Қарулы дұшпан жарақсыз ауылды қапыда басып қызылжап қылып қырып салады! Жазмышқа дауа бар ма, он жасар Қарасай-бала ағасы Малбағар екеуі малда жүріп аман қалады! Ал болашақ жыраудың күллі ет-жақындарын жұтқан, ел қырылған қанды жұрт әлі күнге «Қалы-Қос қорымы» аталады (Қос – Қалының інісі – С.Н.)

Қарасай жырау есімін алғаш хатқа түсірген адам – академик Ахмет Жұбанов. Ол «Замана бұлбұлдары» (Алматы, 1963) кітабында: «Әкімгерейдің тұсында Адай Қарасай жыршы болды. Ол Самда 1866 жылы туған. Көне Үргеніш, Бұхар, Түрікпенді тегіс аралаған. Түрікпеннің ханы Жонайттың алдында жырлап, сыйлық алған (түрікпеннің көптеген бахшыларымен жарысқа түскенде). Қарасайдың әкесі Қалы өнері болмаған адам. Қарасай бойы тапал кісі болыпты. Ол соны әман өлеңіне қосады екен.

Менің атым Қарасай,

Мен Қалының баласы-ай.

Жас басымнан сөз бағып,

Бойға болдым аласа-ай.

Адай еді руым,

Қанша жүйрік болса да,

Келген жоқ жанның шамасы-ай, – деп бастайды екен. Қарасай 1930 жылы қайтыс болды. Одан да көптеген әуен, жыр, ән қалды. Қарасайдың саздарынан бізде үлгілері нотаға түсірулі», – деп жазады. Осынау сараң деректерден недәуір мағлұмат алуға болады. Бұл жерде жыраудың туған жылында аздаған жаңсақтық барын айта кетуге тиіспіз. «Маңғыстау» энциклопедиясында: «Қалыұлы Қарасай (1860, Жем-Сағыз өңірі – 1930, Шыршалы қорымында жерленген) – ақын, жырау, жыршы, күйші, композитор» деген (мұнда туған жеріне қатысты қателік кеткен – С.Н.) дерек бар. Кейінгі ізденістердің нәтижесінде, Қарасай 1860 жылы Маңғыстаудың Ұлы қырындағы Ырғызбай-Қарасай атты жерде дүниеге келгені айқындалды. Сөзімізді қадірлі Ахаң – Жұбановтың аз сөзге көп дәйек сыйғызған деректерін тарқатумен жалғамақпыз. Мақаладағы Жөнейіт ханмен (шын есімі Мұхаммед-Құрбан сардар Қожаұлы 1857-1938 жылдар арасында ғұмыр кешкен, түркменнің жәуміт-жөнейіт руынан шыққан қолбасы. 1918 жылы Асфандияр хан өлтірілген соң таққа отырмаса да Хиуаға тікелей әмір жүргізген, совет өкіметінің хас дұшпаны. 1938 жылы Иранда опат болды) арадағы әңгімені Маңғыстаудың кәріқұлақ қариялары былай жеткізеді. Жем бойындағы қырғыннан кейін ел Бесқалаға ауады. Нағашыларының қолында тәрбиеленген Малбағар, Қарасайлар сол жақта есейіп, ересидаға енеді. Қарасайдың даңқы өрлеп, біраз уақыт сол жақты қоныстанған құрдасы һәм ағайыны атақты Мұрын жырау, сондай-ақ, қарақалпақтың Нұрабылла бастаған әйгілі жырауларымен қатар өнер сапарында жүреді. Сондай күндердің бірінде түркмен сардары аталмыш Жөнейіт хан күллі Хорезмге мәшһүр өнерпаздарды жиып сайыс өткізеді. Қарасайдың басқа өнерпаздардан шоқтығы биік екенін ұзамай-ақ аңғарған сұңғыла хан: «Сен маған ноғайлықтың 60 тарауын өрнегін бұзбай, өңін қашырмай толық жырлап бере алсаң, қалағаныңды берем! Жар сұрайсың ба, мал сұрайсың ба, қолыңды қақпаймын!» – дейді. Қарасай: «Мен ысқырса – желдікі, айдаса – жаудыкі» мал сұрамаймын! Қатын үшін де жыр айтпаймын, алайда дегеніме жетіп, көңіліңізден шыға алсам, дария бойынан қазаққа жер беріңіз!» – дейді. Хан жыраудың өнеріне тәнті болып: «Қарасай – көмейіне бұлбұл ұя салған, зердесіне періште үшкірген Құдайдың айырықша жаратқан құлы екен. Менің барлық сынымнан сүрінбей өтті. Әму бойындағы Бұзаубасы мен Қаратоғай арасын қазаққа бер!» – бас уәзіріне әмір қылады. Сөйтіп Би Мәтжаннан кейін қызыл тілдің ебімен Хорезмнің ойынан қазаққа жер алып берген Қарасай жырау болады…

Сондай-ақ, осы жиында жырау Жөнейіт ханның, ханның ғана емес күллі елдің болашағын болжап сәуегейлік айтады. Ұзамай Құдайсыз өкімет құрылатынын, құл-құтан елге ие болатынын, ханның өзіне һәм соңына ерген көп жұртқа туған жерінен топырақ бұйырмайтынын, қызылбастың жерінде қазаланатынын жайып салады. Одан ары былай дейді: «Нан киік болып қашып, қазақ-түркпен тазы болып қуады. Кәпір өкіметтің екі патшасы кісі қолынан өледі. Бірақ бәрінің де шегі бар, бұның дәуірлеуі 70 жылдан ұзамайды. Маңдайында қалы бар патша келіп, бәрі бет-бетіне тарап кетеді!..»

Біз бұл мысалдан жыраудың ескі ілімнен мол хабардар қасиет иесі екенін аңғарамыз. Ел аузында оған жыр киесінің қалай қонғандығы, оның тақуа болғандығы, сәуегейлігі бала күнінен байқалғандығы, әр жырды дәрет жаңартып, екі рәкәқағат намаз оқып, ниет етіп айтатындығы, жыр желісінде жау қолынан батырлар мерт болғанда, жырды тоқтатып, өлген батырларға құран-дұға бағыштайтындығы, ол «ноғайлықты» жырлағанда ел-сел болып жаңбыр жауатыны, тіпті, шілдеде қырбық қар түсіргендігі аңызға бергісіз әңгімелер болып әлі күнге дейін айтылады. Мысалы, Айтқұл Жұмағазы, Шоғы Тініқұл, Шоғы Әнәпия, Есен Құлжабай сынды көнекөз қариялар Қарасайдың шілдеде қар жаудырғанын өз көздерімен көріп, біздерге жеткізіп кеткеніне куәлік ете аламыз! Әрине, мұның бәрі киесіздер үшін ертегі болып естілері анық, ал біз үшін айдай ақиқат!..

Жоғарыда Шыңғыс ханды бекер тілге тиек еткен жоқпыз. Ә.Қоңыратбаев «Шыңғыс хан шапқыны жөнінде эпос жоқ» десе де қазақ халқында Ұлы қаған жайлы көлемді шығармалар болған және ол дастандар кейінгі тарих боямалап көрсеткен «өркениеттерді күйретуші жыртқыштық шабуылдар» жайында емес, Шыңғыс ханның алабөтен жаралысы мен қаһармандығына арналған мадақ-жырлар десек артық болмас. Соның бірі – атақты Қашаған Күржіманұлының «Шыңғыс хан» дастаны. Біз көнелердің айтуы бойынша, ол дастанды Қашағанның шәкірті Шамығұл Ыбырайымұлы жырлағанын білуші ек. Өкініштің үлкені сол, жеті күн жырланатын ол шаһхар шығарма хатқа түспей қалған! Жуырда біздің қолымызға Маңғыстау өңіріне белгілі айтулы мерген Бабық Нұр Оңдағанұлының үлкен баласы шежіреші Сабытай марқұмның бейнежазбасы түсті. Одан жоғымыздың өзін таппасақ та, ізін таптық! Онда дастанның кіріспе бөлімі қарасөзбен баяндалады. Біз бұл жерде оған тоқталмаймыз. Сол жырдың киесі жайлы сөз қозғамақпыз. Ендеше Сабытай ақсақалға құлақ түрейік…

Бірде, ішінде Қашаған бар, көп адам Бесқаладан базаршылап келе жатып, Үстірт үстіне көтеріліп, «Итібайға» жақындайды. Ел қарасы көрініп көңілі бірленген шалдар жыраудан: «Жол қысқарсын, «Шыңғыс ханды» айт!» деп өтініш қылады. Қашекең: «Бұл жырды дәретпен, ниет етіп, бұзбай жеті күн айтуым керек. Оған жолдың ыңғайы көне ме?» деген ырайда қашқалақтай жауап береді. Алайда үлкендер қоймай қиылғасын, түйе үстінде келе жатып жырды бастайды. Телегей-теңіз жыр бес күн жырланғанда, жолаушылар ылажсыз айрылысуға мәжбүр болады. Өйткені әркімнің ауылы әр тарапта қалып барады. Келген жерлері «Ұлы Қыземшектің» тұсы екен. Қашаған қиналса да, жырдың тыңғысына жетпей тоқтайды. Қосшысымен көптен бөлініп құбылаға қарай жүре бергенде тап маңдайдан тоқымдай керқаспақ бұлт көрінеді. Әне-міне дегенше, сол бұлт ұлғайып, қара дауыл тұрғызып, нөсер төгіп, нажағай ойнатып, әлемді әлем-тапырық қылып өте шығады! Сол сәтте жасын ұрып, Қашаған атанымен жер сүзе құлайды! Алла пана болғанда, ақын аман қалады, бірақ бет-ауызы мүлдем қисайып кетеді. Ол кісінің бет-ауызының қисықтығы жөнінде көзін көре қалғандардың естеліктерінде айтылады… Міне, жырдың киесі деген – осы!.. Ал біз «Қырымның 40 батыры» айтылғанда жазда қар жауатынына күмән келтіреміз!..

Хош! Қарасай жыраудың да осындай зайырлы жан екенін айтып өттік. Осы пікірді тірілте түссек, ел санасында «Әли Тауан асы» деген атпен сақталып қалған 1926 жылғы әйгілі аста сол кездегі Адай елінің даңғайыр жеті жырауы: Бәли Өришан, Қотырбас Қарасай, Балықшы Ахмет, Шоңай Шамығұл, Көрпе Есмағамбет, Ескелді Сүгір, Қырымқұл Ұзақбайлар жырлайды. Осы жиында көпшілік Қарасайдан «Ноғайлықты» қолқалайды. Жырау: «Оны қозғап қайтеміз, әлекке салып кетер» десе де дес бермей жырлатады. Қарасай «Едігенің ескі жырына» жете бергенде аспанда шаңырақтай бұлт айналып, жер-дүние астан-кестен болады! Шошып кеткен жұртшылық Қарасайға жалынып тоқтатады… Міне, бұл көне жырлардың киелілігі жөніндегі дәлел-дәйектер…

Жоғарыда А.Жұбановтың: «Қарасай 1930 жылы қайтыс болды. Одан да көптеген әуен, жыр, ән қалды. Қарасайдың саздарынан бізде үлгілері нотаға түсірулі», – деген пікірін келтірдік. Ахаң келесі бір еңбегінде:

«Термеге жақын келетін сазы болды, әр жыршының өзінің жақсы көретін сазы болды. Мысалы «Әкімгерей сазы», «Қарасай сазы», «Бітеген сазы», «Науаш сазы», «Пұсырман сазы», «Барлыбай сазы», «Тоғыс сазы», «Сабыр сазы» дегендердің әрқайсысының өзіне тән мелодиялық, ырғақтық, екпіндік ерекшеліктері бар» («Өскен өнер». Алматы, 1985. 199-бет), – деп Қарасайға қайыра соғып, бұрынғы пікірін тірілте түседі. Мұнда есімдері аталған өнерпаздардың кейбірінің ата-тегін айта кеткенді жөн көріп отырмын: Әкімгерей Қостанұлы – Жетіру-Тама-Тәңірберді-Қарағашты; Бітеген – Әлім-Кете-Бабатай; Пұсырман – Әлім-Шекті-Қарабас; Тоғыс – Әлім-Шекті-Жақайым руларынан тараса, Сабыр – Ноғай Нұрым жыраудың баласы.

Міне, бұл деректерден Қарасайдың артында хатқа (нотаға) түскен недәуір мұра қалғаны мағұлым болды. Әлбетте, академиктің мұрағатындағы жырау мұралары әзірге біздің қолымызға тие қойған жоқ, дегенмен бар деректерге сүйеніп Қарасай мұрасы жөнінде пікір тиянақтауымызға болады.

Қазір бізде Қарасайдың «Қарасай», «Жорық күйі» атты күйлері, бірнеше «жыр-күйі», сондай-ақ, «Қарасай-Қази» жырының өзі жырлаған нұсқасы мен өлерінде айтқан толғауы бар. Аталмыш екі күйді тыңдағанда, бір адамның төлтума-қолтаңбасы екені айқын көзге ұрады. Мұны айтқанда, «Қарасай» күйінің әлме-тәлме тағдырын баян етпекпіз.

Ырас, тәуелсіздік алғалы жоғымызды түгендеу жолына ұлт болып ұмтылдық. Әрине, бұл ерсілігі жоқ табиғи құбылыс. Бірақ ол құбылыстың ерсілікке ұрынған тұстарына да талай куә болып жүрміз. Кез-келген ерсі әрекет өресіздік пен өзімшілдіктен туындайтыны белгілі ғой. Бұрын да бірнеше мәрте айттық, тағы да айтпасқа әддіміз жоқ, қазір бұрынғы мал-барымта адыра қалды, енді «сөз-барымта», «саз-барымта» сияқты барымтаның түрі шықты. Сол барымтаға ұшыраған шығарманың бірі – Қарасай жыраудың аталмыш күйі. Бұл күй алғаш профессор Шамғон Қажығалиевтің нотаға түсіруімен «Халық күйі – «Қарасай» деген атпен оркестрде орындалды. Дәулескер домбырашы, атыраулық ағамыз Ырысбай Ғабдиев марқұмның жеке репертуарында талай құлақтың құрышын қандырды. Бірақ кейін әлгі «барымта-сыдырымталар» шаң берген тұста, «иесіз» «халық күйінің» қолды болғанын бір-ақ біліп, санымызды соқтық. Мен осы тұста тақырыбымызға тікелей қатысты болғандықтан, 2003 жылы жазылған «Көне түбектің күй керуені» атты мақаламнан үзінді бере кеткенді жөн көрдім: «…әр рудың атақты күйшілері өз айналасында үлкен мектептер қалыптастырып отырған. Мысалы, Есір, Аралдардан Атанғұл, Шамығұлдарға дейін жететін «шоңайлық күйлер», сондай-ақ, Құлшардың айналасына топтасқан Қырықмылтық ауылының күйшілері де үзілмеген үлкен шынжыр, бір қауым ел. Құлшар, Атажан, Қожахмет, Теңел, Тәжік, Қалдығара, Қарасай т.б. сияқты күйшілер қай халықтың да тақиясына тар келмес дәупірім өнерпаздар болған. Қырықмылтықтың Қотырбас бөлімінен шыққан Қарасай асқан күйшілігімен бірге – ұлы жырау. Оның «Қырымның қырық батырын» айтып, аспанға алты күнде бұлт иіріп, жетінші күні жаңбыр жаудыратыны жайлы аңызға бергісіз әңгімелер ел аузында әлі бар… (Сөз ұтыры келгендіктен тағы да айта кетпеске болмайды, менің жоғарыда келтірген сөйлемдерім «Шоғы батыр шежіресі» атты еңбектің 103-104-беттерінде І.Қылышмағамбетұлы дегеннің атымен еш сілтемесіз һәм өзгеріссіз беріліпті. Бұл да жоғарыда айтылған «сөз-барымтаның» бір түрі – С.Н.)

Кешегі бір ел егемендік алып, есін жинап, өткен-кеткенін түгендей бастаған тұстағы тәуір үрдістің теріс сипат алып кеткен кездері де жоқ емес. Тарих түгендеудің аяғы – тек түгендеу, ата-баба әруағын ұлықтаудың арты ата-бабасының атын асыру арқылы өзінің бәсін асыру мен басын асырауға айналып кетіп жүргені кімге жасырын?! Өліге абырой, тіріге мерей әпермейтін мұндай келеңсіз әрекеттен тез тыйылмасақ, Ұлт қана ұтылады. Қалыптасқан дәстүрлі ән, күй мектептерінің заңдылықтары мен шеңбер, шегараларын елемей, «Жылыой», «Бозжорға», «Ақерке», «Әмірхан» т.б. сықылды әндерді Арқаға қарай сүйреу, Әлкей Марғұландай абыздың «Жалайыр күйлері» деп таңбалаған шығармаларын Абылай ханға телу сияқты жаман үрдістер әр жерден белең алып қалып жүр. Жақында тағы бір сондай ерсі істің ырықсыз куәсі болдық. Теледидардағы бір ұлан айтыста белгілі айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерманов Қырықмылтық Қотырбас Қарасайдың «Қарасай» деген күйін Шапырашты Қарасай батырға теліп-ақ жібергені… Әруақты бабалар: Абылайдың да, Қарасайдың да, Сегіз серінің де Алла берген абыройлары баршылық. Кейінгі ұрпақ сол атаққа ылайықты ие болып жүрсе де жетеді. Одан басқа әрекеттің бәрі абырайсыздыққа ұшыратады!..»

Бұл мақаланың жазылғанына да бір мүшел, яки он үш жыл өтті. Мен мақала жазды екен деп, кетеуі кеткен дүниенің кетігі қайдан бүтінделе қойсын?! Одан ары сетіней түспесе! Осыдан сәл кейін маған атайы өнерпаз, дәулескер домбырашы, көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Әруақты бабам – Қарасай» атты музыкалы поэмасын тыңдаудың сәті түсті. Түскені бар болсын, шебер қолдан шыққан шедевр шығарманың күретін – лейтмотиві айтылмыш «Қарасай» күйі болып шықты! Батыстық күй мектебі мен жетісулық күй мектебінің арасындағы аспан мен жердей айырмашылықты тамыршыдай танитын ұлы композитордың мынау әрекетін неге жорырымды білмей күйзелдім. «Кеудемсоқтық» дейін десем, ол ұлтқа өлшеусіз еңбек сіңірген адам және бүгінде көзі жоқ, Бақидың жолаушысы. Демейін десем, есем кетіп, рухым тоналып жатыр! Қалайда қара сия, ақ қағаз көтереді ғой деп, ақиқат үшін осы жолдарды таңбалап кетуге мәжбүр болдым…

Енді Қарасайдың «жыр-күйлеріне» тоқталмақпын. Қарасай жыраудың көптеген шәкірттері болғаны белгілі. Олардың ішінде: Кердері Құдайберген, Табын Төребай, Кете Қайролла, Әлім Наурызбек, Шеркеш Жолжан сынды дүлдүлдер өткен. Солардың бірі – үн-жазба, бейне-жазбалары бүгінге жеткен Наурызбек жырау. Бұл уақта «Наурызбектің сазы» деп терме-толғаулар айтып жүрген жастар, шүкір, жетерлік. Біз бүгін осы мақам-саздардың Қарасайдан бастау алғанын дәлелдемекпіз. Қазір Ақтау қаласында «Қарасай-Қази», «Едіге» сынды ескі жырларды жырлайтын Базарбай Сабыров атты үлкен жыршы тұрады. Ол кісі әңгімесін былай сабақтайды: «1969 жылы тау астында бір Бегей (ру аты – С.Н.) ағайынның тойында жырлап отыр ем, төрде Айтқұл Жұмағазы, Шоғы Тініқұл атты ажарлы шалдар отырды. Мен сол кезде «мода» болған Наурызбектің мақамдарымен талпаштап-ақ жатқам, бір кезде көп ішінен біреу шақшия қарап: «Әй, бала, айтсаң, өзіміздің Адайдың саранау сазымен айт, болмаса, басты қатырма!» – деп тастағаны… Мен ағындап келе жатып кермеге тап болғандай дағдарып-ақ қалғам, кенет Жұмағазы ақсақалдың саңқ еткен даусы шықты: «Ей, сен көргенсіз, ненің жөнін біліп жырды бөліп отырсың?! Бұл баланың салып отырғаны Қырықмылтық Қотырбас Қарасайдың саздары. Мен Қарасайдың қасына қаршадайымнан еріп қосшыбаласы болған жанмын. Жарықтық, Қарасай жырау бастапқыда Адайдың салқам саздарымен дестелеп отырып, түн ортасы ауғанда шаңқылдап бір жосын мақамға түсетін. Сол екпінді түйдекті жыр-күй таң атқанша созылатын. Қарасай осы сазға басқанда қаумалаған көптің шырмай бастаған ұйқысы шайдай ашылып, көздері шырадай жанып сала беретін! Шәкірті Наурызбектің бүгінде өрнек қылып жүргені ұстазының сол «Түн-ауа» сазы… Айта бер, қарағым, осы бағытыңнан жаңылма!» – деп дем беріп-ақ жібергені! Содан соң-ақ менің бақайымнан қаққан, қапымды баққан адам баласы болған жоқ!..» Енді осы дәйекті Наурызбек жыраудың ең көрнекті шәкірті, Арал-Қазалы жыр мектебінің ірі өкілі, бүгінде Кентау қаласының тұрғыны 69 жастағы Болатбек Ердәулетов былай дамытады: «Наурызбек жыраудан айтып жүрген мақамдары туралы сұрайтынмын. Сонда ол кісі: «Мұның бәрі ұстазым Адай Қотыр Қарасайдың мақамдары» деуден жалықпайтын» (өз аузынан жазып алған жыршы Амандық Көмекұлы –С.Н.). Ал А.Жұбанов мұрағатынан да біздің пікірімізді дәлелдейтін талай нәрсенің шығары анық, бірақ ол көмбені игеру – келер күндер еншісіндегі шаруа. Міне, бұл дәлелдердің бәрі Қарасай жырауға өзінің төл мұраларын қайтарып беретін уақыттың жеткенін дәлелдейді. Жырау мұрапасын кейінге жеткізуде Наурызбекпен бірге, жыраудың туған жиені Қартбай Қылышұлы жыршының да көп еңбек сіңіргенін айтқанды жөн санадық. Ол кісі замана желімен ығып жүріп, Жамбыл облысының Мерке ауданында Сыпатай батыр қорымынан мәңгі тыныс тауыпты. Қартбайдың айтуынша, Қарасайдың күйлері, оның ішінде аталмыш «Қарасай» күйі де, жыраудың шабыт шақыру үшін, тыңдармандар санасын бір нүктеге байлап, өзіне бұру мақсатында тартатын шығармалары көрінеді.

Өнертану ғылымында «Адай күйлері» дейтін мектеп бары мәлім. Сол мектептің шұрайлы бір сыныбы осы Шоғы аулына да хас. Жоғарыда аттары аталған күйшілерге қоса, осы ауылдың Оспан, Дәулетнияз сынды күйшілерінің де мұралары табылып отыр. Шеркешбайұлы Дәулетнияздың бұрын атақты тамшы-шебер екенін білсек, енді оның «Шұбартай» атты ғажайып күйі де қолымызға түсті. Дәулетнияздың Ескелді Шұбартай мырза Қосуыт баһадүр ұлының күмбез-тамын салғаны мәлім. Ол күмбез әлі күнге Ұлы қырдың төсінде көне қоңыр домбырадай күңгірлеп тұр. Осылардың қатарында жыраудың немере інісі һәм шәкірті Қалы немересі Мұса ұлы Тәжік (1884-1953) әрі айтулы күйші, әрі даңғылбоз жыршы болған адам. Ағасының мұраларын артқыға аманаттауда ол кісінің де еңбегі өлшеусіз. Тәжіктің шәкірті Әлім-Кете Қайролла Иманғалиұлы (1907-1990) да жырау мұраларын жеткізушілердің бірі.

Қарасайдың Баймұхан (1889-1982) деген жалғыз ұлынан – Дабыл, Мейірман тарайды. Олардың ұрпақтары Қазақстанның әр аймағында ғұмыр кешіп жатыр.

Қарасай Қалыұлы мен Тәжік Мұсаұлының Бегей Сарман шебер жасаған кесікбас домбыралары ұрпақтарының жәрдемімен Маңғыстау облыстық мұражайынан жай тапты. «Кесікбас» демекші, атақты Сүгір жырау Бегендікұлының дәл осы қос домбырадан аумайтын «Кесікбасын» да жасаған Сарман шебер екенін жыраудың ұлы Өтелген ақсақал айтып кеткен. Бейнежазбасы қолымызда сақтаулы.

Кейінгі зерттеушілер арасында Қарасайды Адай қайқыларына қосу ниеті байқалады. Жас шағында ол кісінің де «қайқы» атануы әбден мүмкін, әйтсе де, Қарасай жырау «қайқылық» атаққа зәру емес. Оның қазіргі біз таныған тұлғалық болмысының өзі жырауды ұлтымен бірге жасата береріне күмән жоқ.

Нешеме ықылым замандардың шежіресі мен ұлт тарихының қанша қыртыс-қатпарларын бойына жиған «Қырымның 40 батыры» сынды жыр-мұхитын өз замандасы Мұрын жыраумен тел жырлап, кейінгіге аманат қылған ұлы жырау Қарасай Қалыұлы өзі өлшеусіз өнерінің арқасында қаһарлы Жөнейіт ханнан қазаққа алып берген жерінде Шыршалы атты қорымнан тыныс тапқан. Қасында зайыбы және жеңгесі Ақша Малбағар жұбайы (Бекет ата шөбересі Құлмұхамбетұлы Самалық софының қызы) жатыр…

R.S.: Бұл мақаланы осы нотада аяқтауға да болар еді, алайда көкіректі кемірген көп күйік ырық бермей ақ қағазға қара сияны тағы жаға жөнелді…

Біз қазір жаһандану үдерісінің әбден күшке мінген тұсына тап келдік. Тіпті, замана үрдісі, сәл әсірелеп айтқанда, жаһандану емес, жаһаннамдық дәуірдің әуірін сездіретіндей… Адам (ұлт деп, керексе адамзат деп ұғыңыз) жүрегіндегі Құдайлық Рухты тірі сақтайтын Кие, ол – ғасырлар талқысынан өлмей өткен ұлттық ұлы мұра болып табылады. Ал ол Қасиетті Рухты жою жолында мігірсіз майдан ашқан аса қатыгез қара күш бар екенін біз дәйім ескере бермейміз. Сөзіміздің басында да айттық, ол Рух ұлт бойынан жойылса, онда біздің бүгінгі сүрдім деп жүрген өміріміздің, құрдым деп жүрген қоғамымыздың құрдымға құламауы мүмкін емес! Ашық күнде жамандық шақырудан аулақпын, бірақ біздің бұ дүниеде барлығымызға, бұдан ары да бар болуымызға кепілдік беретін ең басты құндылықтарымыздың мүшкіл жайы дабыл қағарлық күйге әлдеқашан жеткен! Киелі Рух қалай жойылады? Ол, әлбетте, ұлт жүрегін өзінің саф асылдарынан айнытып, рухани ағзасына жаттекі мәдениеттерді сіңіру арқылы жүзеге асады. Біз де, міне, екі ғасырға айналды, мігірсіз жүргізілген жаулаушы саясаттың нәтижесінде төл-бастауларымыздан жеріп, жаттың жуындысынан қорек айыратын құлтекі қалыпқа түстік! Қазіргі етек алып бара жатқан даңғаза-шоулар мен дарбаза-шулар Ұлт бойынан Ұлы Рухты үркіту үшін жасалып жатыр. Жат күштің асқынғаны, басынғаны соншалық, зымиян саясатын өз қолымызбен жүргізу мүмкіншілігіне ие болып үлгерді! Сондықтан, ендігі ұрпаққа саф дінің де, пәк ділің де, бай тілің де, асыл өнерің де жат көрінуі заңдылыққа айналып барады. Шулыған шоуларды былай қояйықшы, адамзаттың ең озық өнері болып саналатын батыстық классикалық музыкалардың ұлт ағзасына әкелген зияны туралы ойланған жан бар ма екен? Жат мәдениеттің аты – жат мәдениет. Ал оларға мемлекеттік деңгейде ең жоғары мүмкіндік туғызылып отыруының астарында қандай саясат жатқанын кім айта алар?.. Бүгінгі сахнада Қазақтың қастерлі жырына он мүйнет уақытты қимайды, бірақ көрермені он адамнан аспайтын операларға арналған алтынмен апталған, күміспен күптелген сарайлар, біздің қасіретті даламызда, міне, ғасырға айналды, салтанат құрып тұр! Оған, тіпті, жан адам бармаса да, сол салтанатын жоймай тұрарына күмән жоқ! Неге? Ал бағанадан қақсап жоғын жоқтап отырған біздің рухымызды Құдайлық нұрға жалғайтын қасиетті жыр оның босағасынан да сығалай алмайды! Бізде құны неше мектептер ашуға жететін батыстық мәдениет құралын, яки оның ішінде де шіркеулік музыка аспабын алу үшін парламенттік деңгейде мәселе көтеріледі. Оған мемлекет бюджетінен ақша бөлдіреді. Ал адамзатқа ортақ телегей-теңіз мұраларымыз басқа түгілі, өз қажетімізге жарамай аяқ-асты болып жатады!

Тағы бір аса шетін мәселе бар. Батыстық ұлы сазгерлер мен суретшілердің, ақын-жазушылардың ғұмырбаянын түбіжіктеп зеуірттесең, ақ өліммен өлген бірі жоқ! Кілең бір мерез, жын қағу, құтыру сықылды кесапат дерттерден жапа шеккен бейбақтарға ұшырайсың. Тіпті, кейбіреуін қаншама жылдар бойына Құдайдың қара жері қабылдамай қойған мысалдар да кездеседі! Мұның бәрін – өнер немесе әдебиет зерттеушілері әлгі міскіндердің өзгеше талай, ерекше болмысына қатысты қалыпты іс қылып көрсетіп бағады. Ал қазақ ұлтының ұлыларының ішінен көлденең кеселдер мен сырттан енген хас дұшпанның қолынан беймезгіл мерт тапқандар болмаса, ақылынан алжасып өлген бірі жоқ! Бұл нені көрсетеді? Бұл – алғашқылардың ел-жұрты тұтынған ғайри діннің қырсығынан ібіліси күштердің, кәпіри жындардың араласуымен өнер тудырып, сол арқылы жұрт санасын жаулап, ақыр аяғында күші таусылғанда әлгі жат күштердің мазағына айналғанын көрсетеді. Өйткені ғайри діннің жын-жыбылыстан адамдарды қорғап қалуға күші жетпейді. Ақиқи діннің саф кәусарын жүрекке сіңірген қазақ сынды дені таза халықтың ұландары әлгіндей патологиялық кеселдерге ұрынбаған.

Ендеше, ойлану керек… Ұлттірілту, ділтірілту ғылымымен айналысатын уақыт әлдеқашан жетті. Енді тірілмесек, бәрі кеш болуы мүмкін. Ол үшін, бастауын Алла Тағала Адам Атаның кеудесіне Рухты үрлегенде періштелер салған Жеті саздан алатын қастерлі мұраны жарылқауымыз керек! Сонда ғана жарылқанамыз, сонда ғана аспан-жердің арасынан сая таппай безек қаққан қу жанымыздың бабын табамыз!..

author

Светқали Нұржан

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...