«Менің атым Қожа» фильмін көрген адам Майқанова апайдың рөлін сомдаған актрисаның сұлулы...
Дәрежан Өмірбаев: «Сүйген ісіңмен айналыссаң, жұмыстан шаршамайсың!»
Отандық кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың жуырда «Ақын» атты фильмі жарық көрді. Сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» туындысының желісімен жазылған фильм қазіргі таңда көптеген белестерді бағындырып келеді. «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев фильмде Дидар есімді басты кейіпкердің ролін сомдайды. Фильм заманауи цифрлық заманда өнері бағаланбаған, үлкен әлемде өз орнын іздеп жүрген ақынның өмірі жайлы. Фильмнің өзектілігі – тіл, адамзат, ұжымдасу, ақындардың, өнер әлемінің мәселелерінің көтерілуінде.
- Сәлеметсіз бе, Дәрежан мырза! «Ақын» фильмінің әлемдік тұсаукесері Токиода өтіп, «Үздік режиссер» номинациясын ұтып, Берлин кинофестивалінің беделді бағдарламасына қатысып, жуырда Бразилиядағы Olhar de Cinema Халықаралық кинофестивалінің «Өзге көзқарастар» бағдарламасында «Ең үздік фильм» атанды. Құттықтаймыз! Туынды беделді Халықаралық кинофестивальдерде жоғары марапаттарға ие болып, әлем мойындап жатыр. Ал қазақ киноиндустриясында, кино өнерінде фильмнің жағдайы қалай жүріп, өрбіп жатыр?
- Қазақстанда өкінішке қарай бұндай фильмдердің көрермені жоқ. Менің ойымша, бұл жерде екі себеп болуы мүмкін. Біріншісі, фильмнің нашар болып шығуына байланысты көрерменнің аз болуы. Әрине, мен олай емес деп үміттенемін. Ал екіншісі себеп – көрерменмен жұмыс. Қазақстанда, әсіресе, жастармен байланыстың орнатылмауы. Чеховтың бір керемет сөзі бар: «Гогольді халықтың деңгейіне түсіріп емес, халықты Гогольдің деңгейіне көтеру керек». Сол себепті халықпен жұмыс жасау қажет. Ол үшін жақсы мақалалар, сұхбаттар жазылып, теледидардан кино әлемі жайлы жиі хабарламалар көрсетіп тұруы керек. Және де ең негізгісі – мектептерде ақырын «кино өнері» пәнін енгізіп, классикалық фильмдермен таныстыруы қажет. Тағы да қоса кетсек, «өнер бүкіл халықтікі» деген заман кетті. Бүкіл халық алақанына салып аялайтын дәстүрлі қоғам заманы жойылды. Кезінде халық бір организм сияқты болса, қазір қоғам күрделеніп, бөлек бөлшектерге бөліне бастады. Өнерге де бұл үрдіс 20-шы ғасырда келе бастады. Әрине, таяқ екі ұшсыз болмайды. Кез-келген нәрсенің жақсы жағы да, жаман жағы да болады. Мысалы, сенің өкіметтің ақшасына түсірілген фильміңнің, өз еліңде көрермені аз болуы. Қоғам бөлшектерге бөлінуіне байланысты халықтың таңдай бастауы... Бірақ, екінші жағынан қарастырсақ, көрерменнің саны азайса да, сапасының артуы. «Ақын» фильмін еске алатын болсақ, фильмнің соңында бір-ақ оқырман келеді. Міне, бұл менің ойымша қазіргі заманның тек поэзия мен әдебиет қана емес, өнердің барлық салаларына байланысты өзекті мәселені көтереді. Бірақ оған қарамастан фильмдегі қыз жалғыз болғанымен, бүкіл залды жалғыз өзі толтырып тұрғандай болды.
- «Ақын» фильмін тағы да басқа кинофестивальдерде көретуді жоспарлап отырсыз ба, әлде отандық көремендерге көбірек екпін қойғыңыз келеді ме?
- Өкінішке орай, ол біздің қолымыздан келетін нәрсе деп ойламаймын. Премьераның өзін зорға істедік. Нұр-Сұлтанда ешкім көрген жоқ. Ал «Cinemax» кинотеатр желілерінде тек 2 аптаға Алматы және Шымкентке ғана шықты. Басқа қалаларда көрсетілген жоқ. Мысалы, Махамбеттің жатқан жері Атырау облысына көрсеткенде болатын еді. Бірақ оған ақша да жоқ, оны керек қылып жатқан адам да жоқ. Міне, ол біздің қолымыздан келмейді. Бір жағынан жоғарыдан бір механизм болу керек. Екінші жағынан төменнен көрермен де болуы қажет. Ал көрерменнің жағдайы, әсіресе, соңғы 20-30 жылда басқа кинолар көріп тәрбиеленді. Американың, көбінесе голливудтың фильмдері әсер етті. Ол, әрине, көрсе. Біздің кейбір кішірек қалаларымызда кинотеатрлар да жоқ. Қаратау, Кентау сынды қалаларда. Тараздың өзінде бірнеше жыл бұрын ғана ашылды. Бұл жерде мынандай мәселе бар. Кино өнеріне қазақтың қызықпайтын себебі, халықтың сурет өнеріне қызықпауында. Халықтың мәдениетінде сәулет, кескіндеме өнерлерінің тамыры терең емес. Ал оның себебі көшпенді өмір салтымен түсіндіріледі. Климаттың ауысуына байланысты біраз нәрселер қалыптаспаған. Мысалы, ғылым, архитектура, кескіндеме. Мысалы, сен үй соғып не қыласың? Бүгін мына жерде, ертең басқа жерге көшесің. Бірақ қазақтардың сәулет өнерінде ойлап тапқан керемет нәрсесі бар. Ол – киіз үй. Одан басқа, менің білуімше, жоқ. Мысалы, басқа елдердегідей үлкен соборлар, қамалдар, канализация, қалалар болмаған көшпенділерде. Оның болуы да мүмкін емес, себебі климат шақ емес. Онан кейін ол көзбен көретін, визуалды өнер түрі. Одан сурет өнеріне де, шындығына келгенде көп қызықпайды. Бізде кескіндеме, фото өнері туралы да ешқашан журналдар шыққан емес. Ал мықты жағымызға келетін болсақ, бізде музыка, «Өнер алды – қызыл тіл» демекші сөз өнері, жырлар, мысалы, Махамбеттің жырлары, ертегілер жақсы дамыған. Менің ойымша, бұл салаларда аса үлкен мәселелер жоқ. Ал біздің саламызда үлкен жұмыстар жасау қажет. Олардың шешімдері бүгін-ертең табыла қояды деп ойламаймын.
- Алда осы фильмді кинопрокаттағы көрсетілім кезінде көріп үлгермеген көрермендерге YouTube желісіне салу ойыңызда бар ма?
- Онымен біз айналыспаймыз. Бұл «Қазақфильмнің» туындысы болған соң, фильмге олар жауапты. Мүмкін 1-2 жылдан соң YouTube желісіне салып қалар. Мен режиссер болғандықтан, прокат менің жауабымда емес.
- Жалпы фильмнің түсірілу барысына қанша уақыт кетті? Жұмыс барысында қиындықтар болды ма?
- 3-4 айдай пандемия болды, бірақ ол бізге жақсы жағынан көмектесті. Бастапқыда фильмде басқа жігіт ойнау керек болатын. Бірақ оның ойлау жүйесі, жаны кейіпкердің образынан алшақтау болатын. Актер кейіпкер образына ұқсау үшін біраз маңдай тер төкті. Алайда, жұмыс жасай алмадық. Кейіннен Ердос Қанаевпен жолықтық. Ол Шымкент қаласының тумасы, оңтүстіктен шыққан нағыз қазақ, әнші, композитор. Кейіпкер образына дәл сай келгендіктен, осындай шешім қабылдадық.
- «Ақын» фильмінен ерекшелеп, бөліп айта алатын сүйікті кадрыңыз бар ма?
- Ләззат алып түсірген киіз үй ішіндегі Махамбетті өлтірген сахна болды. Оны біз 1 аптадай түсірдік. Оның ішінде, әсіресе, киіз үйден шығып, тіке камераға қараған қыздың кадры. Оның алдында түсірілген «Студент» атты фильмімде дүкеннің ішінде 2 адамды өлтіруі. Мазмұн жағынан қарастырсақ, әрине жақсы нәрсе емес. Бірақ киноның тілі жағынан қарастырғанда, бұндай сахналар экранға сұранып тұрады. Себебі, бұндай сахналардың нағыз кино тіліне жақындығында.
- XXI ғасырдың ақыны Дидар мен XIX ғасырдың ақыны Махамбеттің өмірлерін бір-бірімен байланыстырып, параллельді түрде түсіру қиыншылдықтар туғызды ма?
- Жоқ, мен керісінше, бұндай сахналар көрерменге демалуға көмектеседі деп ойлаймын. Мысалы, XXI ғасырдан өткенге түскенде көрермен далаға шығып демалып келгендей болады. Осылай екі оқиғаны алмастырып тұру арқасында, көрерменге көргенге жеңілдеу болады деп есептеймін.
- Киноға қажетті адам бойындағы басты қасиет?
- Ең бастысы – адамда икем болу қажет. Тек кинода ғана емес, кез-келген өнер болсын, егер адамда талант болмаса, ол кино өнерін құртады. Мысалы, музыкада да музыкалық есту қабілеті міндетті түрде болуы қажет. Ол жеті атадан келетін табиғи нәрсе. Ол немесе бар, немесе жоқ болады. Қанша тырыссаң да, қаншама фильм көрсең де, таланты болмаса, ұзаққа барады деп ойламаймын.
- Дәрежан Өмірбаев есімі авторлық киномен тығыз байланысты. Салыстырмалы түрде сіздің еркін кинорежиссер ретінде қалыптасуыңызға әсер еткен тұлғалар?
- Нағыз өнер – тек авторлық болады деп санаймын. Кез-келген нәрсенің авторы болады. Музыка, махаббат... Адамның бір істе жеке тұлға ретінде қалыптасуына икемділік әсер етеді деп ойлаймын. Өзім балалық шағымнан сурет салғанды ұнататынмын. Сол – негізгі себеп деп ойлаймын. Ал ВГИК-ке түспей тұрып, Тарковскийдің туындыларына қызықтым. Оқуға түскен соң маған көбінесе әсер еткен француз режиссері – Робер Брессон. Брессон маған театр мен кино әлемінің бөлек екенін көрсетті.
- Қазақ кино өнерін дамытқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Ең алдымен, адам бір іспен елін дамытамын деп емес, өз ісін сүйгендіктен айналысады деп ойлаймын. Мысалы, математикті алсақ, ол есепті елімнің атын шығарамын деп емес, есеп шығаруға қызыққандықтан айналысады. Әнші де дәл солай. Әнді елімнің даңқын шығарамын деп емес, ән айтқанды ұнатқандықтан айтады. Сол себепті, өзің сүйіп ұнататын ісіңмен айналысқан өте маңызды. Сүйген ісіңмен айналыссаң, мықты жүлделер аласың. Менің бірінші мамандығым – математик-програмист болған. Алайда, мамандығым қатты ұнамайтын. Басында мен кино өнері деген мамандық барын білмедім. Кейінінен білген соң, түсіп, өз сүйген ісімді таптым. Сүйген ісіңмен айналыссаң, жұмыстан шаршамайсың! Адамдар жұмыс аптасының біткенін күтіп отырса, сен дүйсенбіні аңсап отырасың. Бір француз: «Өзіңе ұнайтын мамандықты таңдасаң, бір де бір күн жұмыс жасамайсың», – депті.
- Дәрежан Қаражанұлы, жауабыңызға көп рахмет!
Айару Абзалбай,
«Кинотану» мамандығының 1 курс студенті (Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА)