2025 жылдың үздік фильмдері

Фото: freepik.com

КИНО
656

2025 жыл қазақ киносы үшін даму мен жаңару үдерісі айқын байқалған кезең болды. Бұл жылы отандық кинематография шығармашылық ізденіс пен өндірістік белсенділікті қатар ұштастырып, көрермен сұранысына да, халықаралық талаптарға да бейімделе бастады. Қазақ киносы тек ұлттық болмысты көрсету құралы ретінде ғана емес, заманауи тақырыптарды қозғайтын, жанрлық тұрғыда кеңейген өнер саласы ретінде көрінді. Жаңа фильмдердің жарыққа шығуы, жас режиссерлердің келуі, халықаралық фестивальдердегі табыстар мен қазақ тіліндегі контенттің көбеюі 2025 жылды қазақ киносының жаңа белеске қадам басқан уақыты ретінде сипаттауға мүмкіндік береді. Осы жылы жарыққа шыққан фильмдердің саны шамамен 70-ке ұласты. Алдыңғы жылмен салыстарғанда көрсеткіш төменірек. Миллиард жинаған фильмдер: Рэкетир. Жаңа заман», «Молда», Патруль. Соңғы бұйрық» «Қайтадан», «Ауру», «Ыстық ұя», «Қолыңнан келсе алып қаш». Осы тұрғыда жылдың үздік фильмдерін анықтау үшін кинотанушылар мен киносыншылар арасынан сауал жүргізілді. Төменде әр мамандардың үштік таңдауларымен таңыса аласыздар.
 
Баубек Нөгербек
Кинотанушы, PhD докторы, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі
1. «Игроманка» (Алдияр Байракимов)
Бүгінгі таңда елімізде ойынқұмарлық – өте өзекті мәселелердің бірі. Алайда біздің қоғамда көбіне мұндай дертке тек ер адамдар шалдығады деген пікір қалыптасқан. Ал «Игроманка» фильмінде әйел кейіпкері арқылы құмар ойынның адам өміріне қаншалықты теріс әсер ететіні көрсетіледі. Басты рөлді сомдаған актриса – Гүзел Жан өз кейіпкерін жоғары деңгейде сомдап шықты. Меніңше, тақырыптың әйел кейіпкері көзқарасы арқылы берілуі ұтымды, шынайы әрі кәсіби деңгейде жүзеге асқан.
Сонымен қатар фильмнің түсірілімі, дыбыстық шешімі, операторлық жұмысы, монтажы, нарративі мен ритмі өзара үйлесім тапқан және бұқара көрерменге әбден түсінікті. Бұл туындыда актриса Алтынай Нөгербекті жаңа қырынан танимыз. Ол экранда негізінен мейірімді ана рөлін сомдайды, алайда бұл жолы ішімдікке салынып, емделіп жатқан күрделі кейіпкер бейнесін ұсынады. Рөлін өте әсерлі ашады, әсіресе ауруы асқынып, төбелеске ұласатын сахнасы ерекше есте қалады. Актриса өзін мүлде басқа қырынан таныта алған және бұл жайт режиссердің де жетістігі деп те пайымдауға болады. Себебі актерге кейіпкер бейнесін ашудағы мақсат-міндеттерді режиссер қояды.
Жалпы фильмнің шаблондар мен клишелерден аулақ болуы назар аудартады. Сондықтан да Алдияр Байракимовтың осы уақытқа дейін түсірген фильмдерінің ішінде «Игроманканы» үздік туындыларының бірі деп санаймын.
 
2. «Бақыт құшағында» (Самат Шапашов)
Juke-box мюзикл жанры тұрғысынан алғанда, бұл бағыттағы туындылар белгілі бір орындаушының немесе музыкалық топтың шығармашылығына негізделіп жасалады. Аталған фильмде біз Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне құрылған оқиғаны көреміз. Өзіне тән заңдылықтары мен күрделілігіне байланысты мюзикл жанры отандық кинода өте сирек кездеседі. Өйткені мұнда ән де, би де драматургиялық құрылыммен тығыз байланыста болуы тиіс.
Әрине «Бақыт құшағында» фильмінен «Ла-Ла Ленд» киномюзиклының ықпалын байқау қиын емес. Белгілі бір деңгейде бұл фильмдегі арман қаласы – Лос-Анджелестің орнын Астана басқандай әсер қалдырады. Режиссер Самат Шапашовтың NYFA түлегі екені, Голливудта білім алғаны оның режиссерлік шешімдерінен сезіледі. «Бақыт құшағында» әсіресе Шәмші әндерімен өскен орта буын көрерменге фильмнің әсері ерекше болары сөзсіз.
Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы, Дәурен Серғазин мен Алтынай Нөгербектің жас айырмашылығы экранда айқын байқалады. Алтынай Нөгербек бұл фильмде өзінің қалыптасқан амплуасындағы ана бейнесін сомдайды. Оның кейіпкері мойымастық, қайрат пен альтруизм қасиеттерінен құралған. «Ана жыры» әнімен сүйемелденетін эпизод – соның айқын дәлелі.
Тағы бір назар аударарлық жайт – Әлия Әнуарбектің кейіпкерінің жеке соло партиясының болмауы. Егер оның жеке әні жауап ретінде енгізілсе, фильм әлдеқайда әсерлі болар еді. «Бақыт құшағында» мюзикл жанрының  ерекшеліктерін толықтай сақтай отырып, ұтымды жүзеге асқан туынды, әрі Самат Шапашовтың батыл кинодебюті ден нық сеніммен айта аламын.
 
3. «Эвакуация» (Фархат Шарипов)
Фархат Шариповтың тарихи-драмалық жанрдағы бұл фильмі соғысқа қарсы гуманистік нақышта түсірілген. Туындыда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тыл өмірі бейнеленеді. Эвакуация арқылы соғыстың адам тағдырына тигізген ауыр әсері ашып көрсетіледі. Фильмнің ақ-қара эстетикасы мен визуалдық шешімдері тартымды көріністерден құралған, бұл көрерменге тарихи кезеңнің атмосферасына терең үңілуге мүмкіндік береді.
Фильмдегі қызықты режиссерлік шешімдердің бірі – оның үш бөлімнен тұруы. Бұл құрылым түсірілім процесінің пандемия кезеңіне сәйкес келуімен тікелей байланысты. Режиссердің өзі де атап өткендей, түсірілімнің тоқтап қалуы осы формаға келуге себеп болған.
Биыл авторлық фильмдер саны көп болған жоқ. Мәселен, «Әбіл» және «Победителей видно на старте» фильмдері әлі кең аудиторияға толық жетпегендіктен, олар туралы нақты баға беру қиын. Осы тұрғыдан алғанда, авторлық кино бағытында «Эвакуацияны» үздік туынды деп атауға негіз бар.
 
Ержан Жұмабеков 
Кинотанушы, PhD докторы, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі
1. «Болмаған балалық шақ» (Айдын Сахаман)
Бұл фильм қазіргі қазақ киносында сирек көтерілетін, бірақ аса маңызды тақырыптардың бірін арқау еткен фильм. Соңғы жылдары отандық кинода балалар әлемі, олардың ішкі жан дүниесі мен тағдыры назардан тыс қалып келе жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда, бұл туынды - олқылықтың орнын толтыруға бағытталған сәтті қадам.
Актерлік құрам өз рөлдерін кәсіби деңгейде алып шыққан. Әсіресе бала кейіпкердің ойыны көрерменді бейжай қалдырмайды: оның көзқарасынан, үнсіз сәттерінен-ақ айтылмаған сырды аңғаруға болады. Операторлық жұмыс, музыка мен жалпы атмосфера фильмнің идеялық мазмұнын тереңдете түседі.
2. «Атамекен» (Жанана Курмашева)
Семей ядролық сынақ полигонының адам тағдырына, табиғат пен ұлттық санаға тигізген зардабын терең қозғайтын маңызды туынды. Фильмде тарихи дерек пен көркемдік шешім шебер ұштасып, мәселе тек фактілер тізбегі ретінде емес, тірі куәгерлердің естелігі, үнсіз қалған жердің мұңы арқылы беріледі. Авторлар полигон аймағындағы халықтың күнделікті өмірін, үрей мен үміттің қатар өрілген сәттерін камера тілімен дәл жеткізеді.
3. «Бақыт құшағында» (Санат Шапашов)
«Бақыт құшағында» – мюзикл жанрында түсірілген, кино өнерінде бұрыннан қалыптасқан тексерілген формалар мен заңдылықтарға сүйенген фильм. Туындыда музыкалық сахналар оқиға желісін дамытудың негізгі құралы ретінде қолданылып, кейіпкерлердің ішкі сезімі мен көңіл күйі ән мен би арқылы ашылады.
Аталған ерекшеліктер фильмнің жаңашыл эксперименттен гөрі дәстүрлі арнаға жақын екенін аңғартқанымен, қазақ киносындағы мюзикл жанры үшін бұл – оң әрі маңызды көрсеткіш. Өйткені отандық кинода сирек кездесетін бұл бағытта жанр талаптарын сақтап, тұтас көркем дүние ұсыну-белгілі бір кәсіби деңгейдің белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, «Бақыт құшағында» қазақ киносының жанрлық аясын кеңейтіп, мюзикл формасының мүмкіндіктерін игеруге жасалған сәтті қадам ретінде бағалануға лайық.
 
Жангелді Өмірәлиев
Киносыншы, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі
1. «Болмаған балалық шақ» (Айдын Сахаман)
Әрбір жүрекке жететін күшке ие кино. Керемет туынды. Жан жараңды емдеп, жүрегіңді жұмсартады. Қорқынышыңды жеңіп, махаббатқа сендіреді. Үміт сыйлайды. Әділетсіздікпен күреске итермелейді. Ең бастысы - эмоциясыз қалдырмайды. Жақсы жазылған, ойнатылған, түсірілген. Кішкентай актерлер тамаша алып шыққан. Мықты, салмақты дүние. Нағыз киноның магиясы бар.
 
2. «Қолыңнан келсе алып қаш» (Дархан Саркенов)
Басынан аяғына дейін күлкілі дүние. Әр кадры шынайы, өмірге толы - сондықтан фильмді құшақтап, жылағың келеді. Кейіпкерлері нағыз алтын, әсіресе Айшолпан Байтүгел, Зарина Кармен және Қанат Тасхан керемет ойнап шыққан. Иә, көбінесе арзан күлкі. Бірақ шынына келгенде көптен бері былай күлдірген фильм болмады. Жылдың басты комедиясы. 
 
3. «Қайтадан» (Думан Еркімбек)
Өте сапалы дүние - күлдіреді, жылатады, ойландырады. Тамаша көңіл күй сыйлайды. Біздің кинода аз кездесетін фантастикалық жанр. Мемлекет қаражатына түсірілген жобалардың ішінде прокатта миллиард жинаған алғашқы фильм.
 
Гүлім Көпбай
Кинотанушы
2025 жыл қазақ киносы үшін шынымен де жемісті кезеңдердің бірі ретінде есте қалары сөзсіз. Ұлттық кино өндірісі жыл өткен сайын қарқын алып, прокат кеңістігінде де, көрермен назарына ұсынылатын туындылар саны жағынан да айтарлықтай өсім байқалды. Бұл – саланың тірі, қозғалыста екенінің айқын белгісі. Әсіресе биылғы фильмдерде жанрлық әртараптану үрдісі анық сезіледі: комедия мен мелодрама шеңберінен шығып, триллер, драма, хоррор, мюзикл, т.б. авторлық ізденіске негізделген жобалар көбейді.
Алайда осы жағымды динамикамен қатар, ойландыратын тұстар да жоқ емес. Өкінішке қарай, көптеген фильмдер мазмұннан гөрі формаға көбірек басымдық беріп, терең көркемдік ой мен авторлық позициядан алыстап кеткендей әсер қалдырады. Кино «өнер» ретінде емес, тек нарыққа арналған «өнім» ретінде қабылданатын тенденция айқын байқалады. Киногерлердің бір бөлігі коммерциялық табысты басты өлшемге айналдырып, экран тілі мен идеялық салмақты екінші орынға ысырып қойғаны жасырын емес.
Әрине, жыл бойы экранға шыққан 90-ға жуық фильмнің барлығын толық қамтыдым деу қиын. Дегенмен, кәсіби қызығушылық пен жауапкершілікті алға қоя отырып, көруге тиіс, көркемдік тұрғыдан ой салатын туындыларды іріктеуге тырыстым. Сол фильмдердің ішінен көркемдік деңгейі, авторлық ұстанымы мен экрандық тілі арқылы дараланған, «үздік» деп атауға лайық үш фильмге арнайы тоқталып өткім келеді.
 
1. «Бақыт құшағында» (Санат Шапашов)
«Бақыт құшағында» мюзиклі – заманауи қазақ экран өнерінде эмоциялық әсері мен идеялық салмағы қатар өрілген туындылардың бірі болды. Шығарманың негізгі көркемдік өзегі – адамның ішкі күйзелісі мен бақытқа ұмтылысын Шәмші әндеріндегі музыкалық-драматургиялық форма арқылы ашуында. Мюзиклде ән мен би тек иллюстративті құрал ретінде емес, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, шешім қабылдау сәтіндегі психологиялық күйін айқындайтын басты экспрессивті тілге айналған. Музыкалық нөмірлер драматургиялық желіден ажырамай, кейіпкер тағдырымен органикалық байланыста дамиды, бұл туындының тұтастығын күшейтіп, көрерменді эмоциялық деңгейде еріксіз баурайды.
 
2. «Капитан Байтасов» (Дәурен Камшибаев)
Екіншісіне «Капитан Байтасов» фильмін жатқызуға болады. Әрине, фильмнің сценарийіндегі артық диалогтар мен кейбір актерлердің «театрландырылған» ойынының қателіктерін есептемек,  туынды  отандық кинематографта патриоттық тақырыпты деректілік пен көркемдік интерпретацияны ұштастыра отырып ұсынған маңызды туынды. Фильмнің көркемдік өзегі – басты кейіпкердің ерлігіне сыртқы пафос арқылы емес, мінездің ішкі беріктігі, кәсіби жауапкершілік пен адамдық таңдаулар арқылы баруында. Камералық көріністер, табиғи орта, шынайы мизансценалар арқылы оқиғаның деректік салмағы күшейтіледі. Экшн элементтері фильмде эффект үшін емес, драматургиялық шиеленісті тереңдететін құрал ретінде қызмет етіп, көрерменді оқиға ортасына тікелей енгізеді.
Идеялық тұрғыдан фильм жеке батырлықтан гөрі азаматтық борыш ұғымын алдыңғы қатарға шығарады. Капитан Байтасов бейнесі – идеалдандырылған қаһарман емес, қызмет пен адамгершілік жауапкершіліктің қиылысында тұрған тірі тұлға ретінде ашылады. Туындыда ерлік ұғымы бір сәттік әрекет емес, күнделікті таңдау мен кәсіби адалдықтың нәтижесі ретінде көрсетіледі. Осы арқылы фильм патриотизмді декларативті ұран деңгейінде емес, нақты әрекет пен ішкі ұстаным арқылы пайымдауға жетелейді.
 
3. «№37» (Жандос Айбасов)
Сондай-ақ, отандық кино әлемінде осы күнге дейін актер, каскадер қырымен танылған Жандос Айбасов режиссерлік еткен «№37» фильмі – биылғы көрген фильмдер арасынан кәсібилену мен авторлық ойлауға талпынған туынды ретінде бағалауға болады. Туынды авторлары көрерменге «ұнау» үшін емес, ойландыру әрі ішкі сұрақ тудыру мақсатында түсірілгені байқалады. Отандық контекст үшін бұл – батыл әрі салмақты жұмыс. Әсіресе драматургиялық құрылымның тұтастығы, режиссерлік интонацияның тұрақтылығы фильмді кездейсоқ эпизодтар жиынтығынан арылтып, біртұтас көркемдік жүйе ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Автор оқиғаны сыртқы динамика арқылы емес, кейіпкердің ішкі күйзелісі мен психологиялық шиеленісіне сүйене отырып өрбітеді. Осы арқылы «№37» көрерменді жай бақылаушы позициясында қалдырмай, экрандағы жағдаймен іштей тілдесуге мәжбүрлейді.
 
Еңлік Егеубаева
Кинотанушы, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі
1. «Қайтадан» (Думан Еркімбек)
Қазақ жанрлық киносының ішінен көпқабаттылығымен дараланады. Травманы өңдеу, өз-өзіңмен бетпе-бет келу секілді күрделі тақырыптарды нәзік те шынайы тілмен жеткізеді. Актерлік ансамблі бір тыныспен ойнап, кейіпкерлер арасындағы эмоциялық байланыс көрерменге табиғи түрде жетеді. Фильм көрген адамды өткені мен болашағына тағы бір мәрте көз тастауға шақырады.
 
2. «Атамекен» (Жанана Курмашева)
Семей полигонының ауыр тарихын құрғақ фактілер арқылы емес, өте жинақы, ойластырылған формада баяндайтын жұмыр деректі фильм. Режиссерлік шешімдер оқиғаның жан жарасын сезіндіре отырып, үміт пен төзімділік тақырыптарын да қатар алып жүреді. Көрерменге тек ақпарат емес, күрделі сезім қалдыратын мағыналы туынды.
 
3. «Бақыт құшағында» (Санат Шапашов)
Мюзикл жанрындағы қазақ фильміне жаңа дем беретін, серпінді әрі жарқын жоба. Музыка, қойылым және визуал бірігіп, дәстүрлі тақырыптарды жаңа перспективамен көрсетеді. Фильмнің ритмі мен атмосферасы көрерменді көтеріңкі көңіл-күйге бөлеп, жанрлық ізденістің мүмкіндігін кеңейткен.
 
Қорытындылай келе, кинотанушылардың пікірлерінің ортақтастығы мен қайшылықтарын анықтадық. Әсіресе коммерциялық фильмдердің жанрлық түрлілігі іріктеу шеңберін ұлғайтты. Соның ішінде «Бақыт құшағында» фильмінің таңдалу көрсеткіші жоғары деңгей көрсетті. Көрермендердің де ойы оң жақтан шықты. Авторлық фильмдер ғана емес, жалпы жарық көрген туындылардың аздығы жанрлық пен тақырыптық ізденістерге кедергі болған жоқ. 
 
Төлеуханова Ділнәз
Киносыншы

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлеуметтік желіде Джеки Чанның командасының Ақтауға келгені туралы ақпарат берілген видео пайда болд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

2026 жылғы 29 қаңтарда Санкт-Петербургтің Ленин аудандық сотында танымал боксшы Дмитрий Биволдыңбұры...