Экран төрінде санаулы рөлдері мен әдебиетте өзіндік қолтаңбаларымен танымал болған өнерпаздар қатары...
Киносыншылар ұсынған 5 қазақ фильмі
3498
Өткен аптада Алматыдағы «Арман» киноорталығында халықаралық кинофестивальдерде жүлделі оралған қазақ фильмдерінің көрсетілімі болды.
«Қазақ киносының фестивальдік табыстары» атты көрсетілім бағдарламасы Қазақстан киносыншылары қауымдастығының таңдауымен түзілген. Көрсетілген бес фильмнің төртеуі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. «Шыңырау» көркем фильмі, қоюшы-режиссері Жәнібек Жетіруов. Көрнекті суреткер Әбіш Кекілбаев повесінің желісімен түсірілген кинотуынды ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында қалыптасқан әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Жартылай отырықшы және көшпелі тұрмыс кешетін қазақтардың арасын жалғастырып жүрген басты кейіпкер Еңсеп шыңыраудан құдық қазып, Үстіртте аты шығады. Алайда ол бай, ауқатты адамдардың құдығын қазып, кедей кепшіктердің тапсырыстарына ат үсті қарайды. Осы тәкаппарлығы өзіне кесір болып, ол ақыры жұмыссыз қалады. Ауылға Бұхара жақтан көшіп құдықшы Еңсептің орнын басып, Үстіртте ең терең құдық қазады. Бұл Еңсептің қызғанышын оятады. Ол одан да терең құдық қазам деп, өзге дүниені ұмытады, тіпті шешуші сәтте туған ұлына да қол созбайды. Ақыры бәсеке түбіне жетіп, мерт болады. Фильмнің сценарийін жазған және қоюшы-режиссері Жәнібек Жетіруов қазақ киносында белгілі есім. Қолтаңбасы ұлттық дүниетаным, пәлсапамен ерекшеленетін режиссердің жаңа туындысы Маңғыстаудың қатаң да әсем табиғатының поэзиясын көркем жеткізеді, операторы Рифкат Ибрагимов.. Еңсепті сомдаған белгілі киноктер Алдабек Шалбаев кейіпкерінің пенделік трагедиясын жақсы ашқан, сондай-ақ жас ғашықтар роліндегі Асылхан Төлепов пен Айжан Жетірудың ойындары да тазалығымен тартымды. «Шыңырау» Бангладеште өткен 17 халықаралық фестивальдің Азиялық фильмдер байқауында «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алды, сондай-ақ Қытай, АҚШ, Үндістандағы фестивальдарға қатысты. «Қыз бен теңіз» әлеуметтік драмасы, қоюшы-режиссерлер Әзиз Зайыров, Мұхамед Мамырбеков. Өмірлік жағдайлар арқау болған фильмде церебралды сал дертіне ұшыраған Әсел есімді бойжеткеннің қиын тағдыры, оның армандары, махаббат және отбасы туралы баяндалады. Қоғам үшін аса маңызды деген мәселені алға тартқан кинотуынды да бірнеше халықаралық жүлде алған. Фильм Лондонда өткен Romford film festival фестивалінде «үздік әйел адам рөлі» (Динара Шарипова) жүлдесімен, Барселонаның Asian Film Festival Barcelona кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды. «Тұлғалық өсу тренингі», қоюшы-режисері Фархат Шәріпов. Данияр Сүгірәлиновтің «Кірпіштер 2.0» романы желісімен түсірілген фильм орта жас күйзелісін бастан кешіп жүрген, өмірден ештеңе күтпейтін жасы қырықтағы банк қызметкері Қанаттың өмірі туралы. Кейіпкер коуч-тренердің өмірде табысқа жету және көшбасшы болу жайлы тұлғалық өсу тренингіне қатысады. Көшбасшылықтың қыр-сырын қаншалықты игергені белгісіз, бірақ біраздан бері көрмеген танысы Даниярды кездестіргенде, оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Әдеби нұсқа басқаша жүлгеленген кинотуынды қазіргі қоғамымыздың адамгершілік-риялық негізіндегі ақаулар туралы ойға қалдырады. Бүгінгі қоғам идеалы – қайткен күнде де табысты болу және бұл жолда ешнәрседен тайынбау ма? Фильм басталғанда «Тұлғалық өсу» тренингіне қатысып отырған Қанат финалда сыныптас досы қитұрқы жолмен иеленген банкте бөлімнің білдей басшысы болады, яғни тренингте айтылған «табысты адамдар» қатарына қосылады. Бүгінгі өмір шындығын боямасыз бейнелеген, әрбір кадр танымал, қоғамымыздың әлеуметтік атмосферасын жақсы беретін фильмнің шырайын келтіретін, әрине, актерлік ойындар. Әсіресе, бас кейіпкер роліндегі Дулыға Ақмолда. Кинотуынды XXXXI Мәскеу халықаралық, сондай-ақ XV халықаралық «Еуразия» кинофестивальдерінің Бас жүлдесін алған. «Өзен», қоюшы-режиссері Эмир Байғазин. Бұл режиссердің Аслан есімді жасөспірім кейіпкер туралы трилогиясының қорытынды картинасы. Бүгінгі өмір тынысынан, өркениеттен мүлдем бейхабар бір түкпірде тұратын ағайынды бес ұлдың күнделікті тіршілігін кинокамера асықпай, егжей-тегжейлі бақылайды да отырады. Қатыгез әкенің тәрбиесіндегі олардың өмірі қаладан Қанат есімді бала келгенде өзгеріп сала береді. Бір орайлардан алғанда, бұл кейіпкердің пайда болуы бес ұл үшін үлкен сынақ... Эстетикалық қатары көркем, «өмір-өзен» ұғымынан келгенде, көп мағыналы, қатпары мол фильм мәртебелі 75-Венеция фестивалінің байқаудан тыс бағдарламасының бас жүлдесін жеңіп алған. «Мариам», қоюшы-режиссері Шарипа Оразбаева. Режиссер өзінің бастамасымен және шағын бюджетке түсірген фильм оқиғасының өмірлік негізі бар. Есімі өзгертіліп алынған бас кейіпкерді де өмірдегі прототипі орындайды. Төрт баланың анасы Мариамның күйеуі із-түзсіз жоғалып кетеді. Ауылдың бақуатты адамдары сенімсіздік танытып, малдарын алып кеткен соң балаларымен күнкөріссіз қалып, басына түскен ауыртпалықты мойымай көтере білген басты кейіпкер күрт шешім қабылдауға мәжбүр болады... Алыс ауылдағы тұрмыс-тіршілікті бейнелей отырып, әлеуметтік институт отбасы мәселесі өзгеше қырынан көтерген бұл фильм талантты жас режиссер Ш.Оразбаеваның сәтті дебюті. Бағдарламадағы бұл фильмдердегі атап айтарлық ортақ сипат – «қайткенде адам қалады адам болып?!.» пәлсапалық сауалын алға тартатыны. Кейіпкерлері өзіміз жақсы білетін «таныс-бейтаныстар», олардың өмірі арқылы көтерілетін мәселелер де көрерменге жақсы таныс болғандықтан да жүрекке жылы ұялайды. Қоғамымыздың бүгінгі тынысын әр қырынан зерделететін бұл фильмдер киномыздағы ойлы да белсенді жас буынның көркемдік ізденістері мен азаматтық позициясын танытады. Көрсетілімдер алдында Киносыншылар қауымдастығының президенті, кинотаушы Г.Әбікеева фильмдер режиссерлерінің шығармашылығы туралы кіріспе сөз айтып, соңында пікір алысулар және режиссерлерге сауалдар қою мүмкіндігі болған бағдарлама, яғни Республика Киносыншылар қауымдастығының таңдауы көрермен көңілінен шыққаны анық. Еске сала өтейік - 2014 жылы құрылған қауымдастық (президенті белгілі кинотанушы, сыншы Г.Әбікеева) жүйелі түрде «Сыншылар таңдауы» байқауын өткізіп, үздіктерді марапаттайды. Әлия Жазкен