Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық До...
Күйші Жанғали Жүзбай халықаралық беделді сыйлыққа ие болды
Фотосурет kgk.org.tr
Түркі дүниесінің мәдени кеңістігіне үнін қосып жүрген белгілі күйші, ұстаз Жанғали Жүзбай Түркияның Алания қаласында Ысмайыл Гаспралы атындағы беделді марапатты иеленді. Бұл сыйлық – түркі әлемінің рухани тұтастығын, өнер мен ғылым арқылы өрілетін мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған ерекше құрмет.

Бұрын «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» деген атаумен беріліп келген бұл марапат биылдан бастап жаңа мәртебе – «Ысмайыл Гаспралы сыйлығы» атауын алды. Ғалымдар мен өнер иелерінің еңбегін айрықша бағалауға көшкен алғашқы жылдың лауреаттарының қатарында Жанғали Жүзбайдың болуы – қазақ шертпе күй мектебінің халықаралық деңгейде қайта жаңғырып, өз орнын айқындай түскенінің жарқын дәлелі.
Биылғы марапат иелері – өз саласының биігіне шыққан, түркі әлемінің мәдени және рухани сабақтастығына үлес қосқан беделді тұлғалар:
- Түркі дүниесі: Өмер Кожаман
- Қызмет: Түркия көлік министрі Абдүлкадир Уралоғлу
- Журналистика: Анадолы агенттігінің бас директоры Сердар Қарагөз
- Әдебиет: TÜRKSOY Бас хатшысы Сұлтан Раев
- Білім: Профессор Закир Авшар
- Өнер: Жанғали Жүзбай (қазақтың шертпе күй шебері)
- Дипломатия: Мевлүт Чавушоғлу, Африм Гаши
- Ғылым: профессор Ахмет Аланай
- Журналистика: Сами Мұхаммед Шәһаде (Палестина)
- Медиа: Михаил Гусман.
Бұл есімдер – түркі әлемінің бүгінгі рухани картасын айқындайтын, мәдени кеңістікті тереңдететін тұлғалар. Осындай беделді ортада қазақтың қара домбырасының үнің алып шыққан Жанғали Жүзбайдың марапаты – тек бір күйшінің жеңісі емес, қазақ күй өнерінің әлемдік сахнаға қоңыр үнмен қайта көтерілгенінің қуанышты көрінісі.
Жанғали Жүзбайдың бұл жеңісі – шертпе күйдің жүрекке жететін үнін әлемге танытқан, қазақ рухын халықаралық деңгейде тағы бір мәрте мойындатқан үлкен рухани сәт. Осы алқалы жиынның жүрегінде – қазақ шертпесінің күмбір үні қалықтады. Сол үнді әлем жүрегіне жеткізген Жанғали Жүзбай биылғы кештің рухани символына айналды десек артық айтпаймыз.
madeniportal.kz