Қазір кинодан алпауыт күш жоқ сияқты. Жақсы кино – мәдениеттің тірегі, арзаны – күйреуі....
Гендерлік оптика: Байқоңырдағы әйелдер киносының көкжиегі
Фото: MadeniPortal
BAIQONYR кинофестивалі (International Film Festival)– Тмд, Балтық елдері мен Грузияның жас авторларына қанат қағып, алғашқы шығармашылық биіктеріне ұмтылатын алаңы. Фестиваль – жаңа есімдердің ашылуына, тың ойлардың тоғысуына, жас кинематографистердің жүрегінен туған шынайы әңгімелердің көрерменмен қауышуына мүмкіндік беретін рухани кеңістік.
Осындай үміт пен шабытты тоғыстырған мерекенің биылғы шымылдығы Ольга Коротьконың «Шегірткелер, ваш выход» атты фильмінен басталды. Бұл туынды жуырда ғана 77-ші Локарно халықаралық кинофестивалінің бағдарламасында қатысқан болатын. Кинокартинада бүгінгі қоғамдағы қатыгез бәсекелестікке қарсы идеяларды насихаттау арқылы, «гомоәлеуметтілік » ұғымына өзгеше көзқарас ұсынылады. Ольга Коротко кинокартинасықазіргі қоғамдағы әйелдің дегуманизациясы мен зорлық-зомбылық тақырыбын қақ жарып айтқан әлеуметтік триллер. Фильм үнсіз қалған шындыққа айқай салып, нәзік жанды қорлауға құрылған қатыгез жүйені әшкерелейді.
Мерей – жалғыздығы мол, тұйық әлемде өмір сүрген қыз. Оның жолына жылы жүзді Нұрлан кезігіп, қарым-қатынастары қысқа уақытта-ақ махаббаттың жаңа тарауын ашқандай болады. Алайда бұл әдемі бастау ұзаққа созылмайды: қала сыртындағы үйде, бейтаныс ортаның ішінде өткен түн Мерейдің тағдырындағы ең ауыр, ең қаралы белеске айналады. Бұл түн тек бір қыздың қасіреті емес, ол – қоғамның көлеңкесіндей, көптің көрмегенін айқындайтын символ.
Сюжет табиғат аясынан басталады. Алтын түстес жоталардың етегінде Мерей өмірдің ұсақ сәттерін фотообъективке түсіріп жүріп, тосыннан киінген бір топ адамдарға жолығады. Табиғаттың тыныш көрінісіне қарсы қойылған олардың көз қарықтырған ашық бояулары Мерейдің өмірінде жаңа, жарқын оқиғалар басталатындай елес береді. Бастапқыда Мерей тұйық, қоғамнан шеткері жүрген жан болып көрінеді. Ал Нұрлан – оның мүлде қарама-қарсы бейнесі: достары арасында қадірлі, көңілді, өзіне сенімді жас жігіт. Дегенмен халықта айтылатындай, «досыңды айт, мен сені айтайын» — Нұрланның шын келбеті оның қасындағы достары арқылы айқындала түседі. Бұл достардың болмысы жиіркенішті, арзан құмарлық пен нәпсіге толы. Олар әйелге деген көзқарасын еш жасырмай, ашық түрде көрсетеді: нәзік жандыларды тек ет пен тән ретінде қабылдайды. Осылайша, олар ерлердің гендерлік әлеуметтік қарым-қатынастарының ең сорақы қырын сипаттайтын бейне ретінде көрінеді.
Фильмің бар элементі мен кейіпкері шектен тыс әсіреленгендей . Кейіпкерлердің әр қимылы, әр сөзі — артық қимыл-әрекет, әсіре бояу. Режиссердің бұл шешімі кездейсоқ емес, ол көрерменді әдейі ыңғайсыздыққа салуды мақсат еткендей. Өйткені мұндағы бейнелер әдемі де сүйкімді емес, қайта жиреніш тудырады, ашуды оятады, көңілге ауыр салмақ түсіреді. Фильмді тамашалау оңайға соқпайды, бірақ дәл осы ауырлық көрерменді ойға батырып, зорлық-зомбылық жайлы бұрынғы көзқарасын қайта қарауға мәжбүрлейді. Суреткер көрерменді бейжай қалдырмайды: барлығы соншалықты ашық әрі жағымсыз қылып көрсетілгендіктен, оған көз салған жан еріксіз ішкі қарсылық сезініп, өзіндік ой түйеді. Мерейдің бейнесі де ерекше. Ол «идеалды құрбан» емес. Нұрланның достары жаман адамдар екенін біле тұра, ол сол отырысқа баруды таңдайды. Бір қарағанда, бұл әрекет үшін көрермен Мерейді айыптайтындай, бірақ дәл осы шешім арқылы режиссер бізді қақпанға түсіреді: зорлық көрген әйелдің әрекетін талдап, оған кінә артқымыз келген сәтте біз өзіміздің қоғамдағы қалыптасқан виктимблеймингке бейім екенімізді байқаймыз. Қоса айтатын тағы бір жайт: Режиссер секс-жұмысшыларға қатысты виктимблейминг мәселесін де бейнелейді. Еріксіз тағылған масканың ар жағында қалған әйелдер өз даусынан да, болмысынан да айырылады. Тек Мерей оларға сөз арнауға батылдық танытқанда ғана олардың есімдері қайта тіріліп, адамдық қадір-қасиеті сезіле бастайды. Мерейдің асоциалдығы тек мінездің сипаттамасы емес. Ол тұйық, сезімін ашық білдірмейді, көп жағдайда үнсіз. Бұл ішкі жағдай экранда ерекше айшықталған — табиғи оқиғалар легіне кереғар қойылған, бейнелікке толы эпизодтар арқылы. Мерейдің қиялында ақ қабырғалы бөлме пайда болып, оның ішінде бей-берекет, ақылға қонымсыз әрекеттер орын алады. Бұл бөлме – кейіпкердің ішкі әлемінің символы. Өзі де Нұрланға мойындайды: бала кезінен бері қатты күйзеліске түскенде, ойында күлкілі, кейде абсурд көріністер пайда болады екен.
Осы көріністер психоаналитикалық тұрғыда Мерейдің бейсанасын көрсетеді. Оның ішкі фантазиялары – қорғаныс механизмі. Фрейд айтқандай, бейсананың мазмұны көбіне түс немесе қиял түрінде көрініс табады. Мерейдің «ақ бөлмесі» – оның жарақаттанған психикасының сыртқы әлемнен қорғану үшін құрған қалыбы. Бірақ уақыт өте келе бұл бөлме де тұрақтылығын жоғалтады: қиялдағы хаос арта түсіп, оның шынайы жағдайының күрт нашарлағанын айғақтайды.
Режиссер кейіпкердің психикалық жағдайына қатысты бірнеше ишара тастайды. Шизофренияға тән белгілердің көрсетілуі, кешкілік отырыстағы пышақ жарақаты, қиял мен шындықтың араласып кетуі – бәрі де Мерейдің шынайы өмірден ажырап, бейсаналық күйге кетіп бара жатқанын білдіреді. Мұндай көріністер бір жағынан фильмге сюрреалистік сипат берсе, екінші жағынан көрерменді кейіпкердің жан әлеміне үңілуге итермелейді. Психоанализ тұрғысынан фильм зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамның бейсаналық күйін ашуға тырысады. Мерейдің ішкі әлеміндегі бөлме – жарақаттанған сананың бейнесі, ал онда орын алған бей-берекет сахналар – психикалық қорғаныс пен күйзелістің көрінісі. Көрермен үшін бұл тек бір қыздың қасіреті емес, қоғамдағы зорлыққа қатысты үнсіздіктің салдары, әрбір іште тұншыққан жан айқайдың метафорасы.
Фильмнің финалы – басты кейіпкер тағдырын аяқтайтын ғана емес, сонымен бірге оның өмірлік трагедиясын айқындайтын сәт. Ақ атқа мінген ханзададай көрінген Нұрлан, ақыры өз қолымен сүйгенін құрбан етеді. Дәл осы қанды шешім арқылы фильмнің өзекті идеясы ашылады: гомосоциалдылық – ер адамның іс-әрекеті әйелге арналмаған, қайта өз ортасындағы басқа ерлердің мойындауы мен құрметін алуға бағытталған құбылыс. Қала сыртындағы той-думан сырттай қарағанда көңілді ойын-сауық болып көрінгенімен, шын мәнінде ол — ерлердің инициация рәсімі. Мұнда әрбір қадам символдық мәнге ие: алғашқы жыныстық тәжірибе – есейудің белгісі, бірақ толық кемелдіктің өлшемі емес; сыйға тартылған қару – күш пен биліктің рәмізі; ал соңғы «аңшылық» – Нұрланның мәртебесін дәлелдеуі тиіс шешуші сын. Бұл аңшылықтың құрбанына Мерей айналады. Ольга Коротько бұл фильмінде мұндай болмыстың өткіншілігін айқын көрсетеді: «ең күшті ғана тірі қалады» деген қағида ақырында адамзаттың ең асыл қасиеттерін — мейірім мен сүйіспеншілікті — жойып жібереді. Режиссер әйелдің жеке трагедиясын бейнелей отырып, тұтас қоғамдағы еркектік үстемдіктің қасіретті салдарын әшкерелейді.
Жан-Поль Сартрдың «Адам өзін өзге адамның көзі арқылы ғана тани алады» деген сөзі бұл жағдайды дөп сипаттайды. Нұрлан да өз еркектігін өзгелердің бағасы мен мойындауы арқылы дәлелдеуге ұмтылады. Бірақ дәл осы жол оны азапқа, қылмысқа және ақыры қайғылы тағдырға жетелейді.
«Шегірткелер, ваш выход» фильмімен басталған Байқоңыр биылғы бағытын айқын көрсетті. Бұл жолы фестиваль әйелдер киносына, әйел тағдыры мен шығармашылық үндеріне арқа сүйеді. Халықаралық та, ұлттық байқаулардың аясында әйел режиссерлердің картиналары көбірек ұсынылып, жаңа есімдер мен жаңа тақырыптар көрерменге жол тартты. Ал дебюттік фильмдер қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді нәзік әрі өткір қырынан қозғап, әйелдер кинематографының болашағын айқындады.
Фестиваль бағдарламасын толықтырған ауқымды шара – Алматы кинотанушылар мен кинокритиктер форумы. Бір аптаға созылған дәрістер мен пікірталастар экрандағы әйел бейнесінің тарихы мен бүгінгі өрісін, сондай-ақ түсірілім алаңының көрінбейтін қырларын да сөз етті.
Осы форум аясында ерекше оқиға – кинотанушы, PhD Аида Машурованың «ЖЕНСКИЕ ОБРАЗЫ В ИГРОВОМ КИНЕМАТОГРАФЕ КАЗАХСТАНА И ЦЕНТРАЛЬНОЙ АЗИИ» атты монографиясының тұсаукесері болды. Бұл еңбек әйел образдарының эволюциясын зерттеп, олардың дәуірдің рухын, қоғамдағы өзгерістерді қалай бейнелегенін айқын көрсетеді.
Әйелдер түсірген көркем фильмдерге арналған пікірталас – FICTION FILM PANEL SESSION «ЖЕНЩИНЫ С МЕЧТОЙ, ФИЛЬМЫ С ДУШОЙ» – кинотанушылар мен режиссерлердің басын қосты. Олар әйелдік көзқарастың экран тіліне әкелетін жаңа бояуларын, жеке тәжірибенің кино өнерінде қалайша жалпыадамзаттық мәнге айналатынын талқылады.
Деректі киноға арналған DOCUMENTARY FILM PANEL SESSION «ЖЕНЩИНЫ С ПРАВДОЙ, ФИЛЬМЫ С ПАМЯТЬЮ» жиынында әйелдердің деректі жанрдағы ізденістері, жады мен шындыққа негізделген тәсілдері әңгімеге арқау болды. Мұнда қазақстандық және шетелдік режиссерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, деректі киноның жаңа бағыттарын сөз етті.
Бағдарламаның ерекше тұстарының бірі – кинотанушы Евгений Майзельдің «ЖЕНЩИНЫ И ТЕОРИЯ КИНО: ДВИЖЕНИЕ, ТЕЛО, СЕНСОРИУМ» атты авторлық дәрісі. Лекцияда кинематографтың өнер ретінде қалыптасуы, «авангард» ұғымының пайда болуы, қозғалыс пен дененің экрандық мәні терең талданып, ХХ ғасырдың басынан бүгінге дейін кино теориясына ықпал еткен әйел ойшылдардың еңбектеріне жаңа көзқарас ұсынылды.
Осылайша, Байқоңыр биыл әйелдер киносының көркемдік қуатын ғана емес, ғылыми маңызын да айқындап, әйел шығармашылығының кинематографиядағы орнын жаңа деңгейде зерделеуге жол ашты.
Ғайша Аманжол,
Киносыншы