Ол – қиын кезеңнің ұлы күрескері. Айтуға ауыз бармайтын, баруға батылдық бойламайтын тақырыпта...
Жараланған жердің естелігі: Жанана Курмашеваның “Атамекен” фильміне рецензия
Фото: MadeniPortal.kz
Жанана Курмашеваның «Атамекен» («Біз осында тұрамыз») атты деректі фильмі ұлт пен адамзат тарихындағы ең қасіретті беттердің біріне — ядролық сынақтардың салдарына қайта оралады. Көрермен бұл туынды арқылы тылсым тыныштық орнаған, у мен радиация сіңген меңіреу далаға қайта қадам басады. Сол далада — зұлмат жарылыстардан зардап шеккендердің төртінші буыны, ата-бабасынан қалған ауыр мұраны иығында арқалап өмір сүріп келеді. Фильмнің өзегінде — қан дертіне шалдыққан кішкентай қыздың өмірі мен оның отбасындағы күрес жатыр. Алайда бұл жеке тағдырдың ғана әңгімесі емес, күллі халықтың жан жарасын еске салатын ұжымдық естелік. Туынды желісінде ғалымдардың да дауысы естіледі: олар радиация жайлаған жердің бүгінгі күйін зерттеп, табиғаттың әлі жазылмаған жарасын баяндап өтеді. Олардың ғылыми сөзі фильмнің көркем баяндауымен тоғысып, өмір мен өлімнің, адам мен табиғаттың арасындағы нәзік шекараны айқындай түседі.
Фильмнің кіріспесі таныстыру сипатында басталады: алғашқы кадрда — шексіз бос жатқан, үнсіз дала. Кейіпкерлер әлі көрінбесе де, көрермен көз алдындағы көріністен-ақ оқиғаның мағынасына ене бастайды. Келесі сәт кадрда уақыт табы басқан фотосуреттер көрінісі — уақыт пен жел айдаған бейнелер, құлазыған кеңістікте қалықтап жүрген елестер секілді. Олар — атом жарылысының ізімен тасқа таңбаланған көлеңкелер, мәңгілікке қатып қалған бейнелер. Енді тек естелік қана, олардың үнін ескі далада ыңылдай ескен желдің мұңды сарыны ғана жеткізеді. Камера назарды адам қарасы аз, ұмыт қалған ауылға бұрады. Онда қарт кісі болашақ іске қажет қолтаңбаларды жинап жүр — бұл оның үнсіз күресі, үміт отын өшірмеуге бағытталған талпынысы. Көркем баяндауда қатар өрбитін екінші желіде — ғылыми зерттеушілердің еңбегі бейнеленеді. Олар радиациялық сынақтың салдарын зерделеп, уланған жердің шындығын ашуға тырысады. Оқиға желілері бір арнада тоғысып, ортақ мақсатқа ұласады: ұмытылған шындықты қайта тірілту, үнсіз қалған жердің даусын жеткізу.
“Атамекен” - тарих пен ар арасындағы күрделі, көпқабатты диалог. Режиссер кейіпкердің дертінің шындығына біртіндеп үңілген сайын, бұл туынды деректі саяхаттан әлеуметтік айыптауға, тіпті аза архитектурасына айналады. Әр кадр, әр архивтік бейне — жай ғана иллюстрация емес, мағыналық жүк арқалаған аргумент. Сырт көзге фильм әлемі бейбіт, үнсіз көрінгенімен, оның астарында тірі қалуға, әділет табуға тырысқан адамдардың жан арпалысы, ұмыт болмауға деген ішкі күресі жатыр. Мемлекеттік тізімдер бойжеткеннің диагнозын мойындамайды, себебі үшінші және төртінші буын зардап шеккендер ресми есепке енбеген. Бұл жай қағазбастылық емес — жүйелік ұмыттыру, ресми ұмытшақтықтың орныққан түрі. Режиссер мұны пафоссыз, бірақ қатал айқындықпен көрсетеді. Фильмнің өзегіне айналған архивтік кадрлар да осындай екіжақты табиғатқа ие. Аспанға шапшып көтерілген саңырауқұлақ пішінді жарылыстар, «Невада–Семей» қозғалысының шерулері, Олжас Сүлейменовтің үні — бәрі де ұжымдық азаптың акустикасын тудырады. Ерекше әсер қалдыратын сәт – камераның жас жігіттің бос әрі мұздай жанарына ұзақ аялдауы. Ол тура объективке қарайды, сол арқылы беймәлім көрерменмен көз арбасады. Бұл қарапайым көзқарас емес, үнсіз айыптау, өшпес сұрақ. Сол көзқарасты ХХІ ғасырдың баласы қайталайды: дәл сондай салқын, мүмкін ашулы не кінәлайтын жанар экраннан бізге тіке қадалады. Уақыт арасындағы бұл визуалды көпір режиссердің сұрағын тереңдетеді: «Егер біз өткеннің сабағын ұмытсақ, біздің ертеңіміз қандай болмақ?»
Курмашева эстетикалық контрастты шебер қолданады. Ол ұлы рух пен қасіретті қарсы қойып, фильмді күрделі символикаға толтырады. Кадрда Абай ескерткіші көрінеді — рухани өрлеудің, білім мен мәдениеттің символы. Бірақ бұл бейне айналасындағы қураған, қу тақыр жерлермен қатар тұр. Режиссер бұл арқылы бір кездегі ұлы мәдени ошақтың бүгінде адам қолымен бүлінген, радиациямен уланған топыраққа айналғанын көрсетеді. «Неліктен дәл осы құнарлы, даналыққа бай жер ең сұмдық қаруды сынау орнына айналды?»деген сұрақ фильмнің іштей жүрегіне айналады. Фильмде анималиттік әлем де маңызды көркем бейнеге айналған. Камера қой, жылқы, ешкі көздерін ірі планмен түсіреді — бұл көздерде шынайы үрей мен шарасыздық бар. Архивтік бейнелердегі өлі мал денелері көрерменнің бойында жиіркеніш пен аянышты қатар оятады. Бұл эпизодтар тек экологиялық апаттың көрінісі емес, адамзаттың да рухани құлдырауының метафорасы. Халықтың өзі де кейде бағыты белгісіз отарға айналып кеткенін нәзік параллельдер арқылы астарлайды. Басты кеціпкерлердің бірі балалық шағын еске алады: сынақтар кезінде сабақ тоқтап, балалар қуанып, аспандағы от жарқылына тамсанып ойнаған. Ол кезде ешкім болашақта сол ойынның өліммен беттесетінін білмеген. Естелік балалық аңғалдықтың азалы символы, болашақ трагедияның нәзік хабаршысы еді.
Кинотуынды көркемдік тұрғыда басқа еңбектермен де үндеседі. Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильміндегі Семей полигоны тақырыбы мұнда жаңа эстетикалық бұрыштан ашылады. Екі режиссер шығармаларындағы үндестік — ұлттық жараның ұрпақтан ұрпаққа берілуі, ортақ қорқыныштың бейнеленуі. Бір көріністе қабырғада Эдвард Мунктың атақты «Айқай» туындысы бейнеленгені кездейсоқ сілтеме емес: экзистенциалды үрейдің, шарасыз адам айқайының әмбебаптығын режиссер осы деталь арқылы жеткізеді. Мунктың кейіпкері ғасырлар бойы адамның ішкі жанайқайының көрінісі болса, Курмашеваның кейіпкерлері сол айқайдың жаңа, қазақстандық үнін естіртеді.
Фильм бойында шынайы деректер мен көркем символизм ұштасып жатады. Радиоактивті аймақтар, әлі де жайылып жүрген мал іздері, уланған топырақ пен көлдегі мутацияға ұшыраған балықтар туралы эпизодтар — табиғат заңдылығын бұзған өркениеттің айғағы. Бір зерттеушінің сөзі есіңде қалады: «Бұл жерде радиация қалалық мөлшерден жетпіс есе артық. Ал сол жердің жылқысы шөп жеп, қазір қымыз беріп жүр…» – дейді ол. Сонымен бірге, режиссер фильмді тек үмітсіздікпен шектемейді. Оның ішінде нәзік, адамдық жылылық та бар. Ең шынайы көріністердің бірі – әкенің қызына деген шексіз мейірімі. Ол қыздың өмірі үшін күресіп, соңына дейін сенімін жоғалтпайды. Камера жиі ақ құсты – аспанға көтерілген еркіндіктің, тазалықтың бейнесін түсіреді. Бірақ фильмнің басты метафорасы – көбелек. Ол нәзіктіктің, әлсіздіктің әрі өмірдің өткіншілігінің символы. Бір қанаты жыртылған көбелек – бұл қыздың тағдыры, қырқылған мүмкіндіктің бейнесі. Автор кадрда соңғы қоңыраудың үнін келтіреді: мектепті аяқтай алмаған қыз, балалық пен болашақ арасындағы шекарадан өте алмай қалған тағдыр. Туындының бір сәтінде балалар тобы экскурсияға келеді: әртүрлі ұлт пен жастағы бүлдіршіндер. Бұл көрініс – жаһандық проблемаға меңзеу, қасіреттің ұлт пен тілге бөлінбейтінін көрсететін нәзік ишара. Пейзаждар – көбіне сұрғылт, тастанды, бос. Қираған ғимарат қабырғаларында «бейбітшілік»(«Миру - Мир») , «1945» деген жазулар көрінеді. Соғыс біткендей секілді, бірақ оның көлеңкесі әлі сейілген жоқ. Полигон картасы экранда инфекциядай жайылып бара жатқан даққа ұқсайды, ал ол бірнеше Еуропа елінің аумағындай кеңістікті қамтиды. Қысқа ғана көрініс — ақ төгілген сүт. Бірақ оның символдық қуаты орасан. Төгілген сүт – қайтарылмас жоғалтудың, жылылықтың соңғы ізі, тыныштық алдындағы бос кеңістік. Ол – үйдің, аналық қамқорлықтың, тіршіліктің үзілу сәті. Осыдан кейін фильм медициналық архивтерге өтеді: формалинге салынған балалар денелері. Бұл көріністердің артында – дінге, сенімге, құтқарушы күшке деген іңкәрлік. Кейіпкерлер Құран аяттарын оқып, ата-бабаларына дұға етеді. Рух пен сенім – олардың жалғыз қорғаны, адамдық қасиеттің соңғы тұғыры.
Сөз соңына келе, «Атамекен» — бұл тек фильм емес, халқымыздың жаралы жадын тірілткен поэтикалық реквием. Жанана Курмашева өз туындысы арқылы өткеннің үнін қайта жаңғыртып, ұмыт қалған дауыстарға жаңа өмір сыйлайды. Фильм естелік пен үнсіз айыптаудың тоғысында тұр: ол көрерменді тарихпен бетпе-бет қалдырып, ұмытылған қасіреттің әлі де қан жылап тұрғанын еске салады. Мұнда уақыт өзара қабаттасып, архив пен бүгінгі күн арасындағы өткел көрініске айналады. Әрбір кадр — үнсіз сұрақ, әрбір тыныштық — айқай. Режиссер үшін бұл картина — жеке зерттеу, азаматтық мойын және адамдық парыз. Ол көрерменге тек деректі шындықты емес, рухани ізденісті ұсынады.
Айта кететін жайт, «Атамекен» фильмі тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық аренада да жоғары бағасын алды. Бұл туынды «Азиалық Оскар»-деп аталып кеткен Asia Pacific Screen Awards сыйлығының «Ең үздік деректі фильм» номинациясына ұсынылды — Қазақстан деректі киносы тарихында алғаш рет осындай мәртебелі мойындауға ие болып отыр. Жанана Құрмашеваның бұл еңбегі — терең ой мен азаматтық батылдықтың айғағы. Режиссерге алдағы шығармашылық жолында шабыт пен жаңа табыстар тілейміз, ал «Атамекеннің» дауысы әлі талай жүректерге жететініне күмән жоқ.
Ғайша Аманжол
Киносыншы