Ермек Тұрсынов, режиссер: «Өз ұлтымнан жерінсем кім болғаным?»

КИНО
1967

Режиссер Ермек Тұрсыновты таныстырудың қажеті жоқ. Ол «Шал» , «Келін» фильмдері арқылы қазақ киносына үлкен жаңалықтар алып келді, киноға деген көзқарасты өзгертті. Қызу пікірталастардың өтінде жүріп кинотриптихтың алғышартын жасады. Соңғы кездері режиссердің журналистерге берген әрбір сұхбатындағы айтылып қалған оқыс пікірлер БАҚ бетінде «хитқа» айналып кетті.

Бұл жолы біз Ермекпен «Кенже» фильмін түсіру қарсаңында кездестік.

- Ермек, қазақ қоғамының рухани деңгейі қалай, дегдар топтың толыққанды тіршілігі бар ма, жоқ па, қалай ойлайсыз?

- Қазақстанда барлық елдердегі жағдай қайталануда. Технологияның қарқынды дамуы қарапайым адами қатынастарды ығыстырып барады. Коммуникация жылдамдығы кітаптан да алыстатты. Өнер ойын-сауық индустриясына айналғандықтан, «әлемді доллар билейді» деген американдық сананы сіңіріп жатқанымызды айқын көруге болады. «Секс, ақша, қос тапанша» деген фильм бар. Ақша көзі осы үш тақырыптың төңірегінде болғандықтан, шығармашылық адамдарының ізденістері де осының маңайынан алыстай алмай жүр. Осы ап-арзан өнімдердің өзіне қарсы тұрарлық ештеңе жасай алмадық. Тасқын көміп, қолымыз ербеңдеп, ағыспен кете бардық. Содан барып, әлгі : «Алматыда пәктіктен айырылу», «Қайрат-чемпион», «Жұлдызға арналған коктейльдер» пайда болды.


Режиссер Ермек Тұрсыновты таныстырудың қажеті жоқ. Ол «Шал» , «Келін» фильмдері арқылы қазақ киносына үлкен жаңалықтар алып келді, киноға деген көзқарасты өзгертті. Қызу пікірталастардың өтінде жүріп кинотриптихтың алғышартын жасады. Соңғы кездері режиссердің журналистерге берген әрбір сұхбатындағы айтылып қалған оқыс пікірлер БАҚ бетінде «хитқа» айналып кетті.

Бұл жолы біз Ермекпен «Кенже» фильмін түсіру қарсаңында кездестік.


- Ермек, қазақ қоғамының рухани деңгейі қалай, дегдар топтың толыққанды тіршілігі бар ма, жоқ па, қалай ойлайсыз?

- Қазақстанда барлық елдердегі жағдай қайталануда. Технологияның қарқынды дамуы қарапайым адами қатынастарды ығыстырып барады. Коммуникация жылдамдығы кітаптан да алыстатты. Өнер ойын-сауық индустриясына айналғандықтан, «әлемді доллар билейді» деген американдық сананы сіңіріп жатқанымызды айқын көруге болады. «Секс, ақша, қос тапанша» деген фильм бар. Ақша көзі осы үш тақырыптың төңірегінде болғандықтан, шығармашылық адамдарының ізденістері де осының маңайынан алыстай алмай жүр. Осы ап-арзан өнімдердің өзіне қарсы тұрарлық ештеңе жасай алмадық. Тасқын көміп, қолымыз ербеңдеп, ағыспен кете бардық. Содан барып, әлгі : «Алматыда пәктіктен айырылу», «Қайрат-чемпион», «Жұлдызға арналған коктейльдер» пайда болды.

- Саяси элитамыз осы құбылыстарға тойтарыс беру керек еді. Бірақ олардың қатары тым аз болды. Осыдан келіп ұлттық элита санатындағы кейбір зияткерлеріміз  антиэлитаға, қоғамның жансыз жатырынан шыққан жартылай робот, жартылай адамға ұқсап кетті деген пікірлер айтыла бастады. Біздің қоғам екі қосындының қайсысына басымдық беріп жүр?

- Жалпы үшін жауап бергенім жөн болмас. Өзім білетіндер жайлы сөз етсем жарар. Менің билік салаларында достарым бар. Білімдар, көзқарасы кең, әңгімеміз жарасатындықтан, оларды жаныма жақын тұтамын. Бірақ, олар құбылып күн көруге мәжбүр. Жұмыста басқа, үйде басқа, достарымен мүлдем өзгеше. Робот, терминатор, қарапайым адамның кейпіне тез енеді. Сондықтан көбіне оларды түсіне алмаймын, өйткені, өзімде құбылмалы мінез жоқ. Алайда оларға кінә артуға хақым бар ма? Пешенесіне жазылғаны - сол. Өздері таңдаған жолмен жүріп келеді. Қазақтардың үнемі жау іздейтін әдеті барын жадымнан шығарған емеспін. Керек жауын тауып та алады. Ал таппаса, ойдан шығара салады.

- Біз осы ұлттық идея мәселесін көтеруге дайынбыз ба? Рухани элитамыздың бойынан ұлттық идеямыздың қалыптасуына деген талпынысты байқайсыз ба? Олар дайын ба бұған...

- Соңғы кезде бұл мәселеге бас қатырмайтын болдым, себебі бізде рухани тұтастық жоқ. Пікірталас мәдениеті де қалыптаспаған. Рухани жетекшілер де тым аз. Қоғамның рухани өмірінде елең еткізерлік маңызды оқиғалар да сиреп барады. Соңғы жылдарда ұлттық идея туралы бірде-бір тұшымды пікір, ұсыныс естіген жоқпын. Микрофон бос айғайшылар мен ақысы төленген сөзуарлардың қолында. Еліміздегі шығармашылық одақтардың ешқайсысының «шығармашылық»  атануға хақысы жоқ. Біз - тегіс етіп отап қойған ағылшын газоны секілдіміз. Бір арамшөп қылтия қалса бәрі жабылып тамырымен жұлып тастайды. Сондықтан бұл тақырыпты көп қаузай бергенді ұнатпаймын. Тып-тыныш өз жұмысымды жасап жүрмін.

- Кешегі Асқар Сүлейменов Чадаеевтың сюртугін киіп, қазақы ортаға мойынұсына алмады. Қазақы орта өз дегенімен жүргісі келмегендерді өзі қалаған «биіктікпен» теңестіріп жіберуге пейілді ме, қалай ойлайсыз?

- Чадаеевтық шекпенді, тіпті, эндиуорхоловтық плащты да киюіңе болады. Хэменгуейдің трубкасын тартып, Чаплиннің қалпағын жапсырып ал. Не өзгереді? Ішің сол байғы неполеондық комплекс буған борсықбай күйі, еш өзгеріссіз қалады ғой. Мен «жаттың киімін кигеннен ештеңе ұтпаймыз» деп ойлаймын. Өзіңдікін ки, мақтан. Ел танысын. Ол үшін терең білім, өзіңнің артықшылықтарыңды тани білетін қасиет керек. Ол қасиеттің құпиясы-дәстүріңді қастерлеп, өткеніңді ұлықтай білуіңде, «таяз ұлтшылдық» дертінен арылып, айқын мақсатқа қарай нық қадам басуыңда жатыр. Мына әлемде өз орныңды табу керексің. Біз әлі адасып жүрміз. Жол таппай сенделіп келеміз. Көзге көрінген керуенге ілесе жөнелеміз. Ал жолбасшыларымыз   не жол білмейді, не болмаса бөтен біреулердің картасын пайдаланады, әйтеуір өз бетінше жол бастаса, міндетті түрде тартылып, борсып кеткен құдыққа әкеліп, қинайды.

- Мысалы, Олжас ақын асқар тау еді, бірақ ортамызда оны өз деңгейімен теңестіріп жіберуге дайын тұратындардың қатары тым көбейіп барады. Тұлғаның тұлғалық қыры танылуы үшін оның көзі кетіп, ол жайлы айтылатын шөп-шаламның бәрі қурап кетуі қажеттілікке айналып бара жатқандай. Сіздіңше дәл қазір кейбір қазақтарды Олжас - Ермектердің биігіне көтерген дұрыс па, әлде олардың қазақтың деңгейіне түскен дұрыс па? Қайсысы жеңіл және қайсысы тиімді қазаққа.

- Егер арыстан басқаратын есектер әскері мен есек қолбасшысы бар арыстандар армиясы соғысатын болса есектер әскері жеңетініне шүбәланбаймын...

- Сіз бұл жерде не айтпақшысыз..

- Білесің бе, біз қолдан «кумир»  жасағанды жақсы көреміз, бірақ сол тұлғаны жермен-жексен етіп даттап, кейін зиратының басында тұрып егілуге құмарлығымыз одан асып түседі. Оның үстіне біз кез-келген мәселеден дау шығара аламыз. Егер «Асықты қалай ойнау керек?» деген сұрақ туа қалса бар қазақ жабылып, қызыл кеңірдек болатынына күмәнданбаңыз. Біз тартысып, таласып жатқанда заман алға жылжып кете береді. Адамдарға шамшырақ керек. Онсыз болмайды. Адасып кетеміз.

- Америкаға кеткеніңізде «қазақтан жерініп кеттім» деп едіңіз. Қайтып оралғаныңызға біраз жылдың жүзі болды. Қазір қазақты жақсы көресіз бе? Қазақ қай қырынан өзгеріпті. Қалыптасқан ұлт болуға талпыныс бар ма?

- Мен бұндай сөз айтқан емеспін. Қайдан шыққан сандырақ? Өз ұлтымнан жерінсем кім болғаным? Ал, көңілге қонбайтын жайттар, қандастың күйін көріп, қабырғам қайысатыны рас. Кей қылықтары үшін қысыласың да. Мысалы сабақты нашар оқитын баласына ұрсып, ақымақ, сауатсыз, үлгерімі төмен екеніне қарамастан өзінің де мақтаншақ, өркөкірек, өтірікші екенін және осы қалпын өзі түсінгісі келмейтінін айтып күйінген әкені көз алдыңызға елестетіңізші. Осы жағдайда әкенің жаны қатты ауыра ма, әлде, баланыкі ме? Мені халық жауы етіп көрсеткісі келетін, түсінігі таяз адамдардың шығарып жүргені жаңағы айтқаныңыз. Ондай адамдар баршылық. Өз заманында Сәкен мен Мағжанның, Тұрар мен Мұхтардың үстінен дәл сондайлар арыз жазған. Сондықтан таң қалмаңыз. Батпақ болса, бақа табылады.

- Сіз «Біз- түркілер - өте ұзақ ұйықтадық. Әлі де мүлгіген күйдеміз. Ояна қалсақ,  қандай түс көргенімізді есімізге түсіре алмаймыз. Көз ілгенде көретініміз - өткеніміз» дейсіз. «Келін»  біздің өткеніміз,  түсіміз, өткеніміздің, одан қала берсе бай түркілік тарихымыздың жемісі.  Қалың ұйқыдан оянып, өткен күнді ғана емес, шынайы өмір жайлы түс көруге, оны көркем кино тіліне көшіруге дайынсыз ба?

- Мен тек осымен айналысып жүрмін. Көргісі келгендер еңбектеріме дұрыстап үңілсін.

- «Келін»  - философиялық фильм. «Шал»  да сондай. Бірақ екеуінің нүктесі бірдей. «Келіннің» де, «Шалдың» да нүктесі - жаңа өмір мен Көк бөрі. Бірақ соңғысы («Шал») қазаққа жақындау. Жаны қиналғанда ақсақалдығын ұмытып кеткен кейіпкеріңізге Қасқыр - Көк бөрі ғана емес, немересі Шайтанбек-Ерасыл көмекке келеді. Үмітіңізді кейінгі толқынға жалғайсыз. «Кенжеңізге» бұл көзқарас бөтен емес пе?

- Кенже - менің ізденістерімнің логикалық жалғасы. Бұл - триптих. «Келін»  біздің өткеніміз, «Шал» -бүгініміз, Кенже - болашағымыз. Келін - тау, Шал - дала, Кенже -қала. Келін - ана, Шал - әке, Кенже - бала. Мен шама-шарқымша ұлтымыздың даму кезеңдерін сатылап зерттеп келемін. Түйгенім - менің жеке пікірім, ол кез келген шығармашылық туынды сынды субьективтивті екенін жақсы түсінемін.

- Сіздің көзқарасыңыз ешкімге ұқсамайды. Еркіндікті қалайсыз. Тар қапастағы немесе жалғыздық құшағындағы еркіндіктің дәмі қандай болады екен? «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп кеткен Абайға сіз толықтырулар енгізе алар ма едіңіз.

Абай кім, мен кім? Тау мен төбені салыстырмайық.

- Мен сізді Абайға теңеуден аулақпын. Салыстырмалы түрде айтып отырмын.

- Абайға деген өз көзқарасым, пайымым бар. Оның тағдыры - Ұлы жалғыздық тағдыры. Бұл үлкен қасірет. Дәл осы қырынан келгенде, оны жақсы түсінемін. Оның пешенесіне жазылғаны сол. Басқаша болуы мүмкін емес. Бұл - көптен оқшаулану. Көптің ішінде отырып жалғызсырау. Жұртқа ілесіп жүре берсе, ол Абай болмас еді. Көптің бірі болып қала берер еді. Сондықтан ойыңдағыны айтуға мүмкіндігің болса, ең бастысы айтарың бар болса, жалғыздыққа мойынұсына бер. Ешкімге өкпелеме. Бұл - тағдыр.

- Күні бүгінге дейін «бізді орыс мәдениеті тәрбиеледі, жетілдірді, жүйеге салды, көзімізді ашты» деп келдік. Бүгін де солай. Бір ашылған көз сол қалпында бақырайып тұра берсе, бұл оның жансыздана бастағанының белгісі емес пе? «Қазақтың көзін де» әртараптандыратын кез келген жоқ па, қалай ойлайсыз?

- Бұрын таңдаудан жұрдай болдық. Біз үшін басқалар таңдап, шешім қабылдаған. Содан барып мына әлемді орыс тілінің көмегімен таныдық. Бұған өкінудің керегі жоқ. Қазір жағдай өзгерді. Таңдау жасауға хақың бар. Барлық есік ашық. Әлемге ағылшын тілі есігі арқылы шығуыңа болады. Қытайша, испанша, французша қара. Қалағаныңды таңдап, табалдырығынан атта. Барлық есікті бірден ашам десеңде өзің біл. Тек талабың болсын. Тек ту сыртыңда қалған ең басты есікті жауып тастама. Ол сен үшін мәңгі ашық болуы керек. Мен туған үйдің есігі туралы айтып отырмын.

- Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...