"Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес": Тоқаев

Фотосурет: Ақорда

Жаңалықтар
418

Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz.

«Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы барғанын, кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдіргенін баса айтты.

«Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», - деді Мемлекет басшысы.

Қылмыс

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының қараусыз қалған ғимаратынан сәбидің денесі табылды,...

Шоу-бизнес

Танымал айтыскер ақын, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде коуч-психолог ретінде танымал Айнұр Тұрсынб...