«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының үшінші аптасы аяқталды. Бұл туралы...
Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді - Президент
t.me/aqorda_resmi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Президент өз сөзінде қазір ғылым мен білімнің заманы екенін айтты.
Бүгін Сіздермен Ғылым ордасында жиналып отырмыз. Қуаныштымын. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді, - деді Мемлекет басшысы
Президенттің сөзінше, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдары еңбек еткен, ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғалардың ізі қалған.
Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ, - деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келе жатқанын жеткізді.
Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, - деді ол.
Өз сөзінде Президент шетелге сапарлары кезінде ғалымдармен жиі кездесетінін мәлімдеді.
Оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақырамын. Өткен аптада сингапурлық ғалымдармен және ондағы жоғары оқу орындарының ректорларымен арнайы жүздестім. Енді Сингапурда ғылыми кадрларымызды оқытатын болдық. Жалпы, Сингапур сияқты экономикасы озық елдерден көп нәрсе үйренуге болады. Постиндустриалды дәуірде әлемге ашық болу және инновацияға ұмтылу кез келген елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды фактор саналады. Сондықтан үздік халықаралық тәжірибені мұқият зерттейміз және одан үлгі аламыз. Озық технологиялар мен идеяларды енгіземіз, - деді ол.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды екенін атап өтті. Президенттің сөзінше, Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстардың зиялылығы талайды таңғалдырған.
Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан. Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп алады. Қандай ортаға да жылдам бейімделеді. Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек. Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім «Жас көңілде жарық бар» деп айтқан, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Тоқаев жастарымыз жасампаз және жаңашыл болуының маңыздылығына тоқталды.
Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы. Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан. Жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн. Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады, - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысу үшін барлық жағдай жасалатынын да атап өтті.
Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді.
Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Тоқаев.