Алматы үлкен мегаполис болғандықтан, мұнда жұмыссыздардың қарасы да мол болатыны түсінікті. Әсіресе,...
Ұлттық валютаның және бюджеттің жағдайы енді не болады?
Фото: stan.kz
Ұлттық қор мен алтын-валюталық резервтен шетелдік валютаны сату көлемінің күрт ұлғайтылғанына қарамастан, теңге нығаятын емес, деп хабарлайды madeniportal.kz inbusiness.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Мемлекет осы тамыз айында Ұлттық қордан 600 миллион доллар қаржы алып, нарыққа сатпақ. Бұған қоса, Ұлттық банк елдің алтын-валюталық резервтеріне де қолды мол салды. Тамызда одан 230-250 миллион долларға дейін қаржы сатуға ниетті.
Салыстырсақ, республикалық бюджетті трансферт қаржымен қамтамасыз етіп, ондағы алапат қарқынмен артып бара жатқан тапшылықты "жабу", жыртығын жамау үшін Үкімет өткен шілде айында Ұлттық қордан 506 миллион доллар алған болатын.
Бұған қоса, билік Қазақстанның алтын-валюталық резервтерінен 115 миллин доллар валютаны биржаға төкті. Бұл сома осы айда екі есе артпақ.
Соған қарамастан, шілденің қорытындысында ұлттық валюта 0,5%-ға әлсіреп қалды. 1 АҚШ долларының бағамы 474,15 теңгеден асты.
Халық пен бизнес өткен бір ғана айда 3,7 миллиард доллар сатып алды.
Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, шенеуніктер Ұлттық қордан 3,5 триллион теңгедей қаржы алып, шығындап қойды. Бұл ретте Үкімет 2024 жыл бойы Ұлттық қордан 3,6 триллион теңге ғана алуға уәде еткен. Яғни, жылдық норманы шамамен жарты жылда-ақ (!) жеп қойды.
Сарапшылар дәстүрлі түрде жылдың соңы – ең шығынды мерзім екенін еске салады. Контрактілер жабылып, олар бойынша есептесуі шарт. Мемлекеттік борыштың негізгі бөлігі де жылдың екінші жартысында төленуге тиіс. Мектептер, әлеуметтік, басқа нысандар құрылысы аяқталып, орындалған жұмыстардың ақысы аударылуы қажет.
Онда ұлттық валютаның және бюджеттің жағдайы енді не болады?
Осы және басқа сауалдарға телеграм-арнасында жауап іздеген экономист Айдархан Құсайынов тығырықтан шығар бір жол – теңгені салмақты девальвациялау болатынын ескертті.
Өйткені аталған төлемдердің, сондай-ақ зейнетақы, жәрдемақы, жалақы бойынша мемлекеттің міндеттемелерінің көбі теңгемен есептеледі. Доллар қымбаттаса, ол үшін көбірек теңге басуға болады.
Тағы бір жол – бюджеттен қаржыландырылатын бағдарламаларды, жобаларды жаппай қысқарту. Бірақ бұл елді есеңгіретеді.
"Бүгінде бюджеттік қысқарту-секвестрдің қоғамды, мемлекетті салмақты есеңгіретулерге соқтырмауы мүмкін емес. Жұмыстарға аванстар төленген, олар орындалған, барлығы атқарылған жұмыс үшін мемлекеттің есеп айырысуын күтіп отыр. Мердігерлердің, субмердігерлердің, қызмет пен материалдарды жеткізушілердің және басқасының күні соған қарап тұр. Демек, бюджетті қысқарту – өте ауыр соққы жасау және бизнесті, көптеген кәсіпорынды өрескел алдап соғу дегенді білдіреді. Бұл төлем төлемеулер толқындарын тудырады. Ал, салықтық алымдарды әкімшілендіру ісі жандандырылғанда, бұл толқындар банкроттыққа соқтырады", – деп болжады Айдархан Құсайынов.