«Айына миллион табамыз» деп шет елге кетіп жатқан отандастарымыз көп. Алайда ол жақта қа...
“Көп уақытым бекер кетті”. Актриса Әсел Асқар ішкі жай-күйі мен жан сырын бөлісті
Фото: инстаграм парақшасынан
Актриса, блогер Әсел Асқар әлеуметтік желідегі парақшасында ішкі жан дүниесі мен қазіргі таңда неден қорқатынын, нені қалайтынын ашық айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Танымал актриса Әсел Асқар әңгімесін тынымсыз еңбек ететінінен, содан өзінің шаршайтынын түсінгенін айтумен бастаған.
«Мен қатты шаршайтынымды түсіндім. Нон-стоп режимінде жұмыс істеймін. Алға ұмтыламын, табысқа жетуге тырысамын. Көздеген мақсатыма жету үшін кедергілерді еңсеремін. Осылайша күн сайын тынымсыз еңбек етемін», – деп жазды ол.
Блогердің айтуынша, өміріндегі орын алатын әрбір нәрсені қалтқысыж орындау, демалысқа барғаннан кейін де өзін шаршаңқы сезінетінін жеткізді.
«Мен өзімді аямаймын. Аз ұйықтаймын. Спорт, түсірілім, міндеттер, блог… Тіпті, саяхат кезінде де демалудың орнына, кеткен ақшаны ақтауға тырысамын. Сол себепті кейде демалыстан кейін де өзімді шаршағандай сезінемін», – дейді Әсел.
Әңгімесінде Әсел Асқар кей дүниелерге босқа уақыт арнағанын айтып, өкінетінін де жасырмады.
«Көп уақытым бекер кетті. Көп нәрсеге қажетсіз адамдар мен жағдайларға босқа уақыт жұмсадым. Қазір айнаға қарасам, жаңа әжімдерді көремін. Бұл – қоғам бізге сіңірген қорқыныш, себебі әйел жасының қысқа екенін әрдайым еске салып отырады», — деп жазды ол.
Әсел Асқар соңғы уақытта жиі қойылатын «Қашан тұрмысқа шығасың?», «Тағы қашан бала көтересің?», «Қыз-келіншекке тән өмір сүрсеңші» деген пікірлердің көп екенін айтады.
«Мен мұндай сұрақтарға жауап бергім де келмейді. Соңғы екі жарым жылда өмірім түбегейлі өзгерді. Бірақ адамдар менің жеке сезімдерімді ескермейді», – дейді ол.
Блогер ер адамдармен қарым-қатынасқа келгенде, қорқыныштары бар екенін мойындады.
«Мен қарым-қатынастан қорқамын. Өйткені бір күні қайтадан алданып қаламын ба деп қорқамын. Маған біреу қайтадан ауыртпалық әкеледі ме деп уайымдаймын», — деп жазады ол.
Әсел Асқар өзінің пікірінше, ер адамға сенім арту мүмкін еместігін ашық айтты.
«Мен бәрін өзім жасаймын, өзіме сенемін. Себебі ер адамға сенім арту мүмкін емес деп ойлаймын», — дейді Әсел Асқар.
Блогер табысты, мықты әйел ретінде танылғанымен, кейде қарапайым нәзіктік пен әйелдік жылылықты аңсайтынын жасырмайды. «Мен кейде өзімді жай ғана әлсіз әйел ретінде сезінгім келеді. Ер адамның қамқорлығын, қолдауын қалаймын. Бірақ соған мүмкіндік бере алмаймын», – деп жазады ол.
Әсел Асқар қарым-қатынастан тек материалдық тұрақтылық қана емес, шынайылық пен үйлесімділік іздейтінін айтты.
«Менің талабым жоғары. Өйткені мен өзімді қамтамасыз ете аламын. Біреуді шабыттандыру, оның мансап жолында табысқа жетуін күту – мен үшін емес. Мен бұл кезеңнен өттім», – деді ол.