Кісінің кім екенін түсінбейтін, алдыңғы толқынның бәрін Аға дейтін, адамның да адамы болатынын білме...
Сайын Мұратбеков. "Қылау"
Шырт ұйқының құшағында жатқан. Бас жағынан дарылдай сөйлеген әкесінің даусы оятып жіберді.
— Әй, Сатай, тұр балам, барып шананы алып қайт,— деді.
Сатай көзін сығырайтты. Үйдің іші әлі қараңғы екен. Терезеден бұлыңғыр ғана жарық түсіп тұр. Түн ортасынан жаңа ғана ауған мезгіл сияқты. Нағыз тәтті ұйқының шағы да. Бүкіл тұла бойы маужырап ұйып, дәл осы күйде талықсып ұйықтап жата бергісі келеді. Бұл шақта адам белгісіз бір, жақсы әуезге тербетіліп, талықсып қана ұйықтайтын болар.
Бірақ ендігі жерде әкесі ұйқы береді дейсің бе. Әнеки, шақырған тауықтай бас жақтан ауық-ауық қылқылдап дауыстай бастады. Қою қайда!.. Әй, беймазасы-ай осы шалдың.
— Сатай-ау, таң атты ғой, тұрсаңшы енді. Ертерек барып алып қайтсаңшы шананы,— дейді және қайта-қайта айтады. «Әлі түн ортасы ғана ғой, таң атсын да...» — дегісі келеді Сатайдың. Дәл осы кезде қорадағы әтеш қанатын дүрсілдете қағып қойып, тамағы жыртылардай айқай салады: «Таң атып қалды-е-е...» дейтін сияқты. Маза беруші ме еді бұлар.
Сатай көзін қайта жұмды. Шіркін-ай, ең болмаса, он минут ұйықтар ма еді. Қайдағы ұйқы, әне әкесі тағы сөйлеп жатыр. «Қап, ұйқы бермеді-ау» деп ренжіді, онан соң: «Қой, тұрайын, болмас» деп ойлады тағы да. Бірақ бұл тек ойы ғана. Әне тұрдым, міне, тұрдым деп жатқан, енді бірде тіпті киіне бастаған сияқты еді, сөйтсе қайтадан маужырап ұйықтап кетіпті...
Бас жағынан тағы да әкесінің даусы шықты. Рақаттана албырап бара жатқанда құлақ шекесінен ағаш балғамен ұрғандай боп әр сөзі дың-дың етіп естіледі.
— Сатай, тұр енді. Ертеңгі шайға дейін алып кел шананы. Апаң екеуміз базарға барып қайталық. Бол, тұр, балам!
Әкесі жұмсақ-ақ үнмен дауыстайды, бірақ соның өзінде жағымсыз естіледі-ау.
Сатай көзін ашпастан самарқау ғана қимылдай бастады. Іңірде жағылған оттан кейін, түні бойы суық тартып кеткен үйдің іші қоңыр салқын. Көрпенің асты жып-жылы. Орындық үстіндегі киімдеріне қол созған. Киімдері сұп-суық, темірше қариды. «Брр... әй, дәл осы бүгін быт-шыт боп, шанақтарың шашылып, отқа жағылғыр, қу шана-ай... Қай уақыт болды екен?..» Көтеріліп төргі бұрышқа мойнын созды. Бірақ стол үстіндегі сағаттың тықылдап соққаны болмаса, тілі көрінер емес. Көрші-көлеңдегі қоралардан әтештердің байбалам сап шақырғаны жиілеп кетті. Бірінен-бірі қалысар емес: «Таң ат-ты-ы... таң атты-ы!..» деп шуылдасып-ақ жатыр. Сатай екі-үш рет жағы айырылып кетердей боп құшырлана тәтті есінеді.
Онан соң тоң-торыс боп түйілген күйінде үнсіз киінді. Әкесі шам жағып киін деп еді, оның сөзін естімеген адамша жауапсыз қалдырды. Жасаурап ашыған көзін уқалап қойып, қараңғыда киімінің оң, терісін тігісінен сипалап отырды.
Әкесі болса со жылы төсекте жатқан күйінде бір сарын жұмсақ үнмен бұған не істеу керектігін түсіндіруде: ең әуелі, тор дөненді суғарып алған жөн, сонан кейін қорадағы қамыт-саймандарды қарға тигізбей, шұбалтпай, рет-ретімен алып шығу керек; қамыт-саймандарды кеше ғана майлап қойған, қарға сүйретілмесін, су болады; айтпақшы, бел көтерме тартпаны ұмытып кетпегей, сонан соң «Тастөбедегі» шанаға жеткенше терлік тоқымды астына салып, мініп баруы керек, әйтпесе тақымын ойып алады... тағы басқа да осындай ақылдарын шұбырта тізіп айтып жатыр, айтып жатыр. «Ойылса тақым өзімдікі ғой, сіздікі емес»,— дейді Сатай іштей қиястана қарсыласып. Тек іштей ғана солай дейді, естіртіп айта алмайды. Оған дәрмен қайда? Егер естіртіп айтар болса, әкесі жайымен ғана орнынан тұрар еді, көзі шарасынан шығып кәрлене шатынап, қалш-қалш етіп өз төсегінің тұсында ілулі тұрған сегіз өрім дырау қамшыны анау сіңірлері білемденген дәп-дәу қатты қолына алар еді де, сонсоң ешкімнің арашасына жол берместен мұның пәре-пәресін шығарар еді. Иә, солай, әкесі қиқаңдағанды көтермейді, баласын қиқаңдатпайды да.
— Доғаны алма. Өзіміздің бір доға сонда,— деді әкесі.
Әрине, жылы төсекте жатып ап бұйыра бергенге оның несі кетіп барады дейсің. Онан да өзі тұрып осындай салқын үйде етті темірше қарыған киімдерін киіп: «Бүгін демалысы ғой, балам ұйықтасыншы бір»,— деп шанаға өзі барып қайтсашы. Өйту қайда. Тегінде, үлкен кісілердің баланы өстіп қинап жұмсағанға жаны құштар-ақ-ау. Сол несі екен? Әсіресе осы Сатайдың әкесі. Мұның қынжылғанын, қиналғанын сезген сайын қыбы қанып жататын сияқты. Фу!.. Сатай пеш үстіндегі қоңырсық шуаш пен киіз иісі аңқыған пимасын алып, аяғын сұқты. Сыңғырлап кеуіпті, іші жып-жылы. Шәугімдегі су да жып-жылы екен. Алақанына құйып бір-екі үйкеп бетін жуған болды. Ауызына ұрттап еді, бір түрлі жылымшы, шәугімнің таттанған дәмі шығып кетіпті, түкіріп тастады. Таба наннан бір үзіп ап енді сыртқа шыға бергенінде әкесі тағы да:
— Әй, ана қара ішікті киіп ал, тоңасың,— деді.
Сатай үндеместен босағада ілулі тұрған зілдей ауыр қара ішікті бауын үзе-мүзе жұлып алды. Бұйра сеңсеңнен ашқылтым бір қатықтың, терінің иісі аңқиды. Өзі зілдей болса да жып-жылы. Оранып ап аунай кетіп ұйықтаса, шіркін!.. Күн бұлыңғыр. Жер жүзі әлі ашыла қоймапты. Суық боз тұман басып тұр. Онша қою емес. Сәл ғана ызғырық еседі. Танауды қусырған шыңылтыр ызғырық. Болар-болмас қар қылаулап тұр.
Түні бойы қылаулаған болу керек, кеше ғана айнадай ғып сыпырып, күреп тастаған есік алдында жаздағы көк теректің басынан төгілген ақ үлпек сияқты боп жұлықтан асар аспас қылау қар көлпілдеп жатыр. Жұп-жұмсақ боп ерекше үлпілдейді. Сатай шеткергі торы дөнен тұрған қораға дейін барғанша үлпек қар табанына шодырайып жабысып қалды. Ой, қызығы-ай, пимасы әйелдердің биік өкшелі киімі сияқты. Аттаған сайын аяғы бұлт-бұлт етеді, жығылып қала жаздады. Сатайдың күлкісі келді. Алып елеуіш құсап себелеп тұрған сұр кенеп аспанға, онан тұмантып меңірейіп тұрған айналаға қарады. «Мұндайда қасқыр кездесуі мүмкін-ау!» — деген ой келді. Бір түрлі бойы түршігіп, дір ете түсті. Бірақ артынша «Кездессе екен, шіркін»,— деген тентек құштарлық оралды. Қорқыныш та, балалық әуестік те бар. Сатай әлі күнге тірі қасқырды көрген емес. Көруге құштар-ақ. Бірақ жапан далада үрейлі жыртқышпен бетпе-бет кездесіп қалса... Сатайдың төбе құйқасы шымырлап кетті.
Ол торы дөнен тұрған қораның есігін ашқан. Торы дөнен күндегі әдетінше жем күткендей оқыранып, тыпыршиды. «Атдорбаны басыма ілсейші»,— дегендей тұмсығымен Сатайды нұқып-нұқып жіберді.
— Жә, жә... Жануар. Жемді қайтып келген соң жейсің, әйтпесе кешігеміз,— деп қойды Сатай. Іргелес құс қорадағы қаздар қанаттарын сабалап: «Ойбай, біз қалдық!.. Біз қалдық!..» дегендей қаңқылдасып қоя берді. Дауыстары қандай ащы! Дәп біреу шетінен тарпа бас салып, езгілеп жатқандай.
— Өй, қанаттарыңды, шуламаңдар! — деп айқай салды ыза болған Сатай. Қаздар онан әрман қаңқылдасып, шулап кетті.
Сатай дереу қамыт сайманды қамдап алды да, қара ішікті киіп, биік күресін қардың үстіне шығып, торы дөненге қарғып мінді де Тастөбеге тартты. Ауылды қақ жарып өткен. Бірен-саран үйлердің терезесінен от көрінеді. Жұрт ояна бастаған. Ал жер жүзі әлі ашылған жоқ. Ашылатын түрі де жоқ сияқты. Торы дөненнің китің-китің жорғасы бар. Тағасыз төрт тұяғы қатқақ қарды тұқыл таяқша қытырлата ойып, сол китіңіне салып келеді. Қос құлағын тынымсыз қайшылайды. Өз тұяқтарынан шыққан жылаңқы шиқылдан өзі елеңдеп келе жатқан сияқты.
Ызғырық дәл маңдайдан есіп тұр. Сатайдың жүзі отқа қақтағандай боп бір түрлі сырқырап, ауырып, көзі жасаурап кетті. Ат үстіне бір қырындай отырды. Ауыл сыртындағы зираттың тұсынан өтіп барады екен. Қар басқан молалар, ағаш қоршаулар бәрі қалқиып тұр. Суықтың бәрі осы зираттан шығып жатқан сияқты. Жаздың күні осы арадан өткен Сатай әлденеден сескенгендей жүрегі суылдап, өз-өзінен қара терге түсіп, алды-артына жалтақтаумен болушы еді. Сырт жағынан корқынышты біреу шошаң етіп шыға келетіндей, мұны тарпа бас салатындай көрінетін. Бұл жолы ойына тіпті ештеңе кірер емес. «Осы, зираттан қорқатын түк те жоқ,— деп ойлады да.— Өлген адамдар жатыр. Е несі бар, өлді бітті. Енді жата берсін. Топырағы торқа болсын бәрінің де. Ұмытылмағандарын айтып жүреді жұрт: пәленше марқұм жақсы еді, түгенше марқұм жаман еді деп. Ұмыт болғандары со қалпы ұмыт болады. Ал талай жылдар өткен соң, ондаған, жиырмалаған, отыздаған... жылдардан кейін сол ұмытылмағандардың өзі де ұмыт болады әлі...»
Торы дөнен сүрініп кетті. Омақаса жығыла жаздап барып, әзер түзелді. Қайта китіңге басты. Тағы да сүрінді. «Өй, жамандатқыр, мынаған не көрініп келеді ей»,— деп Сатай әкесінің даусына салып, тізгінді тартып қап, қамшымен борбайлата салып жіберді.
«...Шіркін, адам өлмейтін болса. Әйтпесе, не ол... туасың, өмір сүресің, күндердің күнінде өлесің де қаласың, ал сонан кейін... сонан кейінгісін тіпті ойлағың да келмейді-ау, қандай қорқынышты. Жарық дүниені мүлдем... қайтып көрмейсің. Бар болсаң да мүлдем тып-типыл жоқ боласың... Қорқынышты-ақ...» Сатай өзі-өзінен көңілі жабырқап ауыр ойдан арылар емес. «Шіркін, үлкендер айтатын о дүние деген бар бола қалса, қандай тамаша! Бұ дүниеден өлесің де о дүниеде тағы да өмір сүресің. Тұрасың, жүресің, жұмыс істейсің. Қандай тамаша болар еді!.. Жоқ қой, әттең, жоқ қой. Ең аяғы заман ақыр дегені де бар болсайшы. Мың жыл өткеннен кейін жер бетіне — жарық дүниеге бір минутқа ғана басыңды қылтитып қарайтын болсаң. О, қандай ғажап десеңші. Мейлі, тауы қаңбақтай, тасы бұршақтай боп, топан суы қаптап-ақ жатсын, тек осы жарық дүниені бір көрсең болады ғой...»
Әбден тапталып, шегедей боп қатып қалған, бір шана сиярлық қана жолдың үстін жұлықтан келер-келмес үлпек қылау жауып жатыр. Жол шетінде анда-санда кездескен бұталар да ақ қырауға оранған. Торы дөнен жалтаңдап, солардан үркіп қояды. Зираттан ұзап, үлкен дөңнен асып түскенде, анадай жерде бірдеңе шоқиып отырғандай боп көрінді. Қозғалатын сияқты. Сатайға бірден «қасқыр» деген ой сап ете қалды. Естуінше қасқыр дәл осындай ақшулан болады... Ашыққанда жол торып, өстіп шоқиып отырады. Зәресі ұшқан Сатай алды-артына алақтай бастады. Жан көрінбейді, тысыр еткен дыбыс жоқ. Күн қылаулап, ызғырық есіп тұр. Ал Сатай ілезде пысынап, терлеп қоя берді. Жүрегі тарс-тарс етіп жарылып кетердей боп соғады. Тәуекел деп қамшыны үйіріп, аттандап тұра шапқысы да келді. Енді бірде жақындап келгенде қасқыр сияқты көрініп зәресін ұшырған нәрсе қатар өскен үш сиырқұйрық боп шықты. Бастарын жел қозғап тұр екен. «Аумайды-ей, қасқырдан»,— деп күліп жіберді Сатай. Қуанғаннан шыққан күлкі еді.
Бұл кезде таң әбден атқан. Тұман сәл сейілгендей болды, бірақ күн сол бұлыңғыр қалпы. Аспан мен жердің еш айырмашылығы жоқ, біртегіс ақ бұлыңғыр. Бір түрлі көңілсіз, жадау күн. Ұшқындаған қылау таусылар емес, құйылып тұр, құйылып тұр. Қырау басқан тор дөненнің жал-құйрығы аппақ. Сатай бойы тоңазып кірпіктері қайта-қайта айқасып жабысып қап келеді. Ол бойын жылытпақ боп, торы дөненді тебініп қап шаба жөнелді. Бірақ бос қамыт қолқылдап аттың мойнын соғып, ұзақ шаптырмады. Оның үстіне еңіске қарай тоқыммен шапқан тақымға да жайсыз екен. Ішін де түйіп жіберді. Амалсыз ат басын ірікті. Еңіс бітіп өрге келген кезде шауып еді, кәдімгідей едәуір жолды өндіріп тастады. Өстіп, бір шауып, бір аяңдап Тастөбеге де жетті. Шананы жегіп ап, ештеңеге бұрылмастан кейін тартты. Шанаға жантая отырып, делбені қағып-қағып жіберіп, зулатып келе жатқан. Дәл Тастөбенің көшесінен шыға берген жерде, жол шетінде бүрісіп тұрған, қолында тырсия толған портфелі бар, өзі құралпы қызды көріп тоқтады.
— Қайда барасың?
— Бірлікке,— деді қыз.
— Мен Қостөбеге барам. Айырық жолға дейін отырам десең отыр.
Қыз шананың арт жағынан кеп тізерлей отырды. Тоңған болуы керек, бет-аузы көкпеңбек. Жұқа пальтосынан бүкіл өне бойының діріл қаққаны байқалады. Аяғында етік екен.
— Мә, ішікті жамылып отыр,— деп қойды Сатай.— Әбден тоңыпсың ғой өзің.
Қыз үндеген жоқ, ішікке оранып алды. Сатай біразға дейін артына бұрылмастан тор дөненді шықпыртып қойып, алға қарай қасқайып отырды. Әлден уақытта бұрылып:
— Неғып жаяулап жүрсің, осындай суық күнде? — деп сұрады.
— Үйге бара жатырмын.
— Бірлікке ме?
— Иә. Осында, Тастөбеде оқимын. Кеше басқа балалармен бірге қайтатын едім, ойын қоятын боп қалып қойдым. Енді үйге барып қайтуыма бір күнге рұқсат етті.
— Не ойын? Концерт пе?
— Иә. Колхозшыларға концерт қойып бердік.
— Пьеса да әзірледіңдер ме?
— Жоқ. Пьеса таба алмадық.
— Бәлі, сөз бе екен сол да, таба алмадық деген. Пьесасыз қандай ойын ол.— Сатай менсінбей сөйледі.— «Қыз Жібек», «Еңлік — Кебектерді» қоймайсыңдар ма?
Қыз күлді.
— Директор ағай рұқсат етпейді ғой,— деді онан соң. Біраз жерге дейін екеуі тағы да үнсіз отырды.
— Ой, ол директорлардың айтқанын тыңдай берсең шаш шығармайды,— деп қойды Сатай.— Біздің де бір директорымыз бар. Өй, бір тұрған бойы мақтаншақ. Сәл бірдеңе істеп қойсаң. «Кәне, ережеде не депті»,— деп дікілдеп есіңді шығарады. Мына біздерге шаш жібертпей қойды ғой, әуелі. Сен нешіншіде оқисың?
— Жетінші класта.
— Мен де жетіншідемін. Ал жетінші класта шаш жібертпеу масқара емес пе? Атың кім?
— Рабиға.
— Атың жақсы екен. Менің атым Сатай. Өзің берірек отырсаңшы, бері, мен жеп қоймаймын. Желге кеулетпей ішікті түймелеп ал, сонда тез жылынасың. Токта, мен жағаңды көтерейін. Әп, міне, енді сені Сібірдің аязы да алмайды. Қане, бері қарашы маған, өзің керемет сұлу қыз екенсің, Рабиға. Қыз суық қарығаннан бетер қып-қызыл боп қызарып кетті. Бетін теріс бұрып:
— Өзің ұялмайсың ғой тақылдап. Адамның өзіне сен сондай екенсің деп айтуға бола ма екен,— деді ренішті үнмен күңкілдей сөйлеп. Сатайдың өзі де қысылып қалды.
— Ой, кешіріңіз. Менің сондай бір жаман мінезім бар, қоя алмай-ақ жүрмін — деді самбырлап.
— А ну! Шүу, торы дөнен!..
Торы дөнен қос аяқтап шаба жөнелген. Шақұр-шұқыр еткен тұяғы шанаға қарай қар кесектерін бұрқырата атқылап берді. Кенет торы дөнен ішін тартып, жалт бұрылып тұра қалды. Қос құлағы найзаша шаншылып, қалш-қалш етеді. Қамшыны үстемелете үйірген Сатай кенет:
— Әне, қасқырды қара,— деп айқайлап жіберді. Даусы сондай қуанышты даурыға шықты.
Рабиға да жалт қарады.
— Шынында қасқыр, ей! — деді таңдана үрейленіп. Жалтақтап Сатайға қарап қойды. Анадай жерде шананың жолын кесіп өтіп, бұларға самарқау ғана бір қырын
қарап қойып, сұр бөрі бүлкілдеп кетіп бара жатты.
— Ай-ау, айт! — деп есі кеткен Сатай шананың үстінен ыршып түсіп қала жаздап айқайлады.
Бөрі біраз жер бүлкілдеп барып, бұларға немкетті қарап қойып, шоқайып отырды. Ойына ештеңе кіріп шығатын емес, тіпті маңғаз.
— Ай-ау, айт! Айт!.. Уида, күшігім, кә-кә! Айт, айт!
— Сатай, қойшы. Бізге қарай жүгіріп пәле қылар.
— Немене! Қорқасың ба?
— Қорықпағанда.
— Өй-й, неменесіне қорқасың? Ит сияқты ғана нәрсе емес пе. Егер ұмтылатын болса қақ шекеден мына қамшымен бірді тартып жіберсем...— Сатай есі қалмай самбырлап кетті.— Өзі селт етпейді-ей, айтақтағаныңа. Нағыз арлан бөрі ғой. Сенің қасқырды бірінші көруің бе?
— Былтыр қыста алыстан бір рет көргем. Жақыннан көруім осы.
— Бәлі, өзіміз талай рет көргеміз,— деп Сатай өтірікті де соғып жібергенін аңғармай қалды. Артынша тілін тістей қойды.— Әй, қойшы соны, қасқыр да сөз боп па,— деді онан соң.— Онан да сабақ жайын сөйлесейік те.
Рабиға қайтадан ішікке қымтана оранып, жағасын көтеріп алды. Әдемі пісте мұрыны қызарып, үңгір түбінен жылтырағандай боп көздері ғана көрінеді. Алған демі суық ауаға түтінше бұрқырап шығады. Ішіктің бұйра сеңсең жағасын ақ қырау шалды.
— Сендер тарихтан нені өтіп жатырсыңдар?
Рабиға ойланып жауап қайырды.
— Кеше ғана Уат Тайлердің көтерілісін үйге берді.
— Бәлі, сендер артта екенсіңдер ғой, біз оны өтіп кеткелі қашан,— деп Сатай мақтанып қойды.— Мен дәл сол Уат Тайлердің көтерілісін айтып беріп төрт алғанмын.
— Сен жақсы оқисың ба? — деп сұрап қалды Рабиға.
Сатай бірден жауап қатқан жоқ.
— Орташа,— деді әлден уақытта.— Мына тарих, әдебиет сияқты пәндерден төрт, бес... Менің шорқақтайтыным математика... бір пәле, басыма кірмейді. Кірер еді-ау, тіпті өзімнің оқығым келмейді, бір есепті аяғына дейін шығарғанша ішім пысып кетеді.
Рабиға сыңғырлап күліп жіберді. Кішкентай қара көздері ойнақшып, жұмылып кетті.
— Ал мен математиканы жақсы көрем,— деді аппақ тістерін түгел көрсете, басын бір жағына қисайтып қойып.— Біздің математик ағай мені каникул кезінде облыстағы жас математиктердің конкурсіне жіберемін деп жүр.
— Әрине, кітабың болса, мұғалімің жақсы болса, математиканы да жақсы оқуға болар еді. Әйтпесе, немене, бізге бір кәрі әйел береді. Ұрысқақтығында шек жоқ енді: Класқа кіріп келсе-ақ ақай жоқ, тоқай жоқ: «Ал кәне, пәленшиіп, тақтаға шықшы, мына есепті шығаршы», деп дігерлей жөнеледі. Сәл шатассаң-ақ: «Болды, білмейсің, отыр»,— деп екіні қонжита салады. Сонсоң жының ұстайды да тіпті оқығың да, түсінгің де келмейді.
— Ой, сен мұғалімдеріңнің бәрін жамандап болдың ғой. Жаңа директорыңды жамандап едің, енді...
— Неге, бізде де жақсы мұғалімдер бар. Мәселен, әдебиеттен беретін ағай. О-о!.. Сен білмейсің ол кісінің қандай екенін.
— Др-р. Тоқтат, қайда апара жатырсың, мен түсіп қалайын. Жол айырығына келдік қой,— деді күле сөйлеген Рабиға атып тұрып. Сатай аттың басын тартты.
— Қалай тез келіп қалдық, ей!
Рабиға ішікті шешіп алып Сатайдың қасына қойды да, шанадан секіріп түсті.
— Ендігі жылы сегізінші класты қайдан оқисың? — деп сұрады Сатай.
— Ауданнан.
— Бірге оқиды екенбіз ғой.
— Мен де ауданнан оқимын.
Рабиға кетуге ыңғай білдірген, кенет Сатай:
— Сен өлімнен қорқасың ба? — деді.
— Қалай? — деді түсінбеген Рабиға.
— Мысалы, кәртейіп өлетініңді, онан еш уақытта тірілмейтініңді ойлайсың ба?
Рабиға күлді. Тағы да аппақ тістерін көрсетіп, басын бір жағына қисайтып қойды.
— Сен қызық баласың, Сатай,— деп қадала қарады.— Соны да ойлай ма екен адам.
— Ал мен ойлаймын.
— Ішің пысып, ерігетін шығарсың.
— Тіпті ішім пыспай-ақ, бүгін ертеңгісін жолда келе жатып та ойладым.
— Сөз емес. Мен талай рет жол жүріп жүрмін, бірақ ешқашан ойлаған емеспін. Ой, тоңып кеттім, ал рақмет, қош боп тұр,— деп қолын бұлғап өз жолымен жүріп кетті.
Сатай да шанадан түсіп, торы дөненнің о жақ, бұ жағына шығып, бел көтермені туралап, доғаны ырғап көрді. Жал-құйрығы, құлағының ұшы ақ қырау дөнен ауыздығын қаршылдата шайнап-шайнап, бір-екі рет дүр сілкіне пысқырынып қойды. Үсті-басынан ақ бу шығады. Өрден біраз алқынып қалған сияқты. «Жануарды аса қысыңқырап жіберіппін-ау»,— деп өкіне ойлады Сатай.
Күн сол бұлыңғыр қалпы. Қай уақыт болғаны да белгісіз. Сатай Рабиғаның соңынан қарады. Қыз алды-артына қарамай асыға басып кетіп барады. Тұман басқан меңіреу ақ далада жалғыз қарайған сол ғана.
Сатай қара ішікті иығына жамылып алды да, торы дөненді жәйімен сыдырта аяңдатып жүріп кетті. Ойынан Рабиға кетпей қойды. «Жақсы қыз екен»,— деп түйді. Кішірек жотаны асып барып кілт тоқтады. Мен Рабиғаны сол Бірлікке дейін неге апарып салмадым. Ат-шанаға бес-алты шақырым да сөз боп па? Желдіртіп барып қайтар едім. Күн әлі ерте шығар. Оның үстіне бүгінгідей тұманды суық күнде атамдар базарға бара да қоймас».
Ол дереу торы дөненнің басын кері бұрды да, шықпырта осып-осып жіберіп, еңіске қарай құйғыта жөнелді. Әне-міне дегенше жол айрығына да жетті, онан Бірлікке қарай бұрылды. Торы дөнен бөтен жолға жүргісі келмей қиқалақтай беріп еді. Сатай ақырып жіберіп, қамшымен тағы да шықпыртты. Өзінің осы шешімге келгеніне қуана құлшынып кеткен.
Айт жануар, шуу деді,
Арындап, торы гуледі.
Ол сақылдай күлді. Қазір Рабиғаны қуып жетеді. Тағы да оған қара ішікті кигізеді де, ауылына апарып салады. Жеткенше екеуі тағы да әңгімелеседі. Бірақ торы дөненді қанша шықпыртқанымен Рабиғаға жете алмады. Аяқ асты жым-жылас жоқ. Тек меңіреу далада созыла жатқан жол ғана. «Апыр-ау, қайда кете қалды?» деп мазасызданды Сатай. Әлде бұрылған із жоқ па екен, деген оймен жолдың екі жағына жалтақтап қарап келеді. Әрі-беріден кейін шыңылтыр қардан көзі бұлдырап, басы айналғандай болды.
Осы сәт анадай жерден тұман ішінен шоқиған бір нәрсе қараңдады. Торы дөнен селт етіп осқырып тұрып қалған. Сөйткенше болған жоқ, жолдан шеттеп бара жатқан көкжал бөрі көрінді. Бағанағы көкжал болу керек. Сатайдың бойынан ток жүріп өткендей шымыр ете қалды, не істерін білмей:
— Аттан, аттан! Айт, айт!..— деп жан дәрмен дауыстап жіберді. Бірақ қанша аттандадым дегенмен тамағына кесек тығылғандай үні шықпай қалды. Басынан көтере үйіріп қамшысын бұлғады. Көкжал бөрі бұл жолы да маңғаз бүкеңдеп барып, әудем жерге шоқиып отырды да, біртіндеп қалып қойды. Бойын билеген қорқыныш басылғаннан кейін Сатай тағы да Рабиғаны ойлады. «Апыр-ау, қайда кете қалды? Әлде қасқыр...» Ойын әрі қарай жалғастыруға көңілі дауаламай тұла бойы түршігіп, дірілдеп кетті.
— Рабиға-а!.. Рабиға-а!.. Тоқ-та-а! — деп айғай салды. Бірақ тымырсық даладан дыбыс болған жоқ. Сатай айғайлаған сайын торы дөнен құлағын жымырып ап, оқтай зымырап келеді. Жолдың ой-шұңқыры білінер емес. Кішкене шананың табаны жерге тиер емес.
— Рабиға-а!..
Мұның айқайын меңірейген суық тұман жым-жылас қып жұтып жатқан сияқты. Ат тұяғынан ұшқан қар кесектері омырауын басып қалды. Көзін аштырмай келеді.
Енді бірде торы дөненнің шабысы бәсеңдейін деді. Соның арасынша иттің үргені естілді. Әлдеқайдан жақыннан сиыр мөңіреді. Сатай аттың басын тартты. Бұл кезде «Бірлік» колхозының көшесіне де кірген екен. «Енді не істеу керек?» Рабиғаның үйін тауып алып, келген-келмегенін білу керек. Осы кезде біреу ту сыртынан:
— Сатай! — деді.
Анадай жерде ыржия күліп Рабиға тұр.
— Жаңа артымыздан менің атымды атап біреу сонша айқайлады, сен емессің бе?
— Иә, мен. Сен немен келдің?
— Шанамен. Артымнан колхоздың шанасы қуып жетіп, соған отырып келдім. Түскенім осы. Ал сен неменеге келдің?
— Жәй, бір жұмыспен келдім,— деп жалтарды Сатай. Бір түрлі көңілі жабырқап, құлазып кетті.
— Иә, тіпті бұл жақта ешқандай жұмысың жоқ еді ғой,— деп күлді Рабиға. Аппақ тістерін көрсетіп, басын бір жағына қисайтты.— Жүр, біздің үйге, шай ішіп кет.
— Жо, рақмет, атам мен апам базарға бармақ еді, күтіп қалған шығар.
Рабиға ақ көбік боп буы бұрқырап, селкілдей бүйірін соғып тұрған торы дөненнің басынан сипады.
— Сен қызықсың, Сатай, атты сонша қинап керегі не еді?
Сатай құлақшынын жасаураған көзіне түсіріңкіреп, теріс айналды.
— Бер жақта жолда қасқыр жүрді, қасқыр,— деді сөзінің соңын дірілдей жұтып.
— Қорықтың ба? — деді Рабиға аяныш білдіріп.
— Мен бе? — деп айқайлап жіберді Сатай.— Мені қорқытарсың. Маған десең жолбарыс, арыстаның түгел өріп жүрсінші!..
Онан соң делбені қағып жіберді де, атын шұғыл бұрып ала жөнелді.
— Сатай, тоқташы.
— Ал, немене?
Рабиға таяп кеп портфелін ашты.
— Мә, мына алгебраны сен ал.
— Оны қайтем, керегі жоқ,— деді Сатай тіксініп.
— Рас айтам. Мә, ал. Менде тағы біреуі бар үйде. Ал, әйтпесе ренжимін,— деді Рабиға шынымен ренжитіндей түр көрсетіп.
— Мынауың қызық болды ғой,— деді еріксіз күлген Сатай.— Ал, әкелші жарайды, алсам алайын, әйтпесе сен тағы ренжіп қаларсың.
Ол қыз ұсынған кітапты алып, қойнына тықты.
— Сөйтіп ендігі жылы бірге оқимыз ба? — деді Рабиға күлімсіреп. Онан соң ескерткендей.— Байқа, класта қалып қойып жүрме,— деді.
— Қорықпай-ақ қой. Класта мен қалды дегенше заман ақыр болады дей бер. Егер мен шындап оқимын десем, математикаларыңның быт-шытын шығарамын.
Рабиға басын бір жағына сәл қисайтып, оның сөздерін күле тыңдап тұрды. Бәрінен де осы қылығы ұнамды екен. Сатай басын изеп, оған көзін бір қысып қойды да, ернін жымқырып ысқырып жіберді. Торы дөнен ала жөнелді.
Қайтар жолында, әлгіндегі қасқырдың ізіне түсіп жол жағалап кетіп бара жатқан екі салт атты кездесті. Асынып алған мылтықтары бар. Тотыққан өңдері қатулы көрінеді. Сатайдың жанынан екеуі де үндемей өтіп кетті. Торы дөнен шалдығып қалған сияқты, бүлкіл желісінен ауған жоқ.
Дәп зираттың тұсынан өткен кезде Сатай өзінің ертеңгі ойларын, Рабиғаға айтқан сөздерін еске алды.
— Шынында да басқа ойлайтын нәрсе таусылғандай өлімдегі шаруам қанша еді, ей — деп күбірледі.
Кенет оған: зираттың ішіндегілер тегіс сыртқа шығып, тізіліп қарап отыр-ау деген шәлкес ой келді. Әрине, бұл оларды көре алмайды, ал олар мұны көріп отыр. Сатай кішкентай күнінде кәрі әжесінен көзге көрінбей жүретін аруақтар жайлы көп ертегі естіген-ді.
— Бәрі өтірік соның, надандық,— деп тағы да күбірледі. Сонда да жүрегі дауаламай теріс қарап отырды. Бойын тер буып, тырс еткен дыбысқа елегізе құлақ түрумен болды. Бірақ қорыққандығын білдіріп, атты қысаған жоқ. Сол бір қалыпты бүлкіл желіспен өтті.
Үйге келгенде әкесі қалың киініп, күміс белбеуін буынып есік алдында тұр екен.
— Неғып кешіктің осы тұрған жерге, сонша,— деді зекіген үнмен.— Жүк тартқасың ба, атты қинап тастапсың ғой?!
Сатай шанадан секіріп түсіп, қойнындағы алгебраны алып көрсетті де:
— Кітап алдым,— дей салды.
Мұнан әрі әкесінің күңкіліне құлақ аспастан ысқыра әндетіп үйге кіріп кетті.